Филармония Шымкенттің меншігіне беріледі

Oinet.kz 06-09-2024 466

17.jpg 

2018 жылдың маусымында Президент Жарлығымен Шымкент республикалық мәртебесі бар қала атанды. Түркістан облысы құрылып, оның орталығы ретінде Түркістан қаласы бекітілді. 

Содан бергі аралықта Шымкенттегі біраз нысандар Түркістан облыстық әкімдігінің балансында болып келген еді. Енді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасына сәйкес осы нысандарды мегаполистің меншігіне беру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осыған орай қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша мемлекеттік активтерді пайдалану тиімділігін арттыру және жергілікті бюджеттен ғимараттарды жалға беру құнын оңтайландыру мақсатында Түркістан облысының әкімімен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бірқатар нысандарды коммуналдық меншікке өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Екі жақты арнайы Жол картасы әзірленіп, қазіргі таңда бірінші кезең бойынша 7 нысанды мегаполистің коммуналдық меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оның ішінде, Республика даңғылы 41/8-дегі білім басқармасының ғимараты, Әл-Фараби алаңындағы кітапхана, үш тілде оқытатын 500 орындық Маржан Тасова атындағы №12 мамандандырылған мектеп-интернаты КММ және Абай ауданындағы темір жол желісі бойынша шешімдер қабылданған.

Ал, Тәуке хан даңғылы, 6-шы үйдегі әкімшілік ғимаратын, Қазыбек би көшесі, 9-үйдегі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ғимаратын қаланың меншігіне өткізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Келесі жылы Орталық саябақта орналасқан «Қоғамдық келісім» КММ ғимараты қала балансына беріледі. Жергілікті мекемелерді өз ғимараттарымен қамтамасыз ету қала бюджетіне түсетін шығынды азайып, үнемделген қаржы қаланы дамытуға жұмсалады.


Шымкент: Кесенелер абаттандырылуда
Шымкент: Барлық бастамалар әкімнің жеке бақылауында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу