ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА... ОТЫЗЫНШЫ ҚАРА СӨЗ
ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА...
ОТЫЗЫНШЫ СӨЗ
Қырқын мінсе қыр артылмайтұғын осы бір «қырт мақтан» деген бір мақтан бар, сол неге керек, неге жарайды? Ол ар, есті білмейді, намысты білмейді, кең толғау, үлкен ой жоқ, не балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ, не ақылдылығы, арлылығы жоқ. Мойынын бұрып қойып: «Өй, тәңірі-ай, қойшы әрі, кімнен кім артық дейсің, кімнің басы кімнің қанжығасында жүр, ол менің қазаныма ас салып беріп жүр ме, мен онан сауын сауып отырмын ба?» – деп бұлғақтап, немесе: «аяғаным жаным ба? Өй, енесін ұрайын, өліп кетпей неге керек? Азар болса атылып, я осы үшін айдалып кетсем де көнгенім-ақ! Әйтеуір бір өлім бар ма?» – деп қалшылдайтұғын кісі көп қой.
Өздерің көріп жүрсіңдер, осы айтқан сөз бойына лайық қазақ көрдіңдер ме? Өлімге шыдайтұғын қазақ көргенім жоқ, өлімге шыдамаймын деген де қазақ көргенім жоқ, кеңірдегін ғана көрсетеді-ау: «қиылып қана қалайын» деп. Егер осы сөз бойына лайық кісі көрінсе, ақылы жоқ болса да, қайратыменен-ақ кісі айдындыратұғын адам болғаны ғой! Егер шын айғайды көргенде, кірер жерін таба алмайтұғын дарақы, жұртты осы сөзімен айдындырамын, «мына кәпірден кісі шошитұғын екен» дегізіп айдындырайын деп айтып отырған құр домбытпасы болып, босқа қоқиып отырса, соны не дейміз? Ай, құдай-ай! Жанға мырзалық қылатұғын, ердің жадағайда-ақ сертке тұрғыштығы, малға мырзалығы, дүниені бір тиын есеп көрмейтұғын жомарттығы – әртүрлі белгісі бойынша тұрмас па еді? «Ұялмас бетке талмас жақ береді» деп, көп былжыраған арсыз, ұятсыздың бірі дағы.
Абай Құнанбайұлы.
ОТЫЗЫНШЫ ӨЛЕҢ
Әйтеуір отырғаны, жатқаны бар,
Бәрі де атақ пенен таққа құмар.
Қазақтың көсегесін көгертпейтін,
«Қырт мақтан» дейтін бейпіл мақтаны бар.
Жел сөзді жалаулатып желе бермек,
Ойлайсың кейде соған сене ме деп.
Кең толғау, ары менен намысы жоқ,
Осындай жалған мақтан неге керек?
Даңғойлық, дарақылық қайрақта тұр,
Адамдық, ақылдылық жайрап жатыр.
Танауын көкке сүзіп бұлғақтаған,
Бұл күнде көп болып тұр жайдақ батыр.
Жақсы ғой жетесізге жөн білген де,
Тұлға боп жарытпақшы ол кімдерге.
Өзінің айтқанына лайықты
Кесімді бір қазақты көрдіңдер ме?
Батады осындайда мұңдас кемі,
Байлық та баста мәңгі тұрмас тегі.
Дүниені бір тиын есеп көрмес –
Жомарттық пейілінде тұрмас па еді.
Әлі сол мадақ, мақтау, ұры-қары,
Бұл да бір қасиеттің құрығаны.
«Ұялмас бетке талмас жақ берген» соң,
Былжырақ көп арсыздың бірі дағы!
Әлібек Шегебай.