Шымкент: Кесенелер абаттандырылуда
Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен Республикалық маңызға ие тарихи-мәдени және сакралды 2 нысанның «Ибрагим ата» мен «Қарашаш ана» кесенелерінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ретке келтірілуде. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Нақтырақ айтар болсақ, «Ибрагим ата» кесенесінің аумағында санитариялық-гигиеналық торап салынып, ескі орындықтар жаңартылды және жаңа навигациялық туристік тақтайша орнатылды.
Ал «Қарашаш ана» кесенесі аумағында санитариялық-гигиеналық тораптың құрылысы басталып, ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Қосымша жаңа навигациялық туристік тақтайша, жаңа орындықтар және жарық шамдары орнатылды.
Жаңадан орнатылған ақпараттық тақтайшалар халықаралық туристік навигациялар үлгісінде әзірленген, яғни, 3 тілде нысан жайлы аудиогид орналастырылған және мүгедек жандарға арналған тактильді алфавитті нысан анықтамасы бар.
Айта кетерлігі, аталған жұмыстар демеушілер есебінен мемлекет қаражатына салмақ салмай жүргізілді.
Қарашаш ана кесенесі – ХІХ ғасыр сәулетінің тарихи ескерткіші бүгінде Шымкентке қарайтын Сайрам ауылындағы ескі зират аумағының негізгі екі көшесі қиылысына жақын жерде орналасқан. Кесене ұлы уағызшы-сопы Қожа Ахмет Яссауидің анасына арнап салынған.
Яссауидің анасы Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол текті адам, Сайрамдағы танымал Мұса шейхының қызы болған.
Қарашаш ана кесенесі – порталды-күмбезді құрылыс. Құрылыстың бұндай типі кейінгі ортағасыр дәуірінде Оңтүстік Қазақстан аумағында кең таралған. Бастапқыда ХІІІ ғасырда салынып, кейіннен уақыт және табиғи жағдайлардың ықпалымен әлденеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды.
Екі ғасыр ширегінде ескерткіш бұзылған жоқ. Құрылыста қолданылған ағаш бөлшектер және ағаштан ойылған ою-өрнек те шірімеді. Кесененің өлшемі 6,3 х 6,3 метр. Ғимарат бұрыш қалқандарына негізделген барабанда тұрған күмбезбен аяқталады. Күмбез биіктігі 7,08 метр. 1996 жылы күмбезді жапырақты ақ қаңалтырмен қаптады. Оңтүстік жіне оңтүстік-батыс қасбеттері ұзын сүйірленген текшелері бар порталдармен безендірілген. Алдыңғы жазықтықтары терең емес сүйірленген және тікбұрышты текшелермен әшекейленген. Кесененің оңтүстік және батыс жақтарында кіреберіс есіктер бар.