Шымкентте жылу жүйелерін жаңартуға бағытталған бағдарлама жүзеге асырылуда

Oinet.kz 24-08-2024 364

2.jpg

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында:

--Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады.

Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді.  Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет. Тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі. Меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс»,--деп атап өткен болатын.  

Жуырда Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Қуатжылуорталық-3» МКК-мен бірлесіп, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау саласындағы инвестициялық бағдарламаның орындалу барысымен танысу мақсатында баспасөз турын ұйымдастырған болатын.

«Қуатжылуорталық-3» МКК Шымкент қаласындағы жылу жүйелерінің 100%-ына қызмет көрсетеді, жылу энергиясын өндіруші, беруші және жабдықтаушы болып табылады. Қазіргі уақытта қалада 2 306 көпқабатты тұрғын үй, 287 бюджеттік мекеме (мектептер, балабақшалар, ауруханалар) және 248 заңды тұлға жылумен қамтамасыз етілген.

Жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 880,542 шақырымды құрайды, оның 823,842 шақырымы «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның балансында, ал 56,7 шақырымы «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тиесілі.

Президенттің жоғарыдағы тапсырмасына байланысты Шымкент қаласында 2022-2026 жылдар аралығында жылу жүйелерін жаңартуға бағытталған Инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда. Бағдарламаны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігі бірлесіп іске асыруда. Аталған бағдарламаға жалпы сомасы 81 878,21 мың теңге қаржы қарастырылған.

2023 жылы бағдарлама аясында 440 метр жылу желісі қайта құрылды, ал 2024 жылы мемлекеттік сатып алу бойынша 480 метр жылу желісі жаңартылды. Үнемделген қаржы есебінен қосымша жылу желілерін ауыстыру жоспарлануда.

Мамандардың айтуынша, инвестициялық бағдарламаны іске асыру нәтижесінде жылу желілеріндегі апаттардың саны 29,4%-ға азайып, ысыраптар көлемі қысқарып, жылу энергиясын беру сапасы айтарлықтай жақсарады.


«Таза Қазақстан»: «Таза аула» іс-шарасы ұйымдастырылды
Шымкент: Көлік қозғалысын реттеуде тың жоба қолға алынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу