Түркілер төрі Түркістанның тарланы

Oinet.kz 24-10-2023 348

«Ақиқат» журналы редакциялық алғысөзінде «Жалпы қазақ әдебиетінің сыны мен журналистикасын, содан соң филологиясын Құлбек Ергөбексіз еш көз алдыңа елестете алмайсың...» (№1, 2013 ж.) деп жазды. 

Screenshot_20.jpg

Батыл басылымның танып айтқан байсалды сөзі! Әріде жарық көрген «Арыстар мен Ағыстар» (2002-2005 ж.) аталатын 6 кітаптан бас құраған  сын еңбегі,  сайыпқыран  әдебиет сыншысы қаламынан әр жылдары туған  «Өлеңсөз» (2012), «Қарасөз» (2013), «Сарасөз» (2013), «Дарасөз» (2015), «Баянсөз» (2019), «Баласөз» (2021) аталатын әрқайсысы қазақ әдебиетінің бір-бір жанрын қарастыратын қомақты-қомақты (әрқайсысы 35-37 баспа табақтан) тағы 6 томдық, соңғы жылдары «ТҮРІКСТАН жинағы» (2010 – 2016 ж.)  аталатын көлемді-көлемді 7 кітабы жарық көріпті. Қазақ топырағында туған қара бала бүгінге дейін 60 кітап шығарып,  түрік тілдеріне 6 кітабы аударылып, «Орта Азия әдебиетінің ортақ сарапшысына» (Ш.Айтматов), түрік халықтарының «ортақ ұлы ғалымына» (Ркайл Зайдулла) айналып кеңінен танылып үлгеріпті. Қазақ сөз өнерінің танымал перзентін 70 жылдығымен ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құттықтап, «Егемен Қазақстаннан» бастап жамырай жазып жатыр. Құлбек Ергөбек қаламынан елу жыл беделінде туған толайым еңбекті түгел саралау тіпті мүмкін емес. Кемеңгер Кекілбаевша айтсақ: «Ергөбековті  Ергөбековтей бақайшағына дейін жіліктей шағып, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек болады. ...Таңқалдыра біледі. Тамсандыра біледі». («Егемен Қазақстан», №710 (716) 31 қазан, 2012 ж.).  Қазақ дегенде арлы қаламы қалғымаған Герольд Бельгер де оның еңбектерін тамсана талдай  келіп, «Таңқаларлық, құрмет тұтарлық еңбектер» («Труд, достойный восхищения и уважения!». «Казахстанская правда», №453-455 (27272-27274), 29.12.2012 г.) деп бағалапты кезінде. Сондықтан біз бүгін оның  он саусақтың саласындай мол еңбектерінің  бір қырын ғана, қазақ қарасөзі жайындағы берекелі еңбегін талдап көруге ниет етіп отырмыз.

Қазақ прозасы – ХХ ғасырдың жемісі. Бұрын ғасырлап поэзияға иек артқан халық ХХ ғасыр басында кәдімгі прозаның керек екенін түсінді. 

ХІХ ғасырда жасалған азын-аулақ қарасөз үлгілері ХХ ғасыр басында жанр-жанрға жүйеленіп, арнайы қалыптана бастады. ХХ ғасырдың орта шенінен қазақ прозасы әлемдік аренаға шығып, аяғына таман әлемдік деңгейде бағаланып үлгерді. Олай болса өзін сыйлайтын сыншы қазақ прозасына да мамандануы керек емес пе?!

Біз қарастырып отырған Құлбек Ергөбектің тағы бір қыры – ол қазақ прозасының маман сыншысы.

Оның бір мақаласы «Жаңа жанр бастауы» деп аталады. Жаңа жанр?

Сыншының назар аударып отырғаны – қазақ романының бастауы. Мақала авторы В.Борщуков, З.Османова сынды сыншылардың «Қазақ романы отызыншы жылдары пайда болды» («Советский роман» М; 1978. 7-бет) деген пікірімен келіспейді. Сыншы пікірінше қазақ романы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазылып, жарық көре бастаған. Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Торайғырұлының «Қамар сұлу», С.Көбеевтің «Қалың мал» роман үлгілерін әңгімелей отырып, сыншы қазақ романы жайындағы пікірін тиянақтайды. Әрине, сыншы мақала жазған жетпісінші жылдары Алашорда өкілдері ақталмаған, репрессияға ұшыраған ақын-жазушылардың шығармалары ағарып, қайта жарияланбаған кез. Соның өзінде сыншы ақталмаған шығармалар жайын ойында ұстап, орыс зерттеушілеріне жанрдың әлжуаз үлгілері арқылы тиянақты жауап беріп отыр. Кейін «Қазақ романы және «Ақбілек» аталатын мақала жазып, эпикалық жанрдың қалай шешек атып, эпопеяға қалай жеткені жайында байыпты әңгімелейді. Ол аз болса, «Адасқандардан» – «Мөлдір махаббатқа» дейін...» атап, жиырмасыншы жылдардың аяғында туған қазақ романын бүге-шігесіне дейін талдап, роман жанрының шын табиғатын танытады. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдар әдебиетінен әңгіме сабақтаған сыншы орыс сыншылары пікірлеріне жауап әрі әдебиет тарихына сауап болсын дегендей, отызыншы жылдардың руханиятын тұтастыра үлкен тарау жазып талдайды. «Нәубет жылдар әдебиеті», «Әлеуметтік жағдай және әдебиет», «Отызыншы жылдардағы қазақ прозасы» аталатын зерттеу мақалалары осы сөзіміздің айғағы. Демек, Құлбек Ергөбек сыншы ретінде өзіндік тың концепция авторы. Кезінде айтқан пікірлеріне әр кез қайта оралып, тың қырынан келіп, жеріне жеткізе дәлелдейтін мінездің сыншысы.

Жоғарыда шолып өткен мақалалардың ішінен, әсіресе, Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романын талдауына ерекше ден қоямыз. Жүсіпбек Аймауыт- ұлы туралы да, оның «Ақбілек» романы жайында да аз жазылып жүрген жоқ. Сол дүниелердің көпшілігі соның кезінде атылып кетіп, кейін ақталған жазушыға деген сағыныштан аса алмаған дерлік. Ал, Құлбек Ергөбек «Ақбілек» романын «қазақ әдебиетіндегі алғашқы психологиялық роман» деп танып,  соны дәлелдеу үшін шығарма ішіне кіріп, кейіпкер бойындағы әрбір өзгерісті бақылап, оны қазақтың қыз баласының ішкі жан-дүниесімен әдемі сабақтастырып отырып тамаша талдау жасайды. Жүсіпбектің Мағжан ақындығын талдайтын «су жорға» жазылған мақаласы естеріңізде ме? Міне, Қ.Ергөбектің «Қазақ романы және «Ақбілек» аталатын мақаласын сол Жүсіпбек Аймауытұлының сол төгілме стильді талдау мақаласымен салыстыруға біздіңше әбден болады. Өзара мәнерлес, рухтас жазылған мақалалар.         

«Адасқандар» жайлы деректі зерттеу еңбегінің формасы тың, талдау мәнері тосын дүние. Кезінде профессор Т.Кәкішев, М.Әлімбаев осы зерттеу еңбегі туралы арнайы мақала жазып, қазақ әдебиеттану ғылымындағы тың құбылысқа балағаны мәлім.  Аталған  сыншы еңбегі кезінде «Алматы ақшамы» газетінің он шақты нөмірінде «роман жайлы повесть» деген жанрлық анықтамамен жарық көргенін білеміз. Бір шығарманы арнайы талдау. Жанрынан бастап тосындау. Қазақ әдебиет сынында кездеспеген құбылыс. Кезінде Н.Г.Чернышевскийде «повестер туралы повесть» аталатын бір сипат кездесетін. Бәлкім содан тамыр тартар. Демек, «Адасқандар» романының жазушы ойына идея ретінде ойға оралуынан бастап материал жинау, іріктеу, қиялдау, кейіпкерлер мен оның түптұлғалары, жазу процесі, редакциялау... дегендей шығармашылық акты түгел қамтылады. Бұл да қазақ әдеби сынында кездесе бермейтін қызықты жәйт, жаңалықты сәт. Біздің ойымызша, Қ.Ергөбектің аталған еңбегі «роман жайлы повесть», көркем әдебиет жайында жазылған деректі көркем сын.

Кезінде бұл деректі зерттеуді оқырман қызығып оқып, баспасөз бетінде қызынып пікір айтқан. Солардың бір- екеуіне тоқталсақ. «Жақында «Алматы ақшамы» газетінде Құлбек Ергөбектің «Адасқандар ақиқаты» атты шығармасы басылды. Басқа халықтарда қайдам, қазақ тілінде роман туралы повесть немесе повесть туралы роман жазғанды алғаш көруім. Базбіреулер мұны несіне тәптіштеп қайта жазды деп күстәналауы да ықтимал. Бірақ, біздіңше, бұл бір жаңалық бастама сияқты. Ол – «Адасқандарды» бастан-аяқ қайталау емес, соны қайта, жаңа да нақты фактілермен толықтыра түскендей болып көрінеді өзімізге. 

Бұл – бар нәрсені көшіре салу емес, соны дамыта түсу жолында ерінбей-жалықпай, сарсылып ізденудің нәтижесі деп білдім.

Повесть оқуға жеңіл, фактілері мол. Әркімнің де қызыға оқуына, жадынан шыға бастаған жақсы романды қайтадан еске түсіруіне болатын шығарма. Ол – роман кейіпкерлерінің туған-туысқандары, көз көрген замандастары ғана емес, қазіргі жастардың да қызыға, көңіл қоя оқитын дүниесі деп күмілжімей- ақ айта аламыз» (Мәлік Қарақұлов «Ескі доспен қайта қауышқандай...», «Алматы ақшамы», 1990, 4-маусым).

«Оның «Адасқандар ақиқаты» (роман туралы повесть) атты аса қызықты зерттеу еңбегі газеттің он шақты санында басылды. Құлбек атақты жазушымыз Сәбит Мұқановтың осы романындағы өмірлік материалдарды қалай жинап, қандай қалыпта пайдаланғанын нақты деректермен сабақтастыра отырып қыры мен сырын ашуға тырысады. Ол өзі талдап отырған көркем шығарманы да, оның шикізаты болған өмірлік уақиғаларды да жақсы білгендіктен, жазушының ішкі лабораториясына еркін еніп, терең меңгергендігі анық байқалады. Зерттеуші Құлбек, болған уақиғаның желісі мен көркем шығарманың құрылысын бейне құмалақшыдай орын-орындарына қойып, халықтық психология мен дәстүр-салттардың ерекшеліктерін қабыстыра пайдаланып, өте шыншыл да нанымды эстетикалық таным байқатқан. Зерттеуші ғылыми тәсілді барынша дұрыс пайдаланғандықтан, өте үлкен үрдістерге қол жеткізгені көрініп-ақ тұр. Бұл Құлбек Ергөбековтің зерттеушілік майданындағы жаңа табысы ғана емес, сонымен бірге оның көркемдік танымдағы жаңа биігінің алғашқы баспалдақтары ғой деп ерекше қуанғымыз келеді. Осы еңбектің толып жатқан жақсы қасиеттерінің бірін ғана атап айтсақ, ол – жазушылық жолға талпынған жас қаламгерлерге де өзінің мархабатты мейірімімен қол ұшын беру екені сөзсіз». (С.Ғаббасов «Эстетикалық таным мен тағылым», «Алматы ақшамы», 28 тамыз, 1990 ж.) деп жазды.

«Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» (бұрынғы «Адасқандар»), «Ботагөз» («Жұмбақ жалау») романдарын алғашқы басылымдарымен салыстыра отырып, олардың неге қайта жазылғанын, қай жері қалай, не үшін өзгергенін анықтау – уақыт шындығын ашуға көп септігін тигізер еді. Әрине, бұл жөнінде Сәбеңнің өзі әр жаңа басылымның алғы сөзінде түсінік берген. Бірақ, олар қай уақытта жазылды? Автор ол түсініктерінің өзін де заман тынысына қарай ыңғайламады ма екен? ...Әдебиетші Құлбек Ергөбеков «Алматы ақшамы» газетінде биыл (№94-107) «Адасқандар» төңірегінде біраз ой қозғады. Әдебиет үшін, ақиқат үшін ендігі кезеңде осындай зерттеулер керек-ақ». (Д.Әшімханұлы «Даму мен дағдарыс», «Қазақ әдебиеті» №30 (2156) 27 шілде, 1990.)

Үш үзік. Үш пікір. Пікірге ден қойсақ, Құлбек Ергөбектің «Адасқандар ақиқаты» аталатын көркем әдебиет пен әдебиеттану аражігінде өмірге келген дүниесі – әдебиет туралы танымымызды байытқан, эстетикалық талғамымызды ұштаған, қазақ әдеби сыны үшін жаңалықты дүние!

Сыншы ешкімді қайталағысы келмейді. Кім жайында жазсын, нендей шығарма жайында толғансын, өзінше тың форма іздейді. Пікірімізге сыншының Тәкен Әлімқұловтай жұмбақ жаратылыс жайында жазған, әдебиеттанудан гөрі ғұмырнамалық прозаға бейім тұрған «Жұмбақ жан» аталатын эссесі дәлел. Эсседе Құлбек Ергөбек Тәкен Әлімқұловтың өмірі және шығармашылығы мәселесін прозашы мәнерімен әңгімелей отырып, жеке-жеке миниатюрада сыншы ретінде талдайды. Жазушылық – жұмбақ дүние. Ал, Тәкен Әлімқұлов жазушылардың арасында тіпті «жұмбақ» жан болған деседі. Сыншы сол Тәкен «жұмбағын» аша білген дер едік. Еңбекте жазушылық мәдениет пен сыншылық мәнер өзара жарасып көрінеді. «Сыншы Тәкен Әлімқұловқа қатысты фактілерді іріктегенде кейбір әдебиетшілерге ұқсап, «мынауы – үлгілі екен, мынаусы – үлгісіз екен», «мынауы – жарамды екен, мынаусы – жарамсыз екен» деп әлгі өмірлік фактілерді қырық жерден қиқалап, әуелгі әлібі мен бастапқы қалыбын бұзып, шындығын жойып, ақиқатын қашырып, берекесін кетірмейді. Құлбек үшін Тәкен Әлімқұловтың жаны мен жаратылысынан сыр аңдататын әрбір факті қымбат. Құлбек үшін Тәкен Әлімқұловтың жанының жылжуын, «жыбырлауын» (Абай), қозғалысын көрсете алатын әрбір факті бағалы. Сондықтан да сыншы қайшылығына қарамастан Тәкен Әлімқұловтың болмыс-бітімін өмірдегідей дәл көрсететін фактілерді қаз-қалпында келтіреді. Яғни бүтін шындық, тұтас шындықты көрсететін фактілерді көзден таса етпеуге тырысады» (Ә.Меңдеке). «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, сыншы Әмірхан Меңдеке пікіріне ден қойсақ, Құлбек Ергөбектің бірсыпыра сын еңбектері Пушкин, Гоголь өмірінен деректі көркем проза жазатын В.Вересаев, С.Сергеев-Цен-ский еңбектерін еске түсірердей. Бұл да деректі әдебиеттану жасау жолында жүрген сыншы Құлбек Ергөбек шығармашылығының  бір ерекшелігі.

Сыншының қазақ прозасы жайлы ойларын пайымдауда Дулат Исабеков шығармашылығы жайында жазылған «Ұлтын сүйген жүрек үні», «Тағдырлар толғауы» мақалаларының орны ерекше. Мақалада бүгінгі қазақ прозасына ден қою, оның даму арналарын, алдағы даму бағдарын айқындау бар. Жинақтау мәнерінде жазылған, тілі төгіліп тұрған  «Ұлтын сүйген жүрек үнін» – сыншылық толғау, бастан аяқ әдеби проблемаға құрылған «Тағдырлар толғауын» – нақты талдау дейміз. Көлемді дүниеде жанр талабы да, жанрға барған жазушы табиғаты да, характер жасау шеберлігі де еркін ашылады.

Сол сияқты  Б.Майлин («Қазақтың өзіндей қарапайым»), «Қайрат пен еңбек қаламгері» (Ғ.Мұстафин), «Қадірлі қарапайымдылық» (С.Омаров), «Саттардың Түркістанға  оралуы» (С.Ерубаев), «Сыншыл  мінез, сыршыл қалам» (С.Шаймерденов), «Жұмбақ жан» (Т.Әлімқұлов), «Өнерді өмірмен өлшеген» (Б.Соқпақбаев), «Қос жанрда қатар шапқан» (С.Жүнісов), «Тарихтан тағылым тартқан» (М.Мағауин) секілді мақалалары – формасы табылған, композициясы келіскен шығармашылық портреттер. Замандас, қатарластарынан Д.Әшімханұлы, М.Құлкен, Ж.Шаштайұлы, Б.Қанатбаев, Қ.Түменбаев, Қ.Жиенбай секілді прозашылар бар. Әрине, біз аталған тізімнен ұлы жазушымыз М.Әуезовті, Ғ.Мүсіреповті, 

Әбіш Кекілбайұлын көргіміз келеді. Қанаттастарынан да сыншы қаламына ілінуге тиісті дарынды азаматтар бар. Мүмкін ол сыншының келер күнге жоспарлап жүрген шығармашылық ісі болар.

Жазушының шығармашылық портреті. Сыншы оны қалай жүзеге асырады? Сыншы өзі назарға алған жазушы бойынан өзге кісі көзіне шалынбаған ерекшелік табады. Әңгімені содан бастап кетеді. Мейлі саралау, мейлі талдау болсын, мақала мәнерінде әңгімешілдік жатады. Бейне оқырманмен сырласу десек те жарасар. Сырласып отырып жазылған сын қызықты оқылатын, оқырманын қызықтыра тартатын «көркем сын» болып шығады. Сыншы еңбегін әріптесі Әмірхан Меңдеке: «Жазушыны жербауырлататын сын бар, жазушыны көтермелейтін сын бар. Мұның екеуі де – еренсіздің ісі. Сынның төресі – жазушыға көмектесетін сын. Әдебиетті көтеретін де – осы сын. Құлбек Ергөбектің сыны да – дәл осындай, жазушыға көмектесетін, әдеби сынның беделін өсіретін өміршең сын» деп Герольд Бельгер «оның жазғаны көркем әдеби сын» дей  келіп, сыншыны «Он художественный критик, художественный литературовед, умеющий увлекать, заинтересовать, заинтриговать читателя. В этом сказывается его истинный профессионализм» деп (Г.Бельгер, «Труд достойный восхищения»//Постфактум. Алматы 2007.202, «Казахстанская правда», №453-455. 29 декабря, 2012 г.) бағалапты. Біз де осы пікірге қосылар едік. «Жырға бергісіз сырлар» («Егемен Қазақстан» 10 маусым, 1993 ж. №133 (20508) аталатын мақаласында: «Өзі талдап, толғап отырған пәнінің табиғатына бойлап, зерделегендегі автордың теориялық тұжырымдары, пайымдаулары ғылыми берік, әдеби қисынды әрі тың болып келеді. Сол арқылы оқырмандардың эстетикалық талғамын тәрбиелейді, жетілдіреді, байытады» депті Мұзафар Әлімбайұлы сыншы-ғалым Құлбек Ергөбек жайында. Теориялық біліммен келіп көркем шығарманы талдайтын, әйтпесе көркем шығарманы талдай отырып теориялық ойларға жол алатын, сол мінезімен де сыншы-ғалым аталып жүрген азамат жайындағы М.Әлімбайұлы пікіріне де еріксіз ден қоясың.  

Құлбек Ергөбек – қазақтың қара сөзін қастерлей саралап келе жатқан саңлақ сыншымыз. Сөз басына қайта оралсақ, бүгінде 70-тің жотасына шыққан  жерлесіміз бір қазақ қана емес, бүтін түрік дүниесіне танымал әдебиетші, ғалым-түрколог. 65 кітаптың авторы. 6 кітабы түрік тілдеріне аударылып басылған.  «Құлбектің бір қазақ әдебиетіне ғана емес, байтақ  түрік дүниесіне сіңірген еңбегі мол. Ол  түрік дүниесіне бізден  гөрі танымал. Танымал әрі мейлінше мойындалған» (Мырзатай Жолдасбеков). Түрік халықтары әдебиетін басын біріктіріп жинақтап, өзара салыстырып саралап әңгімелеп жүрген әмбебап түрколог сыншыны  РФ Думасының депутаты, Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты, башқұрт халық жазушысы  Гульфия Юнусова көзімен қарар болсақ  «Құлбек досымыздың бір өзі – бір Академия! Оның  «Түрікстан жинағы» 7 томдығы – түрік халықтары әдебиетінің толыққанды шежіресі». Бұл күнде  қазақ топырағынан құнар тартып, түркология төріне озған бүкіл түрік халықтары әдеби сынын да Құлбек Ергөбексіз елестету қиын.

Түркістандық заңғар жазушы, белгілі тұлға, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек туралы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде филология ғылымдарының докторы Айткүл Досыбаева осылайша толғаныпты. Рас, Құлбек ағамыз қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мектебінің иесі, көрнекті ғалым – Бейсембай Кенжебайұлының әдеби-рухани мұрагері. Қазақ әдебиеті көне тарихын күллі түрік дүниесімен бірлікте қарастыру идеясын көтерген, сол үшін қуғын көрген ұлы зерттеуші Б.Кенжебайұлының әдеби мұрасын ыждағаттауда Қ.Ергөбек бірсыпыра іс атқарып келеді. Ғалымның әр жылдары жазған еңбектерін жинастырып, құрастырып, алғысөзін жазып, «Жылдар жемісі», «Әдебиет белестері», «Асау жүрек», «Тымпи», «Түрік қағанатынан бүгінге дейін», «Асау жүрек», «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген атпен кітап етіп бастырды. «Бейсембай Кенжебайұлы» био-библиографиялық көрсеткішін шығарды. Қазіргі таңда Б.Кенжебайұлының бес томдық шығармалар жинағын дайындап, баспадан шығару үстінде. Өзі «Ғалым шеберханасы» аталатын кітабын шығарды.

Қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы ақын, драматург, әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібайұлының үш томдық таңдамалы шығармалар жинағын құрастырып, алғысөзін жазып жарыққа шығарды. («Ана тілі» баспасы 2009 жыл.) «Ақын шеберханасы» деген атпен арнайы зерттеу еңбегін аяқтады. «Жазушы шеберханасы», «Ғалым шеберханасы», «Ақын шеберханасы» – шығармашылық зертханасын ашуға арналған үштік, деректі әдебиеттану үлгілері.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқара жүріп, М.Базарбаев, С.Қирабаев жетекшілігімен қайта жазылып жатқан «Қазақ әдебиеті тарихы» аталатын ғылыми еңбекке арнайы тараулар жазды.

«ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» /2004/ оқу құралын, «Қазақтың мақал-мәтелдері» /2005/, «Шынашақ» (1992), «Сылдырап өңкей келісім» секілді кітаптарды құрастырды. Орыс ертегілерін, Молдаван жазушылары шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Ғалым-сыншының «Арыстар мен Ағыстар» (2004-2007) аталатын алты томдық, «Түрікстан жинағы» (2010-2012 ж.) деген атпен төрт кітаптық шығармалар жинағы жарық көрген. Шығармалары орыс, түрік, өзбек, қырғыз, ұйғыр, саха тілдеріне аударылып басылған.

 Қазақ əдебиетінде қырық жылға жуық қаламын суытпай екпінді еңбектеніп келе жатқан əдебиет сыншысының «Өлеңсөз» аталатын кітабына соңғы жылдары поэзия жанры жайында жазған көркем əдеби сын мақалалары топтастырылған. «Дарын даралығы» аталатын бірінші бөлімі – С.Торайғырұлы, Ə.Тəжібайұлы, С.Мəуленұлы, Қ.Шаңғытбаев, Т.Бердияров, Ғ.Балақадырұлы, Қ.Мырза Əлі, С.Жиенбаев, Қ.Ыдырысов, Ə.Дүйсембиев, Ө.Нұрғалиев, Т.Медетбек, Ж.Ерман, сынды əр буын қазақ ақындары шығармашылық портреті. «Жанр жаңалығы» аталатын екінші бөлімі – бүгінгі қазақ поэзиясы проблемалық мəселелеріне арналған: «Абай мен Есенин жағасына жармаспай- ақ...», «Қазақ поэзиясының дəулеткері», «Күлкі сыры мен сымбаты», «Көзайым», «Қолжазбадан кітапқа немесе жабық рецензияның ашық сипаты», «Бір өлең», «Фотоөнер тұтқыны» жəне қос Қадыр», «Мейірімсіз қара жер сөзіме менің қарашы...», «Өсер жасқа өріс кең» секілді толғақты мақалалардан тұрады. 

Түгелімен қазақ поэзиясына – жанры, өсу-өркені, тұлғасы, даму эволюциясына арналған сын кітабының жұлын-жүйкесі тұтас, тілі көркем, пікірі салауатты, талдауы парасатты.

Ал, «Қарасөз» – көрнекті әдебиет сыншысының толайым қазақ прозасына арнаған жанрлық-тақырыптық тұтас сын кітабы. Жұлын-жүйкесі бүтін біртұтас сын кітабына Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Т.Әлімқұлов, Ә.Кекілбайұлы, М.Мағауин, Д.Исабеков және сыншымен қанаттас бір буын прозашылардың тұлғалық талдамасы («Дарын даралығы»), сондай-ақ қазақ романы, повесть, әңгіме жанрының қалыптасуы, өсу-өркені жайында толғаныстары ( «Жанр жаңалығы») енген. Сонымен бірге «ізденгіш сыншы» (Қ.Сұлтанов) экспериментке барып «Бір роман» (С.Мұқановтың «Адасқандар» романы), «Бір хикаят» (Ш.Бейсе- нованың «Сүзгенің соңғы күндері» повесі), «Бір әңгіме» (Д.Әшімханұлының «Тасқала» әңгімесін) атап, жеке шығарманы бас-басына лабораториялық тұрғыдан арнайы талдайды. Мейлі шығармашылық тұлғаға ден қойсын, мейлі әдеби процеске зер салсын, қандай шығарманы да буынынан ұстап талдайтын, төгілдіре толғайтын эстет сыншы «таңқалдыра біледі, тамсандыра біледі» (Ә.Кекілбайұлы) мақалаларында. Кітаптың тілі нәрлі, ой сараптамасы ойландырарлық.

Қазақ әдебиеттану ғылымы мен сыны кешеден тартып бүгінге қалыптасу, өсу, өркендеу жолдарынан өтіп жетті. Ол жолда өркенді өріс те, кері тартқан кеміс-кемшілік те жеткілікті. Сол жолда өткір жанрдың өрісін кеңейтіп, өркенін өсіріп кемелдендіріп сынғұмырға айналған тұлғалар қаншама?! Оқырман жұртшылыққа кеңінен танымал сыншы, ғалым Құлбек Ергөбектің «Сарасөз» аталатын сын кітабы қазақ әдеби сыны, оның жетістік-кемшілігін әділ саралауға, тұлғаларын даралауға арналған жанрлық тақырыптық тұтас дүние. Бірінші бөлім – «Сынғұмыр » – әдебиеттанушы, сыншы ғалымдар портреті, «Сынтұғыр» – әдебиеттану, сын жанры проблемалары енген. Сыншыл сырлы стиль, сындарлы ойдан бас құраған кітап оқырман көңілінен шығары шүбәсіз.

Аида Өтеп

Шығармалар сөйлесін
Шымкенттің Шолоховы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу