Шымкент: Тұмауға қарсы екпе салу басталды

Oinet.kz 13-09-2024 234

gYAJLOKD.jpg 

Шымкент қаласына Ресейдің «Петровакс Фарм» компаниясы шығарған «Гриппол Плюс» үшвалентті тұмауға қарсы вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілді. Вакцина қазіргі уақытта Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының қоймасында сақталып, медициналық мекемелерге таратылуда. Жаппай иммундау науқаны аясында 2024 жылы қала халқының шамамен 12-12,5%-ы қамтылатын болады. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атап өтті.

Екпе 2024 жылдың 15 қыркүйегінен бастап Шымкент қаласының емханаларында тегін егіледі. Тегін вакцинация келесі тәуекел топтарына арналған:

• медицина қызметкерлері;

• алты айдан асқан жиі ауыратын балалар;

• білім беру ұйымдарындағы және балалар үйлеріндегі балалар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

• жүрек-қантамыр және тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар;

• жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер.

2024 жылы Шымкент қаласының тұрғындарын жаппай иммундау шараларының басты мақсаты – халықтың әлсіз топтарын қорғап, тұмаудың кең таралуын болдырмау. Жергілікті билік тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, вакцинациялау науқанына белсенді қатысуға шақырады.

Күзгі-қысқы маусымның келуімен бірге ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекциялар) және тұмаудың таралуы айтарлықтай арта түседі. Бұл кезеңнің эпидемиялық маусым ретінде ерекшеленуі тұмаудың жедел жұқпалы вирустық ауру екендігіне байланысты. Инфекцияның таралуы, негізінен, ауа тамшылары арқылы жүреді. Науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде сілекей мен шырыштың ұсақ микробөлшектері ауаға таралып, айналасындағы адамдарға жұғады.

Тұмау вирусы мұрын-жұтқыншақ арқылы ағзаға еніп, жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттарына шабуыл жасайды. Жұқтыру сәті мен алғашқы белгілердің пайда болуы арасындағы уақыт бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Аурудың басты белгілері – қатты әлсіздік, бас ауруы, дене температурасының 38-40°C-қа дейін көтерілуі, бұлшықеттер мен буындардың ауыруы, жөтел және мұрынның бітелуі.

Әдетте, тұмаудың ұзақтығы 5-тен 10 күнге дейін созылады, бірақ кейбір науқастарда асқынулар болуы мүмкін.

Дәрігерлер халықты алдын алу шараларын сақтауға шақырады, оның ішінде тұмауға қарсы вакцинацияның маңызы зор. Вакцинация инфекцияның таралуын шектеп қана қоймай, аурудың ауыр түрлерінен қорғайды. Мамандардың айтуынша, дұрыс сақтық шараларын ұстану арқылы тұмау мен ЖРВИ-дің таралуын азайтуға болады.


Шымкент: Госпиталдық фармация бөлімшесі ашылды
Шымкент: Аурудың таралуын болдырмау үшін жаңа шаралар қолға алынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу