«Жайлы мектеп»: Шымкентте биыл 6 мектеп пайдалануға беріледі
Биыл Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 мектептің құрылысы аяқталады. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммунрикациялар қызметі хабарлады.
Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылы 17 300 орындық 12 ғимаратты салуға республикалық бюджеттен тиісті қаражат қаралған.
Бүгінгі таңда қаладағы 275 мектепте 259 173 оқушы білім алуда (мемлекеттік - 150 мектеп, 206 286 оқушы, жекеменшік – 125 мектеп, 52 887 оқушы).
2024-2025 жылдарға жоспарланған 6 мектеп қатарына:
1. Достық шағын ауданында 2000 орындық мектеп;
2. Бозарық-3 шағын ауданында 2000 орындық мектеп;
3. Асар-2 шағын ауданында 1 500 орындық мектеп;
4. Шым-Сити шағын ауданында 2 000 орындық мектеп;
5. Ш.Қалдаяқов көшесі бойында 1 500 орындық мектеп;
6. Пахтакор шағын ауданында 2 000 орындық мектеп;
«Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептерді бастауыш және орта сыныптарға арналған жеке блоктармен, әмбебап акт залдарымен, балаларға арналған жеке шкафтармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықтау көзделген. Сондай-ақ физика, химия және биология, роботтехника кабинеттері мен STEM-зертханаларын ашу жоспарланған. Айта кетерлігі, қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп ғимараттары террористік қауіптердің алдын алу үшін бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, сондай-ақ есік пен блокты құлыптау функциясымен жабдықталады. Оқушылардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына спорт залдары мен түрлі ойын алаңдары салынады. Әр мектепте өз кітапханасы, оқу залы, электронды кітапхана және әр қабатта коворкинг алаңдары болады.
Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артады. Ал ауданы 15-20 пайызға кең болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта (пандустар, кең есіктер, бөлек дәретхана, лифтілер), озық қауіпсіздік әрі бақылау-өткізу жүйелері қарастырылған.