Босағаға сөлпитіп ілініп тұрған шұбар костюміме көзім түсіп кетсе күлкім келеді
Ғашықтық деген қиын екен ғой, облыстық филормонияда ән салатын сұңғақ бойлы, аққұба қызға есім ауып ғашық болдым. Ән салғанда да эстрада, қыңқыл-сыңқыл емес, кәдімгі дәстүрлі әндерді ұзын қайыңдай ырғалта билетіп, солқылдата салғанда ұзына бойым шымырлап, құлағымнан құйылған ән тұла бойымды аралап, саусақ, башпайымның қара тырнағына дейін сыздатып барып тыным табады.
Арғы бет Алтайдан келгеніме көп бола қоймаса да өлең жазатынымды білген мәдениет үйінің басшысы сондай ойын-сауық кештерден қалдырмай шақырып жүрді. Өзгесін қайдам, менің өз рахатым өзімде, әлгі қыз ән салса екен деп тұрам. Ол да сылаң етіп шығады да, шыққан жерден домбыраны екі-ақ қағып әуелетеді шіркін! Маған ғайыптан қос қанат бітіп ән мен бірге әуелеп, шарықтап, шалықтап кетем. Аузым аңқайып, күрең тобылғыдай әлпетім қызылбұйраланып онан сайын бал-бұл жанып салам береді. Неге екенін, осындай бір сәттерде жүзім сәбидей үлбіреп кеткен шығар деп ойлап қоям. Анау қыз да осындайда көз салса ғой...
Армандар да ақырын-ақырын орындалады екен. Бір жолы облыста үлкен бір шара өтіп соның аясында ақындар мен әншілердің біразы жиналдық. Сәмбі талдай солқылдаған әлгі қыз да бар, мен де санаттамын кәдімгідей. «Кеште қонақасы банкет болады, сен Жетісу туралы өлеңіңді оқисың» деді ұйымдастырушы. Оқымағанда Құдай-ау, біріміз ән салып, біріміз өлең оқитын болып тебіреніп-ақ жүрмін.
Кеш бата қонақтар мейрамхананың үлкен залына, біз өнерпаздар кіші залына жайғаса бастадық. Қызға қарағанда алдына қарап отырғандай аса ерсі көрінбейді ғой деп ыңғайланып оған қарсы орындыққа жайғастым. Шынында тиімді болды. Қызға тесіліп отырып алмасаң да қарсыдағы әлденеге бұрыла қарап, мойныңды қайтадан қалпына келтіре бергенде көздің құйрығымен қыздың жүзін бір сыпырып өтеді екенсің. Кейде өзі басқа жаққа бұрылып немесе жүзін сәл төмен сала бергенде көзіңді тура қадап, шаншып-шаншып аласың. Басында қарап отырғанымды біліп қоймаса екен, деп отыр едім, біраздан соң білсе білсін, менің ынтық екенімді сезсін деп жанарымды жылдам тайдырып әкетпей сылбыр қозғап, жаутаңдай бердім. Ол өзі көп сөйлемейді, паң! Бұрыннан таныс, бірге жұмыс істейтін жігіттермен аракідік бірдеңелер айтысып қояды. Мен де сөздеріне сыналай кіріп әнін мақтап өттім. «Рахмет» деді де қойды.
Не керек, ән де айтылды, өлең де оқылды. Ары қарай үлкен зал биге басып кетті. Өлеңімді қонақтар жақсы қабылдады. Ду қол шапалақтан соң өзіміздің дастарханда да жалым күдірейіп, тіктеліп қалдым. Сол сәтте әлгі қыз «өлеңіңіз тамаша екен, бізге де оқысаңызшы» демесі бар ма? «Жаңағыны ма?» деппін сасқанымнан. «Жоқ, оны тыңдадық қой, басқасын» деді. Неше күннің алдында дәл өзіне арнап бір өлең жазған едім, төгіліп түсіп еді, соны оқысам ба деген бір ой сап ете қалды да, өз-өзімді ақыл, сабырға шақырдым. «Өзіңе арнадым» десем шырыштай топтың ішінде ыңғайсыз болар, былай оқи берсем «басқа бір өте жақсы көретін адамы бар екен» деп қалар деп ол ойымнан тез айныдым. Оны өзімен оңашада ғана оқуым керек деп шештім. Оңаша кездесу де болады алда, сәл күте тұрыңыздар.
Сөйттім де «жаңа Жетісуды оқыдым ғой, енді Алтайымды оқиын» деп туған жеріме арнаған бір өлеңімді бар мәнеріммен тура ән салғандай-ақ қып оқып бердім. Тамаша өтті. Бәрі риза болды. Әсіресе қыздың ризалығы мен қолпашынан қысылып беталды ырсыңдап «рахмет, рахмет» дей беріппін. Содан жиын тарқарда «телефоныңыз қанай?» дегені. О, тобааа, жақындап сөйлесе бастаған соң ендігі кезек телефонда деп, алайда, сұрауға батпай, ебін таппай отырған бір шаруа осы еді ғой. Қуанып кеттім. Ол да маған бір басып қоңырау түсіріп қойды, дереу сақтап ала қойдым.
Ал, қала сыртындағы Ешкіөлместегі үйіме бара жатып, қиял дегенді шырқататайын кеп. «Қыздың өзі нөміріңді алу деген кәдімгі «болды» деген әңгіме ғой» деймін өз-өзіммен шаттанып. Дегенмен бір белесті бағындырғандаймын. Құдай-ау, анау нәзіктік, тәрбиелілік, дауыс, қылық, түр-келбет... тіпті бұрылып менен бірдеңе сұрайтындай адам емес қой анау. Сол енді телефонымды өзі алып тұр. Жүрек деген қуанып, толқып, өрекпиді. Үй ішіне де жайдарыланып сала бердім.
Сөйтіп сырғып апта өте шықты. Телефонды алған соң бекер алмайды ғой, мүмкін өзі бірдеңе дер ме деп кірсем шықсам жанымнан тастамай бетіне жалтақ-жалтақ қараумен болдым. Ұйқым да қиял мен түс аралас қиқымға айналып барады. Үйде түскі шәйді ішуге дастархан басына отыра бере күтпеген бір ой, күтпеген бір батылдық келе қалды да уатсабына «сәлем!» деп жазып жібердім де қарап отырдым. Бір кезде уатсаптың екі сызығы көргере кетті, көрді. Жүрегім зу ете түсті. Ары қарай не демекпін? Сөйткенше болған жоқ телефоным шыр ете қалды. Соның өзі, звандап тұр. Орнымнан атып тұра жүрегім аузыма тығылып далаға шықтым.
- Ало, - деймін ентігіп.
- Сәлем, қаладасың ба? - дейді сызылып.
- Жоқ, енді барайын деп отырғам,- деймінасып-сасып.
- Жолыға аламыз ба? - дейді және де наздана.
- Иә, әрине қайда барайын?
- Қазір уатсапқа жазып жіберем.
Ал, керек болса! Күн жексенбі. Өзі шақырып жатыр. Ұнатқан ғой. «Неге шақырып жатыр, нем ұнап қалды? Өлеңім бе, өзім бе? Дәу де болса өткендегі отырыстағы кейпім ұнады. Тура солай киініп барайын. Шұбар костюм ғой, дұрыс!» деген шолақ-шолақ ойларды шолып үлгеріп үйге кірдім. Үйге кірсем келіншегім...
Мә мен әлі әйелім туралы айтпаппын ғой сіздерге, айта кетейін, әйелім бар ғой екі жылдан бері. Әнші қызды ойлағанда ойыңа қоса қабаттаса кеп, қиялыңды қиянға самғатпай қанатыңнан тартып құлатып отыратын ол жағдайды әзірге ойламауға тырыса беретінмін. Өйткені, анаған да қолым жетіп тұрғаны шамалы ғой, «алдымен перне қуған сүйрік те жүйрік саусақтарынан бір ұстайын, үйдегі уайымды содан кейін жесем де жетер» деп өзімді біраз еркіндетіп алғанмын. Міне, сол беттен таймай тұрмын.
- Не болды, - дейді келіншек
- Тез қалаға бару керек.
- Тыныштық па?
- Тыныштық, әкімшілікке, жұмыс бойынша. Әкелші ана шұбар костюмды.
- Қара костюм тұр...
- Жоқ, шұбарды.
- Шұбарды жуып қойып едім.
- Қап! Өстиді ғой енді. Неге сұрамай жуасың?
Ашуым бұрқ ете қалды. «Дәл соны киіп баруым керек» деген бекім миымда шырақтай жарқылдап тұрып алды.
- Неменеге пысықсып жуа қойдың? Кір емес те еді ғой, әкелші сонда да.
- Өй ол су деймін, недеген қызық адамсың, дайын тұр ғой басқа костюм.
- Мен саған соны әкел деп тұрмын ғой, болшы енді, - Дауысым жыларман үнмен жарқышақтанып шығып кеткендей болды.
Шұбар костюм де келді. Жағасы, қолтығы қалтасының айналасы су екен әлі. Шалбарының да тігістерінің дымқылы тік сызық боп білініп тұр. Ептеп-септеп шаш кептіретін бірдеңе бар еді, қыл қисайта алмайтын болар-болмас жел үрлеп ол да тағатымды тауысып, ішімді қазандай бұрқылдатып қайнатып барады. Лақтырып жібердім. Шашылып түсті. Содан «не болсаң ол бол, күн жаз ғой, барғанша да кебер» деп сегіз көзге тураланып тіп-тік дымқыл сызық тартылған шұбар шалбарды киіп, костюмды қолға алып, апыл-ғұпыл далаға шықтым.
Жол жиегіне жете бере бір тәксиге бір ғана адам керек болыптықыршып әрең тұр екен, іліп ала жөнелді. Екі аралықты әбден біліп алған шопыр заулатты-ау шіркін. Бірақ мені басқа уайым жеп барады. Киім кеппеген ғой. Шопырға жалынып терезені ашып, біраз желдеттім. Трассада сартылдап, оңай емес екен. Қасымдағылардың да мазасы кетті. Терлеп те кеттім. Сонда да кеппейді. Сөйтіп шұбар костюмді ту секілді желбіретіп Талдықорғанға қарай заулап келем. Ойлап келем, қуанып желпініп келем. «Қандай ән, қандай жан!» деймін ішімнен күбірлеп. Өзі шақырып жатыр. Үкілі домбырасын көтеріп қасында жүрсем де жетіп жатыр емес пе маған! Өлеңді қандай түсінеді. Жан-тәнін тек рухани байлыққа, әсемдікке, биік сезімге арнаған, мынау дүниеқоңыз талас-тартыс тірліктің бәкене тырбаңынан ада, қандай асқақ сұлулық бұл! Тек алағанға салып аялап өтуге жаралғандай, тек бұлбұл көмейінен әсем ән төгілдіруге ғана туғандай! Бір кезде қиялым алтай асып, төр жайлаудың тойында дүйім елдің алдында ақоз атқа мініп ән салып тұрғаны елестеп өтті. Ел қызбен қоса мені де әңгіме ғып «сол жігіт ертіп әкелген екен» десіп айналама топталып жатқандай бір елей күй шалқып өтті кеудемнен...
Қалтаның үсті сазарған бір сызық боп тәксиден түстім. Дәл жазылған мекен-жәйдің өзі, шағын дүкен бе бірдеңе екен. Тарсылдаған жүрегімді басып, тынысымды кең алып аттап кірдім. Бір өзі отыр. Сәлемдесіп жақындай беріп едім, қол ұсынып бетін төседі. Қапелімде мұрыным құлақ түбіне тақала қалды, иіс аңқып тұр. Ерекше! Әсерленгенім сондай түшкіріп жібере жаздадым. Мастана барып нұсқаған орынға жайғастым. Өзі бір бөлмеге кіріп кетті. Алабұртып мен отырмын.
Бір кезде қолына бір-екі қорап алып қарсы алдыма келіп жайғасты. Сөйтті де, «мен сіздің уақытыңызды көп алмайын...» деп, әлгі заттарды ашып таныстыра жөнелді. Түк ұқсам бұйырмасын. Косметика екен. Айтып жатыр, айтып жатыр. Миыма кіріп шыққан жоқ, бір құлағымда қалағаны «Сіз өзіңізге бес адам тіркесеңіз, олар өздеріне үш адамнан тіркесе сізге өзінен-өзі 17 мың теңге түсіп тұрады» деген сөзі болды.
- Сізге не болды? - деді бір заманда өңіме қарап шошып кетсе керек.
- Ештеңе, - дедім мен.
- Тіркелесіз бе?
- Жоқ.
- Ойланып көрсеңізші...
- Жоқ.
- Он күндік курсы бар, - деп қояды тағы.
Бұрылып жүре бердім. Болатбек Қуанған деген бір ауылдас ағам «ешкі өлмегенде мен өлем бе?» деп туу Шіңгілден Ешкіөлмеске келдім» деп әзілдейтін Ешкіөлмесіме сүлдерімді сүйретіп жеткенде түн ортасына таяп қалыпты. Ұлып бара жатқан асқазанға талғажау іздеп ас үйге кірдім. Буы бұрқырап тұрғанда қарамай кеткен келіншегімнің суық мәнтісін жеп отырып босағаға сөлпитіп ілініп тұрған шұбар костюміме көзім түсіп кетіп өз-өзімен мырс етіп күліп жібердім. Содан тоқтай алсамшы. Бір сайтан күлкі қысты келіп. Қорланған күлкі ме, әйтеуір түсініксіз бір күлкі болды. Ойпыр-ай, түстегім жарайды, енді мұнымды келіншегім көрсе «мынауың жынданған» екен дейтін шығар деп сыртқа шыға жөнелдім.
*
«Сол күлкі бойымда қалып қойыпты. Осы шұбар костюмімді киіп жатып өзімнен өзім бір езу тартып алам», - деп менің аңқылдаған ауылдас ақын бауырым Дархан шұбар костюімінің өңірін желпіп-желпіп қойып, сойған түлкідей ыржиып қарайды емес пе адамға. Әй аңқылдағым-ай!..
Әнді сүйген сендей-ақ сүйсін!..
Ұларбек Нұрғалымұлы
"Дымқыл костьюм"