Тағдыры тәлкекке түскен қорғансыз қыз елді жылатты

Oinet.kz 17-10-2022 2568

Мен үйдің кенжесімін. Анам мен әкем 5 жасымда ажырасып кетіп, ағам мен әпкем әкемізде, мен анамның қолында қалып кеткенмін. Кейін анам өзінен 14 жас кіші жігітке тұрмысқа шықты. Шешем – 1973, ол – 1987 жылғы. Үшеуміз Тараз қаласында тұрдық. Қосылғандарына биыл 5 жыл болғанмен екеуі де ащы суға әуес еді.

Screenshot_7.jpg

Анам менің Алматыға көшіп, сонда оқып, жұмыс істегенімді қалады. Сөйтіп 9-сыныпты аяқтап, мамырдың 23-інде көшіп кеттік. Алматыда үшеуміз пәтер жалдап тұрдық. Мен даяшы болып жұмыс істедім. Бір күндері қышқыл тағамдарға құмарта бастадым. Бұл әрекетімнен күдіктенген шешем бірден жүктілікті анықтайтын тест жасатты. Ол секунд өтпей-ақ, екі таяқшаны көрсетті. Анам бірден айқайға басқанда ештеңе айта алмай, қатты қиналдым. Шешем жасы сорғалап, мені сұрақтың астына алған соң, әлгі жігіт туралы айтып бердім. Ең сұмдығы – ол өгей әкемнің туған інісі болып шықты. Мұны естіген өгей әке маған сенбеді. Анам қоймаған соң, бауырына хабарласып көрді. Ол мені танымайтынын, тіпті көрмегенін айтқанда менің іштей тұншыққаннан басқа амалым қалмады.

Уақыт өте әлгі жігіт жолдастарымен бәстесіп, осындай зұлымдыққа барғандығын естідім. Ол аздай бұрыннан арақ ішетін әке-шешем менің күйіме күйінген болып, күнде ішетін болды. Бірде түн ортасында мені қастарына шақырып алып, өгей әкем: «Егер айтқаның шын болса ішіңдегі бала менің де қаным. Ініммен жатсаң, енді менімен жатуың керек» дегенде үстімнен мұздай су құйып жібергендей, жүрегім тарсылдап, анама жалтақтап, өксігімді тоқтата алмадым. Анам болса жақ ашқан жоқ. «Үйден кетейін. Бірақ мен мұндай қорлыққа көне алмаймын» деп айқайладым. Ақырында анам мен күтпеген жауап қатты: «келісесің бе, жоқ па, менің басқа амалым жоқ. Не істесең де, өзің біл» дегенде көкірегім қарс айрылды.

Ол түні маған тиіскен жоқ. «Мүмкін мастықтың буы болар» деп өзімді жұбатып бақтым. Алайда ойлаған ісін екі күннен кейін бәрібір іске асырды. Содан бастап өмірім қара түнекке айналды. Күнде ішіп келіп, маған тиісудің амалын іздеп тұрды. Бөлмеме келіп, білгенін істегенде менің күшім жетпеді.

Ең сорақысы – таңертең дым болмағандай, қамқор әкенің рөлін ойнап отырғаны. Тіпті маған: «Қызым, түнде саған тиіспедім бе? Артық кетсем кешір» деп, маймөңкелей қалатын. Мен болсам: «Бұл қалай? Түндегіні мүлдем білмей ме? Әлде өтірік жынды бола ма?» деп қатты қиналып, өзімнен жиіркендім.

Кейін ойласам өгей әкенің маған келгеннен көзі түсіпті. Себебі үнемі мені шақыртып алып, жанына отырғызып, құшақтайтын. Содан өз әкемдей көруге тырыстым. Бірақ, іші толған арамдық екенін кім білген…Ол кезде жүктілігіме 3-4 айдай болған еді. Арық болғандықтан, ішім аса білінбеді. Өзімді де, баланы да өлтіргім келіп, дәрілер ішіп, әртүрлі әрекет те жасап көрдім. Бірақ ештеңе шықпады.

Өкініштісі – бұл тозақтан құтылудың жолын таба алмадым. Арқа сүйейтін ешкімім жоқ. Көріп, біліп жүрсе де, бәріне көз жұмып қараған жалғыз шешемнің ісі анау. Хайуан екеш хайуан да баласы үшін жан беретін еді ғой. Бірақ анамның олар құрлы да болмағаны сорлатты.

Бұл азапты күндер үш айға созылды. Енді маған ешкім де көмектеспейтінін түсіндім. Сол сәтте қаланың шет жағында тұратын шешемнің жақын құрбысы есіме түсіп, сол кісіге қашып кетуді ойладым. Мені бес жасыма дейін сол кісі бағып, өз туған қызындай көретін. Он жыл көрмесем де, мекен-жайы есімде қалыпты. Маусымның 5-і күні түнгі сағат 02:00-де әке-шешем ұйқыға кеткенде құжаттарым мен ақша алып, үйден қашып кеттім. Таксиды әзер тоқтатып, әлгі мекенжайға барсам, тәтем сонда тұрады екен. Ол кісі мені жазбай танып, отырғызып, мән-жайды тәптіштеп сұрады. Мен бәрін айтып бердім. Таң атысымен ол үйге милиция шақырды. Өгей әкеге, інісіне және жағдайды көре тұра тоқтатпағаны үшін шешемнің де атына арыз жаздық. Алғашқы қылмыс Таразда болғандықтан, іс сол жаққа жіберілді. Екі ай бойы күттік, еш хабар жоқ. Телефон соқсақ, жауап бермейді. Тараз Алматыға, Алматы Таразға сілтеп отырды. Өгей әкенің үлкен ағалары танымал, жоғары жақта істейтін кісілер еді. Солардың арқасы шығар, бұл істі ешкім қозғаған жоқ. Іс «сиыр құймышақтана» бастағанда тәтем мені Талғардағы таныстарына жіберді. Олар жылы қабылдап, тіпті баланы дүниеге әкелгеннен кейін де тұра беруіме рұқсат берді. Сол жерде «Аналар үйінің» бар екенін, онда жақсы жағдай жасалғанын, оқу оқып, бала бір жасқа толғанша тұруға болатынын естіп, 13-қыркүйекте осында келдім. Қазанның 5-інде қызымды босандым. Қазір «Аналар үйінде» тұрып жатырмын. Жақында 18-ге толамын, ал қызыма 8 ай болады.Мұнда келгенде де басында қатты қиналдым. Таң атқаннан күн батқанға дейін жылап, бүкіл адамзатты жек көрген күндерім болды. Ешкіммен сөйлеспедім. Баламды алдыртып тастағым келді. Бір жағынан «туып, балаға зар отбасыларға бере салсам ба? Әлі жаспын, басқасын туып алармын» деп те ойладым. Бірақ психологтар менімен кезек-кезек, үзбей бір ай бойы жұмыс істеді. Баламды біреуге берсем, артынан қатты өкінетінімді, кейін қанша іздесем де таппай қалатынымды ұқтырды. Тапқан күннің өзінде мені бөтен көретінін, ешқашан кешірмейтінін, мойындамайтынын түсіндірді. Содан кейін мен бейкүнә баламды жақсы көре бастадым, оны дүниеге әкелдім. Қазір қызымның барына өкінбеймін. Періштемнің еш кінәсі жоқ.

Бүгінде көкейімде қорқыныш пен үрей әлі сайрап тұр. Анам хабарласып тұрады. Өкінетіндігін, мені алып кеткісі келетінін айтады. Бірақ әлі де сол жауызбен тұрып жатқаны өкінішті. Қанша жек көрсем де, бауыр еті болғандықтан шығар, анамды әлі ұмыта алмаймын. Ол «Аналар үйіне» сенімхат жазып беруі керек. Сол қағазды алғаннан кейін байланысымды мүлдем үзіп, бәрін ұмытқым келеді. Ол үшін кем дегенде 10 жыл керек шығар. Психологтар өткеннің бәрін түс көргендей ұмытып кет дейді. Қалай ұмытамын?! Жас өмірім қор болып, бар арман-мақсатым күлге айналып, өмірімнің тас талқаны шықты емес пе?!

Туған әкем қатал кісі. Қазір екінші отбасы, үш баласы бар. Әкеме хабарласып, оқиғаның шет жағасын, қызымның бар екенін айтып едім: «сендей қызым жоқ» деп, менен бас тартты. Бірақ әкемнің қарындастары бар жағдайды естіді. Сол кісілер жеткізеді деп ойлаймын. Әкеме де оңай соқпаған болар. Уақыт өткен соң хабарласады деп үміттенемін және күтемін. Әкем бүкіл шындықты білсе, сөзіме сенсе, жабылған істі қайта аштырар еді. Оған оның билігі де, күші де жетеді. Мені түсініп, қамқорлығына алатынына сенемін.

Ендігі арманым – өмірдің рахатын көріп, шалқып жүрген кінәлілер жазаланса екен деймін. Олар жер басып, бостандықта жүргенде жүрегіме тыныштық орнай алмайтыны шындық. Құдайдан менің басымдағы жағдайды ешкімге бермесе екен деп тіледім.

Жазира

Сырласу журналы

Әйелдің қырық жаны жоқ
Екінші рет ажырасудан қатты қорқамын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу