Шымкент: 217 үміткер грант иегері атанды
Шымкентте мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа 217 бизнес-жоба ілікті. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Шымкентте 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі қайтарымсыз гранттар бағдарламасының екінші кезеңі аяқталды. Бұл кезеңде 217 адамның бизнес-жобасы мақұлданып, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетілді.
Грантқа өтінімдер негізінен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар тарапынан түсті.
Комиссия құрамында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары, қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, журналистер және кәсіпкерлер болды. Олар жобалардың әлеуетін, бизнес-жоспардың өміршеңдігін мұқият талқылап, қорытынды шешім шығарды.
Мақұлданған жобалар түрлі салаларды қамтиды. Атап айтқанда, 19 жоба мал және құс шаруашылығын, 49 жоба қызмет көрсету саласын, 22 жоба кондитер және нан өнімдерінің өндірісін, 44 жоба тігін өндірісін, 16 жоба жартылай фабрикаттар өндірісін, 5 жоба жиһаз өндірісін және 35 жоба қоғамдық тамақтану орындарын іске қосу бағытында жүзеге асырылатын болады.
Бүгінгі таңда грант жеңімпаздары Еңбек мобильділігі орталығымен келісім-шарт жасасу үстінде. Әрбір грант көлемі 1 476 800 теңгені құрайды және тек бизнес-жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл шаралар қаладағы экономикалық белсенділікті арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Гранттар нысаналы мақсаты жаңа бизнес бастау және дамыту болып табылған жағдайда қайтарымсыз негізде беріледі.
Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Өтінім беру үшін: порталда тіркелу; грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту; порталда көрсетілген бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу (өз бетінше бизнес-план жарамайды); өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, аудандық мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.