«Қазына»-- Шымкенттің мақтанышы
Биыл Шымкенттің мәдени өмірінде ерекше оқиғаларға толы болды, әсіресе, «Қазына» би ансамблінің жеңістері елдің назарын аударды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өнердің биік шыңына қол жеткізіп жүрген ұжым 19 наурыз күні Астана қаласында өткен «НАУРЫЗ-2024» республикалық байқауында «Үздік ұлттық би ансамблі» атағын жеңіп алды.
--Бұл марапат ансамбльдің өнердегі кәсібилігі мен ұлттық мұраға деген зор құрметін дәлелдеді,--деді Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы – Бауыржан Орынтаев.
Сәуір айында «Қазына» би ұжымы халықаралық деңгейде де өзінің өнерін көрсетті. Ресейдің Пенза қаласында өткен VIII халықаралық хореографиялық өнер фестиваліне қатысқан ансамбль «ПРОФИ» номинациясында гран-при иегері атанып, қазақ би өнерінің әлеуетін тағы бір рет дәлелдеді. Одан бөлек, халық және заманауи билер бойынша төрт түрлі номинацияда I орынды иеленді.
-- Ал Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен II Халықаралық «LAZGI» би фестивалінде I орынға ие болған ансамбль халықаралық деңгейдегі танымалдылығын одан әрі арттырды дейді, Бауыржан Орынбасарұлы.
Ансамбль тек байқаулармен шектелмей, гастрольдік сапарлармен де белсенді түрде өнер көрсетуде. «Қазына» ұжымы «Қазыналы алтын сандық» концерттік бағдарламасымен Көкшетау, Петропавл, Астана қалаларына сапар шегіп, көрермендердің қошеметіне бөленген. Ұжымның биік жетістіктері Шымкенттің мәдени дамуына зор үлес қосып, қаланың беделін халықаралық деңгейде арттыра түсуде.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында көше атауларын жаңарту және тарихи-мәдени нысандарды қорғау бағытында бірқатар маңызды жұмыстар жоспарланған. Бұл жобалар қаланың көркін жаңартып қана қоймай, оның тарихи және мәдени мұраларын сақтау мақсатында қолға алынып отыр.
2024 жылдың наурыз айында Шымкент қаласы бойынша 3513 көшеге жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 281 көшенің атауы жоқ, ал 84 көшенің атауы қайталанатыны анықталды. Бұл мәселені шешу үшін «Дәстүрлі атаулар» мен «Жер-су атаулары» тізімінен жаңа атаулар ұсынылып, қайталанатын көшелерге жаңа атаулар беру жұмыстары қолға алынуда.
Қала көшелеріне жаңа тақтайшалар орнату қажеттілігі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда Абай, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарындағы 17 866 үйге жаңа үлгідегі тақтайшалар орнату үшін ұсыныстар енгізілді.
Шымкент қаласы тарихи-мәдени мұраларға бай өңір болып саналады. Қала аумағында 180-ге жуық тарихи-мәдени нысан тіркелген, олардың ішінде 30 археологиялық ескерткіш, 121 монументтік өнер құрылысы, 11 сәулет ескерткіші және 2 киелі орын бар. Жергілікті билік аталған нысандарды қорғау аймақтарын анықтап, оларды мемлекеттік тізімге енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстардың нәтижесінде тарихи-мәдени мұралар жинағы басылып шығарылады.
Сонымен қатар, Тоғыс тұрғын алабында орналасқан 350 орындық «Қазығұрт» мәдениет үйі жеке меншіктен мемлекетке ақысыз қайтарылып, қайта жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Бұл ауқымды жобалар Шымкент қаласының мәдени-тарихи мұрасын сақтау мен жаңғыртуға үлкен серпін береді.