«Қасқыр қатынның» тағдыры соншалықты қасіретті деп ойламаппын

Oinet.kz 26-09-2023 5044

- Қай жерде мейлі, қай елде,

Әлемнің мәні әйелде,- деп көтеріңкі дауыспен құлшынып бастай қойып едім,

- Әй, бала! Не болды, әйел-әйел деп өзеуреп? Азаматы болмаса әйелдің мәні де жоқ сәні де жоқ! О, несі, ей!,- деп тиып тастады. 

Screenshot_24.jpg

Осылай деген сөзі өткір апама жалт қарасам көзі де өткір екен. Жүзі де мұнша суық апа болады екен-ау! Абдырап қалғанымды білдірмейін деп:

-Апа, енді бәріміз әйелден, анадан туылғасын...

-Немене, шешең сені күлге аунап туып па?-деп апам одан сайын зәр шаша қарады.

"Ойпырмай, мынау қандай-қандай адам өзі, асаба деген атым бар емес пе" деп тағы бір уәж айтқалы оқталып жатыр едім, той иесі білегімнен тартып қалып "Ойбай үндеме, бұл маңайда "Қасқыр қатынды" жеңген адам жоқ" деп сыбыр ете қалды.

Мәссаған, әйгілі адуын "Қасқыр қатын" деген осы екен ғой деп тілімді тістедім де қалдым.

Дабырлап өтіп жатқан құдалық басылды да қалды.

Дүниеде топ адамның тым-тырыс болып қалып өлі тыныштық орнағаны жаман екен. Әсіресе тойда. Сілтідей тынған жұрттың ішінен біреу әнтек қозғалып қалса да "Қасқыр қатын" шатынаған көзімен жалт қарайды. Ұрынарға қара таппай отыр.

Мен сол күннен бастап "Қасқыр қатын" аталып кеткен апамды жек көріп қалдым.

Шын атын да білмедім, білгім де келмеді. "Қасқыр қатын" деген аты туылғалы бері өзіне жарасып келе жатқан сияқты.

Ол тұратын ауылдың тойына ойланып баратын болдым. Той жасайтын әулетке "Қасқыр қатынның" қатысы бар ма деп сұрап алатын болдым. Неден қорықсаң соған тап боласың деген рас екен. "Қасқыр қатынмен" жиі жолығыса бердім. Талай-талай адуындылығына куә болдым. Тағы бір тойда сол ауылдың әжептәуір дәулетті адамының тойын басқарып тұрмын. Той иесі сырбаз, сыпайы, орта жастан асқан кісі. Бір тамаша аға екен. Тілек айту басында ағамыздың бір туыс жеңгесі:

-Бұл қайнымыз ауылымыздың ағасы,

Алтын тонның жағасы ғой, елім деп жүрген азамат-деп, көпшікті қойып келіп жіберіп еді.

-Әй, не оттап тұрсың? Өй, табанынын бүрі жоқ сорлы, бұл азаматсымағың колхоз тарағанда бүкіл дүние мүлікті әкесінен қалғандай басып қалып, талайыңды тентіретіп жіберген жоқ па? Сенің шалың айдап жүрген тракторын тартып алып артынан бір теуіп далада қалдырған жоқ па? Сол кезде сенің қалай зарлағаныңды сен ұмытсаң да мен ұмытқан жоқпын! Бұл да түк білмегендей сықия қалыпты, сен де түк көрмегендей Елдің ағасы деп қалыпсың ғой, бишара!-деп "Қасқыр қатын" долырып шыға келді.

"Мәссаған безгелдек!

Кім айтты саған тез кел деп?!"

Құдай-ай, "Қасқыр қатын" келіпті ғой деп ішім ірііііп кетті.

Сол тойдан соң арада біраз уақыт өтті. Мен үлкен қалаларға көп шығатын болдым.  Тапсырыс артқан сайын ауыл аймақтың тойына сирек баратын болдым. Көбінесе ауыл адамдары "Әй, өзіміздің бала ғой, келе салады ғой" деп той күні тақалып қалғанда айтады. Оған әрине уәделі жерің болса бара алмайсың. Айналып келіп тағы да "Қасқыр қатынның" ауылына жолым түсті. Той үстінде апам тура қарама-қарсы отырды. Мен қиғылық сала ма деп жалтақтап қарап қоямын. Апам басқаша көрінді. Өмірі қабағы ашылмайтын адам жадырап отырды. Күлгені ерекше тартымды екен. Күлгенін бірінші рет көрдім. Аппақ болып сұлуланып, адамға қарағаны бір жағымды. Бір сәт көзіне көзім түйісіп қалды. Мөлдіреп тұп-тұнық болып мейірім тұнып тұр. Ыңғайсызданып қалдым. Апам  әзіл де ән де айта алады екен. Сол тойда ерекше нұрланып жүрді. Той соңында маған да рақмет айтып батасын берді. Әңгімелескісі келетін сыңай танытты. Мен әбден жүрекшәйлі болып қалған қасқа Апамның тыныш жүргеніне, тойдың тыныш біткеніне қуанып, "әумин,әумин" деп тайып тұрдым.

Ертеңіне..."Қасқыр қатын" қайтыс болыпты деген хабар келді.

Көңіл айтуға бардым. Жиналған жұрттың есебі жоқ. Не деген көп адам? Кешке дейін жүрдім. Кезінде жек көріп, кездесіп қалмаса екен деп жүрген апамды бүгін жер қойнына қимайтын сияқтымын. Мұндай мықты адамдар да өледі екен-ау деп қоямын. Сол жерде жүріп апамның "Қасқыр қатын" атануының тарихына қанықтым. Апам қыз кезінде жан біткеннің сұлуы болыпты. Осы ауылға келін болып түскенде тамсанбаған адам қалмаған екен. Он сегіз жасында түсіп,толған айдай толықсып тұрған отыз жасында төрт баламен жесір қалады. Келіншектің сыны бұзылмаған сұлулығына мінсіз мүсініне караған жанның есі кететін еді дейді. Төрт баланы асырау үшін жұмыс іздеген жас жесірдің қақпаған есігі бармаған бастығы қалмайды. Тауқіметі тоқырау жылдарына тап келіп қатты қиналған көрінеді. Ең қиыны бала мұрты тебіндеген бозбала да ел ағасы деп жүрген қақсалдар да көзін сүзе береді. Келіншектің сұлулығы мен таза жүрісін көре алмайтын, өз байына сенбейтін бейбақ қатындар өрттей қаулатып өсек шығарады. Соның барлығы жесір келіншектің жанына батып ашындырады. Жауқазын гүлдей жастығын, нәзіктігін жиып қойып, тұрмыс таласына білек сыбана кіріседі. Ертеңгі күні төрт баламның тауы шағылмасын деп алдына келгенін тістейтін артына келгенін тебетін асауға айналады. Бірінші тілі шығады, сосын қолы шығады. Талай жерде еркекше төбелескен де кездері болған екен. Жұлысып, арпалысып жүріп төрт баласын жеткізеді. Соларды жеткізем деп жүріп өзі де "Қасқыр қатынға" айналғанын сезбей де қалған шығар жарықтық.

Апамның осындай тағдырына қаныққанан кейінгі менің ішкі дүниемде толқындаған сезімді айтып жеткізе алмаймын. "Қайран шеше, қайран қайсар ана..." дей беремін болды. Жаның жанатта болсын аяулы Гүлмайса апа...

Әл-Фараби Бекарысұлы

"Қасқыр қатын"

Күрең айғырдың шыңғырған дауысы әлі құлағымнан кетпейді
«Таздың үйіне кет»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу