Тұсаукесер. Оны қалай жасайды?

Oinet.kz 14-09-2019 1214

photo.jpg

Жуырда белгілі бір азамат жасаған тұсаукесер тойында қонақта болып қалдық.

Өздерін зиялылар қатарына қосып жүрген үш әйел қайшыларын қайшылап, енді ғана қадам баса бастаған кішкентай қыз баланы жарты сағат бойы шырылдатып, тұсауын үш мәрте кесті. (Дұрысы – қырықты, себебі қайшымен қырқады ғой).

«Тұсауды» бірі шығыстағы қысық көзді көршіміз синтетикалық мақтамен ширатып әзірлеп берген базардағы ала  жіппен, екіншісі кепкен тоқ ішекпен, үшіншісі қураған көк шөппен жасады. Үшеуі де еңкейіп-тұруы қиындау әйелдер екен, ала келген «жіптерін» сондағы қызметте жүрген келіндеріне байлатты. Еңкейе алмайтын бірі тіпті ортаға үлкен үстел қойдырып, баланы соның үстіне шығарып, күрмеуін шешті. Негізі дәстүр­де «күрмеуін кесу» деп аталушы еді, бұл жолы қолдарында қайшы жүргендіктен «күрмеуін қырқу» деп қабылдадық. Мұны көрген қасымда отырған жасы тоқсанға тақап қалған Ысқақ қария қайта-қайта басын шайқаумен болды.

«Қазіргі тұсаукесер тойларыңа бірінші рет қатысып отырмын, – деді сосын. – Өзгеріп кетіпсіңдер! Тұсауды қатын кесті деген не сұмдық?! Ер адам кеседі ғой, айналайындар-ау! Сосын қыз баланың тұсауы кесілмейді, жүріс алып кетеді деген жаман ырым бар, өмірде шалыс баспасын, сүрінбесін деп ер баланікін кеседі. Ала жіп байлағандарың дұрыс, бірақ ала мақта емес қой? Төрт түліктің бірі – қой жүнін ширатып байласаңдар болмас па? Жалпы, тұсауды адамның лауазымына қарап емес, кімге ұқсағанын қалайсың, жарлы болса да соған кескізгендерің дұрыс. Көк шөп – туған жерінде көктесін, тоқ ішек  – баланың іші-сырты майлы болсын, ала жіп – ешкімнің ала жібін ат­тамай, адал азамат болып өссін деген мағынаны береді, қарақтарым! Баланың тұсауын бүгінгідей қайта-қайта емес, бір мәрте ғана кескендерің жөн. Әрине, әйелдердің бұл шарада мүлдем миссиясы жоқ екен деп айта алмаймын. Әжелер алақан жайып ақ тілек білдірсе, сыйлы ағасы тұсауын кесіп жатса, ажарлы абы­сын, өнерлі келіншек сүйінші сұрап жетелеп жүрсе, жарасымды болмас па? Қиылған ала жіпті бала көтермей жүрген келіншекке ырымдап тартса, көп ұзамай құрсақты болады деген ырым да бар. Мына жерде әне бір еркектеріңнің тұсау қиындыларын ырымдап қалталарына са­лып жатқанын байқап қалдым. Баланың алдына кес-кестеп қойып жатқан ақша, әмиян, шаппа, телефон сияқты заттары­ңа жол болсын? Бұл кәрістерден келген жора. Бала қиялын қызықтауы үшін домбыра, кітап, қамшы, асық сынды заттар қойып жатса, сөкеттігі болмас еді. Ал тұсау кескен адамға бүгінгідей жастық-көрпе бермейді, шапан не кебіс кигізеді».

Бұл – көпті көрген қарияның пікірі. Ал сіздер қалай ойлайсыздар?

Бекжігіт СЕРДАЛЫ

Құда болу салты
Отбасы туралы әзіл-әңгімелер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу