«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Оның көздері қарақаттай, қос бұрымы қара түндей, жүзі жұқалтаң әсем ғана талдырмаш қыз еді. Әдетте Алтайы қыстың аязы шарпыған адам жалынға түскендей тотығып кетеді. Ал, Айтаңсықтың дидарына болмашы қызыл алау ғана жүгіретін. Онысы өзіне жарасып тұрушы еді.
Айтаңсықтың соңынан осы маңдағы тоғыз ауылдың жігіттері түгел жүгірді. Айтаңсық солардың ішінен өзі әнші, ептеп ән де шығаратын бұйрабас жігіт Дауылға бүйрегін бұрды.
Дауыл мінезі бір тоға, жуас, жақын жанашыры жоқ жалғыз жігіт еді. Әкеден қалған қара шаңырақта жалғыз тұратын. Оты бір күн жанып, бір күн жанбайтын екі ауызды үйінде түннің бір уағына дейін еріккен ауыл жігіттері жиналып ән салатын, кеңес құратын. Қашан көрсең темекінің түтінімен булығып тұратын. Төрдегі тілшігі сарғайып кеткен пианиноның құлағына тыныштық болмаушы еді.
Айтаңсық қанша ынтызар болғанымен ата-анасы ықыласын бермеді. Екі қолын төбесіне қойып, ат-тондарын ала қашты.
- Қарағым ертең отау болсаң тышқақ лағы жоқ Дауылдың босағасында бордай тозып жоғаласың ғой. “әншіні байым бар деме, бұқаны малым бар деме!”
Мұндайда Айтаңсық егіліп жылайды. Ұрдалып барып Дауылдың иығына басын сүйейді. Дауыл айтады:
- Көресің, қалқам! Жүріп өткен жерімізді жұмаққа айналдырамыз.
Ақыр аяғында ата-анасы осы топырақтан алыс бір жігітке құдалық айттырды.
Сол күннен бастап, ғашық-машық болып жүрген екеудің сары ізіне шөп салынды. Кездесіп, көрісуіне тиым жасалды.
Сол күннен бастап жүзіне самал тисе сықылықтап күлетін Айтаңсықтың өмірі түнекке айналды. Әуелі ұйықтап жатқанда оның алтын тәжі, көздің құрты, қос бұрымы тәңртеңгілік өлі жыландай иретіліп жастығының астынан табылды. Анасы ойбайлап қалды. Оның бөлмесінде қайшы да пышақта жоқ еді. Айтаңсық осы күннен бастап далаға шықпайтын болды. Анасының қасына жатып жүрді. Өзі айтады екен:
- Көзімді ілсем болды бір қара әйел қайшысын сақылдатып жетіп келеді. Шашыңды қидым. Енді бетіңді тілем. Анасы зар иледі:
- Бұл жаратқанға неден жазып қалдық?
Ақыры бір күні езуінен құлағына дейін тілініп, қансырап жатқан Айтаңсықтың бетін жиырма жіппен тіктірді. Сол жылы үкі тағарға келген жаңа құда жағы беті жырық, шашы тықыр келінді көріп, шалқасынан түсті. Әкелген қалыңына бұрынғы берген малын қосып айдап, кері қайтты. Айтаңсық ендігі жерде көзі есіріктеніп, аузы көбіктеніп далаға қашатынды шығарды. Оның ендігі жерде оңалмасын, білген ана араға бір жыл салып Дауылдың үйін өз қолымен жетелеп әкелді.
Бұл кезде Дауыл түтіні моржадан емес, пеш аузынан буырқанып жатқан пешін үрлеп-үрлеп бүйра шашы күлденіп, жүзі күреңітіп отырған еді. Басын көтеріп бұрынғы ғашығының жүзіне бірдем көз жүгіртіп отырды да айтты:
- Менің Айтаңсығым бұндай емес. Қайтып кетіңіз!
Құз басындағы балапан құстай құшағын жая беріп қатып қалған Айтаңсық басындағы алқызыл бөркін Дауылдың алдындағы пешке екі бүктеп тықты да шыға жөнелді.
Иә, содан кейінгі уақытта белін кендір жіппен буған, шашы ұйпа-тұйпа Айтаңсық тоғыз ауылдың көшесінде кезек сенделіп жүретін. Айлы түндерде зират жағалап сыңсытып ән салатын. Жалғыз жарым түнгі мас жолаушыға “Дауылым” деп құшақ жая жүгіретін. Кей жылдары аяқ-қолы барбиып ісініп, айдалада қанға батып, жалғыз толғатып отыратын еді
Ғалымбек Елубай
"Су аяғы құрдым"