Таксисттің ұлын келіні дуалап алыпты

Oinet.kz 06-01-2023 2131

Өткенде темір жол вокзалынан таксиге отырдым. Таксист жасы алпыстарды шамалап қалған кісі екен. Алашқа дейін жол ұзақ болғасын жол қысқарсын дегені шығар: 

Screenshot_4.jpg

- Қайдан қайттың? - деп жөн сұрады.

- Қыздарымды Алматыға шығарып сап келе жатырмын, - дедім. 

- Сонда оқи ма? -- деп сұрағын жалғады. 

- Оңтүстік Кореяда. Алматыдан ұшады, - дедім. 

- Жақсы екен. Бірақ шетелде оқитынын айта берме. Көз тиеді. Менің бір ұлымның арманы шетелде оқу еді. Түсті. Кетуге екі күн қалғанда қайтыс болды. Бар жағынан алда еді. Жұрттың бәрі мақтайтын. Өз балаларына үлгі ететін. Көз деген қоймайды екен. Айрылып қалдық, -- деді. 

Денем тітіркеніп кетті. Әшейінде кім көрінгенге айта бермеуші едім шетелде оқитынын. Неге айттым екен деп өкініп қалдым. 

Жалпы, көз тиеді дегенге сенемін.

- Иә дұрыс айтасыз, - деп қостап қойдым ол кісіні. 

- Көзімнің ағы мен қарасындай екі-ақ ұлым бар еді. Бірі қайтыс болды. Екіншісін  бір қыз дуалап әкетті. Бізге қарсы қойып. Оған үйлендірмейміз дегенімізді тыңдаған жоқ. Қазір балам біздің емес қатынының жетегімен жүреді, - деді. 

Бұл сөзімен келісе алмадым енді. Іштей махаббатты түсінбейтін, баласы есейсе де бақылауда ұстағысы келетін адамның сөзі ғой дедім. 

Ата-аналардың жіберетін қателіктерінің бірі осы ғой. Таңдау еркін өзіне бермей, мамандық таңдағанда да, жар таңдағанда да араласып, өздеріне ұнайтынын тықпалап жатады. 

Жалпы, екі таңдауда да ата-ананың араласуына қарсы емеспін. Бірақ соңғы шешімді баланың өзі қабылдауы керек. Өйткені ол оның өмірі. Сондықтан жан қалауын өзі жасағанын жөн көрем. Бізге қарсы қойып қойды дегенімен де келісе алмадым. Біз айтқанға үйленбедің деп сүйіп қосылған жарына тілдері тиді ме екен, сосын ұлы ашумен бірдеңе деді ме екен деп ойладым. Әдетте, бізде солай ғой. Ұл келіннің айтқанын істесе не қатынжанды, не дуаланған деп шығамыз. 

Осы дуа дегенді көп адамнан естимін. Маған дуа істепті, мені дуалапты деп жатады. Бұрын бір парапсихолог дуаланған адамның да кінәсі бар дегенде түсінбегем. Оған біреу қастандықпен дуа істесе, неге  кінәлі болуы керек деп. Кейін түсіндім сырын. Біз өзіміз бірдеңені дұрыс істемегенде алдымыздан осындай кедергілер шығады екен. Қателігіңді жөндегенде бәрі орнына келеді. Сондықтан біреуді кінәлап, өзіңді "жертва" санағаннан гөрі өз мініңді тауып, сонымен күрескен дұрыс. 

Ал таксист кісінің баласының дуаланғанына сенгім келмеді. Дұрысында, ол жігіт әйелін шынайы сүйетін болса керек. Сосын айтқанын істеп, үй шаруасына көмектесіп, жағдайын жасағанын ата-анасы дуа жегесін зыр жүгіріп жүр деп ойлады-ау.

Гүлмира Әшірбекованың Facebook парақшасынан

Жігітімді ағамның офисында көріп қалдым, тек ол жалғыз емес
Әкем мені арам ойлы көршімізден құтқара алмады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу