Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Әр адамның өмірі бір романға жүк болады ғой. Мен қазір жиырманың жетеуіне келдім. Екі балам бар шүкір. Бірақ басымнан өткен дүниелерді осында жазуды жөн көрдім. Бәлкім біреулерге сабақ болар.
Он алты жасымда Шымкентке колледжге оқуға түстім. Өзім Созақтың қызымын. Колледжд ректоры туысқан ағам болғасын маған ешбір жігіт жоламайтын. Тек үшінші курс оқып жүргенімде бір жігіт сөз салды. Өзім бойым қысқа болғасын, бойы ұзын жігіттерді ұнаттым. Нұрланның бойы ұзын, нағыз ер мінезді болатын. Тек жағдайлары онша емес еді. Оған мән бермедім. Болашағымыздың алда екенін сезетінмін. Сөйтіп 1 жыл жүргесін, анамның алдынан өту үшін, жігітіммен таныстырдым. Анам жігіттің жағдайын білгесін үзілді-кесілді қарсы болды. Нұрлан екеуміз сезіміміздің шынайы екеніне көздері жеткесін, түбі бір батасын береді деп сендік. Алайда бәрі басқаша өрбіді...
Бір күні сабақтан шығып, колледж алдында Нұрланды күтіп тұрғам. Бір жігіт: "қарындас, көмегіңіз керек боп тұр. Анда құрбыңыз құлап жатыр",- дегесін сілтеген жағына жанұшыра жүігіріп барсам ешкім жоқ. Теріс қарасам жаңағы жігіт келе жатыр. Кенет жанымда тұрған көліктен екі жігіт шығып қинап көлікке отырғызды. Жан даусыммен айғайласам да, ешкім көмекке келмеді. Алып қашып бара жатқанын түсіндім. Нұрлан болар деп үміттеніп, көлікте қатты бұлқынбадым. Екі қабатты зәулім үйге түсірді. Сонда ғана Нұрлан алып қашпағанын түсіндім. Бірақ бәрі кеш еді. Орамал жапты. Босағадан аттадым. Бәрі көрген түстей өтіп кетті. Бірақ, Нұрланға емес өзімнен 28 жас үлкен Сайлаубекке жар болдым.
Беташардан соң Астанаға кеттік. Шымкентке мені алу үшін келіпті. Беташарым өткен үй қайынатамның інісінің үйі екен. Астанадағы өз үйлері хан сарайындай екен. Екі ай Сайлаубекпен тіл қатысқам жоқ, Үй шаруасын да істемедім. Жатын бөлмеде жылап қана жата бердім. Ең сорақысы мені алып қашуға Сайлаубектің анасын менің анам өзі үгіттеген екен. Жағдайы жақсы жерге барып, жыламай жүреді деген болу керек. Бірақ жылаудан көз ашпадым.
Сайлаубекті студент кезінде группаластары ойнап тұрып, төртінші қабат балконынан итеріп жібергенде құлап түскен екен. Содан аздап мүгедектігі бар. Жағдайлары жақсы болғасын адам қатарына қосқан ғой. 28 жас үлкендігімен қоймай, сол қолы дұрыс жұмыс істемейтін. Кейде түнде аяқ асты шошып оянып, судорога беретін. Осының бәрін көргесін онымен бірге жатудан қатты қорқатын болдым. Анама хабарласып бәріне сол кінәлі екенін, ендігі өзімді өлтіруден өзге амалым жоқ екенін айтып жыладым. Анам 2 күннен кейін үйге келіп, мені алып кетті. Сайлаубекпен небәрі 5 ай тұрдым. Заңды некеге тұрып үлгермегенбіз.
Анама деген өкпем қара қазандай еді. Ауылда 1-2 апта жатып, Шымкентке кетіп қалдым. Қыздармен пәтер жалдап бір мейрамханада даяшы болып істей бастадым. Өз күнімді көру үшін. Бастықтың туысқандары біздің мейрамханаға той жасауға құмар еді. Сонда бастығым Әзиз әйелімен бірге тойға қатысатын. Оның әйелін құрметтегені, алдына ас салып беріп отыратын аса мәдениеттілігі қатты ұнайтын. Күйеуім осындай болса ғой деп армандайтынмын. Бірақ тағдыр дәл Әзиздің өзін жар етеді деп ойламмаппын.
Кезекті тойдан кейін басым айналып, үстелде көп отырып қалдым. Сонда Әзиз жаныма келіп, жағдайымды сұрады. Содан әңгіме айтып отырып қалыппыз. Өзі қанша жерден бастық болғанмен іштартып тұратын кішіпейіл жан екен. Басымнан өткен жағдайларды да түгел айтып бердім. Сол әңгімелесуден кейін Әзиз әр кезде жағдайымды сұрап өтетеін болды. Менің жасым 21-де болатын. Ал ол 44-те. Шашына біраз ақ кірген демесең, дене сымбатын сақтайтыны көрініп тұратын. Кейін қалай сезімімнің ашылып, ол не айтса да қалай құлдық деп кеткенімді білмеймін.
Қазір сол Әзиздің жасырын екінші әйелімін. Жұрттан жасырынып кездесеміз демесек, оның екінші отбасы болып отырмын. Оған тиемін дегенде анам қарсы болмады. О баста тағдырыма араласып көріп, артық қыламын деп тыртық қылғасын тек бақыт тіледі. Оны әлі де кешіре алмай жүргенімде екі жыл бұрын, анам өмірден өтіп кетті.
Әзиз екеуміздің бір ұл, бір қызымыз бар. Ұлым биыл мектеп табалдырығын аттады. Қызым 4 айлық. Қаладан өз атыма 3 бөлмелі пәтер алып берді. Ай сайынғы шығынымызды өзі көтереді. Бірақ өзі үйге араға апта салып, ай салып қана келеді. Әйел бала-шағасын да қанттай қып ұстап отыр. Әйелі менің бар екенімді біледі. Бірақ келіп бетімнен жұлып көрген емес. Осының бәрі Әзиздің ермінезділігінің арқасы шығар.
Ендігі ұл-қызымның амандығын берсін. Күйеуден көрмеген қызығымды балаларым көрсетеді деп үміттенем. Құдайдан тілеймін. Тек қандай жағдай болса да олардың таңдауына құрметпен қарайтын боламын.
Oinet.kz