Соттасып әкесін үйден қуып шықты

Oinet.kz 01-11-2022 4646

Осы заманда ештеңеге де таң қалмайтын болдық. Күнде адамилыққа жат қалық есіту қалыпты жағдайға айналды. «Әкесін ұрған талайды көріп едім, ал арбаға байлап сабағанды көргенім осы» депті баяғыда біреу. Сол айтқандай, баласы әкесін 60 жыл тұрған үйнен қуып шыққанын көз көрді. 

Screenshot_9.jpg

Баламызды ауылдағы әке-шешеміздің қоланда қалдырып, 2005 жылы жазда келіншегіммен Алматыға жұмыс істеуге келдік. Көрпемізге қарай көсіліп, жалға алатын шағын жер үй іздедік. Ондай үй де табылды. Үй иесі қазақ кісі екен. Оған да қуандық. Үйдің ауласы кең. 24 соток жерге үлкен үй мен тағы бір екі бөлмелі шағын үй тұрғызылған екен. Сол екі бөлмелі үйді жалға алып тұрдық. Әйелім екуміз де құрылыс бригадасына жұмысқа кірдік.

Ақсақал өте жақсы кісі екен. Кемпірі ертеректе қайтыс болыпты. Кейде ақшаны кешіктіріп жатсақ та ренжімейді. Бірақ ақсақалдың қолында тұратын баласы мінезі қиындау адам еді. Тіпті бізбен амандаспайтын да. Кіліне де кекірейіп қалған тікмінез. Амандассаң да қарамай теріс айналып жүре береді. Неге екенін қайдам, балалары жоқ. Ол жайлы ақсақалдан сұрамадым. Олардың сондай мінездерін көрген соң біз мүмкіндігінше ақсақалдың баласы мен келініне бетпе-бет кез болмауға тырысатынбыз. Ақсақал жасы 67-ге келсе де өте тың. Ауладағы бар шаруаны өзі істейді. Ал баласы саусағын тигізбейді. Әкесі есік алдында бір шаруа істеп жатса, көмектесу орнына «былай істемейсің бе» деп ақыл айтып тұрғанын талай байқадым. Әкесіне ақыл айтып, қарап тұрғанына таң қалатынмын. Ондай кездерде қолым бос болса, ақсақалға мен көмектесетінмін.

Күйбің тірлікпен жүріп бір жылдың қалай өте шыққанын да сезбей қалыппыз. Бірде бір құрылыс нысаны бітіп, екінші нысанда жұмыс басталғанша арада екі-үш күн демалыс болды. Таңертең кештеу тұрып, есік алдына шығып темекі тартып тұрғам. Ақсақал мені көріп, қасыма келді. Түрінен көңілі жабырқау екенін байқадым. «Үйге кіріп, шәй ішіңіз» дедім. Бірге отырып шәй іштік. Ананы-мынаны бір айтып, ақсақалдың әңгімесі де қиюласпай қойды. Маған бірдеңе айтқысы келетін сияқты көрінді. Келіншегімнен ыңғайсызданған шығар деп, далаға шыққан соң «аға маған бірдеңе айтайын деп пе едіңіз?» деп сұрадым. Іштей «үйді босатыңдар» демесе екен деп тілеп тұрмын. Сәл үнсіздіктен кейін ақсақал «былай таман барайықшы» деп мені шетке қарай алып шықты.

Ақсақал әңгімесін әріден бастады. Ақсақалға бұл үй әкесінен қалған көрінеді. Ол кісінің осы үйде тұрғанына 60 жыл болыпты. Бір қыз, бір ұлы бар. Айтуынша, қызы Талғар жақта тұрады, үш баласы бар. Бірақ сол қызының осы үйге келгенін еш көрмеппін. Неге екенін білмеймін ақсақалдың тіркеуі де сол қызының үйінде көрінеді (бәлкім ақсақалдың атынан үй аламыз деген жоспарлары болды ма екен?!). Баспананы жекешелендіру болған кезде ақсақалдың үйін бірге тұрып жатқан баласы өз атына жазғызып алған. Бірақ ол кезде ақсақал оған аса мән бермеген. Енді сол мәселе алдынан шыққын.

Қызының Талғардағы үйі тар болғандықтан ақсақал осы үйді сатып, соған көмектесейік десе керек. Даудың басы осы жерден басталған. Сол кезде ол үйдің бағасына қала ортасынан төрт бөлмелі 4-5 пәтер алуға болатын еді. Бірақ баласы ақсақалдың айтқанына көнбейді. Ақсақал «онда жерді екіге бөліп, жартысын әпкеңе бер, Талғардағы үйін сатып, өздері үй тұрғызып алсын» дейді. Бірақ баласы онымен де келіспейді. Сөйтіп әке мен баланың арасында дау басталған. Содан ақсақал ақылға көнбеген баласын заңмен иландырмақ болып шешіпті. Мен не деп айтарымды да білмедім.

Екі айдан кейін сот болды. Бірақ сот ақсақалдың пайдасына шешілмеді. Жекешелендіру құжаты бойынша үйде ақсақалдың үлесі жоқ болып шығыпты. Құжат бойынша тұратын мекен-жайы да өзге жақта болған (Талғарда). Сондықтан сот «ақсақалдың бұл үйге ешқандай құқығы жоқ» деген шешім шығарған. Соттың сондай шешімінен кейін баласы «қызыңның қолына барып тұр» деп ақсақалды үйден қуыпты.

Кешке жұмыстан келгенімде үйге ақсақал келді. Болған жайды жеткізді. Енді бізге де бұл үйден кету керек болатынын айтып, бізбен қоштасты. Қоштасар сәтте ақсақал кемсеңдеп, көзіне жас алып «өз балаңның өзекке тепкенін көргенше өлген артық екен» деді де үйден шығып кетті. Содан кейін ақсақалды көрмедім. Ақсақалдың сол бір соңғы сөзі қазір де құлағымнан кетпейді.

Келесі күні кешке ақсақалдың баласы келіп, ертең-ақ үйді босатыңдар деп кетті. Менде оған деген бір жиеркеніш сезім пайда болды. Соңғы рет көргенімде түрі де ұсқынсыз көрінді. Осындайларды қара жер қалай көтеріп жүр екен?! Ол «әкеңе жасағаның алдыңнан шығады» дегеннен де қорықпаса керек. Өйткені оның жамандығын алдына әкелер перзенті де жоқ. Бәлкім, Алла тағала осы пейіліне қарай перзент бермеген шығар?! Бірақ әкенің қадірін білмеген, баланың қадірін де сірә білмес.

Менің білетінім, дүниедегі ең қымбат жан Әке мен Ана!

alashainasy.kz

Пәтер жалдаймыз деп қанішерлердің құрбаны болған отбасы
Әпкемнің күйеуіне қалай тұрмысқа шығамын? Басым қатып кетті...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу