Шымкент: Көлік қозғалысын реттеуде тың жоба қолға алынды
Шымкентте көлік инфрақұрылымында жол қозғалысын реттеу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік Коммуникациялар қызметі хабарлады.
Темірлан тас жолы мен Бәйдібек би көшесінің қиылысын Алпысбаев көшесіне қосу арқылы көлік кептелісін азайту жоспарланған. Жоба аясында - 56 түп ағашты кесу, инженерлік желілердің орнын ауыстыру және жер телімдерін мемлекет меншігіне алу қарастырылған. Жобаның болжамды құны 600 миллион теңгені құрайды.
Алайда, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл жобаны қайта қарап, жасыл желекті сақтау мен бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында тиімді шешім қабылдады. Құны 45 миллион теңге болатын жаңа жоба бойынша, жолдың белдеуін бұру арқылы көлік қозғалысын реттеу жүзеге асырылды. Бұл шара жасыл желекке зақым келтірмей, қаладағы экологиялық тепе-теңдікті сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Жөндеу жұмыстары барысында жол таңбалары сызылып, жиек тас орнатылды. Сонымен қатар, жаңа аяқ жол салынып, жарықшамдар орнатылды. Оң жақ өткел қосымша жолағымен кеңейтіліп, көлік қозғалысы үшін қолайлы жағдай жасалды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша көшелерде көлік кептелісін азайту мақсатында жол таңбалары жаңартылып, бағдаршам, жол белгілері мен оң жақ өткелдер салынуда. Жібек жолы-Сайрам көшелері мен Ибрагим ата-Сареми көшелерінің қиылысына оң жақ өткелдер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар осы аумақта кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Бәйдібек би даңғылы көлік ағыны жоғары негізгі магистрал көшелердің бірі саналады. Осыған орай, Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесіне қосымша жолақтар жүргізілді. Ендігі кезекте Бәйдібек би - Алатау қиылысына қосымша жолақ ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Бәйдібек би даңғылы мен Көшеров көшесіне кері бұрылыс ұйымдастырылып, Бәйдібек би - Абылай аралығын қосу жұмыстары жүргізілді.
Онымен қоса Бәйдібек би даңғылына балама жол ретінде Тұран және Тұран-2 шағын ауданынан қала орталығына тікелей қатынайтын Таңбалытас көшесіне асфальт төселіп, жол таңбалары сызылды.