«Еңбек бәрін де жеңбек»
Шымкентте Жастар күніне орай «Еңбек - бәрін де жеңбек» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бұл іс-шараны қаладағы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың «Жастар ресурстық орталығы» өткізді. Жәрмеңке барысында жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындарына сала жетекшілері қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берді.
Жәрмеңкеге 30-ға жуық мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындар қатысты. Атап айтқанда «Назар Текстиль» ЖШС, Болашақ колледжі, Қалалық перзентхана, «Гаухар» тігін фабрикасы, ЖШС «Alfa Med» , ЖШС «Bilim-Land» мектебі, ЖШС «Front line», ЖК «Бейсебаев» секілді мекемелер бар. Бұл шара жұмыссыз жастарды еңбекпен қамту және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.
Жалпы, Шымкентте қала тұрғындарына арналған әлеуметтік, мәдени шаралар көбейіп келеді. Жуырда "Шымсити" саябағында өткен "Шым қала кештері" концерттік іс-шарасы қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының өнерпаздары мен жергілікті әншілер эстрадалық әндер орындап, көпшілікке ерекше қойылымдар ұсынды.
Бұл іс-шараны Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы 27 шілдеден бастап ұйымдастырып келеді. "Шым қала кештері" атты OPEN AIR форматындағы концерттер әр сенбі сайын қаланың түрлі саябақтары мен гүлзарларында тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бүгінгі күні іс-шара бір мезгілде қаланың бес нүктесінде өтті: А.Асқаров атындағы Дендросаябақта, "Кең баба" саябағында, "Көл" демалыс аймағында, Орталық саябақта және "Шымкент концерт" концерттік ұйымының өнерпаздары өз бағдарламаларын ұсынды.
"Шым қала кештері" концерті қала тұрғындары мен қонақтарына жағымды эмоциялар мен рухани демалыс сыйлауды мақсат етеді. Іс-шара күзге дейін жалғасын табады.