Мұрат Әбенов: «Есекті де сағынғанбыз...»

Oinet.kz 13-04-2019 1157

20181226110755808_big.jpg

Балалықты еске алғанда әлбетте, бірінші көз алдыма туған жерім елестейді. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында алаңсыз, шаңға аунап өскен баламын. «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтпаған халқымыз. Дәл осы аймақтан қазақтың атын асқақтатқан, әр саланың мықты мамандары шыққан.  

Анам маған аяғы ауыр кезінде түн ортасында  толғақ қысыпты. Перзентхана болса ауылдан бірнеше шақырым жерде. Содан көрші-қолаңнан әрең дегенде су таситын көлікті тауып, соның үстіне мінгізіп жеткізген екен. Толғақ қысқан анамның жанындағы әкемнің ағалары үйден пышақ алып шығыпты. Егер жолда босанып қалса, кіндігін кесеміз деп. Анамды перзентханаға дейін аман-есен жеткізіп, кері қайтқанда ағаларымның есіне пышақ түсіпті. Қарса,  пышақ жоқ. Түсіп қалып, жоғалған екен деп ауылға барар жалғыз жолмен қайтып келе жатып, әлгі пышақты тауып алыпты. Сол кезде ағаларым «келініміз ұл босанатын болды» деп ырым қылған екен. Көп ұзамай, дүниеге мен келіппін.   

Screenshot_21.jpg

Үш қыздан кейін сағындырып  келген ұл болғандықтан әке-шешем мейірімдерін аяған емес. Бала-бақшаға алғаш апарған кезде марқұм әкем «балам бұзық болып жүрген жоқ па екен? Тәрбиешілерді тыңдай ма екен?» деп сыртымнан бірнеше күн бақылап жүріпті.  Ойнап жүріп, мұрнымды жеңіммен сүрте берсем керек, бала-бақша басшысы тәрбиешілерге «мына баланың мұрны қашан тиылады?» дейді екен. Сонда олар «мұның мұрнында бір гәп бар, ертең бір жерді тесіп шығады» деп әзілдепті. Ал мектепте оқып жүргенде күн сайын кешігіп келетін едім. «Ертеңнен бастап кешікпей барамын» деп өз-өзіме уәде берсем де, бәрібір әдетімді тастай алмадым.  Қайта қайта  ескерту жасаудан ақыр аяғы мұғалімдер де шаршады.

Screenshot_20.jpg

«Диқаншының баласы арық қазып ойнайды» демекші, дарияның жағасында тұрғандықтан ес білгеннен суға шомылып, балық ауладық. Үйдегілерге естіртпей, қорадағы мотоцикльді итеріп шығарып, қармағымызды асынып, дарияға барып, қалағанымызша балық ауладық. 

Screenshot_22.jpg

Асықтың түбін түсірдім. Бір дорба асығымды көшеге арқалап шығып, тетелестермен асық атудан жарысатынмын.  Кімде асық көп болса, соның абыройы мықты еді. Қазіргінің балалары үйдегі компьютердің алдынан шықпайды. Ал, біз даладағы есектен түспейтінбіз. Есектің мінезін түсіну қиын ғой, жақпай қалсаң тоңқып, жерге домалатып кетеді. Талай мәрте құладық. Сонда да, есейгенше есекке мінуді доғармадым. Алматы оқып жүргенімде қалаға бір інім қыдырып келді. Екеуміз зообаққа тартып тұрдық. Аралап жүрсек, 5 сомнан есекке мінгізіп, суретке түсіріп жатыр екен. Ініме «жүр, суретке түсейік» десем, «қалада жүріп, есекпен суретке түскен ұят қой» деді. Ал, менің ішкім ойым суретке түсу емес, есекке міну болып тұрды. Содан қоярда-қоймастан есекке мініп,  суретке түсіп, сағыныш мауқымды басып алдым. 

Медет Салықов: «Қарындасым» деп жүріп, жарыма айналды»
Ұлықбек Есдәулет: «Әкемнің сағаты – оның ерлігінің көзіндей еді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу