Әнет баба
Қазыбек би ел ағасы болып, билік құрып, атқа мінген шақта Әнет бабаға: «Сізге бір сұрағым бар еді?» — депті Қазыбек би. Ендеше, маған мынаны айтыңызшы: «Біріншіден, не бұзады? Екіншіден, не аздырады? Үшіншіден, күнә неден болады?» Содан Әнет баба ойланып отырып айтыпты:
«Арабта “әкім” деген сөз үш әріптен құралған. Мұны екі қайталасаң, алты сөздің басы шығады. Ол – алтын, әйел, кек, кесір, мақтан, мансап. Дүниені бұзатын да, адамды аздыратын да, күнаһар ететіндер де осылар»,- депті. Демек, Әнет бабадан қалған сөз: «Ер адам, ел билігіне араласқан азамат әйел құмар болмауы көрек. Нәпсіқұмарлық – лас іс, күнәға батырады, абырой – атағына нұқсан келтіреді, таңда, мақшар күнінде күнәсі кешірілмейтін ауыр іс. Алтынға келсек, ол – сұлу тас, бірақ, суық тас. Суық дейтініміз, адамды аздыратын неше рет қиянат істерге бастайтын – осы байлық, дәулет. Оны ақылмен, ынсап-қанағатпен ұстап-тұтқан жөн. Кек туралы айтарым, қазақтың мақалы бар: «Кекшіл болма, көпшіл бол» - дейді. Шариғаттың айтуына қарағанда, үш күннен артық араздасып, кектесіп жүру – ислам дініне жат нәрсе. Кесірлік- қазаққа қай кезде де пайда бермеген қасиет. «Кесір адам – несібесінен айрылар, кең кісіге несібе өзі қайрылар» деген мақал осыдан қалған. Мақтаншақтық – ер жігітке жараспас қылық. Мансапқорлық та адамды аздырып, күнәға батыратын ауыр дерт. Мансаптың жолына түскен адам ағайын-тумаға қайырсыз болады, халқының қамын ойлаудың орнына, өзі ұстап отырған тізгіннен айрылып қалмауды көбірек ойлайды. Ондай адамдардан үміт, қайыр күтуге болмайды. Адам мансап үшін еңбектенбеу керек, керісінше, мансап адам үшін еңбек ету керек.
Данагөй бабаның осы өсиеті дәл бүгінгі ел билейтін әкімдер мен ел тізгінін ұстағандарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.