Беймаза енем әбден қажытып жіберді

Oinet.kz 06-01-2023 2857

Қыз бала жат жұрттық. Ол бөтен босағаны аттағанада: «Барған жерінде бағы ашылсын», «Барған жеріне тастай батып, судай сіңсін» деген тілектер айтылады. Мен де ұзатылып бара жатқанда осы сөздерді санама сіңіріп, "келген жеріме балдай батамын, анамның атына кір келтірмеймін" деп іштей өзіме уәде бердім.

Screenshot_3.jpg

Бірақ, басқа үйдің қалыптасқан тәртібіне, әдетіне, мінез – құлқына үйреніп, бірден сіңісіп кету оңай емес екенін түсіндім. Олай дейтінім, осыны түсінетін және мүлдем түсінгісі келмейтін келіндер болады. Тұрмыс құрғаныма он жыл болды, бірақ әлі де барған жеріме толықтай сіңіп кеттім деп айта алмаймын. Оның бірнеше себептері де бар: біріншіден, жолдасым менен тоғыз жас үлкен, екіншіден, ол қалада туып-өскен, мен – оңтүстік өңірдегі кішігірім ауылданмын. Үшіншіден, отбасында ол – еркек кіндіктіден жалғыз, біз – алты ағайындымыз, мен – үйдің кенжесі һәм еркесі болдым. Демек, біздің туып- өскен ортамыз, өмірге деген көзқарасымыз, түсінік-пайымымыз, туысқанға деген қарым – қатынасымыз, кейбір құбылыстарды түйсінуіміз – мүлдем басқа. Осы айырмашылықтарға қарамастан біз өмірімізді байланыстырдық. Бар жоғы екі – үш ай ғана кездесіп, бір – бірімізді жіті танымай жатып, осындай үлкен қадамға бардық.

Барлығы кейін басталды. Жолдасым екеуіміздің арамыздағы түсініспеушіліктерге қоса енем «отқа май құйып» отырды. Өз ұямда көрген тәрбием бойынша “тұрмыс құрғанда енеммен бірге тұрамын”, “оның қолын  жылы суға малып, үй шаруасын өзім атқарамын” деп ойладым, бірақ мен келген күннен бастап енем жолдасыма: «олар көп ағайынды», «сені басып алады», «сен күшік күйеу боласың», «әйеліңнің қолына ақша ұстатпа, төркініне тасиды»,- деген сөздерді үнемі құлағына құйып отырды. Екеумізді ұрыстырып, оны маған айдап салумен айналысты. Мен ол кісінің пікірі теріс екенін осы уақытқа дейін дәлеледеумен келемін, бірақ енем ешнәрсені түсінгісі келмейді. Арамызда үш бала бар. Бөлек тұрамыз, десе де алыстан бақылап, барлығын қадағалауға тырысады. Оның себебін әлі күнге дейін түсінбеймін – қызғаныш па, әлде басқаға деген сенімнің жоқтығы ма!? Өз басым қатты қажыдым. Бірақ балалар үшін берілмей келемін.

Қазір құрбыларымның арасында да, тіпті, көршілерімнің арасында да ене үшін ажырасып жатқан жұптар өте көп. Ол отбасылық мәселеден қоғамдық мәселеге айналып бара жатыр. Бұл жағдай бүгінгі таңда жанды жерге шыққан жарадай сыздап тұр.

Тарихқа үңілсек, жаңа түскен келінді ене  қабағымен ширатып алып, үй шаруасында өздері жетекші рөл атқарып,  тұрмыстың қыр-сырымен терең таныстырған. Барған жерімнің көсегесін көгертіп, ұрпағын көбейтемін деген ниетпен ата – анасының ақыл-өсиетін арқалап, ақ босағадан аттаған келін – енесін өз анасындай қабылдаған. “Ене мен келін арасында  дау туыпты” деген қазақтың тарихында болмаған, болған жағдайда да,  ол – келіннің тәрбиесіне, төркініне үлкен сын болған. Осы жағдай Кеңес үкіметі кезінде ауыл – аймақтарда сақталды. Ене мен келін арасындағы алауыздық Кеңес үкіметі құлап, шекара ашылып, демократияның дәмі сезілгенде барып басталды. 

Күн өткен сайын бұл жағдай дендеп барады. Жан-жақты білімі бар, жақсы жұмысы мен жалақысы бар бір үйдің жалғыз қызы басқа үйге келін болып түседі. Оған ескілік салтты ұстанған енесі билік жүргізгісі келеді. Өзі шешім қабылдап үйренген келін енеге бағынғысы келмейді. Осыдан барып дау туындап, отбасы екіге бөлініп жатыр. Отбасылық өмірден көңілі қалған көп қыздар тоқалдыққа келісіп немесе өздері үшін бала туады. Міне, бұл –бүгінгі таңда болып жатқан әлеуметтік саладағы айқын көрініс. Заман ағымы ары қарай енелерді есті, келіндерді кішіпейіл етеді деген сенімім мол!

syrlasu.kz

Күйеуімді қуып жібердім
Жақын достарымның өзі келіншегіме көз тіге бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу