Ерсін Қойбағарұлы. Мылқаудың досы

Oinet.kz 22-02-2020 2209

Жөнді сөйлей алмау балаларда, кейде үлкендерде де кездеседі. Мәселен біреулер дауыссыз дыбыстан басталатын сөздерді «т-т-т-трактор», «п-п-п-пиала» деп әрең айтса, кейбіреуі «а-а-а-арба», «о-о-о-орман» деп дауысты дыбыстан басталатын сөздерге кібіртіктейді. Ал бәзбіреулер аузынан бір сөз шығару үшін қабақтарын жыпылықтатып, бет-аузын қисалаңдатып, басын изеңдетіп, иықтарын қиқаңдатып, соншама қиналып, сөз түгілі дыбысты әзер шығарып, содан соң мынадай қорлыққа шыдай алмай жылап қоя береді. Қазақтар мұндайларды кекеш немесе тұтықпа атайды.

Screenshot_4.jpg

Сөзді дұрыс айтса да даусы басқаша, кәдуілгіден қораш естілетіндер бар. Ондайларды маңқа дейді. Бұлардың көбінесе таңдайында жырық болады.

Ал жеке бір әріптерді ғана дұрыс айтпайтындар кездеседі. Мәселен, «с»-ны «сш» деп тілін төсеп сөйлейді. Олардың «сиыр» дегені «сшиыр» боп естіледі. Бұларды сақау дейді.

Психотерапевт осылардың алғашқысын – кекештерді, яки тұтықпаларды емдейтін. Маңқаларды тамақ пен көмекейді емдейтін дәрігерге, сақауларды логопедке жұмсайтын.

– Сөйлеу деген оп-оңай, балалар. Міне, арба, әңгелек, – деп әр сөзді айтқан сайын қолындағы қаламдарды бірінен соң бірін жерге тастайтын. – Иә, сөз айту деген қолдағы қаламды жерге түсіріп алу сияқты, оп-оңай.

Кекештерді емдеу үшін психотерапевт емдік сеанстар өткізетін, сеанстан соң неше түрлі жаттығулар жасатып, сөйлеуге машықтандыратын. Балаларға мақал-мәтел, тақпақ жаттап келуді бұйырып, мектеп мұғалімдерінше үйге тапсырма беретін. Бұрын, баяғыда-а теледидар, ұялы телефон дегендер атымен жоқ кезде жақсы еді. Балалар психотерапевттің тапсырмасын бұлжытпай орындап келетін. Содан соң мектеп дәрістеріндегідей бірінен соң бірін «тақтаға» жеке-жеке шығарып, жаттығуларын айтқызатын. Шама-шарқы жеткенше тұтықпауға тырысып, дұрыс сөйлегендерге «төрт», «бес» деп баға қоятын. Балалардың сөйлеу қабілеті біршама жөнделгенде сеанс залына ата-аналарды шақыратын. Көптің алдында айтылған әр мақал, әр тақпақтан соң залдағылар қол соғатын. Әдетте психотерапевт алдымен жақсы сөйлейтіндерді, одан соң нашарлау сөйлейтіндерді, ең соңында сөйлей алмайтындарды «сахнаға» шығаратын. Бұл жолы да жақсы сөйлегендерге «төрт», «бес» қойылатын. Нашарларға әзірше баға қойылмайтын. 

«Қауын қауынға қарап рең алады». Күнде жаттыға берген соң балалардың бәрі біраз уақыттан соң кекештенбей сөйлеп, үйіне қайтатын. Қазіргі кезеңнің қиындығы сол – компьютер мен теледидар алдынан шықпайтын, үнемі ұялы телефонға үңілуден басқа ермегі жоқ жастарға күніне мың қақсасаң да мақал, жүз қақсасаң да да тақпақ жаттата алмайсың. Осындай бір балаға «Бұлай етсең, кекештіктен арылтуға, дұрыс сөйлеуге қалай жаттықтырамын? Тым құрыса көбейту кестесін айтшы», - деді. Бала тұтығып, қақалып-шашалып, көбейту кестесін де білмейтінін ыммен әрең жеткізді. Иә, сөйтеді бұлар. Дүкеннен заттар сатып алғанда дүкенші калькульяторын шұқылап болғанша психотерапевт ойша есептеп-ақ лезде мына заттардың құны қанша теңге тұратынын айтатын. Дүкенші мұның есепке соншама жүйріктігіне аң-таң қалып:

– Сіз бухгалтырсыз ба, әлде кассирсіз бе? – деп сұрайтын.

– Жоқ-ә, ана қолыңдағыны ғұмырымда ұстамаған бұрынғының адамымын, – дейтін бұл. 

Қазіргілерге екіге екіні қос десең калькуляторды шұқылайды.

– Мына жігіттен басқаларың алғаш келген күндегімен салыстырғанда әлдеқайда тәуір сөйлейсіңдер, кейбірің тіпті жақсысыңдар. Мен сендерге бір қызық ертегі айтып берейін. Тыңдайсыңдар ма, балалар?!

Маналы бері сөйлеуге шығудан, жатығудан жалыққан балалар бір-біріне қарап жымыңдасты. «Тыңдаймыз» деді жақсы сөйлейтіндер. «Иә» деді нашарлау сөйлейтіндер. Сөйлей алмайтындар бас изесіп, ыммен келісім берді. Бөлмеде шыбынның ұшқаны естілердей тыныштық орнаған еді.

***

– Балалар, баяғыда-а, біздің дәуірімізден бұрынғы төртінші ғасырда үлкен теңізге кірігетін түбекке орналасқан бір шағын мемлекеттің астанасында өте зерек һәм алғыр, көрікті әрі жойқын күшті бір бозбала ғұмыр кешіпті. Баланың аты Демо еді. Алайда, оның екі бірдей үлкен міні бар-тын. Бірі – тым сөйлей алмайтын кекеш, екіншісі – тілі келмей, көп әріптерді бұзып айтатын сақау. Онымен бірге оқитын сыныптастары, көрші балалар, тіпті төменгі сыныптың оқушылары оны үнемі мазақтағандықтан ол ешкіммен араласпауға тырысатын. Біреу сұрақ қойса, мінін білдірмеу үшін ыммен немесе басын изеп, иығын қиқаңдатып жауап беретін. Демоны балалар өз атымен атамай «п-п-п», «т-т-т»деп келемеждейтін. Ал оқытушылар тақтаға шығарғанда бірер сөзді кекештеніп, сақауланып әрең айтатын одан тезірек құтылғысы келіп, «жарайды, отыра ғой» деп, «үштік» баға қоя салатын. 

Жеті жасында әкеден айырылып, одан қалған қару-жарақ жасайтын шеберхана мен мол ақшаны қамқоршысымақтары талан-таражға түсіріп, тонап тайып тұрған. Шешесі, қарындасы үшеуі өлместің күнін көріп әзер жүріп жатқан кекеш баланың озбырлыққа, ожарлыққа, күш көрсету, алдау, жағымпаздану сияқты адамгершілікке жат қылықтарға қарсы ашу-ызасы ішінде қара қазандай қайнап, жыл өткен сайын тілінің мүкістігі үшін қорланып, өзін жегідей жеп, «өлі болып көрде жоқ, тірі болып төрде жоқ» күй кешіп, есейе берді. Ол заманда мұндай дертті емдейтін мамандар жоқ еді.

Оның кемістігі үйіндегілердің де жанына қатты бататын. Ғұмыр бойы осылай сақау әрі кекеш боп өтеді деп қайғыратын анасы мен қарындасы.

Балалар Демоны мазақтаса, оны етене жақсы білетін көрші-қолаң, үлкендер мына кекеш жасөспірімнің еңбекқорлығын, адалдығын, кішіпейілдігін, қарапайымдылығын қатты бағалап, жақсы көретін.

Бір күні Демо патша мен уәзірлерінің халық алдына шығып сөйлегенін көріп таң қалды. Бәрі бірінен бірі өткен «сен тұр, мен атайын» сөзге жүйрік.

«Мына түріммен мен патша немесе уәзір түгілі, кішігірім шонжар да бола алмаспын. Ол ол ма, маған жөні түзу емес, қандай да бір кемістігі бар қыз ғана тұрмысқа шығар. Отбасын құрған күнде бала-шағама, келіншегіме үлгі емес, күлкі боламын-ау» деп үйінің бір бөлмесіне тығылып алып, әбден көз жасын бұлайтын.

Сыныптың оқуы бітіп, оқушылар үш айлық жазғы демалысқа шыққанда Демо «Менің мүкістігімді өзімнен басқа ешкім жаза алмайды. Осы демалысымда бар әрекетімді жасап, талпынып бағайын. «Әрекет бар жерде берекет бар» деген оймен бағдарлама түзеді. Ертеңіне ол «Мен емделуге, турасын айтқанда өзімді өзім емдеуге алысқа кеттім. Тамыздың соңында, оқу басталар алдында ғана келемін. Оған дейін мені іздемеңдер» деп үйіне бір жапырақ хат қалдырып, із-түзсіз жоғалады.

Демоның көрші көшеде тұратын мылқау жалғыз досы болатын. Мылқау кекешті келемеждемейді. Тілі сау балалар мазақтай беретіндіктен ол осы мылқау баламен ғана тіл табысатын. Онда да ымдап.

Өткен жылы жазда көшеде келе жатып, мылқау баланың өзінен бойшаңдау бір жігітті тоқтатып, ымдап бірдеме сұрағанын көрді.

– А-а, немене?! – деді әлгі. 

Мылқау түсініксіз дыбыстар шығарып, қолдарын ербеңдетуде.

– Не? Немене?! Тілің жоқ па, сөйлесеңші?!

Ештеме түсіндіре алмаған мылқау бір қолымен бейтаныс жігітке ымдап, екінші қолымен кетуге ыңғайланған оның жеңінен тартқылағанда жейдесі иығынан дар етіп сөгіліп кетті. Бейтаныс жігіт мылқауды жұдырықтың астына алды. Ажыратуға әрекеттенген Демоны да түйгіштей бастады. Сөз айта алмай, кекештеніп, бірдемелерді былдырап, бет-аузы қан жаланған Демо сол сәт жігіттің жағасынан қос қолдап ұстап, қысып қалғанда жәбірлеушінің тынысы тоқтап, көкпеңбек боп көгеріп, есінен танып, құлап түсті.

– М-м-м-м-мен с-с-саған к-к-к-кемтарларға т-т-т-тиіскенді к-к-к-көр-с-с-сетем!

Лезде есін жиған жігіт сөзге келмей тұра қашты.

– «Кереңнің қолына, мылқаудың астына түспе» деген, нең бар оларға жолап?! – деді өтіп бара жатқан жолаушы қашқан жігіттің артынан айқайлап.

Мылқау бала Демоны үйіне ертіп келді. Екеуі бір-бірімен ымдап тіл табыса отырып, бір құмыра жүзім шарабын тауысты.

Содан бері екеуі жиі жолығады. Кейде қала аралайды, кейде діңгегінің ұшар басында жалауы желбіреп, желкендерін жел керген кемелерді, қайықтарда қаздай тізіліп қатар-қатар отырып ескек ескен әскерлерді тамашалап, жағалауда қармақпен балық аулайды.

Мылқау баланың үйіндегі жалғыз шешесі де мылқау еді. Көршілерінің айтуынша, әнебір жылы қайығын таудай толқын басып қалып, су түбіне кеткен әкесі де мылқау екен. Мылқау баланың есімі Немо екенін де көршілерінен естіген. Бұлардың мылқаулығының себебі туа біткен тас кереңдіктен, ғұмырында бір де бір сөз естімегендіктен деп түсінетін кекеш бозбала. Өзінің құлағы сап-сау. Оған күмәні жоқ. Жазу-сызуды қатырады. Лирада да түрлі әуендерді ойнайды. Сөз ғой мұны азапқа салатын. Әттең, «Патша немесе уәзір сияқты шешен болмай-ақ, тым құрыса қатардағы бір құл құрлы сөйлей алатын күн туар ма еді..?»

Кекеш мылқауға ымдап түсіндірді:

– Алысқа-а барамыз. Адам аяғы баспайтын жерге. Мына жүктерімді көтеріп жүруге көмектес әрі серік бол. Мен сонда қаламын.

Екеуі теңіз жағалап ұзақ жүрді. Демо жартастағы әрбір үңгірге кіріп, мұқият зерттеп көреді. Оның талабы бойынша үңгір жаңбыр жауғанда төбесінен су өтпейтін, теңіз тасығанда ішіне су кіріп кетпейтін, аумағы тым үлкен емес, от жаққанда тез жылитын, аузы тар, әрі жел өтіне қарсы болмауы керек.

Шөкім-шөкім ақ бұлттар аспанда бір-бірімен жарыса жөңкіп барады. Теріскейден соққан салқын желдің екпінімен қуаласқан бұйра толқындар бірінен соң бірі жағадағы жартастарға ысқыра, ышқына соғып, күлпаршасы шығып, ұсақ тамшылар аспанға атқылайды. Желсіз, тымық күндері шиқылы құлақ тұндыратын шағалалар бүгін жым-жылас. Қайық біткен теңіз бетінде атымен жоқ. Желкенін түсірген бірен-саран кемелер ғана алыста-а, көкжиекке таяу көз ұшында баяу қалқиды.

Демо биіктеу орналасқан аузы тарлау, шағын үңгірді таңдап, арқасындағы қапшықты түсіріп, бауын шешті. Онда көрпе-төсек, ыдыс-аяқ, майшам, кездік, оттық, қалам, дәптер, бірнеше күнге жетерлік тағамдар, тұщы су бар еді. Немоның қолына ұстатқан түйіншектің іші толы кітаптар.

Қармақ пен шағын торды да ала шыққан. Кекеш мылқауға қайшы, ұстара ұсынып, ымдап, иығына түсетін көмірдей қап-қара, қою шашын қастарының ортасынан желке шұңқырына дейін саусағымен сызып көрсетіп, басының бір жартысындағы шашты әуелі қайшымен тықырлап қырқып, сосын ұстарамен қырып тастауын өтінді.

– Неге өйтесің? Сен көріктісің. Әдемісің. Ондай саған жараспайды.

– Кейін түсіндірем, айтқанды істе!

Бастағы шаштың жартысын қырып бітіп, Демоның түріне қараған Немо бармағын тістелеп, жұдырығымен өз маңдайын ұрғылады. Ол кезде оңайлықпен таптырмайтын қайшы мен ұстараны қақ бөліп лақтырып жіберді.

– Жарайды, тыныштал енді. Сабыр сақта!

– Шашты қырқу, жырақтағы үңгірде жалғыз тұру не үшін керек саған?! – Немо ымдады.

– Мен үш айлық демалысымды осында өткіземін. Мына кітаптарды оқимын. Жатқа айтып, тілімнің мүкістігін түзеймін. – Саусағымен тақыр басын нұқыды. – Сен екі-үш күнде бір рет тағам алып келіп тұр. Мына ақшаны ал. Үш айдың соңында қайшы ала келерсің. Оған дейін басымның мына сен қырған жартысындағы шаш қалың боп өседі. Сол кезде екі жағын теңестіріп, түзеп бересің, – деді ыммен. 

Мылқау келісті.

– Мен де осында қалар едім. Үш айды бірге өткізер едім сенімен. Әттең, шешем жалғыз. Ол менсіз күнін көре алмайды.

Екеуі бір-бірін қимай, қатты қол қысыссып қоштасты.

Осылай кекеш әрі сақау бала ұшы-қиыры жоқ теңіз жағасындағы бір үңгірде жалғыз қалды. Үңгір қаладан тым алыс еді. Қаланы көру үшін жартастардың арасымен жыраны қиялай, өрлей жүріп, биіктегі көгалды жазыққа көтерілуі керек. Демо осы арадан алыстағы мұнарланған қалаға, көз ұшында кетіп бара жатқан мылқау досына қарап ауыр күрсінді.

Үңгірге кіріп, көрпе-төсегін жайып, үстіне масахана тікті. Әлгінде Немо екеуі шөп-шаламды жұлып, өрмекші ұяларынан тазартып, құрт-құмырсқаларды сыпырған.

Төменге түсіп, ой құшағына еніп, теңізді жағалап ерсілі-қарсылы жүрді. Жағалауға жарыса ұмтылған атан толқындар қуаласып, жиекке жеткенде бірінің өркешіне бірі мінгесіп, ақтық демін шығарып, ышқына ақ көбік атқылап, жантәсілім қылып жатты. Қолына көлемі кептердің жұмыртқасындай доп-домалақ тастарды алып, тазалап жуып, аузына салды. Қайта көтеріліп, үңгірге кіріп, тас теріп жүргенде малмандай су болған киімдерін шешіп, сығып, үңгір аузындағы тастардың үстіне жайды. Осы сәттен бастап ол кітапқа үңіліп, дауыстап оқи беруді ғадетке айналдырды. Әр әріпті анық, таза айтуға, әр сөзді кекештенбей дұрыс сөйлеуге барынша машықтанып бақты.

Үңгірдегі алғашқы түнді көз ілмей тек елегізумен өткізіп, таңды әзер атырды. Майшамның алакөлеңке жарығында дауыстап кітап оқып отырған балаға кейде долы дауылдың долдана соққан уілі тіршіліктің бәрін тірідей жұтатын жалмауыздай, ал жанталаса аласұрған бейшара теңіздің қинала, ыңырана, ышқынуы, мына тас бекініс жағалауды тіпті тұтас бір құрлықты қақырата қарс айырып, өзгеше арна ашып, арындап кете баратындай, бұнымен қоса үңгір алдында әлдебір құбыжықтар жүргендей, әлдеқандай дыбыстар естілгендей, олар мұның кекештене оқыған сөздерін келемеждеп, кекештене қайталайтындай қорқынышты әсерлерден, үлкендігі кісі алақанындай түрі келіспеген, тарбиған, ұсқыны адам шошырлық жарқанаттардың тозақтың түбінен шыққандай жан түршіктірер шиқылынан баланың тұла бойы тоңазып қоя беретін. Әр сөзді айтқан сайын тісіне тиіп шықыр-шықыр ететін, ұртын, тілін тырналайтын тастарға да үйрене алмай, оларды жиі-жиі аузынан шығарып алып қоюға мәжбүр. Бағана кебу отын жинамағына өкінді. Қазір алау жаққанда үңгір іші жылитын еді, әрі жарқанаттар да мына жайды біржолата тастап кетуі ғажап емес.

Күндер өте берді. Демо жартастағы үңгірде жалғыз тұруға да, жарқанаттардың жантүршігерлік шиқылына да үйренді. Қанша алау жақса да, от сөнген сәтте олардың шиқылы естілетін. Үйін сағынғанда ол биіктегі жазыққа шығып, бұлыңғырланып көрінетін алыстағы қалаға көз тастайтын.

Аузына тас салып, мақал-мәтелдерді, өлең, поэма, эпостарды, математика, геометрия, фәлсафа сияқты ғылыми кітаптардың теория, теоремаларын бірінен соң бірін тынымсыз, ұдайы дауыстап оқи беретін немесе жағалауды кезіп жүріп, толқындардың жартасты соққылағандағы шуылын баса бар дауысымен айқайлап, жатқа айтуға тырысатын. Сөйлеген кезде тынысты бұзбай, сөзді дұрыс айтуды үйрену үшін бірде қатты жүгіріп, бірде кедір-бұдыр қия сүрлеумен ентіге биікке өрлеп бара жатып, ұзақ сөйлемдерді, ондағы бар дыбыстарды мүдірмей, бір деммен сыртқа шығаруға жаттығатын. Кекеш үшін сөз айту оңай жарылатын отын емес, кесек-кесек мұздарды кертіп-кертіп әрең шаққандай аса ауыр тірлік.

Бұл күнде тілі де, тісі де, ұрты да шықырлаған тастарды жатсынбайды. Олардың аузында бары да, жоғы да бірдей. Әрі бір-бірімен сүйкеліп, сілекейі жағыла бергендіктен бұрынғыдай емес, бүртіктері де тегістеліп, жып-жылтыр.

Аптасына бір-екі рет түрлі тағамдар, тұщы су әкеліп, хабарын біліп тұратын мылқау досы «Әттең, қайығым болса, мынадай ми қайнатар аптап ыстықта сонша алыстан жаяу салпақтамай, зуылдап күнде келіп-кетер едім», деп өкініш білдірді бұл жолы. Кейде қарындасы жазған хаттарды да жеткізетін.

«...Сапоға кездейсоқ жолығып қалдым алдыңғы күні, – деп жазыпты ол бүгінгі хатында, – сені жанындай сүйетінін, сендей ақылды, білімді, сұлу, күшті жігітті ендігәрі кездестіре алмайтынын айтып, көз жасын бұлап алды. Тілінің мүкістігіне бола амалсыздан жуырда өзі ұнатпайтын басқа біреуге тұрмысқа шығатынын жасырмады.

Өкінбе, бауырым, әлі талай ару тосып тұрады жолыңда. Тіліңді жөнде. Сол үшін жатырсың ғой жырақта. Кекештігің мен сақаулығыңды кетіріп, аса дарынды, шешен, данышпан адам болатыныңа қабілетің де, қуатың да, ерік-жігерің де жететініне күмәнім жоқ...»

Сапо мен Демо хат арқылы танысқан, хат арқылы тіл табысып, бір-біріне ғашық болған. Хат арқылы ғана ол Сапоға ақындығын, ақылдылығын, басқа өз қатарлылардан басымдылығын, даналығын, даралығын дәлелдей де, жеткізе білген. Қыз да кем түспеуші еді, небір әдемі, шұрайлы сөздердің моншақтай тізілген тізбектерінде оның жан-жақты білімділігі, аса инабаттылығы мен мәдениеттілігі сезіліп тұратын. Тіл мүкістігін үлкен кемтарлық деп түсінетін Демо қызға батыл шешімдер айтпай, хаттары сүйіспеншілік сезімдерін мысалдар келтіру арқылы тұспалдап сыртқа шығарумен ғана шектелетін.

– Не бар мұнда, не жазылыпты? – деді досының мұңайған түрін көрген мылқау таңданған пішінмен қос алақанын жайып. 

Демо саусақтарымен қастарын сипады, сосын құлақтарының сырғалығын ұстады, екі қолын арқасына қойып, «шашы ұзын», «белі жіңішке», «кетті», «жоқ» деген белгімен бетін сипады.

– Дұрыс болмапты, – мылқау басын шайқады. 

Немо кейде бірер сәт қасында отырып, жұмыстары бар екенін айтатын. Үңгірде түнеуге қалған емес. Кейде күні бойы жүретін. Ондайда екеуі балық, шаян аулайтын. Құстардың ұясына тұзақ құратын. Кемеден жағаға, жағадан кемеге жүк түсіріп, жүк тиеп, кейде кеме жуып нәпақа табатын мылқау бала әлжуаз, кәрі шешесін жалғыз қалдырғысы келмейтінін әр келген сайын қайталап айтатын. Ол өзінің кітап оқи алмайтынына өкінеді. «Мұнда не бар? Оқуды маған үйрет» дейді ымдап. «Сені үйрете алмаймын. Сөз білмейсің әрі естімейсің» дейді кекеш.

Бірер айдан соң Демо көптеген мақал-мәтелдерді, өлең, поэмаларды теңіз шуылымен жарыса, жатқа айтатын болды. Күн ашық, желсіз, тымық күндердің бірінде аузына тас салмай сөйлеп көріп еді, сақаулығы сәл-пәл байқалды. Кекештігі де әлдеқайда азайыпты. Мына жетістігіне жігерлене түскен Демо енді бұрынғыдан гөрі кішілеу, үлкендігі қой құмалағындай ғана тастарды аузына салып сөйлеуге жаттыға берді. Бір-екі аптадан соң сақаулығы түбегейлі кетіп, әріптерді, дыбыстарды анық, таза айта алатын дәреже жетіп, аузындағы тастарды түкіріп тастады. Енді тек кекештіктен құтылуға бар ынта-әрекетін салып бақты. Бұл кезде Демо қолында бар кітаптардағы мақал-мәтелдерді, өлең, поэма, теорема, ережелерді түбегейлі жатқа айтатын. Эпостарды жаттауға дағдылана бастаған. Әсіресе жарға ұрған толқындар шуылын баса бар даусымен бақыра тақпақтағанда кекештенбегеніне айызы қанып, тұла бойын қуаныш кернеп, ләззат алатын. Долы дауылдан да, тулаған таудай толқындардан да тайсалмайтын кәнігі теңізшідей сезінетін ол осы бір сәттерде.

– Оқы! Оқи түс! Мақалдарың неткен ұлағатты, өлеңдерің қандай әсерлі! – деп балаға жақындай түсуге тырысып, ышқына, ентелей ұмтылатын жағаға көк теңіз.

Бір жолы түс ауа Демо өлең оқып тұрғанда желдің соғуы тыйылып, толқындар бірте-бірте тартылып, теңіз беті тымырсықтанып, құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.

– Керемет, тамаша оқисың. Тіліңде мүкіс жоқ. Даусың да, оқу ырғағың да – бәрі үйлесіп, бәрі жарасып тұр, – деп шиқылдап ұшты шағалалар. Сол-ақ екен, балықтар қос-қостан су бетіне шоршып шығып, сықылықтап күлісіп, қайта шолп-шолп суға сүңгіді. Дельфиндер тұмсықтарын судан шығарып, бір орнында тапжылмай ұзақ тұрып, Демоның дауысын ұйып тыңдауда.

Кенет судан аса көрікті, айдай аппақ ару қыз кіндігіне дейін көтеріліп көрінді. Көкірегін жапқан кеудешесі күнге шағылысқан балық қабыршақтарындай жылтырайды. «Бұл нендей пәле ?!»- деп көзін уқалады Демо.

– Ей, сұлу жігіт, – деді ол. – Бері жақындашы. Шайып кететін толқын жоқ қой. Төменге, су жиегіндегі құмдаққа түс ана жартастардың үстінен! Берірек келіп оқышы өлеңдеріңді, құлағымыздың құрышы қансын.

– Сен кімсің? Қайдан жүрсің?! – деді жігіт. Кекештенбей таза, анық сөйлегеніне таң қалды.

– Су перісінің қызымын. Баяғыдан бері өлеңдеріңе, өзіңе құмартып жүр едім.

– Апырай-ә! Арулар суда да ғұмыр кешеді екен-ау?!

– Жүзе білесің бе?

– Әрине. Теңіз жағасында туып-өскен адам баласы жүзе білмеуі мүмкін емес.

– Жүз онда!

Демо жүзіп барып, қызбен қатарласты. Сол сәтте қыз ысқырып, бір әуен шалды. Жігіт мөлдір судан төменде жүзіп келе жатқан көп дельфиндерді көрді. Бір дельфин келіп Демоның табан астына жон арқасын төсеп, көтеріп тұрды.

– Енді суға кетпейсің, сұлу жігіт. Айналаңа көз салшы.

Манағы көрініс. Су бетіне шапшып шығып, суға қайта шолп етіп сүңгіген балықтар. Тұмсығын судан шығарып тына қалған дельфиндер. Қиқулап ұшқан шағалалар... Алыста-а желкендері тор-тор боп керілген кемелер... Жігерленген жігіт мақал, өлең, поэма, эпостарды бірінен соң бірін мүдірмей жатқа айта бастады.

Демо әр өлеңді, поэманы тақпақтап біткен сайын жүрек жарасын жазатындай, жаныңды жай таптырып, азабын басатындай, адамдарға деген беріш боп біткен пейілін ашатындай теңіз жануарлары мен жәндіктері бір дирижер басқарған оркестр ойнағандай аса бір әдемі әсерлі әуен шалады.

Адамдардан әбден көресіні көрген Демоның айуандардың қолпаштағанына қатты көңілі босады. Қыз алдында босаңсығанын білдірмеді бірақ, тамағына бірдеме тығылып қалғандай. Табанын бірдеме түрткілеп еді. Көз жасын бұлап тұрған сегізаяқты көзі шалды.

Пері қызы Демоны құшақтады. Екеуі ұзақ сүйісті. Мына қылықты көрген дельфиндер мен балықтар да сүйісе бастады. Ақ шағалалар бір-бірімен қатарласа ұшты.

– Әттең, су астында жүре алмайсың. Перілер патшалығына алып кетер едім, – деді қыз.

– Әттең, жер бетінде жүре алмайсың. Аяғың жоқ. Оның орнына балықтың құйрығы. Әйтпесе қалаға, үйге алып кетер едім, – деді Демо.

Екеуі сүйісіп тұрғанда біреудің ысқырғаны естілді. Мылқау қос бармағын шошайтып жағалауда тұр еді. Алақандарын шәпеттеді.

* * *

Бірінші қыркүйекте Демо мектепке барды. Кәдуілгі әдетінше сыныптастары одан іргесін аулақ ұстауға тырысты. Баяғысынша «т-т-т», «п-п-п» деп тілін шығаратындар да жеткілікті. Демо үн қатпады. Дәріс беретін оқытушылар тақтаға шығарғанда бұл жорта кекештеніп жауап берді. Бұрынғысынша «отыр, үш!» дейтін олар.

Алғашында Демоны мектеп қызықтырмады. Себебі кей оқытушылардың сабағын олардан жақсы білетін. Ал оқушылардың жауабы оған тым тұрпайы, қарабайыр көрінетін. Одан басқа оның ойынан пері қызы бір сәт кетпейтін. Дәрісте де, басқа жерлерде де оның үнін естіп, түрін үнемі көз алдына келтіріп, елесімен тілдесетін. Өз-өзіне бірдемелерді былдырлап, сабақтан да кетіп қалып, теңізге барып, маңында ешкім болмаса да әлдекімдермен дауыстап сөйлесетін оған «Делқұлы», «Жын ұрған» деген қосалқы аттар таңылды.

Бірер аптадан соң кекеш бала бар өнерін төкті. Эпос, өлең, поэма, мақал-мәтелдерді жүздеп, мыңдап дауыс қырағатын келтіре, майын тамыза жатқа айтқанда біраз ұстаздар есінен тана жаздады. Математика, геометрия, фәлсафа, тағы басқа ғылыми дәрістердің ережелерін нәшіне келтіре тәпіштегенде мұғалімдердің біршамасының аузы ашылып қалды. Кейбірінің қуанышында шек жоқ. Оқушылардың бәрі аң-таң. Тіпті білімі таяздау мұғалімдер Демоның сыныбына жасқана кіретін болды. Кеше ғана ешкім менсінбейтін, жалғыз сөздің өзін сақауланып, кекештеніп әзер айтатын баланың бүгінгі білімділігі, білгірлігі, соншалықты сөзге жүйрік шешендігі жайындағы әңгімелерден мектеп гу-гу. 

Бір күні «Жау келеді! Жау! Азулы Аждаһа патшалығының мұздай қаруланған жойқын әскері ауыр кемелерін қаптатып біздің елді шабуға келе жатыр» деген суыт хабар аспаннан жай түсіргендей болды. Абыр-сабыр болған қала халқы дүрлігіп, Демо хақында әңгіме жайына қалып, балапан басына, тұрымтай тұсына кетті. Барша әскери кемелер түбектің батыс жағындағы қойнауларға топтастырыла бастады. Соғысқа жарайтындардың бәрі қолына қару ұстады. Жағалауға жаяу әскерлер де тартылып бекіністер құрылды. Өліспей беріспеуге шақырған патша жарлығын елге паш еткен жаршылар бүткіл елді аралап кетті.

– Менімен жүресің. Баяғы үңгірге барып жаудың алдын торимыз, – деді Демо мылқау досына жағдайды түсіндіріп.

– Шешемді қайтемін?

– Біздің үйде жүре тұрады.

Түс ауа екеуі бес қаруын асынып жолға шықты.

– Сонша жауды қайтіп тоқтатамыз? Екеуміздің қолымыздан не келеді?

– дейді жолай Немо ымдап.

– Бара көрерміз.

Демо пері қызымен жазғы демалыс біткенше әлденеше рет кездескен, сағаттап сырласқан. Үй жағдайын, мектептегі ахуалын, сақаулығы мен кекештігінің себебінен осында баз кешіп, жападан жалғыз жүргенін, бірақ бұған қазір өкінбейтінін, керісінше қуанатынын айтқан.

– Сағынсаң да, басыңа қандай бір қиын іс түссе де қысылмай, қымты-рылмай келіп тұр. Қолдан келген көмегімді аямаймын, – деген еді қыз соңғы кездесуде.

Немо үңгірде қалды. Демо жағалауды кезіп жалғыз жүр. Баяғыда-а, балдырған шағында, әкесінің қару-жарақ жасайтын шеберханасында оттағы темірден соғылған қалқандарды қып-қызыл боп балқыған сәтте шоқтан алып, баж еткізіп суық суға салатынын талай рет көрген. Суарылған қалқандар да қылыш кеспейтін, балта батпайтын болатқа айналып «пісетінін» әкесі түсіндірген. Сол темір қалқандай қып-қызыл боп күйіп, қақпақтай дөңгеленген күн де «пісіп», таңертең қайта жарқырап шығу үшін теңіз көкжиегіндегі суға сүңгуге шақ қалған мезгіл. Батар күннің шапағына боялған теңіз беті құдды қан төгілгендей қызылкүреңденіп көрінеді.

– Қан төгіледі, қа-ан, қа-ан! – деп қарқылдап өтті бір топ құзғын үстінен. 

Демоның денесі түршігіп, тұла бойы мұздап қоя берді. Көмек іздегендей жан-жағына жалтақ-жалтақ қарады. Шаңқылдаған шағала, билеген балық, тұмсығын теңізден шығарып тың-тыңдаған дельфиндер – бәрі-бәрі құдды құрдымға кеткендей жым-жылас. Қамысты қайранын тастаған сап түзеген қоңыр қаздар күншығысты бетке алып, қаңқылдап қалқып бара жатты...

Демо дүркін-дүркін өлең оқыды. Қаншама поэма, эпостарды құлама құздан құлаған тау өзеніндей төксе де, теңіз бетінде бірде-бір жәндік көрінбеді. Ымырт үйірілген шақта бетін қан жалаған қияқ ай ғана сығырая жерге үңілді. 

Бір кезде Демо тұрған жартастың дәл түбіндегі судан сынаптай жарқырап пері қызы көтерілді. Қызды көрген Демо сырт киімін шешіп суға секірді. Сол сәтте-ақ кәдуілгіше табанына арқасын төсеп дельфин тұрды.

– Білем, неге келгеніңді, – деді пері қызы, көрісіп болған соң. – Қыруар кемелер мен қайықтар толы әскерімен жойқын күшті жау келе жатыр. Біздің топшылауымызша, олар таңалагеуімде осында жетеді. – Пері қызы үңгірге қарады. – Көмескі жарықты көріп тұрмын, анда біреу бар ма?

– Мылқау досым ғой.

– Жау осы тұсқа жеткенде, өлеңдеріңді, ұлағатты сөздеріңді оқи бер. Көрінуші болмаңдар, жебе желкеңе қадалады. Ал.., ал тойтарысты біз береміз. Ұлы жеңістен соң жолығайық, қазірше қош, қайыр.

Таң қылаң бере бейнебір қисапсыз үйрек жүзіп келе жатқандай қыруар көп нүктелер көрінді теңіз көкжиегінен. Бері қарай ескен баяу жел де басқыншыларға жақтасатындай. Әне, әне! Қатар-қатар сап түзеп су бетінде сырғып келе жатқан сансыз қайық пен кемелер жақындап қалды.

Үңгірмен тұспа-тұста саңқылдаған дауысты есітіп, жаудың кемелері мен қайықтары шоғырлана бастады. Дауыстың қайдан шыққаны айтпаса да түсінікті еді.

– Ана үңгірге көтеріліп, онда кім болса да тірідей ұстап әкеліңдер алдыма. Көрейік қандай данышпан екенін! – деп бұйырды бірі.

Қайықтан екі сарбаз түсіп, жартастар арасындағы қия сүрлеумен өрлей берді. Кенет желкен діңгегінің ұшар басына ілінген байраққа азу тістерін ақситып, аузын арандай ашқан аждаһаның суреті салынған үлкен кеменің түбінен айдай аппақ, күндей нұрлы қыз шыға келді.

– Бас қолбасшы қайссың? – деді ол аса бір әсерлі үнмен, аузын ашып аңқиып қалған кемедегілерге.

Палубаға басына тәж киген зор денелі біреу шығып, бері жақындады.

– Анау үңгірге қарай көтеріліп бара жатқандарды тоқтат! Кері қайтсын. Түсінер, тобасына келер, райынан қайтар, деп соншама тәлім-тәрбиелік сөздерді айтып, сұңғыла шешен – менің сүйіктім отыр онда. Сендер оның елін басып алуға барасыңдар. Тоқтат, мына кемелерің мен қайықтарыңды! Кері алып қайт!

– Маған әмір беретін сен кім едің, бәтшағар?!

– Су перісінің қызымын. Сендер су асты патшалығы әскерлерінің қоршауындасыңдар. Барлық су жануарлары тап қазір сендерге соғыс ашуға дайын. Алпауыт киттер мен алып акулаларды шақырғанбыз ұлы мұхиттан. Қаптаған қолтырауындар мен бегомоттарымыз да бас салуға әзір.

– Не дейді мына біреу?! Жын ба, шайтан ба? Тор тастап, тірідей ұстап алдыма әкеліңдер!

Тәж кигеннің қасына көзінен басқа жері көрінбейтін, басында дулыға, тұла бойын болат сауыт қаптаған алып шықты.

– Жердің де, көктің де, судың да патшасы, жалғыз билеушісі сізсіз, тақсыр. Сіздің айбынды әскерлеріңіз ешқашан да, ешкімнен де жеңілген емес, жеңілмейді де. Сіз ешкімге бас имейсіз. Сол бір шүйкебастың сөзіне сенбеңіз, тақсыр. Теңіз жануарлары бірін-бірі түсінбейді, ұйымдасып соғысуды білмейді. Керек болса бірінің етін бірі жейді.

– Жо-оқ, – деп, таяқ сүйенген қауға сақалды, кірпідей домаланған кішкене шал шойнаңдай басып алға шықты. – Жүйелі адам, киелі адам деген болады, тақсыр. Қаншалықты басыңа бақ қонып, астыңа тақ толып тұрса да жүйеліні тыңдамасаң, киеліні сыйламасаң азапқа ұрынасың, ажалға тұтыласың. Ан-на-ау, құлқын сәріден қияға қонып, сананы серпілтетін соншама салауатты сөздерді саңқылдап, құздан құлаған сарқырамадай төгетін, сарабдал, сұңғыла сарбаз да, мынау, құмырсқадай құжынаған қисапсыз қалың қолдан қаймықпай тұңғиықтан шыққан сұлу періште де тегін емес, тақсыр. Тәңірдің тапсырысы деп түсініңіз. Әскерлеріңізге ары қарай адым аттатпай, кері қайтуға бұйрық беруіңізді өтінемін. Кесірге кезігеріміз, қырсыққа шалынарымыз хақ, тақсыр.

– Мына алжыған шал азғырып тұр. Бір сайқалдың сөзіне бола кері қайту – сіздің жарты әлемді бағындырған атақ-быройыңызға, даңқыңызға нұқсан, ар-намысыңызға кір келтіреді, тақсыр. Рұқсат етсеңіз, қазір-ақ мына кәрі қақпастың басын аламын, – деп қынабынан қылышын суырды сауыт кигені.

– Ұлы қолбасшы деп қолпаштағанға айдаһардай ысқыра бермей, аузыңды жап! Сабаңа түс! Әуелі ана шешенді байлап, мына судағы мақұлықты ұстап, алдыма әкел. Солардан жауап алайық. Содан соң ақылға жығылайық.

Осы сәтте, қайдан ұшқаны белгісіз, қыздың қақ жүрек тұсына кірш етіп жебе қадалды. Тіл қатуға шамасы келмеген қыз суға батып кетті. Сол заматта-ақ аласұрған алпауыт киттер мен оқтай ұшқан алып акулалар кемелер мен қайықтарды аударып, төңкере бастады. Суға құлаған сарбаздарды қолтырауындар мен дельфиндер тереңге тартты. Айқай-шу, ыңыранған дауыс, сақыр-сұқыр, шатыр-күтір дыбыстардан құлақ тұнды.

Екі сарбаз үңгірге енген сәтте екі дос оларды екі жебемен жанын жаһаннамға жіберді. Жойқын шабуылдан жаудың барлық кемелері мен қайықтары су түбіне кетті. Бірде бір сарбаз тірі қалмады. Қираған кеме тақтайлары, жесір қалған киімдер, адыра қалған кейбір бұйымдар ғана осынау бір жойқын көріністің куәсі болып қалқып бара жатты.

Демо мен Немо көгалды жазыққа көтерілгенде, болаттай берік боп, «пісіп» шыққан күн күлім қағып, алтын сәулесін бүкіл атырапқа төгіп тұрды. Бірін-бірі құттықтап, алақайлап қол шапалақтап, қос қанаттарын жайып жіберіп, секіріп билей бастаған екі досты қайдан шыққаны белгісіз, қарулы төрт сарбаз қоршап алды.

– Қорықпаңдар, бауырлар! Қарсыласпаңдар! Біз – барлаушылармыз. Бәрін де көрдік. Таңдандық, тамсандық. Бәріне де куәміз. Қуанышымызда шек жоқ. Барып, бас қолбасшыға баян етеміз. Соңымыздан еріңдер! – деп сап түзеп, жылдам алға түсіп оза берді.

Бұларға жол-жөнекей қалың ұйысқан шөп арасынан, жартас жықпылдарынан, бұталар ішнен шыққан сарбаздар қосыла берді. Сан-алуан құстардың құйқылжыта сайрауын, қаншама хайуандардың қаһарлы дауысын айнақатесіз бұлжытпай салатын балапейіл, балакөңіл мұздай болат құрсанған жас жігіттердің өнерлеріне таң-тамаша қалды Демо. Бәсе, түні бойы апшыңды қуырардай әлдеқандай мақұлықтың қорқынышты дауысы сананы тілгілеген. Жау көрінгенде шағалалар жанталаса шаңқылдаған. Соғыс басталғанда жағалаудан қасқырлар ұлыды. Жау жеңілгенде бұлбұлдар сайрап еді. «Мен адамша сөйлесуді әзер үйреніп жүрсем, бұлар жан-жануардың, барша құстардың тілін меңгерген. Адам қабілетінің шегі жоқ екенін бұған дейін білсемші». Бас қолбасшы барлаушылардан естігенін патшаға жеткізді.

– Мылқаудың досын осында әкеліңдер! – деді патша.

Аздан соң Демо патша мен уәзірлердің алдында отырды.

«Қара түнде қаңғырып, қайдағы бір үңгірде қайдан жүрсіңдер?». «Пері қызымен қалай таныстың?» «Басқамен емес, неге мылқаумен достастың?» деген сияқты қыруар сұрақтарға жауап беру үшін Демо бүткіл ғұмырнамасын жайып салуға мәжбүр болды. Алайда пері қызының шейіт болғанын көрмегенін, оны барлаушылардан естіген сәтте талып қалғанын жасырды.

– Бұған дейін қаншама қалаларды қиратып, елді тонап, сан мың адамның басын жалмаған жалмауыз жаудың бізге жеткенде қирағанына бірінші себепкер не деп ойлайсың? – деді патша.

– Сөз құдіреті, ұлы мәртебелім!

– Иә, сөзбен адамды қуантуға, жасартуға, емдеуге, сөзбен адамды азапқа салуға, тіпті өлтіруге де болатынын білуші едім..., – патша күрсінді. –Сендер жаудың алдын алмағанда, біз, мына сенің Отаның, қандай ахуалды бастан өткеріп жатар едік, қазір... Енді тынығыңдар. Кешке менің сарайымдағыларға бар өнеріңді көрсетесің.

Сол күні Демо патшаны, уәзірлерін, айналасындағы даналар мен данышпандарды, өнер адамдарын таңғажайып талантымен тамсандырып, бірегей білімділігімен сүйсіндірді. Ұлы ерлік жасаған екі дос патшадан көп сый-сыяпат алып, елдің құрметіне бөленді.

Ол заманда сот ісіне қатысушылардың сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берілетін. Демо соларға сөз дайындап беріп, өзі де қатысып сөйлеп, нәпақа тауып жүрді. Әкесі дүние салған соң бұларды кемсініп, алдап, тонап кеткен қамқоршысымақтарды да тауып, ісін сотқа беріп, кегін қайтарды. 

Сонымен бір кездегі кекеш әрі сақау бала асқан төзімділікпен үнемі үздіксіз жаттығудың, білімге деген тойымсыз құштарлықтың нәтижесінде аты әлемге әйгілі кемеңгер, білімдар шешен атанды. Ержеткенде патшаның кеңесшісі әрі ақылманы болған Демо адамдардың алдына шығып ұзақ cөйлеуден, сұрақтарға жауап беруден бір жалықпайтын. Елін жаулап, ерлерін құл, әйелдерін күң, әсем қалаларын күл еткісі келген талай-талай басқыншыларға бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай халықты біріктірді. Жауға қарсы күресте кейде көрші мемлекеттерді де одақтастыққа көндіріп, қаншама рет Отанын жаудан аман алып қалған ұлы шешеннің аты адамзат тарихына алтын әріптермен жазылды. Барлық елдердің энциклопедияларына енді. 

Досқа адал Демо жанындай жақсы көретін Немоны өмір бойы көзінен таса етпей, бар жағдайын жасап жүрді. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі 384-322 жылдары ғұмыр кешкен аты бүткіл дүниеге мәшһүр грек шешені, саяси қайраткер Демосфен болатын.

* * *

– Солай, балалар, ерінбей, жалықпай, ұдайы тынымсыз еңбектене білсеңдер, сендер де сондай дәрежеге жетесіңдер, – деп психотерапевт сөзін аяқтады.

– Шашының жартысын неге қырғызып тастады? – деді бір бала кекештеніп.

– Шыдамы таусылғанда үйіне кетіп қалмау үшін. Анадай түрімен қалада жүрсе елдің бәрі күледі ғой. Ол кезде қазіргідей қалта телефоны, такси деген атымен болмаған.

– Аузына неге тас салып сөйлеп жаттықты? – деді және бір бала сәл дұрыстау тіл қатып.

– Қашанда ауыр жүкті көтеріп үйренген адамға одан жеңілдеуін көтеру оңай. Сол сияқты ауызға тас салып, әріптерді анық айтуға машықтанған адамға онсыз сөйлеу әлдеқайда жеңіл. Бұл сақаулықтан тез арылтады. Осы тәсілді қолданып, аузына кішкене шарлар салып, тілінің мүкістігін кетіретіндер хақында кинофильмдер де бар қазір. Бірақ бұл тәсілді алғаш жүзеге асырған Демосфен екенін де білгендерің жөн.

Қуат Қиықбай. Бесік жыры
Ерсін Қойбағарұлы. Мен күткен қыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу