Шымкент: Әкім мен тұрғындар мәселе талқылады
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Нұршуақ, Жиделі, Қызылжар, Құрсай, Ақтас шағын аудандарының және Рысқұлов пен Байтұрсынов көшелерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Бұл кездесуде қала тұрғындары жолдарды асфальттеу, кеңейту, спорт және балалар алаңдарын салу, жер учаскелерін заңдастыру сияқты маңызды мәселелерді талқылады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиделі шағын ауданының тұрғындары білім беру және денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, жаяу жүргіншілер өткелінің жоқтығы және шалғай көшелерде жарықтың болмауы сияқты проблемаларды көтерді. Әкім осы мәселелерді шешу үшін тиісті басқармаларға тапсырма берді, әсіресе балабақша мен мобильді медициналық пункт салу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
Қызылжар шағын ауданында тұрғындармен кәріз жүйесін жүргізу, қоғамдық көлік маршруттарын ұзарту және көшелерді абаттандыру мәселелері талқыланды. Ал Рысқұлов пен Байтұрсынов көшелері, Құрмет шағынауданы және Ақтас тұрғын алабындағы тұрғындар жасыл желек, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, тротуарлар мен аялдамаларды орналастыру сияқты мәселелерді көтерді.
Кездесу барысында суару жүйелері, мәдениет үйінің құрылысы, балабақша, электр энергиясы және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, аудан әкімдеріне жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру және жергілікті маңызы бар көшелерге коммуникациялар жүргізу бойынша міндеттер жүктеді.
Жалпы, Президенттің «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың тұрғындармен кездесуі жалғасуда. Мұндағы мақсат тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыру.