Шымкентте спорт нысандарының құрылысы жүруде
Бүгінде Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 33 спорттық ұйым жұмыс істейді.
Оның ішінде 16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 1 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебі, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі, 1 олимпиада резервін даярлау орталығы, 2 кәсіби спорт клубы, 3 спорт клубы, 1 дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері, 1 спорт ғимараттар дирекциясы, 1 су-спорт кешені және 4 мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы спорт нысандары. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков мәлім етті. Аталған мекемелерде спорттың 74 түрінен 18 490 спортшы мен штаттағы 912 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде.
Шымкентте спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында көптеген жобалар жүзеге асуда. Қазіргі уақытта мегаполисте №12 спорт мектепте құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанды қазан айына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен бірге №15 спорт мектебінде де құрылыс жұмыстары сәуір айынан бері қызу жүруде. Құрылыстың жалпы қаржысы 1,7 млрд теңгені құрайды.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер тарапынан Еңбекші ауданы Еламан тұрғын алабында «ЕЛАМАН» спорт кешені (спорттың ойын, жекпе-жек түрлеріне арналған 3 спорт зал және 1 бассейні бар) пайдалануға берілді. Оған қосымша «SPORT LIFE» кіші футбол орталығының құрылысы жыл соңына дейін іске қосылады.
Алдағы уақытта Тұран шағын ауданындағы 5 гектар жер телімінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Паралимпидалық, сурдлимпиалық спорт кешенінің» құрылысын 2025-2026 жылдар аралығында жүргізілетін болады. Қазір құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Биылдың жартыжылдығында Шымкент спортындағы жетістіктерге тоқтала кетейік. Мегаполис спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып 502 алтын, 406 күміс, 522 қола медаль жеңіп алды. Жалпы 1450 медаль. Азия чемпионаттарында: 55 алтын, 34 күміс және 31 қола. Әлем чемпионаттарында: 9 алтын, 9 күміс, 2 қола (жалпы 20 медаль) олжалады. Әлем кубоктарында: 13 алтын, 11 күміс, 11 қола (жалпы 35 медаль) медальға ие болды. Биылдың жеті айының қорытындысы бойынша: 1 Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, 13 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 46 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 278 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.
Маратбек Саменбекұлының айтуынша Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама сапына ересектер құрамасына 423, жастар құрамасына 461, жасөспірімдер құрамасына 400 спортшымыз енген. Жалпы 1284 спортшы Ұлттық құрама сапында еліміздің намысын қорғайды. Париж қаласында өткен ХХХІІІ Жазғы Олимпиадаға Шымкент қаласының атынан 12 спортшымыз лицензия ұтып алды. Алайда нәтиеже ойдағыдай болмады. Басқарма басшысы бірақ бұл спортшылардың соңғы Олимпиадасы емес екенін атап өтті.