Ғылыми жоба: Қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық роман жанры

Oinet.kz 02-09-2020 4874

Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Соңғы жылдары ұлттық әдебиетімізге өзіндік үнімен, суреткерлік қолтаңбасымен, соны формалық  ізденісімен жаңа сипаттар әкелген қаламгерлер Ә. Нұршайықов, М. Мағауин,  Қ. Жұмаділовтердің ғұмырнамалық (автобиографиялық)  роман жанрына қалам тартуы әдебиеттану ғылымы үшін жаңа бір арнаның бастау көзіндей болып табылады.

Ғұмырнамалық шығармалар қазіргі қазақ әдебиетінде өз алдына бір жүйе болып, қатар түзе бастады. Көркем әдебиет саласында ғұмырнамалық (автобиографиялық) роман жанры бұрыннан қалыптасқан, методологиясы мен теориясы бар жанрдың бірі болып табылады. Қазақ әдебиетінде де бұл жанр ерте дамыды. Мәселен, М.Х. Дулатидің «Тарихи-Рашиди» т.б. шығармаларды алуға бола болады. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде сөз еркіндігі, ой бостандығы күшейгеннен кейін жазушылар өмірлік дерек негізінде ғұмырнамалық жанрда шығармалар жаза бастады. Олардың көтерген тақырыптары, пайдаланған формасы, айтар идеялары, ұстанар концепциялары әр түрлі болғанымен, шығармаларын жазатын жанры біреу ғана – ғұмырнама (автобиография). Әсіресе, қазақ ғұмырнамалық романдарының ішінде көлем мен көркемдігі  тұрғысынан ерекше деп танылатын Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым», М. Мағауиннің «Мен», Қ. Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» романдарының қоғамдағы тарихи кезең ақиқатын бейнелеудегі шеберлік қырлары ерекше. Оқырман қауымға суреткерлік ғұмырдың болмысын танытатын бұл туындылар әдебиет ғылымы үшін ғана емес, жалпы адамзаттық мәселелерді қозғаумен де құнды дүниелер болып табылады. Міне, сол себепті де бұл жазушылардың ғұмырнамалық шығармаларындағы өмірлік деректерді зерттеудегі әдебиетімізде көркемдік таным мәселелерінің оң шешімін табуына зор септігін тигізеді.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.  Жұмыстың мақсаты –
Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің ғұмырнамалық (автобиографиялық) романдарына арқау болған өмірлік шындықтар мен идеяларды, характерлерді талдай отырып, заман шындығы мен көркем шындық арақатынасын таразылау және осы авторлардың шығармашылық зертханасында өмірге келген тың көркемдік ізденістердің табиғатын ашып көрсету. Осы мақсатқа жету үшін алға мынадай міндеттер қойылды:

–  ғұмырнамалық романдардағы авторлар ұстанған концепциялардың арақатынасын талдау;

–  авторлардың суреткерлік қолтаңбаларының өзіне тән көркемдік ерекшеліктерін айқындау;

– шығармалардағы көркем тұлға мен тарихи кезеңнің, өмір шындығының өзара сабақтастығын бір-біріне әсер-ықпалын көрсету;

– өмірлік деректі көркемдік әдіс-тәсіл арқылы көркем шындыққа көтеру бейнелеу процесін автордың қалай жүзеге асырғанын анықтау;

– ғұмырнамалық романға авторлардың қандай шығармашылық жолмен ізденіспен және тарихи деректердің қаншалықты деңгейде игерілу деңгейімен келгендігін пайымдау;

– өмірлік шындықтың негізгі деректерін сұрыптау, жинақтау және соны көркемдік шығармада бейнелеу мақсатындағы танымның рөлін ажырату.

Зерттеу жұмысының әдістері. Ғұмырнамалық романдарды талдау барысында объективті – аналитикалық, салғастырмалы – салыстырмалы, кешенді талдау тәсілдері пайдаланылды. Жұмыс барысында ретіне орай хранологиялық жүйелеу салыстырмалы тәсілдермен де қабаттаса келіп отырады.

Зерттеу жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


1   ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҒҰМЫРНАМАЛЫҚ РОМАН ЖАНРЫ

1.1     Қазақ ғұмырнамалық роман жанры ретінде қалыптасуы

Ғұмырнамалық көркем шығармалардың типологиялық ерекшеліктері қарастырылған. Жалпы атауы «ғұмырнамалық» проза деп аталуына қарамастан, бұл ыңғайдағы туындылар іштей ғұмырнамалық (автобиографиялық), мемуарлық, эпистолярлық болып жүйеленеді. Олар бір-бірімен табиғаты жақын, әрі бір шығармада элементтері араласып келе беретіні тағы бар. Ішкі жанрлық жүйеде «ғұмырнамалық» шығарма деп, көбіне белгілі бір қоғамда өмір сүрген даңқты адамдардың өмірінен жазылған деректі туындылар аталады. Айталық, кешегі кеңес өкіметі кезеңінде дүние-ғаламның даңқты тұлғалары өмірінен жазылатын «Жизнь замечательных людей» сериясы бойынша 1933 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жарық көріп келе жатқан деректі кітаптар сериясын ғалымдар осыған жатқызады. Бұл – мейлінше кең, тынысты серия. Сонымен қатар осы сериямен сабақтас «Жизнь в искусстве» (1967 жылдан жарық көреді) сериясы да болып саналады. Ол – бірыңғай өнер адамдары өмірін арқау ететін деректі туындылар жүйесі. «Жизнь замечательных людей» сериясын «Өнегелі өмір», «Тамаша адамдардың өмірі» деп тәржімалап жүрміз. Аталған серия бойынша Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан қазақтың айтулы азаматтарына байланысты (Шоқан, Сәкен, Қаныш т.б.) деректі ғұмырнамалық туындылар жарық көргені мәлім. Өзге жанрлардан мұның ерекшелігі – қоғамда даңққа бөленіп өткен тұлға жайында дербес автор (өзге адам) жазады. И. Стрелкова – Шоқан Уәлихановтың, Тұрсынбек Кәкішұлы – Сәкен Сейфуллиннің, Медеу Сәрсекеев – Қаныш Сәтбаевтың өмірі туралы жазды. Біз бұл орайда «Бүкілодақтық» өреде жарық көрген туындыларды ғана айтып отырмыз. Қазақ әдебиетінде  ғұмырнамалық прозаның небір асыл үлгілері бар.

Сонымен қатар ғұмырнамалық шығармалардың  тағы бір жүйесі – «автобиографиялық» туындылар. Әдебиет тарихында небір тамаша автобиографиялық роман, повесть, әңгімелер жазылған. Бұл жүйедегі шығармалардың авторы кейіпкері атының өзі-ақ айтып тұрғандай – өмірі сипатталатын адамның өзі. Автобиографиялық туындылардың бір ерекшелігі – автор мен кейіпкер бір болып келеді. Автор көбіне өз өмір дерегінен ауытқымай, формасын тауып сөйлейді. Алайда, қоғам өмірін жан-жақты қамтып, эпикалық тыныс алып, кең құлашты суреттеуге бара бермейді. Көбіне-көп шығармалардағы уақыт және кеңістік туралы толғамдарды өмірінен өріп шығады. Автобиографиялық шығармалар көп желілі болмай, көбіне бір-екі тармақты ғана болып өрістейді. Мәселен, Дат жазушысы Андерсен Нексенің   «Автобиографиялық повестері», Ғабит Мүсіреповтің өз өмірінен жазған шағын формалы туындысын «Автобиографиялық әңгімесі» деп атағанын білеміз.

Ғұмырнамалық шығармалардың тағы бір жүйесі – мемуар. Мемуар жанрында роман, повесть жазыла береді. Ғұмырнамалық туындылардың бұл жүйесі авторға мейлінше еркіндік береді. С. Айнис, Андрей Белый, Александр Бенуа, Сәбит Мұқанов мемуарлық шығармаларын деп атауға болады. Онда қоғам өмірі басты кейіпкер өмірімен телқабыс алынып, оның қабатында көп желі жарыса қатар тартылып, егізделе суреттеліп кете барады. Кейіпкер табиғаты да эпикалық тыныспен беріліп, характері жан-жақты ашыла береді    [1, 259].

Біз ғұмырнамалық проза дегенде, осының автобиографиялық жүйесіне ден қоямыз. Біз талдайтын шығармалар автобиографиялық сипатта.

Әдеби – көркемдік бастауы тым тереңде болған ұлттық ғұмырнамалық шығармалар уақытпен, дәуірмен бірге алға жылжып, дамып келеді. Жалпы атауы ғұмырнамалық деп алынған туындылар іштей көркемділік – мазмұндық үйлесімі мен формалық баяндауына, жүйелеуіне қарай бірнеше түрге бөліп қауға да болар еді. Мәселен, Ұлы адамдар, ғалымдар, қайраткерлер, жазушылар ғұмырын негіз еткен шығармаларды тек мемуар жанрына жатқыза салу әсте ұтымды емес. Қазақтың ұлттық тарихы мен әдебиетінен өз орнын алған
әл-Фараби, А. Құнанбаев, М. Өтемісұлы, С. Торайғыров, Т. Рысқұлов
т.б. даңқты жандардың өмір тарихынан жазылған дүниелердің негізгі концепциясы жарқын ғұмырдың жаратылысын ашу болғанмен авторлық танымға да мол мүмкіндік беріледі. Бейнелеу ерекшелігіне қарай бұл шығармаларға негізгі фабула өмірлік жол болса да, барлығын ғұмырнамалық жанрға жатқызуға әсте келе бермейді. Бұларды тарихи тұлға өмірінен жазылған көркем туындылар деп қараған жөн. Қазақ ғұмырнамалық шығармаларының кемеліне келгеніне қарамастан, жанрлық жағынан әлі де ара жігін ажырататын мәселелер аз емес [1, 301].

Ғұмырнамалық – көркем проза кейіпкердің өмірнамасын  бейнелеумен ерекшеленеді. Бұрынғы кеңестік және қазіргі ұлттық әдебиеттегі эстетикалық талдау осыны дәлелдейді.

Бүгінгі қазақ мемуаристикасының қалыптасу жайы бүкіл әлем әдебиетінің озығынан, орыс әдебиетінен оқу арқылы жетіле түскен. Ол ұлттық әдебиетіміздегі мемуарлық дәстүрлердің негізгі жолын ескере отырып,  күрделене жаңарған, жаңа мазмұнмен түлеп, мәселен деп бағытта түрлене көркейген жанр. Орхон-Енисей жазба ескерткіштері назар аудартады. Ескерткіш бойынан биография мен естелік элементтерінің ұшқындарын табамыз. Бұл бүгінгі мемуаристикамыздың, оның ішінде ғұмырнамалық форманың ұлттық саласы сонау көнеден екенін еске алғызады. Алғашқы мемуар ұшқындарының туу себептері ескерткіш авторларының соңына белгі қалдыру ғана мақсатынан емес сияқты. Тоныкөктің «Түрік білгіш қағанының еліне осы ескерткішті бағыштаған, Мен» – деуінде халыққа тәрбиесін мирас етпегі де, үлгі етіп ұрандауы да жоқ еместей. Мүмкін мұндай ескерткіш қалдыру сол кездің дәстүрі үшін аса маңызды болған тәрізді. Орхон-Енисей жазбалары сияқты ескерткіштердегі өмірбаян элементтері сол болған адамның өзі туралы айтқандарына жүйеленеді.

Мемуарға енер материалдардан тек естелік қасиет қана байқалуы тиіс деп ойлау бір жақтылық болар еді. Олай болатыны – адам өмірінің ескерткішінен табылар жазбалардың көбінің мемуар – ескерткіштенуі жиі ұшырайды. Мәселен, Л.Н. Толстойдың Ясная поляналық күнделігі күн аттарымен белгіленер күнделіктен гөрі, жазушының өткенді жазып қалдыра берген жалпы әңгіме жазбалары сипаттас. Бұны Л.Н. Толстой «...Менің жазбаларым менің оңаша ауылдық өмірімде болып жатқан оқиғаларымның  күнделік дәптері іспеттес», – деп атады [1, 487].

Әзілхан Нұршайықовтың өмірбаяндық романы «Өткелдер», «Асулар» деген 2 кітаптан тұрады. Автор аталған романды Ғабит Мүсіреповтің
90 жылдығына арнап жазады және осы естеліктің дүниеге келуіне қайта құру заманының шарапаты себеп болғанын да жасырмайды.

Ә. Нұршайықов өмірбаяндық романға «Өнер» баспасының директоры Сұлтан Оразалиновтың қазақ халқының ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов туралы естелік жазып беру жайындағы өтініш хатын оқығаннан кейін кіріскенін атап өтеді. Ғабит жайында не білетінін сарапқа салады. Өз өмірінде, өз жүрегінде ұлы жазушының қандай із қалдырғандығын саралайды. Өзіне жолдаған оның хаттарын құрастырады, бірге түскен суретіне үңіледі. Ол туралы өз дәптеріне жазған жазуларына көз жүгіртеді. Осы романды қалай бастағандығын баяндайды:

«... бірден бастай алмадым. Бір күнім босқа кетті. Өйткені естелікке ең алдымен лайықты тақырып тауып алу керек. Айтатын ойыңның бәрі сол тақырыптан тарап, содан өрбуі қажет. Ал мен үстелге отырғанда бірнеше тақырып кемеліп келіп, қаламымның ұшына ілінді. Олар: «Асқар таудың аясы», «Ұлттық мақтаныш», «Ана тілінің асқары», «Парасат нұры», «Ұлы ұстаз», «Маңғаз аға» және «Майталман шебер». Осының қайсысына жіп тағарымды білмей қиналдым. Бұлардан да оңтайлы тақырып табамын ба деп және дәмелендім. Тіпті болмаған соң, тақырыбын кейін қоярмын деп, орнын ашып тастадым да, бұл естелікті бастауға бел будым» [2, 8].

Көркем шығарманың табиғатына әсер ететін негізгі факторлар саясат, қоғам, идеология, тарихи жағдайлар өзгергенде, көркем туындылардың келбеті де өзгеріске түсетіні белгілі. Әсіресе, мұндай факторлық әсердің ерекше күштілігін Кеңес өкіметі орнап, Коммунистік партия билеген кешегі социалистік қоғамдағы әдебиеттерден көреміз. Мұнда тұтас  дәуірге татитын ұлы өзгерістердің қалай орнағанын, қалыптасып өркендеуін, нәтижесінің мәнін ашып көрсететін шығармалар жазылған.

Егер сол кездегі  «Тар жол, тайғақ кешу», «Өмір мектебі», «Орындалған арман», «Көз көргенде» негізгі кейіпкерлер автордың өзі болса, «Аспандағы айқас», «Халқым үшін» т.б. автор өзге тұлғалар ғұмырын бейнелейді. Мұның өзі соңғы мемуар кейіпкерлерінің жалпы ерекшелігін  белгілейтін де фактор. Осыдан автобиографияның мазмұнына материал беруші де, дәуір идеологиясын ғұмырнаманы өзгеріске келтіруші екені байқалмайды. Олай болса мемуар сипаттауына да азды-көпті болсын өзгертудің еніп отыруы (кейіпкерлері, объект нысанасы, адам психикасы, адам санасы т.т.) мүмкін жайлар.

Қазіргі қазақ әдебиетінде көркем ғұмырнамалық романдар («Тар жол, тайғақ кешу», «Өмір мектебі», «Көз көрген», «Орындалған арман»,  «Ұстаздың оралуы», «Қыран қазасы қияда»  т.б.), повестік («Ұшқан ұя»), очерктік («Халқым үшін», «Аспандағы айқас»), әңгімелік («Менің өмірбаяным»), новеллалық («Офицер күнделігі», «Мәңгілік өмір», «Айналайын»),  поэзиялық туындылар («Менің өмірім», «Алғашқы адым», «Жолда») т.б. мемуаристиканың қазақ әдебиетінде орныққан түрі. Көлемі және түрі жағынан қазақ ғұмырнамалық шығармаларының мазмұндық ауқымы да, тақырыбы да алуан. Зерттеу объектісіне келу де, ғұмырнамалық мотивтің берілуі де әр түрлі. Мәселен «Өмір мектебі» желісі ғұмырнамаға құрылған. Мұндағы естелік суреттеулер – ғұмырнаманы ашу ретіндегі тәсілдер. Ал, «Тар жол, тайғақ кешу» қоғам өмірінің cан түрлі тартыстарын суреттеу жағдайында басталып, ғұмырнамалық жайды ішкі мазмұнына қарай орайластырады. Кей шығармаларда ғұмырнамалық шығарма соңына дейін бұлтарыссыз, өзге тәсілсіз бір қалыппен қозғалады.

– Балалық шақтан баяндай келетін шығармалар автобиографиялық – ғұмырнамалық болады. Ал «ғұмырнамалық  детальдары аз және кейіпкер өмірдің есейген сәтінің бір мезеттік сәттерін (мейлі көп жылдар болса да) үзік-үзік оқиғаларын қамтитын мемуарлар-мемуар естеліктер» боп қарастырылуы жөн [3, 56].

Мемуар түрінің осындай ғұмырнамалық түрлері жиі кездеседі. Ал, балалық шағы баяндалғаннан бастап, соңғы белестерді жазушының ұсынуы – еркіндегі іс. Мәселен, С. Мұқановтың өмірінің есею жылдарын ұсынуы – мемуарды тіпті таяу мерзімге дейін жазуға болатынын көрсетеді. Бірақ,
С. Мұқанов мемуарлық шығармасын одан әрі созбады. Мұндай жағдай
Л.Н. Толстойда да болған. Ол жөнінде  Л.Д. Опульская былай дейді: «Кейіннен «Есею жылдары» тұралы толғана отырып, Толстой өзі қолданған «автографияның сарынына көңлі толмайтындығын байқап, ойға алған романын жалғастырмауға ниет етеді»

Әдебиетші Наталья Банк «Нить времени» еңбегінде «Күнделікке» байланысты әдебиеттерді мынадай жүйеде:

1) Көркем әдебиетке қатысы жоқ, таза күнделіктер,

2) Күнделіктерден өсіп шыққан көркем, көркем-деректі әдебиет,

3) Күнделіктің әлем әдебиетіне ықпалын қарастырады [4, 28]. Бұл да қызықты бір сәт. Өйткені, күнделік те ғұмырнамалық әдебиеттің ішкі жанрына жатады. Ол – таза күнделіктің мемуар жанрына кіруі. Өз күнделігі, өзгенің күнделігі.

«Словарь литературоведческих терминов» кітабында жалпы мемуар құрамында құрастырылғандықтан да болса керек, түрлі мемуар жазбалары дараланып жатпайды, сондықтан, күнделіктер кесек-кесек қалпында алынады.

Естелікті үш бөлімге (естелік, биографиялық естелік, жол жазба естеліктері) бөлу де нақтылы емес. Бұлай қарау жалпының қарарына соның құрамындағыны да теңгермелеу болмақшы.

С. Моминскийдің «Мемуарлық – автобиографиялық жанр туралы»  ойында мемуарлық – автобиографиялық жанрының түбегейлі қасиеттері мен туу заңдылықтары өте  терең жататынын, мемуар құрамы біршама келісімді болатынын «Мемуарларда, әдетте бірнеше жанр түрлері араласып келіп отырады: естеліктер, жазбалар, күнделіктер, өмірбаяндық» [5, 26], – дегендей жүйеде келтірген. Бұл топшалауды әзірге салыстырмалы дұрыстық деп қарауға болады. Түрлі мемуарлық хат – жазба деректерді, көрген – түйгенін, жол суретін тез сәулелендіріп тастайтын ескерткішті жазбалар, ғылыми және естелік іспетті мақалалар, еңбектер т.б. мемуарлық әдебиеттен тыс қарайтын мәселелер емес.

Асылы мемуарлық шығарма қандай жағдайда туады? Ол көбіне қоғамда дүрбелең уақыт өтіп, соның соңынан уақыт-жағдайды таразылаудан келіп туады. Өзін «Ұлы трагикпін» дейтін А. Григорьевтің «Естелік» жазбаларын «Әдеби жәдігерліктер» (Литературные памятники) сериясы бойынша басылымға дайындаған профессор Б.Ф. Егоров былай деп жазады: «Көрініп тұрғандай, уақыттың өзі мемуар жазатындай кез емес болатын: әдетте, естеліктер, құжаттар, хаттар жинағын жасау мен оқуға деген жалпы құлшыныс әлдебір дәуірдің саябырсыған кезінде, біршама тұрақты жағдайда туындайды. Ресейде мұндай: дәуір аздап ертерек, Николай режимінің кұлдыраған және
1 Николайдың өлімінен кейінгі алғашқы жылдарына дөп келген еді. Яғни
50-жылдардың орталары болатын: бұл кезде әдебиет оқырмандарға Герценның «Өткендер мен ойларының» негізгі бөлігін және С.Т. Аксаковтың «Отбасы хроникасын», сондай-ақ балалық шақ пен албырт шақ туралы көптеген автобиографиялық повестерді берді. Алайда, Григорьевтің мемуарлары құрылып жатқан 1862-1864 жылдарға қорытынды жасау мен сабыр мен талдау жүргізуін жайлы уақыт емес болатын: басыбайлы шаруалар жойыла бастаған, елдегі революциялық ахуал зұлымдықпен басып – жаншылған, поляк көтерілісі бой алған және онан талқандалған, әлеуметтік-саяси салада қарқынды журналдық күрес, экономикалық, философиялық, әдеби шиеленіс орын алған кез еді. Әр күні күтпеген кездейсоқ оқиғалар тізбегінен, естелікке мұрша жоқ еді» [6, 256].

Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» ғұмырнамалық романының негізгі композициялық діңгегі автордың өзі әңгімелейтін естеліктер болса, олардың берілу формаларының өзі біркелкі емес. Автордың бірыңғай баяндаудан гөрі формалық түрлендіруге басымырақ мән бергені көрініп тұр. Айтылып отырған әңгімені растап, бекіте түсу үшін түрлі құжаттарды, баспасөз беттеріне жариялағандарды сыналап кіргізіп отыру – мемуар жанрына тән шығармашылық дәстүр. Бірақ бұлжымастай көрінетін міндетті үрдіс емес. Мұндай құжаттарды көлденең тартпай-ақ жазылған мемуарлық шығармалар қазақ әдебиетінде де кездеседі. Автор алдыңғы айтылған шығармашылық дәстүрді пайдалануға көбірек ден қойған деуге болады [7, 99].

Бұл дилогияның анықтамасына «естелік-мемуар» деген атау өзінен-өзі сұранып тұр, шығарма табиғатына байланысты солай деп жіктегеніміз қолайлы деп ойлаймыз. Туындының жазылу формасындағы өзгешеліктің қандай көркемдік-идеялық мәні бар деген сұрақққа келетін болсақ, осы соны форма арқылы автордың ең алдымен оқырманды өзіне тарту жағына күш салғаны байқалады. Белгілі бір тұлға жайында (айталық, бұл арада Ғабит Мүсірепов) әнгімелей отырып, жазушы көбінесе сюжеттік желілерді өз төңірегіне қарай құрады, одан қалса, қойын дәптеріне жазып алған әртүрлі әңгімелерді тізбелеп, жайып салудан да тартына қоймайды [7, 156].

Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» ғұмырнамалық романындағы шығармашылық маңызды факторлардың бірі – автордың жазушылық лабораториясының ашылуы. Ұсынылып отырған кітаптың қалай өмірге келгенін әңгімелеп берумен шектеліп қалмай, айтып келе жатқан әңгімесін шығарманың кез келген тұсынан автор өзінің жазушылық лабораториясына қарай икемдеп бұрып алуға бейім. Мұндай үрдіс екі кітаптың да өн бойынан анық бой көрсетіп, атойлап отырады. Әсіресе өзінің күнделік сипатындағы жазбаларына оралып соға береді.

«Мен және менің замандастарым» өмірбаяндық романының авторы
Ә. Нұршайықов өзінің шығармашылық өмірінің жарқын жақтарынан гөрі көлеңкелі тұстарын, ағалары мен әріптестерінен көрген қорлықтары мен қиянаттарын басымырақ суреттеп кеткен. Және осы бағытта айтылатын әңгімелердің оқылуы қызық, автор тарапынан жасалатын тұжырымдар да субъективизм нышандары байқалғанымен, оқырманға ой салып, пікір түйетіндей деңгейде.

Өткен оқиғаларды дәлдікпен тірілте білуде мұндай жазбалардың атқаратын міндеті ерекше болатындығы көрінеді. Қазақ жазушыларының ішінен қойын кітапшаларының жәрдемі жайлы көбірек айтатындар –
Ә. Нұршайықов пен М. Мағауин. Көп жылдар журналист болып қызмет атқарған Ә. Нұршайықовтың мұндай кітапшаларының саны үш жүзден асып жығылады екен. Олардың басым бөлігінің тікелей әдебиетке қатысы жоқ журналистік қолжазбалар болса, М. Мағауинның «Алтын дәптері» – тек қана әдебиет пен әдебиеттану ғылымының мәселелеріне арналған таза шығармашылық жоспарлар [8, 126].

Тәуелсіздік жылдарында жазылған ғұмырнамалық романдардың пішіндік, стильдік бағыттарында жаңа  ізденістер байқалатынын, тілдік қолданыстары түрленіп, қаламгерлердің суреттеу бейнелілігін арттыруға деген ұмтылысын атап өткен жөн.

Екі кітапта да жазушының бүкіл саналы ғұмырындағы негізгі кезеңдер, маңызды оқиғалар мен елеулі эпизодтар мұрнынан жіпке тізілгендей тәптіштей суреттеліп отырады. Шығарманың сюжетті тым жалықтырып бара жатқан сәттерде оқырманды шаршатпай жүрдек баяндауларға да молынан орын берілген.

Қ. Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романының мазмұндық құрылымында мемуарлық романдардың әр ұлт әдебиетінде кең тараған стандартты үлгісіне жатқызуға болатын көркемдік-құрылымдық негіздер жеткілікті деп санауға дәйектер бар. Белгілі бір көзқарастар тұрғысынан алып қарағанда, шаблонға айналған формада жазылған шығарманың оқырманды қызықтыратын жағы, сөз жоқ, оның мазмұны, келтірген деректері мен фактілері, ұсынатын идеяларының ауқымдылығы мен тілдік қолданысы. Көркемдіктің осынау манызды компоненттерін жазушының дұрыс қолдана білуі нәтижесінде туындының эстетикалық шоқтығын едәуір биікке көтере алған деп айтуға болады.

Тәуелсіздік жылдары жазылған қазақ ғұмырнамалық романдарының тілдік түзілімі, жекелеген кемшіліктеріне қарамастан, бұрыңғы жеткен биіктерінен аласара қоймағандығын, жаңа шығармаларда көркемдік ізденістер үрдісі одан әрі қарай дами түсіп келе жатқандығын көрсетеді.

Мемуарлық роман жазуға дайындық жұмыстарын жүргізудің жауапты бір қыры автордың өмірлік материалдар мен фактілерді шығармасына дұрыс іріктеп ала білуіне байланысты. Адамның өмір жолында көрген, білген,естіген оқиғаларының барлығы мемуар жанрына енгізуге жарайды деп түсіну жаңсақтық. Басқа адамдар үшін елеулі маңызы жоқ, тек автордың жеке өмірінде ғана орын алған тым ұсақ нәрселер мен тұрмыстық детальдарды тықпалай беру көркемдік талаптар тұрғысынан мемуарды ұщпаққа шығара қоймайды. Бұдан шығатын қорытынды – автор өзін қоршаған қоғамдық ортамен, оқырманның рухани сұранысымен санасы білуі шарт.

«Қазақ әдебиеті тарихы» академиялық басылымның 9-томында айтылған: «Халық басынан кешкен тарихты бейнелеп берудің әдіс-тәсілдері мол. Соның ең өнімдісі, мүмкіндігі мол жылы мемуарлық мемуарлық туындылардан танылады» [9, 167], – деген тұжырым мемуарлық романдардағы дәуір келбетінің көрінуіне қатысты келтірілген ойлармен үндес.

Расында да, біз  шығармаларын талдамаққа ниет етіп отырған
Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов Кеңестік кезеңде тіршілік кешкен, әдебиетке кеңестік кезеңде келген, бірсыпыра шығармаларын сол уақытта жазып, оқырманға кеңінен танылған қаламгерлер. Егер, Желтоқсан оқиғасы болмаса, СССР аталатын алып империя ыдырап, әрбір ұлт тәуелсіздігін алып, дербес  жеке мемлекет болып бөлініп шықпаса, аталған жазушылар мемуарға ден қойып, аталған  шығармаларын жазар ма еді, жоқ па? Мүмкін олар көркем прозалық ізденісін одан әрі тереңдетіп алуан-алуан табиғатты шығармалар жазған болар еді. Мемуар жазбауы мүмкін еді. Жаза қалғанда жасы бұдан да ұлғайып егде тартқанда жазар ма еді? Қалай болғанда да қазақ қоғамындағы бодандықтың аяқталып, тәуелсіздікке қадам басуымыз – аталған жазушылардың мемуар жанрына келуіне белгілі дәрежеде ықпал етті. 

Мемуарлық шығарма формасы әрқилы болып келе береді. Ол да көркем әдебиет секілді жазушыны жаңа түр іздеуге итермелейді. Өмірбаян біреу болғанымен, оны жеткізудің сан-алуан жолдары бар. Мемуарға бастайтын ізденіс – жазушы өмірі мен оның қоғамдық құбылыстар, өзгерістермен бетпе-бет келуі. Алайда, жазушы бетпе-бет келіп отырған тақырыпты өмірлік материалға қарай екшейді, саралайды, содан келіп белгілі бір қалып (форма) пайда болады [9, 196].

Мемуар құрамындағы автобиографиялық, естелік, күнделік, түрлі хат – мақала, жазба қағаздардың алуан формада келгенімен, қатып қалған бұлжымас үлгі межесі жоқ. Көбіне олар «таза» күйінде емес, аралас келеді. Автобиографиялық – ғұмырнамалық деп жүрген шығармалардың өзі де
С. Мұқанов («Өмір мектебі»), С. Айни («Мектеп», «Бұхара»), Ұлық – Заде («Біздің заманымыздың таңы») шығармалардың ішіне естеліктің бірнеше түбірінің, күнделік, хат, жазба қағаздардың да түрлерінің кездесетінін көрсетуі, адам өзінің биографиялық тұтас өмірінен, берісі әр шақтық өмір кезінен мәліметтеуі де ұшырасады. Сондай-ақ түрлі хат-хабар, мақала, жазба қағаздарда да естелік пен биографияның елес берушілігі де жиі ұшырасатыны бар.

Кейде жолдастық хаттардың  да мемуарлық түрде жазылғаны кездеседі. Мемуар ұғымы тек оның құрамымен, не болмаса көпке аян принциптерімен ғана шектелмейді, оның  танылмағы сан түрлі.

Тарих  мемуарда да көрінеді. «Өткендер мен ойлар», «Тар жол, тайғақ кешулердің» зор ерекшеліктерінің бір қыры – тарихтың әдебиетінен де белгіленіп тұр. А. Герценнің «Өткендер мен ойлардағы» өз өмірінен қоғам  болмысының сәулесін сезінгісі келетіні барлығы да, В. Белинскийдің тарихи фактордан зәулім құрылыс тұрғызуға, оны қалаушы – әдебиетшіден керемет күтуінің өз де осылардың дәлеліне меңзейді. Тарихи материалдарды пайдаланып зерттегенде, мемуар сырт қарағанда тарихи романдарымен сәт-сапалас сияқты көрінгенімен, тіпті бөлекше келбетте. Рас, кейде тарихи шығармалардың мемуарға мейлінше таяуласа келетін мезеттері де болады.

Тарихи роман – повесте негізгі кейіпкер, не онымен қатысты адамдар дүниеде сол қалпында шын болып өтті дегеннің өзінде де, олардың басынан өткерген болмыстары да автордың көзімен көргені, сезінгені, аралас болғаны жүйесінде емес, жазушының тарихтан зерттегені, халықтан естігені, өмір құбылысынан, сонымен үндесер жайлардан қорыққаны тұрғысынан барып жазылады. Мұнда сол тарихи кейіпкердің өмір кешулерінің барлығы мемуарлардағыдай түгелденіп жазылмайды және тарихи романды жазушы тарихи кейіпкер образын толықтыра түсу мақсатындағы ізгілік үстінде кейде біршама образдарды, кейбір оқиғалар мен эпизодтары ойдан қиыстыруы да кездеседі [9, 287].

Кейбір шығармаларды жазушы өзі білетін адамдардың өмірінен жаза тұрса да, тарихи негізгі кейіпкерлерден басқаның бәрінің аты – жөнін өзгертіп алатыны кездеседі. Мұндай шығармалар мемуарлық емес, тарихи роман – повестер  дәрежесінде қалады. Тарихи романдардың мемуар шығармалардан тағы бір айырмасы – оларда, автор – кейіпкер боп жүрмейді, ол онда сырт сипатшы ғана.

Кейде романдағы суреттемелер һәм нәрсе түгелдей көз көрген шындықтан келтірмесе де, кітапқа өз атымен емес, автор қойған есімімен енген адамдар – шығарманың мемуарлығын бекерлеп тұрысары да болады. Мемуардың бір қасиеті – дәлдікпен өлшенетіндігінде.

Мемуарда көбіне күні бүгінге дейін жасап келе жатқан, не олардың өмір жайын жұрт білмейтін, я, тума – туысы, ұрпағы бар, болмаса автордың өзімен мағыналас та кейінгі жасты адамдар көрінері де болады. Осы адамдар жайлы авторға «Жаманның жамандығын айт, құты қашсын, жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, әділ де бұлжымас баға беруге тура келеді.

Қазіргі қазақ мемуарлық роман жанрының кемелденген шағында мемуарлық шығармалардың өзі іштей бірнеше формаға бөлінуі анық байқалады. Өзге жанрларда жазылатын көркем шығармалардан мемуар жанрында – шығарма жазудың өзіндік ерекшеліктері бар екеніне осы зерттеу – еңбегімізде толық көз жеткізу үшін, жанрға ең керекті деген мемуарлық шығармалардың арғы-бергі тарихына, бастау-бұлағына барынша тоқталуды жөн санап және осы ойды негізгі объектіге келу барысында ары қарай талдай түсуге тура келеді. Себебі дамыған, іштей бірнеше салаға бөліп қарауға тура келетін мемуарлық шығармалардың өзіндік тоқталар мәселелері де жоқ емес.

Қазақ әдебиеті тарихының ХХ ғасырдағы жазылған көркем шығармалары қатарына көз салар болсақ, өзіміз зерттеп отырған мемуарлық шығармалардың табиғатын тану үшін, мемуардың жанрлық ерекшелігі, түрлі формалық алуандығына баса назар аударуға тура келеді. Әлемдік әдебиет теориясында мемуардың жанрлық сипатын айқындайтын түрлі ғылыми пікірлер, ойлар, сын ескертпелер сан-салалы [9, 402].

Кез-келген көркем шығарманың тылсым болмысын ашу үшін, сол шығарма жанрының даралық ерекшелігіне негізгі талдауды бағыттауға тиіспіз. Өйткені, жанр мәселесі толық анықталмайынша, белгілі бір шығарманың көркемдік құрылымы, идеясы мен тақырыбы жөнінде ұстамды пікір, салиқалы ой қозғау мүмкін еместей. Жанр дегеніміздің өзі кез-келген әдеби болсын, көркем өнердің қай саласынан болмасын, өнердің өзі әдеби болсын, көркем өнердің қалыптасқан типі. Ал соның ішінде әдебиетте жанр деп  тектерді айтамыз. Ғалым М. Серғалиев жанрлық ерекшелікке былайша сипаттама береді, «Жанр ұғымын әдебиет зерттеушілерінің  арасында әр түрлі түсіндірушілік бар. Кейде жанр деп әдебиет түрлері мен суреттеу тәсілдері сипатталады.

... әдебиет түрсіз өмір сүре алмайды. Әдебиет түрлері анағұрлым көп: эпос-роман, повесть, әңгіме, поэма, жыр, толғау, очерк, романс, элегия, пародия т.б. жіктеледі. Көп  жағдайларда жанрларды бір-бірінен ажыратудың қиындығы да кездеседі», – дейді [10, 10].

Бұл мәселе біз зерттегелі отырған шығармалардың жанрлық ерекшелігіне тоқталу барысында да анық аңғарылды.

80-90 жылдары жарық көрген қазақ прозасын зерттей келе, белгілі ғалым Р. Бердібай былай дейді: «Қазақ романының бұл күнде дамып, өркендегені соншама, оның жанрын анықтаудың қажеттілігі туып отыр» [11, 107].

Ғалым пікірінің орынды екенін қазіргі кезеңде жанрлық ерекшелігі жағынан бір текке жатқызғанымен, іштей мазмұны мен пішініне қарай ерекшелініп кететін формалық, түрлік өзгерістері өзекті болып табылатын шығармалардың мәселесін жеке алып қарауға тура келеді. Ол үшін жоғарыда айтылған мемуарлық шығармалардың жалпылама ерекшеліктері мен жекелік қасиеттерін жік-жікке тарата бөліп қараудың қажеттігі туындайды. Мемуарлық жанрдың табиғатына берілген теориялық анықтаманың бірінде «Мемуар – авторлардың өздері қатысқан немесе куә болған тарихи оқиғалар, қоғамдық қайраткерлердің өнегелі өмірлері туралы көркем естеліктер жазбалары» [12,
58], – деп айтылады.

Еңбегіме осы көзқарас тұрғысынан келер болсақ, ғұмырнамалық роман жанрының қазақ әдебиетіндегі екі түрлі ерекшелігін атап айтуға болады.

Шартты түрге бөліп қарағанда, олар былай болып келеді:

1) Автордың өзі қатысып, тікелей ғұмырынан жазылған қоғамдық, тарихи, саяси, әлеуметтік, мазмұн-пішіні, көркемдік деңгейі жоғары жазылған мемуар, яғни ғұмырнамалық романдар.

2) Өмірде болған, деректік, құжаттық, баспасөздік материалдар,  қоғамға еңбек сіңірген қайраткер тұлғалардың ғұмырынан өзге авторлардың жеке тұлға туралы жазған ғұмырнамалық туындылары.

Ойымыз бен мақсатымыз айқын болуы үшін, қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық романдардың көркемдік тағылымы мен тарихи танымына тоқталып өтуге тура келеді. Бұл турасында С. Сейфуллин, С. Мұқанов,
Б. Кенжебаев, С. Көбеев, Т. Бигелдинов, Қ. Доспанова, Б. Момышұлы,
Ғ. Мұстафин, Ж. Сайн, Ә. Жангелдиндердің мемуарлық-автобиографиялық шығармаларындағы кейбір ерекшеліктерге тоқталып өтуге тура келеді.

Ж. Сайн автобиографияны іс-қағаздарынша бастайды. Алғашында бұйығы баяндалады. Ілгерілей тарихтанып кетеді, ақындық шабытпен есіп сөйлеп, шартарапты қамти отыратын жазушы биографияны өзінше безендіреді. Асылы, образ жасауға да әр жазушы  өзінше барысады. С. Сейфуллинді ынтықтыратын көбіне ішкі мазмұн, ол бейненің де мазмұндық жағына көбірек назар аударады, оның публицистика мен философиялық ойларды басым қолдануының бір себебі де осы жақта. С. Мұқановта образдылыққа ден қою мол. Бейнелерге Горькийше келу ондағы табиғи іс. С. Көбеев әңгімесі бар жағынан да педагогикалық түйінді дәлелдеуге бейім. Б. Кенжебаев та кейіпкерін сөйлету арқылы ұсақ детальдардың өзінен түйін жасауы көзге түседі.

Ғұмырнамалық мәнді берудегі оқиғаға автор қатысы да сан түрлі.
С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Б. Кенжебаев, Т. Бигелдинов, Қ. Доспанова өздерін оқиғаға аралас қатыстыра отырып, мәселені өз түсінігі, сезінген-түйгені тұрғысында шешеді. Мұндағы автор – кейіпкер. Оның іс-қимылы да, ой дүниесі де қалтықсыз қасқиып келеді. Өзге мемуарларға қарағанда бір өзгешелігі бар Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» романында автор өзінің орнына өзін беруші образды қоса отырып, онысын авторлық та, халықтық та сынға ұсынады. Бұл әдістің бір ерекшелігі сол, «Көз көргенде» жазушы өз идеясын беріп отырған Сарыбалаға кейісті білдіре алады. Бұл стильді автор өз өмірінде жіберген өкінішті қатесінің төрелігін айту мақсатында қолданған. Ал, «Тар жол, тайғақ кешу», «Өмір мектебі», «Аспандағы айқас» авторлары бұлай жасай алмайды, олар кейісе тек өзіне ғана тура айтады, не қатесін көз көре мойындай келеді.

Кез келген суреткер шығармашылығы туралы сөз болғанда оны суреткер дүниетанымынсыз қарастыру орынсыз болар еді. Өйткені «биік дүниетану тұрғысы жоқ жерде, шындықты терең, дұрыс тану мүмкін емес» [13, 28]. Ал шындық терең, дұрыс танылмаса, шынайы шығарманың тумасы да анық.

Академик З. Қабдоловтың: «Бір жазушы, айталық адам мінезін қимыл-әрекет үстінде танытуға бейім болса, енді бір жазушы оның көңіл-күйін, сезім-сырын, ой-арманын, әр алуан психологиялық иірімдерін суреттеу арқылы ашуға шебер», – деген жазушы шеберлігі туралы ойлары Бауыржан табиғатына дәл келеді [14, 350].

«Елдегі осындай ахуал, биліктің жалған идеологиясы, орыстық үстем, нәсілшіл, шовинистік пиғылдың күннен күнге өршуі Бауыржанның суреткерлік ұстанымының қалыптасуына да қатты әсер етті. Ол қайткенде де қазақ ұлтын кеңестік идеологияның құрбандығын сақтап қалуға тырысты. Сондықтан, Бауыржанның «Ұшқан ұя» шығармасындағы бүкіл ұлттық болмыс мәселесіне, ұлт тағдырына қатысты салт-дәстүрлерді суреттеуі осындай ұстанымнан туған» [15, 9], – деді Уразбаев «Ұшқан ұя» шығармасындағы зерттеуінде.

Бұл айтылған зерделік ой, біздің пікірімізше, тек қана ғұмырнамалық повестке ғана емес және ерекше зер салатын тағы бір жағдай  «тарихи мәтін» – ғұмырнамалық баяндауға негіз болуы үшін, ол сол туындыдағы тарихи тұлғаға және оның өміріне, дәуіріне, өмір сүрген кезеңіне тікелей қатысты болуы шарт, фактілік қызмет атқаруы керек. Сол себепті де бұл көркем ғұмырнамалық шығармада оқиға орын алуы, көрініс беруі керек. Оқиғаның ортасында кейіпкердің өмірі, өзі болып, қатысқан жағдайлар, яғни «тарихи мәтін» екінші жоспарда негізгі жағдайға жанама түрінде алынады да, көмекші рөл атқарады. Олар шығармада шындықты бейнелеп, жан-жақты даралап көрсетуге, жаңалықты тұстарын жарқырата бейнелеуге арналады. Көненің бізге жеткен жәдігерлерінің де көбіне өткен өмірді білуде бізге үлкен пайдасы бар. Сол секілді көркем-ғұмырнамалық шығармалар «тарихи» талабымен болашақ үшін құнды. Көркем ойлардың тарихилығы – ең бір керек бөлік көркем-ғұмырнамалық шығарма үшін, ол кейіпкердің өткені мен қазіргісін жан-жақты көрсетеді. Бұл көркем-ғұмырнамалық шығарманың туыстастырады. Шарттылықпен бейнеленген кейіпкердің ғұмырнамасы әлеуметтік тарихи образды сомдауға арналған жанр заңдылықтары. Қазақ жазушылары тарихи шындыққа қашанда берік болуға тырысады.

Қазақ мемуар автобиографиясы (ғұмырнамалық) шығармаларының бүгінгі уақытқа яғни қазіргі қазақ әдебиетіне дейінгі жазмышы, міне, осылай тұр. Мемуарлық – ғұмырнамаларда мемуар түрінің тоғысары да, болмаса мол түрлерде кездесер мазмұнымен мән жайы да, көбіне, осы беттен құралады. Әрине, мемуардың басқа ұсақ түрлеріндегі өзіндік ерекшеліктерді бұл бекерге шығармайды. Алайда, барлығы да мемуар жанрлық табиғатынан болмақ.

«Ұлы ақын»,– деп жазғанды В.Г. Белинский, – өзінің «Мені туралы айта отырып, бүкіл адамзат туралы әңгімелейді. Өйткені оның табиғатынан адамзаттық қал-жағдайы білініп тұрады. Сондықтан да оның жабырқау тартқан көңілінен әрбір адам өз мұңын түсіне алады. Одан ақынды ғана емес, сондай-ақ адамды, адамзаттың бауырын таниды» [16, 65]. Мемуар жазушылар өз өмірі, басынан өткергені мен жан тербегені жөнінде жазғанда әр туындылар, біріншіден, ...Олар баяғыда болып келгенімен-ақ, қазіргі оқырманға пайдалы, өйткені ол халқымыздың тарихындағы қуыс қалған орындарды бітеп отырса  керек, екіншіден, С. Айни туралы Юлиус Фучик айтқандай, автордың кітабы «...біздер үшін тамаша бір өнер емес, сондай-ақ көрнекі оқу құралы да. Бұл кітаптар ескі мұң-қайғыны ғана емес, жаңа жетістіктерді де көрсетеді» [17,
338], [18, 128]. Мемуарда «..адамнан артық көркемдік жоқтығы» да [19,
17] «Көркем әдебиеттің материалы адам екені» [20, 7], – де ұмыт болмайды, автор идеалында «.. қаһарман, ... барша ұлы істерді ерлікпен  жүзеге асырушы» халық жатады. Сол себептен де мемуар маңызды, мемуар ұсынушы ақын жазушылар да...адамдардың өмірі туралы парасатты түсінікке, жеке тамаша сезімдер образына жетелейді, олардың туындыларын оқи отырып,біздер барлық жат және жаман қасиеттерден арыламыз, ізгілік пен сұлулықтың көркемдігін танимыз, барлық жақсыны қастерлейтін боламыз, оларды оқи отырып, біздердің өзіміз жақсы мейірімді, текті адамдарға айналамыз» [21, 117]. Осы тұрғыдан қазақ мемуарларының да бүгінгі маңызы тіпті мәнді, оның жанрлық беті бізде әдебиеттік бір саладан дамуда.

Мемуар бұрынғы «memoire», «memoria»-память, белгі семантикасынан бертін, әдеби мағынада, жазушының өмірі, қоғам, ондағы адам жөніндегі ой түйгені, өткергенінен естеліктері, күнделік, хат, жазба ретті белгі, пікірлері көрсеткіштерін беретін әдеби шығармаларға ұлғаяды. Біздіңше, мемуар, әдеби түрдің басқалары сияқты, тіпті көне ертеден бастау алады. Бәлкім ол, жазу, сызу шықпастан да бұрын өз элементтерін адамдар бейнесін қалдыру, жоқтау ретінде де жүргізе келгендей. Жазу пайда болған шақтың алғашқы кездерінде ол ескерткіштік ретпен, болмаса елден-елге ұзақ жол шегушілердің көргенін таңбалар жазбалары сипатты келулері де мүмкін. Осыдан, мәдениеті тездеу дамыған елдерде, сауда-саттығы жол кешкен жұрттарда мемуардың көрдім-білдім түрлі жазбалары, ертелеу жазулары болуы ықтимал (шығыс жұртымен су жолы елдерінде). Сондай-ақ, жорықтар ізінен, ия жеке адамдық ескерткіштен табылар мұралар да таңбасын қалдыратын сөзсіз, жазба мәдениетінсіз жасамады. Мұнда да мәдениетті жұрттың еңбегі бекер тұрмайды. Бұларды ертеден Грек, Рим жұртшылығы мұралары, шығыстағы Орхон-Енисей жазбалары, қазақтағы ауызекі жоқтау түрлері де дәлелдесіп жүретіндері бардай.

Мемуар тек өткеннің ғана көрсеткіші емес, ол сол уақыттың да ой толғанысы, келешекке де болжам – тәрбие кітабы да. Мемуардың осындай мәні мен қажеттілігін А.И. Герцен де, В.Г. Белинский, Н.Г. Чернышевский де, жазушылардан – И.С. Тургенов те бағалаған, таныған [22, 35].

Челлини, Руссо, Гете, Гейне, А.И. Герцен, Л.Н. Толстой, Г. Короленко,
М. Горький автобиографиялары, орыс әдебиетіндегі А.С. Пушкин, Г. Гладков, А. Толстой ұлт әдебиеттеріндегі алуан бір мемуар жазбалары, әр ұлттың да, соның ішінде қазақтың да мемуар әдебиетінің қалыптасуында өте бір маңызды жақтардан көрінеді. Алайда,  әр ұлт мемуарының мазмұнды, ұлттық түрлі келісімнің өзінде де көп өзгешеліктері де жоқ болмайды. Материалды өмірдегі барша өзгешеліктер – географиялық орта, ұлт психикасы, дәстүрі, кәсібі, жеке индивидум бет-бейнесі мен ой жүйесі, тұлғасы, адамдардың өмір сүрген уақыты және тағысын-тағылары мен соны суреттеуші автор ерекшеліктері де осыны аңғартады.

Мемуар жанрын зерттеу объектісі, көрсетер тұлғасынан да уақыт адымымен байланысты көрінеді, оның шеберлігі де дәуірден белгіленеді. Тіпті мемуар құрамындағы қай түрінің алда тұруы керектігін де белгілі бір мезгіл айтып отырады. Мемуар автордың білімділігі мен тәжірибе жетімділігі де, оның уақытпен байланысты қадам алысын да талаптайды. Ол заманының әрлі де, аласалы жағының қайсысында да туа береді. Әрине, дәуірдің өзгерген кезі, шығарманың көңілді тұстары болады.

Мемуар жазушылар да түрлі топтан келе беріседі. Олар жазушы әрі философ, публицист әрі қоғам қайраткері, әрі революционер, небір қызметкерде дәрігер, мұғалім, саяхатшы, қатардағы жауынгер де болуы мүмкін-ақ. Бұл – осы жанрдың сан-қырлы сипатынан жазылар мемуарлық – дәлдігінен де, мемуардың жанрлық ерекшеленер өзгешелігінен де, оның жалпы халықтығынан да болмақ. Тек суреттелінуге тиісті объект қана емес, жазушы – автордың кім екендігі, мемуардың тіл құрылысы, оқиғаны баяндауы, шығарма көркемдігі, мемуар түріне де әсер етеді. Мемуар авторларының түрлі кәсіптен болары бұл жанрдың халықпен туыс және сонан екенін, екіншіден, мемуардың жазылуы халықтың жан-жақты іскерлік сипатын көрсетеді. Мемуардың көркем әдебиетпен туыстығы да, өзгешелікпен де келер жақтары да көп-ақ.

Мемуардың қай түрі, қай мөлшері, қай стильде келуі де халықтық тілмен байланысты. Онда сөздігі болсын, адамдарды көркем бейнемен жеткізері болсын, қайткенде де образдау тұрады. Осы себеппен ол жазушының баршасында да көркем әдебиетпен байланысты келеді [22, 105].

Көркем әдебиеттің суреткері – адам, ол өмір сүрген табиғат, қоғам болса, мемуарда да адам тұрмыс құрған орта, адамның ісі мен ойы айтылады. Міне, осылардан да мемуардағы көркем әдебиеттен өзгешелінер көп жайларға қарамастан-ақ, бұлар тұтас көрініседі. Мемуарда оны жазушы автор адам, табиғат, қоғамға деген өз қатынасын, көзқарасын эмоциясымен береді. Автордың жан сезімі қатысқан кітап, оны басқа түрден емес, әдебиеттен байқатады. Міне, осы себептерге байланысты болып табылады.

Мемуар авторы шығармаға өз қатысы, кейіпкер боп көрінері мен сезінері, өсу жолынан сюжет түзіп, композиция жабдықтары, алуан стильде, сан бір профессиядан сөйлері, өмірдегі болған, өзі көрген де естіген адамдарды ғана жазары оларды образды типизацияларымен, көрген жақ моментінен типті әкелері, айтар бейнелерін «фотосуретті» ретте болғанымен әрі өсіреді (домысл), адамдар мен оқиғалар қатысынан бас сюжетке толықтырма ұсақ сюжеттер өрбітіп, олардан да кейде идея, сюжет те ұсынары, адамдар пікірін ауызекі тілге өте таяу тұстары, мемуар жұмысында автор-кейіпкер де, автор -жазушы да боп іс кешері, ғылым мен әдебиетті бір беттен әкелері, жазғанының әр шақта да «тамамдыдан» ұғыну жайлары да әр түрлі. Кейіпкерлердің ішкі психикасын мемуарист жазушы өз сезінісі, ия адамдардың ашылысынан әкеле алады. Мемуар кітаптары тарихи не псевдонимі бар әдеби шығармалардан өзгеше. «Мен» атынан сөйленер өмірде болғаны тарихи келмес шығармалардан да ол дәлдігімен басқаша тұрады. Мемуарда адам биографиясы ұзақ та, тік түсе алады. Бұл жанрда бір адамның естелігінен, екінші одан, үшінші онан, төртінші адамдар естелігі кездесетін жағдайлар болады. Естеліктерден образдардың жасалуы мүмкін [22, 275].

Қазіргі жанрлық тұрғыдан жан-жақты өрістеген қазақ прозасының басым саласын ғұмырнамалық, эссе, эпистолярлық формада жазылған шығармалар құрайды. Зерттеу еңбегім  «Қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық романдардың жанрлық ерекшеліктері»- атты шығармаларының көркемдік құрылымы, табиғи танымы, пәлсапалық баяны зерттеу үшін, ең әуелі көркем туындыларды тудырушы аталған авторлардың шығармашылық әлеміне байлауды талап етеді. Бұл аталған ғұмырнамалық романдардың авторлары, яғни автор-кейіпкерлер өздерінің ортаға қатысының бүкіл барысы жайлы (қоғамдық саяси, эстетикалық-моральдық жақтарынан) өз халқының асылын жинақтай келуінен-ұлттық ерекшелігімен танылған.

Өзінің қилы тағдырын ұрпағының болашағына арнаған, сол тағдырдың сырын терең ұғындырып, келешекке жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренсін-деген мақсатта жазылған, өнегелі өмір өрімдері Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» ғұмырнамалық баянында өте әдемі үйлесін тапқан. Ғұмырнамалық аталған үш романның жанрлық ерекшелігі, мән-мәнісіне тоқталар болған ғылыми жүйелеудің өзінде бірізділік кездесе бермейді. Біз мұның алдында жазған С. Мұқанов, С. Сейфулин, Ғ. Мұстафин мемуарларының жанры бір болғанын атап өттік және формасы мен мазмұны тұрғысынан келгенде, әр түрлі ерекшеліктер кездеседі [22, 278].

                                                                                                                                                                                                                                          

1.2 Кейіпкер тағдыры және көркемдік шешім 

Қазіргі уақытта мемуар авторлары хат жазбаларын, ескерткіштік, күнделік, күн жазбаларын, автобиографиялық бланктерді «Мен» атынан беріп келеді; ал ғұмырнамалық роман, повесть, очерк, әңгімелер мен естеліктердің жазылуында автор кейде баяндаушы, бірде әрі автор-кейіпкер, әрі баяндаушы-жазушы болып, әр түрлі жақ пен шақтық ұғымдарды да білдіреді.

Ал ендігі негізгі зерттеу объектіміздің пәні болып табылатын авторлардың шынайы өз ғұмырларынан жазылған төл туындымаларында бүгінгі қазақ мемуары мынадай түрлерден тұрады: ғұмырнамалық, естелік, автобиографиялық бланк т.б. («өзіндік» және басқалар туралы естеліктер, ғылым әдебиетпен араласа келер естеліктер (күнделіктер) күнделік және күн жазбалары («Өзіндік» және басқа объектілер жайынан да, саяхаттық та), хат, хат жазбалары, ескерткіштер. Бұлар бізде прозамен де, ұсақтау түрлері – поэзиямен де жазылуда.

Еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет ретінде бостандыққа қол жеткеннен кейінгі жылдары жазылған ғұмырнамаларға Әзілхан Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым», Мұхтар Мағауиннің «Мен» ғұмырнамалық хамсасы мен Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романдары жаңа сапасымен ерекшеленеді. Мазмұны ұлттық қазақ ұлттық мемуаристикасы туып өсті. Ғұмырнамалық шығармалардың суреттер объектісі өзгеріске келуімен байланысты, мемуарлық түрде де жаңару пайда болды [23, 14].

Балалық шақтан баяндай келетін шығармалар адам биографиясын өрбітіп жатады. Сондықтан да ол ғұмырнамалық (автобиографиялық) болады. Енді туу кезі жоқ автобиографиялықта да детальдарсыз тұратын және өмірдің есейген мезетін (мейлі, көп жылдарды болсын) қамтитын ғұмырнамалық-ғұмырнама естеліктер боп қарастырылуы жөн. Айтылар әрі суреттелінер ойдың негізгі барынша терең жазылған «Мен және менің замандастарым», «Мен», «Таңғажайып дүние» мемуарларын да біз автобиографиялық деп табамыз. Өмірдің барлық сәттері, әрбір сағат, минут, күні, айы түгел қамтылмаса да, керісінше автордың өмірінің аса бір қажетті де қымбат сәттері таңдап алынып жазылған, ғұмырнамалық (автобиографиялық) деу – мемуарлардағы сәбилік, болмаса кісі қатарына келуге дейінгі балалық өмір суреттерінің, адам өмірі тарихының жасалуының, жүйелі берілуінде жатқандай.

Жалпы аталған шығармалардың баяндалуы, суреттелуі, композициялық формалық, сюжеттік формалық жақтарынан қарайтын болсақ, әр шығарманың өзіне тән ерекшеліктері бар екенін көреміз. Қазақ мемуарының бүгінгі беті мемуарлық түрлердің алуандарын көрсетумен қатар, соларды өз тұлғаларында топтай да келері бар. Ол әрі өмірбаяндық, әрі естелік мемуар – «Мен және менің замандастарым», ғұмырнамалық әрі сериялар «Мен», «Таңғажайып дүние» тұр.

«Мен және менің замандастарым» – әлеуметтік, қоғамдық, тарихи-өмірбаяндық мәнді мемуарлық роман. «Мен және менің замандастарымда» суреттелетін әлеуметтік жайдың өзі – саяси, саясиының өзі – тарихи, сол саясиы да әлеуметтік өмірді кешкен автордың жазғаны – ғұмыры да публицистикалы – бөлек-бөлек очерк тақылеттес келген «Мен және менің замандастарым» жалпы оқиға қоюлығы, суретті, тартысты беруінен роман болады. Онда тарихи жайда, хронологиялық, газет- хаттық формада кездеседі. Бұл – оның суреттер обьектісі мен жазылу дәуірінен шығатын өзгешелік. Бұл – біздің әдебиетіміздегі бірінші мемуар, социалистік реализммен жазылған, соңғыға үлгі салған көркем шығарма.

Ал ғұмырнамалық серияға кіргізілген, «Мен», «Таңғажайып дүние» романдарындағы оқиға мен адамдарды жазушы автор-кейіпкерді «мен» атынан сөйлете отырып жеткізген. Яғни логикалық сюжеттің түзілуі мен сол сюжетке тең түскен композиция құрылымы жайы – осы негізден шығады.

Ғұмырбаяндық «Мен», «Таңғажайып дүние» романдары ол сол сәттерді әрі бүкіл романмен топшыланатын дәрежеге өседі. Жазушы автор – кейіпкерді оқиғалар өзегіне көтергенде, оны обьективті шындықтан өмірде көргені мен кездестіргені тұрғысындағыдай жайда жазады. Бұл – кейіпкерді де, тарихты да, мезгілді де бұзбай әкеледі. Осы жай – ғұмырнаманың шынайылығы мен тәрбиелік мәнін жоғарылата түседі. Автор мемуарында публицист-философ, тарихшы, әдебиетші ретінде көрінеді. Ол өз заманының өзекті, қайнаған ортасында жүреді.

Екі романдағы автор – кейіпкерлер өзінің ортаға қатысы мен бүкіл бойынан (қоғамдық-саяси, эстетикалық-моральдық жақтарынан), өз халқының асылын жинақтай келген – ұлттық менталитетімен берілген. Бұл жай М. Әуезов айтатын: «ұлттық пішінде жазушы сомдаған образдардан ғана емес, сондай-ақ ең алдымен оның қай тілде жазғанына қарамай осы пішінді білдіруші әрі тасымалдаушы жазушының өзінен іздестірген абзал» [32, 17].

Автор – кейіпкердің өсу жайы – жалпы қоғамдық сананың прогресті бет бейнесінен келеді. Осы бағытында автор мен автор – кейіпкер өте жақын табысты болғанымен, ғұмырнамалық романдағы кейіпкер Мұхтар Мағауин немесе Қабдеш Жұмаділовтер мен жазушы М. Мағауин, яғни Қ. Жұмаділовтер бір емес. Қанша ерікті болса да кейіпкер – автор, автор – жазушыға ерік беруі әбден мүмкін. Мемуарда кейіпкерлерге деген сыншылдық автор – кейіпкерден сол адамдарды көрген, кездескен жаймен жетілдіре беріп отырғанда, ол бейнелер мен автор – қаһарман жөніндегі жазушы ойы – алдын орай азаттап, мемуардағы авторлық «мен»-оқырманға жүзбе-жүз әңгімелегендей келеді. Бұл көп жайда шығарманың шынайылығын арттыра, соған жұртты сендіре түсерлік мәнде тұрады.

Жазушылық әдістің осылай қолданылысы оқырманға автор – кейіпкерді алыстан бағдарлаттырмай, қасынан тапқызады. Басқа бейнелер де автордың «Менінен» болғандықтан да, кейіпкер жазушылық баяндаулардан келтіріледі.

Жазушының автор – кейіпкеріне төңіректегі болып жатқан өзгерістерді топшылату, соған көзқарас ұсындыру мақсаттылығынан сюжеттің өзін кеңейтіп жібертіп те, жеке мәселелерді, бірер келтірінді новеллаларды да орналастыра отыру жайы да бар. Бұдан әдіс мемуар логикасын бұзбай, жалпы шеңберден «автор кейіпкердің ой-дүниесін, болмаса сол кездік жайды толықтыра, топшылай қарастырады». Қ. Жұмаділов және М. Мағауин шығармаларына жекелеп қарастырсақ, осы жайларға көзіміз жете түседі. Мысалы, Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романындағы «Ұшқан  ұя», «Қырау қия», «Алматы аспанында», «Жайылған тор», «Қанат толды», «Түлеу», «Самғау», «Таят» тақырыптарының кей тұстары осындай, Мұхтар  Мағауиннің «Мен» романындағы «Шытырман», «Қия жолдар» деген тарауларда ғұмырнамадағы арнайы өмірлік жайларды белгілі негіздеген. Мұндай жағдайлар әдеби негізсіз емес, бұлайша тақырыптар беру Аксаковтың «Семейная хроникасында» да бой көрсетеді.

Қабдеш Жұмаділов өз ғұмырнамасын жазғанда өткенді елестету ретінде келтіреді, көз алдында жүріп жатқан істерге, не өткен жайға жазушының сол шақтық тұрғысынан қарай да жазады. Жазушы елестету әдісін тек өз тарапынан ғана қолданып қоймай, кейде оны кейіпкерлеріне де тән етіп келтіреді.

Мысалы: «Мен есікке таянғанда, Мұқаметқали жұртқа қарап сөйлеп отыр екен. Кейбір дыбыстарды таңдайынан қайырып, ыңыранып, сөйлей ме, қалай? Бірақ әр сөзді мәнеріне келтіріп, қоңыр үнмен келістіріп айтады:

– өздеріңіздің қайыр-дұғаларыңызбен аман-есен орталарыңызға келіп отырмын. Бұл да болса ел-жұрттың, осында отырған сіздердің арқаларыңыз. Басыма қатерлі қиын күндер туғанда да, арқа сүйер елім барын, ағайын-жұртым барын бір сәт естен шығарған жоқ. Сіздерді үнемі есте тұттым. Егер айрандай ұйыған ел бірлігі болмаса, арт жақтан бүлік шығып, күдік туып жатса, маған бұл жолы ел – жұртты қайта көру жоқ еді! – деген мазмұнда біраз сөздер айтты»... [24, 89]

Тап осындай әдістер Мұхтар Мағауиннің шығармасында былайша беріледі: «Дұрыс» – деді жұмыс тұтасымен оқылып біткен соң. «Дұрыс, болды енді». Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет қалпына келді. «Үнсіз толқып, аз отырды». «Енді Мырзатай...Мырзатай көне түркі  дәуіріне шықсақ, әдебиетінің мың жарым жылдық тарихы орнына түсер еді».

Бұл мәселені кең қамту, белгілі бір ойға жұрт көзқарасын абайлату, жазушының өзіндік философиясын да талқыда көрсету үшін алады. Сондай-ақ, авторлар кей кездерде өз ойланысын, топшылау жүйесін де ұсынады. Әсіресе, жазушылық өнерді мақсат тұтқан таза прозаның көрнекті өкілдері болып табылатын шығармагеріміздің өзіміз зейіндеп отырған шығармаларында жазушылық өнердің қыр-сырын оңғартудағы терең толғаныстарынан көреміз.

Журналист-жазушы Ә. Нұршайықов өмірбаяндық романының көптеген тұстарында осы ойларды былайша аңғартады:

«...Мен Одақ маңына өте кеш келдім. Соғыстан кейін 18 жылдан соң жазушылар одағының бір қызметкері болып, оның табалдырығын аттадым. Оған дейін университетте оқып, оны тауыстым. «Социалистік Қазақстан» және Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде журналист боп қызмет істедім. Тек 1963 жылдың басында ғана Қазақстан Жазушылар одағы шаңырағының астына келіп, одақ органы «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болдым» [2, 49].

Жиырмадан жаңа асқан шағында-ақ, классикалық үлгідегі туынды жазып, алпысқа жақындаған шағында ғұмырнамалық шығарма жазған М. Мағауин «Мен» романында жеке тұлғаның өмірінен гөрі, өзі әбден басынан өткеріп, қыр-сырын ұғу нәтижесінде жазушылық өнердің тәжірибесі мен табиғатынан мол дәріс бетін көркем шығармасында да шығармашылық өнердің қилы-қилы тағдырын былайша зерделейді.

«Әдебиет – осы үлкен өнердің бір бұтағы, сөз өнері. Жазушы дегеніміз – әдебиет, әдебиетті жазушы, сөз өнерінің ұстасы. Басқа өнер иелерінен, басқа мамандық, кәсіп өкілдерінен астам емес, кем де емес, өзіндік сыр-сипат, тұр-тұлғасы бар, өзгеше бір кейіпті жан. Артықшылық демейік, ерекшелік десек, ғылымы жоқ, ел-мақрұм. Ғылымсыз, техникасыз ел болған, әдебиетсіз ел болған емес. Яғни, жазушысын сыйламаған жұртта болашақ жоқ. Қаламгер атаулының асқақ жүретінің бір себебі осында. Өзін дүниенің тетігі санайтын. Әсте олай емес. Дүниенің тетігі басқада. Жалпақ дүние емес, халықтың жан дүниесінің тетігі-жазушы десек, бұл – шындыққа жуық».

Екі бірдей дүниенің қиын-қыстауын басынан кешірген Қабдеш Жұмаділов «Таңғажайып дүние» романында ғұмырнамасының ең бір елеулі шағы жазушылық өнер екеніне жан- жақты тоқталады.

«...Мақсатымыз айқын, арымыз таза еді. Ар-ұяттың тазалығы – жазушы үшін басты шарт. Алдында жатқан ақ қағаз қандай таза болса, жазушының жан дүниесі де сондай кіршіксіз пәк болуы керек. Әлдебір бақай есепті, қулықты ойлап отырып, ақ қағазбен қалай бетпе – бет келуге болатынын өз басым  түсінбеймін. Абырой – атақ алу үшін үкіметке жағыну, жоғарыда отырған біреулерге ұнағысы келу де ар тазалығын білдірмесе керек. Мәселен, мен күні кеше Ленин туралы ағынан жарылып шығарма жазған, тәуелсіздік таңы атысымен Президентті де мақтап үлгерген, енді Абылай хан жайында ашкөздене қалам тартып жүрген жазушыны білемін.

...Шын суреткер әдебиетке өз өмірбаянын, мол тақырыбын ала келетіні белгілі. Жазушының концепциясы, стилі, қолтаңбасы дегендер осы тақырып ерекшелігінен туындайды. Алайда, сол тақырыпты игерудің өзі біркелкі болмайды. Кейде болашақ шығарманың материалын тынымсыз ізденіс үстінде, құм арасынан кебек алтын сүзгендей, тарих қойнауын ақтарып жүріп табатын болсаң, енді бірде тағдырдың асау толқыны сені өзімен бірге дөңгелетіп алып кетеді де, сол өзің куәсі болған сан алуан оқиғалар қолыңа еріксіз қалам ұстатады. Менің шығармашылық тәжірибемде осы жағдайдың екеуі де ұшырасады» [24, 102].

Бұл келтірілген романдардан алынған мысал жолдар автор – кейіпкерлердің ғана көргені мен ортақтас түйіскенімен шектелмейді, жазушылардың да оқырманға деген айтар ойлары сияқты.

Қ. Жұмаділов суреттеген адам басындағы күйініш не сүйініштік сәттер, жеке басындағы монологтық ойлану да (бала күндеріндегі кезең, туған елге оралуы, жаңа-дүние, жаңа қоғамдағы өмір, өткен өмірге есеп беруі, тағы да тіршіліктегі жайлар туралы айтылар ойларында кездеседі) шығарма бойында үзік-үзік көп кездеседі. Жазушының адамдық тебіренісі – қаламгерлік толғанысқа ұласып отырады. Тарихи дәуірге куә болған, автор-кейіпкердің бұл жолдық сапары – оның өмірге келуі, туған ұясы күйреп, жетімдікке кезігуі ғұмырнамалық романдарда әр түрлі болып келеді.

Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» өмірбаяндық романының «Өткелдер» атты бірінші кітабының «Сәбит, Ғабит, Ғабиден... және мен» атты бөлімінде жазушылармен сырттай сыйластық, «Есею жылдары» романын талқылау мәселелері сөз болады». Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты ұлы жазушылардың қилы-қилы мінездері суреттеледі. Мұнда Ә. Нұршайықовтың әрбір болған оқиғаны қойын дәптеріне белгілеп отырғандығы және естелік жазу үстінде осы нөмірленген қойын дәптеріне сеніп отырғандығы байқалады. Әрине, бұл арада олардың бәрін тегіс келтіріп жатпайды. Естелік Ғ. Мүсірепов туралы болғандықтан, оның сөздерін тұтас келтіріп отырады [2, 55].

Екінші кітабы «Асулар» деп аталып, мұнда ол естеліктерін Ғ. Мүсіреповтің өзіне байланысты күнделікке кірген оқиғалар арқылы жеке баяндайды.

М. Мағауин ғұмырнамалық хамсасы өткенді елестету ретінде келтіргенде, оның көз алдында жүріп жатқан істерге, не өткен жайға жазушының сол шақтық тұрғысынан ғана емес, бүгінгі күн тұрғысынан да қарап жазғандай.

Әдебиет әлеміне із салған жанның табиғатын тану өте қиын, әрі нәзік проблемалардын бірі. Кейде қаламгердің өмірбаянын, қайда оқып, қайда жұмыс істегенін, тіпті кімді сүйгенін білу аз. Оның үстіне кейбір авторлар өзі туралы егжей-тегжейлі өмірбаяндық роман жазу үстінде. Авторды білу үшін былайша өзін-өзі жазу да кемшілдік көрсетеді, өйткені қаламгер образы бүкіл шындықтың бәсіресі бола алмайды. Сірә, біз авторды тану үшін қаламгер концепциясын, яғни автор шолуын, әлем танымын, жан-жүрекке үңілуін, сосын қандай саяси-әлеуметтік, әлеуметтік философиялық көзқарастарға келуімен жинақтауға тиіспіз.

Көркем әдебиеттің әртүрлі саласында ұзақ сапар шегіп, еңбегі еліне танылып, қайраткерлік қызметі танылған шағында Мұхтар Мағауиннің азаматтық болмысын және бір жаңа қырынан танытқан, бұрын-соңды қалам тартпаған тың жанрдағы «Мен» ғұмырнамалық хамсасы 1998 жылы жарық дүние есігін ашты. Бұрын соңды қазақ әдебиетінде кездеспеген «Мен» деген атауды алғашында оқырман қауым таңданыспен қабылдағаны жасырын емес.

Кітаптың анотациясы: «Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Мұхтар Мағауиннің «Мен» атты мемуарлы хамсасының алғашқы екі кітабында автордың қаламгерлік жолы және ғылымдағы ізденіс машақаттары туралы әңгімеленеді, бұл-жеке бір адамның ғұмырбаяны емес, тұтас бір дәуірдің суреті. Романның тілі шұрайлы, оқиғасы ширыққан тартысты, заман шындығы барынша шынайы әрі әсерлі бейнеленген: кітаптың тағылымы мол» деп берілген [27, 5]. Бұл аннотациялық анықтама жазушы хамсасының ішкі әлемін айқын аңғартып тұр. Дегенмен, оқырманға бұл да аздық етеді. Ең бастысы, хамсаның атауындағы сырлы «Мен» сөзінің мәнісін философиялық тұрғыдан бағамдап көрелік «Мен» (философияда) – адамның дүниеге және өзіне-өзі өзімсіне қарайтын жекелігінің, даралығының рухани орталығы. Өзінің іс-әрекетін дербес меңгере білетін және жан-жақты бастамаға қабілетті адамның өз «Мені» болады. Философия тарихында көптеген концепциялар «Менді» идеялық негіз ретінде түсіндіреді, адам «Менінің» нақты тарихи негізін көре біледі. Оларда бұл проблема көбінесе философиялық жүйелер құрылысының түпкі проблемасы ретінде қойылды. Декарт бойынша, «Мен» өзін ойлаушы субстанцияға жататын сияқты, рационалды танымның интуициялық негізі ретінде көрсетеді және осы арқылы өзінің дербестігін қуаттайды.

Мен-концепция-индивидтің өзі жайлы түсініктерінің біршама тұрақты, азды-көпті мәні бар, қайталанбас деп саналатын жүйесі индивид өзінің өзге адамдармен ара байланысын сол негізде құрып, өзіне сол тұрғыдан қарайды.

Суреткер Мұхтар Мағауин ғұмырнама хамсасының алғашқы жолдарынан-ақ «мен» ұғымының жазушының жеке көзқарасы тұрғысынан қандай мағыналық мәні бар екенін былайша жазады:

«Шытырман, яғни менің еншілі өмірім, таңбалы жазуым. Бастан өткен ғұмырдың көңілдегі суреті. Қаламға ілінген жазудың жүректегі жүгі. Тұтас ғұмыр емес, бердерлі белестер ғана. Дәл жазу емес, дертті толғаныстар ғана өмір-арқау, жазу өрнек. Екеуінің тұрмысы бір – менің өзім. Мен... кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр, Анық ақиқат: тегім – кісі, дінім – ислам, нәсілім – түркі, ұлтым – қазақ, ұраным – алаш, есімім – Мұхтар, сойым Мағауин, туған жылым-миләди 1940, бүгінгі жасым-елу алтының үстінде...».

«Саған сол тап күндердің өзінде күш берген немене? Сенім болса керек. Өзіңді өте жақсы көретін ел-ді. Мен жазбасам, қазақ әдебиеті тұралап қалады, мен күреспесем, ежелгі мұра біржола ұмтылады, атаның аруағын арқалап жүрген-жалғыз өзім, алаштың келер ұрпаққа жеткізетін – мен, Мен ғана болмасам, ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек-көзі ашылмайды, мен, мен деп ойладың. Аз ба, көп пе бар жасағаның еңбегің-осы сенімнің көрінісі» [27, 28].

Міне, жазушының жан сырынан ұққанымыз «мен» тек жекелік ұғымда ғана көрініп қоймайды, жас, албырт, өмірге енді қадам жасаған жасты талпындыратын қуаттаушы ұлы ұғым. «Мен» жекелік ұғымның астарынан ұлы түсінік, ұлы ұғым-сенім пайда болады екен. Жалпы, бұл шығарма тек ғұмырнама дүние ғана емес, осыған қатысты түлі түсінік, ұғымдарды жинақтаған үлкен пәлсапа екен.

Қабдеш Жұмаділов – өмірбаяны аса бай жазушы, қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Басынан өткізген ұлан-ғайыр мол материал оның шығармашылығының сарқылмас азығына айналып отыр.

Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы туралы баспасөз бетінде бірқатар әдеби-сын мақалалар жарық көрді. Ол еңбектерде қаламгер шығармаларының біраз қырлары сөз болған.

Академик Рахманқұл Бердібаев «Қабдеш Жұмаділов – әдебиетіміздің классигі, Мұхтар Әуезовтің шеберлік мектебінен тиісті тәлім алғаны, ағынын кең көлемде көрсетуде, адамдар мінезін даралауға, сөз асылын теруге талаптанатын және бұл үйренудің таза творчестволық дәрежеге жеткенінен көрінеді» [11, 101], – деп жазушы шығармашылығының әділ бағасын береді.

Қабдеш Жұмаділов шығармашылығының жаңа бір жанрлық қырын айқындайтын туынды – «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романы. Бұл роман «Жұлдыз» журналының 1998-1999 жылдардағы сандарында жарық көрді. Ғұмырнамалық роман туралы сөз еткенде, оның жанрлық табиғатын ескереміз. Бұл жанрда қалам тербеген жазушылар аз емес. Басқа халықтардың әдебиетін айтпағанның өзінде, С. Сейфуллиннің, С. Мұқановтың,
Ғ. Мұстафиннің, М. Мағауиннің, Ә. Нұршайықовтың мемуарлық дүниелері осының айғағы.

Роман желісі жазушының балалық шағынан бастап бүкіл ғұмырына негізделген. Өз өмірінде көзі көрген оқиғаларды қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдайлар мен сабақтастыра қарастырған.

Мемуарлық туындыда суреткер роман, повестердегідей шығарма сюжетін әр тараптан өрбітіп, үлкен арнаға құйып отыруға мүмкіндігі келе бермейді. Суреттелетін оқиға жазушының өз басы тікелей я жанама түрде қатысатын болғандықтан, шығарманың сюжеттік желісі автордың дүниетанымы мен көрген-түйгендеріне негізделеді. Осыған орай мемуарлық шығармаларда құжатты фактіге сүйену, дәлелдеу жиі орын алады да, суреттеулерден гөрі баяндау тәсілі басым болып келеді.

«Таңғажайып дүние» романының өзіндік сипаты – жазушы екі түрлі қоғамдық (Шығыс Түркістан және Қазақстан) жағдайды салыстыра келіп, өз замандастарымен қарым-қатынасын, қоғам, адам, уақытқа деген көзқарасын, күйініш-сүйінішін танытып, өзіндік дүниетанымын ұсынып отырады [24, 109].

Әдеби процесс қай жанрда болса да өз дәуірінің өмір шындығына негізделеді. Ал өмір шындығы әр жанрда әр түрлі тереңдікте ашылады. Роман жайлы сөз еткенде, онда көрінетін тарихтағы, өмірдегі адамдар туралы жазушының ой-пікірінің субьективті сипатта екендігін ескерген жөн. Қаламгердің дәуір туралы, өзінің өмір жолы туралы толғануының ішкі динамикасы – роман ерекшеліктерінің бірі. Өткен өмірден қазіргі және болашақ дәуірдің ішкі байланыстарын іздеп табуға тырысып отырады.

Ғұмырнамалық романның маңыздылығын танытатын келелі бір мәселе- өзінің шығармашылық өмірбаянын жан-жақты қамтуы. Әдебиет – ардың ісі екені аян. Жазушы не жайлы, кім жайлы жазса да, алдымен, осы өлшемге сүйенсе, оны шығармасы көпке ортақ дүниеге айналады.

Жазушының 60 жасқа қадам басқан шағында жазған көркем туындысына «Таңғажайып дүние» деп тақырып қоюының әдеби-тарихи, философиялық мәнінің неде екендігін жауапты романның соңғы беттеріндегі мына жолдардан оқимыз: «Бастан кешкен жайларды сараптай келгенде, көзім жеткен бір нәрсе: бұл өмірді жақсы деп мақтауға да, жаман деп даттауға да болмайды екен. Өмір-сенің ырқыңа көнбейтін, ащысы мен тұщысы аралас, бас-аяғы жоқ, шексіз-шетсіз таңғажайып бір дүние. Сен оған соғып өтер қонақсың. Сөйте тұра бар ғұмырың күреспен, талас-тартыспен өтетіні ғажап! Демек, тіршілік дегенің- сыры толық ашылмаған ғажайыптар әлемі, жазушылық өнер де сол- ғажайыптардың бірі... Осының бәрін ой таразысына салып келдім де, бұл кітаптың атын «Таңғажайып дүние» деп атадым [24, 623-624].

Роман жазушының тек өмірінің дерегінен ғана емес жазушылық өнердің қыр-сыры, суреткер зертханасы, қоғам, саясат, тарих т.б. әлеуметтік мәселелерді «жеке тұлғаның» ғұмырлық кезеңдерімен бірлікте беруімен де ерекшеленеді. Дегенмен, автор өзінің ғұмырнамалық романының жанрлық формасы туралы былайша толғанады:

«Әсілі, бұл кітапты өмірбаян дегеннен гөрі, адам мен қоғам туралы, замана туралы толғау деген дұрыс болар. Мемуар – біздің әдебиетте кенже қалған жанр. Мемуарда болған нәрсені бүкпей айту-басты шарт десек, оған кеңестік дәуірде екінің бірі тәуекел ете алған жоқ. Күнделік жазу, жазысқан хаттардың түбіртегін сақтау да еңбек. Негізінен, зердеге сүйенуге тура келді. Адам жадынан артық сүзгі жоқ. Қажеттісі есте қалады, қажетсіз ұсақ-түйегі ұмтылады. Демек, бұл шығарманы естен кетпес сәттердің жиынтығы десе де болады. Өмір жолында қайырымды, жақсы адамдарды көп ұшыратыппыз. Жақсылайдың шарапаты тиіпті. Кесір-кесепаты тиген кісілерде аз болмапты. Солардың бәрі қаз-қалпында қағазға түсті» [24, 623-624].

Ұлы ақын Гете мемуарлық шығармадағы идея-адам өмірінен кеп шығады, адам, оның ойы мен оқиға романды тудырады дейді. Осында жалпылау, топтау арқылы образ, идея тудыру емес, жекеден көпке тәндену бары да келтірілмеген. Өмір сүрген қоғамдары, дәуір, замандары жалпы жазушылыққа әсер ететін факторлардың барлығы бірдей болғанымен, Ә. Нұршайықов, М. Мағауин,
Қ. Жұмаділовтердің әрқайсысы өзіндік тағдыр жолымен келеді. Олардың тақырыптары бір мотивтен талап ету-өмірдің сан жолын, даму заңдылығындағы алуан тіршілігі бекерленгендік қана болар еді.

Ғұмырнамалық мемуарлардағы жазушының жеке басқа тән ерекше жайларының да ұмытылмай отыруы заңды. Олай болар, авторлық «жеке өзім» де-көптіктен. Өйткені, Ж. Сайн айтқандай, «жазушы мен ақын өз әкесінің ғана емес, өзі өскен ортасының перзенті». Осы себептерден де Ә. Нұршайықов,
М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің мемуарлары әлеуметтік-тарихи сипатқа бейімді. Өмірде сәби, үйренуші жағдайда жүргенде автор-кейіпкерлер көптің бірінен топшаланады, болашақта қиыр көшуде жолдағының куәсіндей ғана болып сөйлеуші еді. Өмірдің өткендерінен өтіп, күрескен тұлғаларға айналып, ұлтының қайраткерлері болған олар миллиондар атынан дауыстап, солай қимылдай келеді. Осы барыста олардың мемуарларында әлеуметтік ортаның көрінісі құдіреттене түседі, ал романның «Барша көпшілік оқырманға шындықты жайып салысы да...» (Хосе-Мануэль Кабальеро-Вонильд) авторлардың соны қалай таңданысынан шығады.

Мемуарлардың автобиографиялық- әлеуметтік, тарихи табиғатынан оның сюжет, композиция бітісі де, идея-тақырыбы да белгіленеді.

Авторлардың романдағы материалы, ойлау тәсілі мен суреттеу құралы, типтеу принципі, сюжет, композициясы да өзіндік ерекшеліктерге ие.

Романдар сериясына ұласқан жазушы мемуарының сюжеті ұзақ өрісті. Бұлай өрлей жазу, Э. Добин айтқандай: «автор ойын берудің амалы, шындықтың пікір-тұжырымын алыс-алысқа апару болады».

Ә. Нұршайықов естелік жанрына ерекше мән беріп қарайды. Естелік өзінен-өзі салбырап аспаннан түспейді, ойдан және жүректен шығады деп тұжырымдайды. Ол естелік жанрын мынадай формуламен белгілейді:

«Мен + Ол + Орта = Естелік».

Сонда Мен-автор, Ол-естелік объектісі. Ал орта дегеніміз Мен + Ол ғана емес, осы екеуі қақтығысып арасында жүретін толып жатқан әр алуан адам, олардың оңаша немесе өзара әрекеті ғой. Ендеше, өзгелерге соқпай, өзіңді қатыстырмай, қалай естелік жазуға болады?

Ал Ғабит туралы жазу азды-көпті болса да, қазақ әдебиеті туралы айту. Соның өсу, өрлеу жолындағы кейбір процестеріне көз сала кету. Биік бәйтерек туралы сөз қозғаған кісі оның бұтақ, жапырақ, діңгегіне ғана емес, топырақ астында тарам-тарам боп жатқан тамырларына да, сол тамырлар арқылы алыптың бойына тарайтын қорекке де көңіл бөлмей ме? Оның қасында тұрған басқа бәйтеректерге де көз салмай ма? Бәйтерек арасын жайлаған солқылдаған жас шыбықтарға және назар аудармай ма? Мен Ғабең туралы айтқанда оның айналасындағы толып жүрген тобыр ішінде өзім туралы да айтармын деп ойлағанмын. Солай деп іске кіріскенмін. Жазушының жеке өмірінен мәлімет іздеген адам, ең алдымен, оның күнделіктерін қарауы керек. Күнделік жазбаған қаламгердің естеліктерін оқуы парыз. Оқырман өзі іздеген штрихтарды осы екеуінен табуға тиіс. Ендеше, Ғабең қайда қалды деп алабұртпа, бауырым. Осының бәрі Ғабең өмір сүрген ортаға байланысты оқиғалар, тікелей болмаса да ол кісіге жанама қатысы бар жайлар» [25, 40].

Қ. Жұмаділов романдарының мемуарлығы өте басым келеді. Мұндағы автобиография нақтылы шындықпен әлеуметтік-тарихылықпен келеді.

«Мен» ұғымын қолдануда және үшінші жақта баяндау арасында аз ғана айырма бар... «Мен»-нен сөйлеушіден кейіпкері мен жазушы еркінірек тәрізді. Ол өз идеясына көп нәрселерді икемдеп алады. Сондықтан да ол өз автобиографиясынан «таза биография» жазудан гөрі, әдеби автобиографияға бой ұрады. Мысалы, М. Мағауиннің «Мен» ғұмырнамалық хамсасы да осы жайды ағартады. М. Мағауиннің, Қ. Жұмаділовтің мемуарларының автобиографиялық дәлдігін автордың ауызекі өз айтысы да, кешілген  оқиғаларының шындығының деректілігі, автор-кейіпкерді білетін адамдар сөйлесі (Р. Нұрғалиев, Б. Кенжебаев, Н. Ғабдуллин). Иә, мемуарды жазушының биография беруге саналы ойжар шақтары да (үйленісі, бала сүю, тума-туысы, өміріне ескерткіш болар кей жайларды) сипаттасып тұрысады.

Қ. Жұмаділовтің «тіріге сәлем беруге», «өлгенге бата оқуға» аттанысып жатқанын көреміз. Мұнда Шығыс Түркістандағы қазақтар арасында ұлттық салттың қаймағы бұзылмаған тыныс-тіршілігін көреміз. Жұрттың салт ұстанысы олардың әлеуметтік өміріне тікелей байланысты. «Ұшқан ұя», «Қыран қия» деген бөлімдердегі жастардың ойын-сауығы, ауыл адамдарының тұрмысы жайы, жерлеу рәсімдері, ағайынның араласуы, салттар, әдет жайлар бастапқыдан соңғылық өзгерісті сұрыптай мәдениетке әкеледі. Бұл – дәуірдің ілгерілеуінен, автор-кейіпкердің өсуі мен қабылдауынан көрінеді.

Ғұрып романда бастан-аяқ көріне бермейді. Халықтың әдет, салт-ғұрыпсыз ұлттық характері жоқтығын ескерсек, Қ. Жұмаділов романдарында бұл еленген де, елінің дамуымен бірге өскен. Халықтың ас жеу, көшу-қону, қысқы-жазғы отырысы, киінісі мен сөйлесі, еңбек барысы да осыны аңғартады. Бұл жайлар шоғырлана суреттелінеді, бара-бара бір елдің этикасы мен этимологиясына да логикалы астар да болады. Романда халықтағы ырым-сенім де ескеріледі. Ол бірде халықтың сонау бала кезінен келе жатқандай хал жайы жүректен беріледі. Бұл – баланың атын қою, өнерліден өнерлету сияқты жайлары [24, 143].

Өмірлік көзқарастар дәуірмен, қоғамдық жұмыспен, ортамен байланысты алынады. Шығармадағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен сөйлеген сөздері табиғи күйінде, шынайы болмысымен беріледі. Суреттелген жағдайлардағы қоғамдық ортаға танымал жандардың мінез-құлық ерекшеліктері сол күйінде беріліп отырады. Жазушылар осы жағдайларды жақсы ескеріп, болған оқиғаларға кейіпкерлерінің араласуындағы сәттерді, өмірлік мәселелерді солар арқылы бағамдайды.

Мұнысы оқырмандарды өткен өмірдің кейбір кезеңдерінің бүгінгі күндегі нәтижесімен ұштастыру болады. Біз қарастырған «Мен және менің замандастарым», «Мен», «Таңғажайып дүние» романдарын да жазушылар өз  баяндарын, жұртқа аса мәлім емес бір өлең, арыз, хат, құжаттар түрлерінде келтіре жазады. Шығарманың бұлайша жазылуы-өмір алуандығынан шығуымен бірге, ғұмырнамалық форманы сақтау болмақ. Ә. Нұршайықов,
М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтер кейде жалпы оқырманымен жүзбе-жүз сөйлескендей әңгімелесіп те кетеді. Мұнда авторлар айтарына оқырманды ұйытып отыруды ойласа керек.

Қаламгерлер суреттеулерінде мотивировка мен комментарийді қолданады, арнауды ғана емес, прологты да мемуарларында алға ұстайды. Адамдардың есімі және әкесінің атынан изофеттік құрылыста келтіре жазатын жазушылар, оны мемуарлық дәлдігімен, сол шақтық айтылуды сақтау, сол дәуірлік ерекшелікті байқата отыру үшін де және үндестік үшін де пайдаланады.

Қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, бүтін ұлтының мақтанышына айналған, халық жазушысы-деген ең жоғары дәрежелі атақты иемденген, ұлттық әдебиетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагер жазушылар- Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің автобиография-ғұмырнамалық жанрда роман жазуға шығыс-батыс, әлем, қазақ әдебиеттеріндегі не бір асыл сөздің түп қайнарларынан мейлінше қана сусындап, алдындағы үлкен көркем мемуарлық дүниелерден оқып-үйреніп, өмірлік тәжірибені сұрыптап жетті. Автобиографияға келу, автор-кейіпкерді проблемалардан биіктету, образдарды  таңдау т.с. жайларында суреткерлер
Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтер өздеріне дейінгі қалыптасқан дәстүрді ілгерілете түсті. Бірақ, бұл шығармалар өмірдің тікелей көшірмелері емес, өзіндік ізденісі бар, ғұмырлық жолдың шығармашылыққа арналған  кезеңдеріндегі қиындық пен қуанышты, әділдік пен ғаділетті, өткен мен бүгінді барынша айшықты әрі ашық, әсерлі жазумен ерекшеленеді. Диалектикадағы өмір атты өткелдің қым-қиғаш, қияпаты мен ойпатын, сүрлеу-соқпағы мен даңғылын өздері көрген, бастан өткерген жағдайлармен көмкереді. Шығармагерлердің жетістігі дегенде айтатын ең бірінші мәселе-қаламгерлер
Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің адам өмірінің өткелдерін жан-жақты көрсетуге ең тиімді жанр ретінде ғұмырнамалық роман жазуды қалап алуларын айтуға болады. Жазулары өмірдің тікелей көшірмесі емес, өзіндігі, ұлттық ерекшелігі бар, өмірдегі шындықты тану, көрегендікпен оны игеру, мәдениетті, өзі жүріп өткен ғұмырлық жолдың қорытындысынан ұғыну, ұрпаққа, болашаққа үлгі-өнеге, тағылым қалдыру мақсатынан туындаса керек.

Жазушылардың алпыс жастан асқанда бұлайша жаңа жанрға бас қоюлары Ұлы Абайдың ХІХ ғасырда алпыс жасқа келер тұсында қолына қалам алып, ғақылия – қара сөздерін жазып, соңында пәлсафалық, рухани құндылығы мәңгілік болып табылатын қырық бес қара сөзді жазып қалдырудағы мақсатымен ұштасатындай. Заңғар ақын-Абай өзінің қара сөзді жазудағы басты тенденциясы туралы былай дейді: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» [26, 5].

«...Ақыры ойладым: Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара қағаз, сияны ермек қылайын, я оқысын, керегі жоқ өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» [26, 5]. Мінекей, Ұлы Абайдың қилы-қилы тағдырының тағылымы тудырған, бұл күнде бүкіл ұлттық рухани қажеттілігіне азық болып отырған «Қарасөз» аталған еңбек осындай ұлы мүддеден туындаған еді. Ал, біз зерттеп отырған авторлардың ақсақал жасында жазған ғұмырнамалық роман жазудағы басты идеялары да ұлы ақынның идеясымен үндесіп, романдар жанрлық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ көздеген мүдделері тұрғысынан да сай келеді.

Жазушы Ә. Нұршайықов өмірбаяндық роман жазудағы, яғни жаңа жанрға көшудегі себепті былай түсіндіреді:

«Халық өлеңдерінің бірінде: «Өлеңді айт!» дегенде бастау қиын, одан соң оны айтпай тастау қиын» дейтін жолдар бар.

«Өнер» баспаханасының директоры Сұлтан Оразалиновтың қазақ халқының ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов туралы естелік жазып беру жайындағы өтініш хатын оқығаннан кейін осы жолдар ойыма оралып, көп толғануыма тура келді. Ғабең жайында не білетінімізді сарапқа салдым. Ол кісіден өз өмірімде, жүрегімде қалған қандай із барын іздедім. Маған жолдаған кейбір хаттарын қарадым. Бірге түскен суретіне үңілдім. Ол туралы өз дәптеріме жазған жазуларыма көз жүгірттім. Айтатын азын-аулақ әнгімем бар екенін байқағаннан кейін, соны қағазға түсірейін деп үстелге отырдым»         [25, 6].

Әр жазушының шығармашылық жолы әр қилы десек, ғұмырнамалық романға қалам тартудағы түпкі ойын Қабдеш Жұмаділов былайша баян етеді: «Кешкен жайларды жақсы деп мақтауға да, жаман деп даттауға да болмайды екен. Өмір-сенің ырқыңа көнбейтін, ащысы мен тұщысы аралас, бас-аяғы жоқ, шетсіз-шексіз, таңғажайып бір дүние. Сен оған соғып өтер қонақсың.

Сөйте тұра, бар ғұмырың күреспен, талас-тартыспен өтетіні ғажап! Демек, тіршілік дегенің – сыры толық ашылмаған ғажайыптар әлемі. Жазушылық өнер де сол ғажайыптардың бірі...Осынау бәрін ой таразысына салып келдім де, бұл кітаптың атын «Таңғажайып дүние» деп атадым» [24, 623-624].

Саналы ғұмырында әр түрлі қызметтер атқарып, талай жауапты істерді тыңғылықты тындырған, жазушылықты редакторлықпен ұштастыра білген Мұхтар Мағауин «Мен» романының алғашқы жолдарынан-ақ көздеген түпкі ойды:

...Яғни мұрат-жуанмен белдесу, ұзынмен бойласу емес, өз жұртыңның қажетін өтеу, мүмкін болғанша, ең соңғы сәтіңе дейін әуелгі құбыла бағдарыңнан тайқымау. Бір сөзбен айтқанда, жазу. Ал соңғы жылдары дәл осы жазу бізде шамалы болғанын осымен нешінші мәрте қайталап айтамыз? Бала жылады, балтыр сыздады, анау болды, мынау болды – уақыт оздырып алдық. Енді, өткеннің орны толмаса да, келешектің есесі кетпес үшін, табандап отырып жазу керек. Жазу? – деп нақтылап айтып көрсетеді [27, 8].

Міне, біз қарастырған «Мен және менің замандастарым», «Мен», «Таңғажайып дүние» романдарын жазушы авторлардың көздеген мақсат мүддесі мен негізгі идеяларының халықшылдығы мен ұлтшылдығы Ұлы Абайдың арман, парызымен үндесіп жатады. Ғұмырнамалық романдардың табиғатының құрылымдары осындай. Онда нақтылы ғылым да, гуманитарлық- тарих, әдебиет, философия, психология мен педагогика да тұр. Сондықтан да ғұмырнамалық жанрды қарастырғанда, оның тек «әдеби туынды ретінде саф болуын» талғау-бір рет те шындыққа орайласпайтын да сияқты. Мәселе қай кәсіптен, қай жанрдан болуы тиіс.

«Әлемдік әдебиетте орны ерекше саналатын Еуропалық шығармалардың арасында роман жанрының толып жатқан түрлері бар, мәселен: әлеуметтік роман, серілік роман, бұзақылық роман, этнографиялық роман, саясаттық, қылмыстық, әдет, фантазиялық, философиялық, өндірістік, психологиялық, махаббаттық, өмірбаяндық романдар т.б.» болып келеді [28, 184].

Осылардың ішінде қазақ әдебиетінде еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта ерекше қарқынмен жазылғаны ғұмырнамалық романдар екені дау туғызбаса керек.

Романды жанр ретінде қарастырған еңбектердің барлығында дерлік романның сөз өнерінің биік шыңы ретінде дамуы сонау көне дәуірлерден бастау алатындығы жетесіне жеткізіле айтылған.

Француздың «roman» – деген сөзінен шыққан, бұл күнде тұтас бір көркемдік категорияға айналған романның жанр ретінде қалыптасуын немесе  оның алғы шартын көбіне ежелгі дәуірге немесе орта ғасырларға жатқызады. Антикалы романдар («Дафнис и Хлоя», Метаморфозы, немесе Апулейдің «Алтын есегі» Петронийдің «Сатириконы» және т.б.) және «Серілер романы» туралы Фон Эшенбахтың («Лоэнгрині», «Пристан мен Изольда»), Мэлоридің «Артурдың өлімі» т.б. бастау – бұлағын көне дәуірден алған роман жанрына жатқызады.

«Роман – күрделі және дамыған сюжетті, көбінесе қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылған кесек тұлғалы эпикалық әдеби шығарманың бір түрі. Роман басқа эпостық жанрларға қарағанда өмірді, оның әр алуан құбылыстарын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды кең қамтып, терең суреттейді. Романның құрамы, құрылысы күрделі, онда лирика мен драма жанрларының сипаттары да кірігіп отырады. Роман қаһармандардың жеке өмірін, олардың арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастар тарихын суреттеу арқылы дәуір мен қоғамның, салт пен сананың кең суретін жасайды», – деп анықтама береді ғалым М. Атымов [28, 312].

Қазақ әдебиетінде өркен жайған роман жанрының қазіргі заман әдебиетінде түрлі типтері қалыптасқан.

Жалпы, ХХ ғасырдың екінші ширегінде жазылған қазақ романдарына тән қасиеттерді даралап айтар болсақ, әдебиетіміздің жетекші, кемел жанрына айналуы, жанр байлығы, философиялығы, философиялық тереңдікке ұмтылу талпынысы, психологизм тәсілінің жаңа да сапалы деңгейден көрінуі, қаһарман деңгейден көрінуі, қаһармандардың сезім күйінің, ішкі және сыртқы бейнелерінің жан-жақты кескінделуі т.б.

Ұлттық романның басым бөлшегін, негізінен, тарихи романдар құрап келді, бұл заңды да, себебі 60-80-жылдарда тарихи романның көптеп тууын
Н. Добролюбовтың мына сөзімен түсіндіргеніміз абзал: «Тарихи роман халық өзінің өткен өміріне көз салғанда туады» [29, 523].

Біздің ұлттық әдебиетіміздегі тарихи тақырыпқа жазылған романдар ішінде ең шоқтығы биігі М. Әуезовтің «Абай жолы» дәуірнамасы саналып келді. Дегенмен М. Әуезовтың «Абай жолы» романына дейін және одан кейін туған көркем сөз өнеріне қосқан зор үлесін ешкім де жоққа шығара алмаса керек.

Жазушы өмірдің қатпар-қатпар күрделі құбылыстарын романдағы кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-құлқы, таным-түйсігі, пиғыл-мінезі, дүниетанымы арқылы береді. 60-80 жылдар прозасының ерекшелігі сол әдебиетіміздің тарихи романдармен, оның ішінде басым бөлшегін құрайтын  өнер иелері жазылған туындылармен толықты. Қазақ қаламгерлерінің революцияға дейін өмір сүрген қазақтың өнерпаз жандарына осындай өз туындыларын арнау себебі-сол өнер иелерінің өз шығармашылығына демократтық, халықтық сарынды арқау етуі, өздері өмір сүрген қоғамдағы әділетсіздікті, үстемдікті, озбырлықты сынауы, әділетсіздікке отты тілін қару етіп, қарсы шығуы болса керек.

Былайша қарағанда, пәлендей қиын емес болып көрінгенімен, шын мәнінде әрқайсысы атан түйеге жүк боларлық. «Адам. Ол кім? Оның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы неде?», «Адам өмірінің мән-маңызы неде?», «Адам – дүиедегі ең құдіретті тіршілік иесі  болса, екінші жағынан, ол-әрі әлсіз, әрі қорғансыз да емес пе?», «Неліктен адам – символикалық хайуан деген пікірлер бар?» деген сұрақтарға жауап іздеуімен де бұл қаламгерлер ерекшелене түседі. Жалпы алғанда, әдебиеттегі басты тұлға адам образына жоғарыдағы көрсетілген сұрақтар тұрғысынан  келсек, 60-80-жылдардағы қазақ романының әлеуметтік жүгін, эстетикалық қуатын, философиялық сипатын жан-тәнімізбен сезіне аламыз. Біз қарастырып отырған кезеңдегі үлкенді-кішілі шығармаларымен көзге түскен қазақ қаламгерлері, бәрінен бұрын, жоғарыда айтқанымыздай, тіршіліктің аса құдіретті иесі – адамды зерттеп, оған жаңаша тұрғыдан зерттеуге тырысып, өмір шындығын терең зерделеуімен ерекшеленеді. Бұл өмірдегі өнердің негізгі заңы, бұлтартпайтын шындығы.

«Көркем шығарма өмір шындығынан туады. Бірақ тіршілік бетінде шашырап жатқан құбылыс өздігінен тізіліп, бас құрамайды. Әдебиеттің қадірлі мүлкі саналатын туындылар өмір байланыстарын жан-жақты зерттеудің, жеке адамдар тағдырын үлкен қоғамдық даму заңдылықтарымен ұштастырудың нәтижесінде ғана пайда болады.

Бұл мәселенің сыртқы, объективтік жағы болса, болмыстың факторларын біріктіріп, оларға қан жүргізетін, ерекше қуаттандыратын нәрсе – суреткердің өз басын қатты толқытқан аңсар, идея. Көркем туынды суреткер белгілі бір идеяларымен жалындап, көкірегінде ұялаған сырын айтпауға болмайтындай хәлге жеткенде ғана жазылуға тиіс», – деп жазған еді М. Горький [30, 15].

Өнер өмірден туады. Ал, өмір күрделі, өмір құбылыстары әр алуан. Қоғам, адам алдында тұтқиылдан мың сауал қойылған бүгінгі күн күллі  жұрттың, соның ішінде шығармашылықты кәсіп еткен қалам иелерінің өткен жолына, өзінің азаматтық суреткерлік бағыт-бағдарына терең ой жіберуін қажет етеді. Бұл өңірге теріс пиғылда келіп қалған бейсәубет біреулерді кім білген, ал сөз өнеріне тағдырын түбегейлі теліген шынайы қаламгер үшін бұл аса бір шетін, толғақты кезең. Өзінің ақыл – парасаты жетсе, не түгелдей мансұқ ететін, не құбылысының дұрыстығына тағы бір көз жеткізіп алып, жаңа тыныспен құлшына еңбекке кірісетін сәт. Нақ сондықтан да мүмкіндік қарымы мол жазушылардың шығармашылық қоржынына үңіле зер салып, жақсы мен жасықты айыра танып, басқалардың да тануына септік жасағанымыз жөн нәрсе.

Өмір сүрген қоғамда болып жатқан оқиғалардың баршасы жазушы жүрегі арқылы өтеді десек, көркем сөздегі алғашқы қадамын осы кезеңмен, яғни 60-80- жылдармен бірге бастап, толысуы да осы уақытқа сәйкес келген қаламгерлердің қандай қиямет ой кешуінен өткенін түсінген абзал.

Біз талдап, көркемдік жүйенің ерекшелігі мен құрылымына зерделеу жасамақ болып отырған үш романда қамтылатын оқиғалардың көлемі үлкен, дәуірі де кең.

Мәселен, Әзілхан Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» өмірбаяндық романы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы оқиғаларды бейнелейді. Естеліктері, негізінен, өзінің жеке қойын дәптеріне түртіліп отырып, еліміз тәуелсіздік алған шақта толық мазмұнға ие болған.

Ал, еліміз егемендік алғаннан кейінгі уақытта жазылған М. Мағауиннің «Мен» романы қазақ халқының екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарындағы тыныс тіршіліктен бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтыса,
Қ. Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романының эпикалық кеңістігі Қытай жерінен бастау алған өмірлік жағдаяттардың қазақ жеріндегі тыныс-тіршілігімен қоса өріліп, кестеленеді. Үш романдағы басты кейіпкерлер  бейнесі – өткен өмірдің, кешкен ғұмырдың өз иелері, яғни автор – қаламгерлер.

Ғұмырнамалық роман, аты айтып тұрғандай өмірдегі болған тарихи кезеңнің негізін қамтиды. Яғни, ғұмырнамалық шығармалардың да тарихи сипаты айқын.

Кезінде В.Г. Белинский – «тарихи романның авторы жақсы тарихшы бола білуі керек» екенін айтқан болатын [31, 420].

Ә. Нұршайықов та, М. Мағауин да, Қ.Жұмаділов та өз ғұмырын халықтың өмірімен қатар бейнелеп, шындыққа лайық тарихи процеспен, ел өмірімен тығыз байланыста алып, қаламгерлік өмірдің шындығын суреттеуге тырысқан. Реализмнің ежелден келе жатқан дәстүрі де осыны талап етеді.

Академик Мұхтар Әуезов: «Шынайы күрделі, қиын қақтығыстар тұсында ғана адам сезімінің, талайының, талабының, мінездерінің, тағдырдың, барының түгел ашылып, тартыс қатал айқасқа айналады. Осындай ғана қақтығыстар барлық повесть, роман, драма атаулының ең сенімді қаңқасын, арқа сүйер тұлғасын тұрғызады» – деп жазады [32, 39].

Ендеше, ең үздік, шебер жасалған адам образын, алдымен, қою тартысқа құрылған қалың оқиғадан іздеуіміз абзал. Осыдан келіп сюжет пен характердің өзара байланысы туады.

Әсіресе, қалың оқиға, шиеленіскен үлкен тартыс, тағдыр жайы – эпикалық көлемді романға тән сипат. Роман ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар сол оқиғаның негізінде туып, өрбіп отырса, әрбір үлкен қалың оқиғаға байланысты кейіпкердің іс-әрекет, характері де қалыптасып, толыса түседі.

Тарихи роман авторы әрбір кейіпкердің сипатына, мінез-құлқына, психологиясына тән типтік оқиғаларды  оңтайлы талдап ала білуі шарт, яғни сол өзің ойлап (жатқан) тапқан шытырман оқиғаның миллионнан бірін екшелеп алудың өзі өзінше ауыр жұмыс екенін ескерсек, Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов кейіпкерлерінің көтерер жүгі де ауқымды болуы қажет.

Көркем ғұмырнамалық романның басты нысанасы авторлардың өз өмірінен бейнеленетін ғұмырнамалық оқиғалар тізбегі болатындықтан, оның жеке тұлғасы, кейіпкер мәселесі – зерттелетін прозалық шығармалардағы басты нысана.

Шығармалардың жанры айқын – проза, түрі анық – ғұмырнамалық роман, тақырыбы әркелкі қойылғанымен, айтылатын идеялары ортақ – жазушылық өнердің құдірет құпиясы, ұзақ сонар ғұмыры. Прозаның бұл жанрына көпті көрген, көп жасаған зиялы қауымның ден қоюында және бір ерекшелік орыстың ұлы жазушысы Л. Толстойдың «ХХІ ғасыр әдебиет әлемінде ғұмырнамалық шығармалардың көптігімен ерекшеленеді. Бұған таң қалатындай ештеңе де жоқ. Себебі «ХХІ ғасыр адамын ойдан шығарылған шындық емес, өмірде болған, негізгі бар ақиқат шындық қана қызықтыра алады» [33, 427], – деген төрелі ойы аңғартса керек.

Ал, ғұмырнамалық романның жазылу формасының тұрпатына қарай бөліп қарауға болады: белгілі тарихи тұлғалардың пәлсапалық ғұмырынан құжаттық деректер негізінде жазылған шығармасы, ұлттық әдебиетке еңбегі сіңген, жеке жазушылардың өз өмірінен жазған туындылары.

Біз талдап отырған Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» романы, М. Мағауиннің «Мені», Қ. Жұмаділовтің «Таңғажайып дүниесі» осы екінші топтағы романдар тізбегіне қосылады. Жалпы, жазушылар үшін өзге жанның ғұмырынан жазылған шығармаларды жазудан гөрі өз өмірлерінен шығарма жазудың айтарлықтай қиындығы мен күрделелігі болатынын төл шағырмаларында айтқан сөздерінен көру қиын емес. Қазіргі Италия әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Наталия Гинзбург өз өмірінің таза шындығын бейнелейтін «Семейные беседы» атты романында ғұмырнамалық шығарма жазудың өзіндік қиындықтарын:

«Осы кітаптағы оқиғалар, оқиға болған жерлер мен кейіпкерлер ойдан шығарылмаған. Мен өзімнің бәз-баяғы романтикалық әдетімше, ешнәрсені де ойдан қосқан жоқпын. Бір нәрсені ойдан қоса салсам, сол мезетте-ақ оны құрту қажеттілігі пайда болатын. Мұндағы адам аттары да шынайы қалпында. Мен есімде не қалса, соны жаздым. Меніңше, кітап өмірден алып жазылғанымен, оны романға қарағанда көп талап қоймай-ақ, роман ретінде оқу керек сияқты», – деп ұғындырады [34, 7]. Бір қараған адамға өз өмірінен шығарма жазудың еш қиындығы жоқтай болып көрінері сөзсіз. Егер жазып отырғаныңыз өмірбаян емес өмірбаяндық роман болса, әрине, мұнда көп нәрсені тереңнен толғап, ой толғамына, күй толғамына салып тебіренуге тура келетінін жазушылар шығармаларында аңғартады.

«Тай атқа, ат мұратқа жеткізеді» дегендей, жақсы журналист болсаң, жаман жазушы болу қиын емес екен. Сол «жаман жазушылық» менің қыр соңымнан қалмады. Журналистікпен тапқан-таянған өмір оқиғаларынан повесть, әңгіме жазуға әдеттендім. Жазбасыма шарам болмады. Оқиғаның өзін зорлайтын, «Жаз, жаз!» деп қыстап, қинайтын дәрежеге жеттім. Содан кейін кейбір түндері, тіпті жылына бір рет тиетін бір айлық демалысымды ешқайда шықпай үйде жатып, шығарма жазуға арнадым.

Жазушы М. Мағауин тек көркем әдебиет әлемінде ғана емес, ғалымдық дүниетанымы тұрғысынан да замандастарынан өн бойы озық болған жан. Өмірінің көбі өтіп, азы қалған шақта ғұмырнамалық баянға  бел шеше кірісуін романның алғашқы беттерінен-ақ танытады:

«Өте ұзақ ғұмыр кешіппін. Өмірдің көбі өткен, азы емес, әлденедей бір бөлшегі ғана қалған. Абай атам айтқандай, келер заманың – көк тұман. Сәуле-көмескі, үміт-буалдыр. Сен... сенің кесімің әуел бастан белгілі. Тозаңнан жаратылдың, топыраққа айналасың. Ештеңе өзгермейді... Бірақ, ұрпағың бар емес пе! Бүкіл ұлысың, ұлттың алдындағы тар кешу немен тынбақ? Азаматыңды қажытып, жеткізетіннің жігерін құм қылып, бәсіре байлығыңды талапайға салып, жұртыңды біржола тоздырып бара жатқан заманға қарсы тұрар қайла барма? Сен білмейсің. Білсең де жүзеге асыра алмайсың. Сенің білгенің, қолыңнан келер жазу ғана еді. Сонымен қанағат таптың. Сонымен өміріңді ұзарттың. Кеудеңді басқан кер заманда қасірет, зардың өзі күш беріпті. «Мен сияқты ерлерді – Жаратты ма екен құдайым – Қайғыдан шіріп өлерге, –Кейінгі туған бала үшін!...». Бұл – Қазтуған – Мұрат. Сен малдандың, бірақ осы деңге жеткенше, яғни, қайғыдан шіріп өлмес бұрын бар запыраныңды ақтарып кетпек едің» [27, 61].

Тағдыры қилы, талабы зор, арманы асқақ Қ. Жұмаділовтің сыр-сипатын төмендегі жолдардан көреміз:

«Өмір бойы өзгелер туралы да кітап жаздық қой. Өзіміз жөніндегі әңгіме жеңіл болар деп ойлағанбыз. Онымыз күпіршілік екен. Сонау бір заманда, қаймағы бұзылмаған көшпенділер арасында дүниеге келіп, әлденеше өкіметті бастан өткермек, бір емес, екі бірдей империяның тепкісін көрген, содан көненің көзіндей болып бүгінгі күнге жеткен адамның өмір жолын баяндау оңай шаруа болмай шықты. Әсілі, бұл кітапты өмірбаян дегеннен гөрі, адам мен қоғам туралы, замана туралы толғау деген дұрыс болар» [24, 623-624].

Шығармагерлердің қайсысының өмірлік шығарма жазудағы мақсат – мүдделері, авторлық ұстанымдары, жанрға баса назар аударулары ортақ екендігі атап айту ләзім.

Өткен өмірдің болашақ ұрпақтың қажетіне жарар, рухани сананы серпілтуге қажет, кез келген  адам танып біле бермейтін, тек бір ортаға ғана тән оқиғалардың бүкіл бір ұлттың болмысын таныту үшін, қаншалықты қымбат екенін де осы жолдардан сезінеміз. Ә. Нұршайықов түпкі мақсат, ұстанымын шығармасының бастапқы тарауында берсе, М. Мағауин ғұмырнаманың ең әуелгі бетінде, яғни алғашқы жолдарында айтса, Қ. Жұмаділовтің ізгілікті мүддесі туралы негізгі ой романның соңғы беттерінде айтылған. Бұлайша қаламгерлік ұстанымның берілуі әр жазушының өзіне тән баяндау ерекшелігі десек, оған қоса суреткерлердің шығармаларында толғанысқа түсірген өмірлік жолдардың әр қилылығына тән болып келсе керек. Әр автордың әр түрлі бағытпен бір жанрда қалам түзулері әлемдік әдебиетте бар тәжірибе. Солай бола тұрғанның өзінде, үш жазушының тақырыптарындағы қалам алыс қадамдарында мол сәйкестіктер кездеседі. Мәселен, Ә. Нұршайықов өмірбаяндық роман жазуға әбден мау тартып, ақсақал болған тұста келсе,
Қ. Жұмаділов пен М. Мағауин алпыс жастың табалдырығын аттаған тұста жетті. Шығармашылықтың сан тарау соқпақтарын бастарынан кешірген кез  келген жазушы үшін ғұмырнамалық проза оңай игеріле салатын өнер емес. Егер аталған жазушылар өзге тұлғаның өмірінен ғұмырнамалық шығармалар жазбақ болса, ол үшін қарттық шаққа жету міндетті емес болса керек. Ал өз жеке ғұмырдан үлкен бір туындыны өмірге әкелу үшін әрине, жазушы көп жасаған, көпті көрген, тәжірибелі, салиқалы, кемеңгер жан болуы тиіс екені өзінен-өзі түсінікті болса керек.

Жалпы, зерттей келе зерделегеніміз, қазақ әдебиетінде кенжелеу дамыған ғұмырнамалық шығармалар, «Өмір мектебі», «Тар жол, тайғақ кешу», «Көз көрген», «Ұщқан ұя» т.б. кейінгі кезде дүниеге келге ғұмырнамалық шығармалар үшін дәстүрлі үйрену мектебі болды.

Уақыттың талабы жаңарып, қоғамдағы талап-тілектер ұлғайған тұста жазылған Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» романындағы баяндалатын оқиғалар желісі ашық айтылған. Яғни, мұнда жазушы азаматтық арына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осы туралы ол былай деп еске алады:

«Бұл оқиғаны-өзімнің «Қазақ әдебиетінде» редактор болған кезімде басымнан кешкенімді кітап етіп жазамын деп бұрын ойлаған жоқ едім. Жазғанменен ол ешқашан жарияланбасы және кәміл болатын. Басылып шықса бұл партия қаулысына қарсы шығу деп танылып, өзіме жаңа пәле болып жабысар еді. Бұл кітаптың жазылуына қадірлі Ғабең 90 жылдығының және Қайта Құру заманының шарапаты себеп болды» [25, 189].

М. Мағауиннің «Мен», Қ. Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романдарының жазылуына ешқандай кедергі болмай, қаламгерлер өздері көздеген түпкі концепцияларын шығарманың алғашқы жолдарынан-ақ ашық, айқын танытты.

«Қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық роман жанры» атты бірінші тарауда қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық формада жазылған шығармалардың түрлік, жанрлық ерекшелігінің пайда болу тарихы мен алғашқы осы жанрда жазылған шығармалардың әдеби негізіне тоқталдық. Ұлттық әдебиетімізде ғұмырнамалық (мемуарлық) жанрға жол салған С. Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу», С. Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ. Мұстафиннің «Көз көрген» романдары, Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» повесті қазақ мемуаристикасын қалыптастырған іргелі туындылар. Әдебиеттану ғылымында аталған шығармалардың жанрлық табиғаты, образдар жасау ерекшеліктері, стильдік сипаттары, психологизм проблемалары жан-жақты қарастырылған. Ғалымдар пікіріне ден қойсақ, бұл шығармалар бір жағынан қазақ әдебиетіндегі мемуаристика жанрын қалыптастырса, екінші жағынан өзінің көркем болмысымен жалпы қазақ романының өсу, өркендеу, көркемдік шебін алуға да ерекше ықпал еткен туындылар. Әдебиетте жаңа жанр туды, қалыптасты. Енді ол дәстүр түзбекке керек. Аталған шығармалардың дәстүрін іздегенде
Ә. Нұршайықовтың, М. Мағауиннің, Қ. Жұмаділовтің ғұмырнамалық, яғни автобиографиялық романдарына ден қоямыз. Сол тұрғыда қазіргі қазақ әдебиетінде осы жанрдың бүгінгі жаңаша қалпын ғылыми-әдеби, теориялық тұрғыдан сараптау үшін, Ә. Нұршайықов, М. Мағуин, Қ. Жұмаділовтердің мемуарлық романдарын алдындағы мемуарлық шығармалармен салыстыра отырып талдау жасадық.

Зерттеу объектіміздегі үш романның да ғұмырнамалық бағдары айқын. Автор-кейіпкерлері өз аузынан баяндалатын оқиғалар тізбесінен өз өмірі мен өзі өмір сүрген қоғам шындығын өзара сабақтастырып, өзара байланыстырып суреттейді. Алайда, романда бейнеленген өмірлік материалдарының бастау арналары, даму, өрістеу, шарықтау, түйілуі әр түрлі болып келеді. Мәселен,
Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» шығармасын өзінің баянсыз балалық шағынан басталмайды, көз көрген ұлы жазушылармен болған қарым-қатынасы туралы жазады. М. Мағауиннің бұл тұрғыдағы ұстанымы  тіптен басқаша. Жазушы өз өмірінен гөрі, қоғам ғылым, шығармашылық мәселелерінің тек жеке басына қатысты тұстарын атап, өмірдің өзінен алып бейнелейді. Суреткер Қ. Жұмаділовтің өміріндегі алып екі империяның тұсындағы аламан өмірдің шындығын көркемдікпен игеруге дәйекті, деректі бұрын-соңды әдебиетте аз көрінген сюжетті қызықты баяндаумен ерекшеленеді

Ғұмырнамалық жанрдың үрдіс алып дамуын зерттеудегі маңызды факторларды анықтаған соң, мемуарлық шығармалардағы кейіпкер танымы мен тағдыры арақатынасын біз осылай анықтадық.

Мемуар – ғұмырнамалық әдебиеттің ішкі бір жанры. Мемуарлық туындыда да көркем әдебиеттегідей өмірлік материал көркемдік жинақтауға түседі. Кейіпкерге түп-тұлға болған адамдар мінезі белгілі бір адам (кейіпкер) бойына жинақталуы, жинақталып ірі образға айналуы мүмкін. Көркем әдебиет пен мемуарлық әдебиет арасындағы айырмашылық – бірінде автордың араласуы белсендірек те, екіншісінде әлсіздеу болмақ. Бірінде кейіпкерге еркіндік аз беріледі, де екіншісінде еркіндік молдау беріледі. Мемуарист автор «Менің мақсатым азғындық жолға түскен жүргінші әйелді бейнелеу еді, Анна Каренина менің еркімнен шығып кетті...» – деп айта алмайды. Мемуарда қамтылатын өмір шындығы, көбіне, ойдан шығарылмайды. Өмірдің өзінен алынған шындық мемуарда көркемдік шындық райында қабылданады. Мемуарлық шығармадағы өмір шындығы – автордың өмірбаян беттері. Жоғарыда айтқанымыздай, ұлы жазушы Л.Н. Толстойдың өмірбаяндық трилогияны жалғап жаза түсіп, өз өмірі өз атынан баяндалатындықтан, ыңғайсызданып үшінші кітаптан кейін тоқтауы осыны аңғартады[33, 503]. Бірақ, оған қарап мемуарлық шығармада автор өмірлік материалды ірілендірмейді, екшемейді, болған қалпы сипаттай береді деген ұғым тумауы керек. Мемуар көркемдік жинақтаудан тым тысқары тұрмайды. Көркем әдебиеттегідей тым еркін жинақтау болмағанымен, өзіне лайық көркемдік жинақтауды мемуарлық шығарма да бастан кешеді.

«Ғұмырнамалық роман жанрында әдебиетте кенже қалған шығармада болған нәрсені бүкпей айту – басты шарт» десек, оған кеңестік дәуірде екінің бірі тәуекел ете алған жоқ [24, 623-624]. Бұл жерде жазушы үшін қажетті   құрал – күнделік, хат, құжаттар т.б. және ең бастысы суреткердің зейін-зердесі. Адам  жанынан асқан сүзгі жоқ. Қажеттісі есте қалады, қажетсізі, ұсақ-түйегі ұмтылады. Демек, бұл шығарманы естен кетпес сәттердің жиынтығы десе де болады.


2 Қазақ мемуарлық романдарының көркемдік әлемі

2.1 Мемуарлық шығармалардың  көркем поэтикасы

Тарихы терең, көркемдігі талғамды, негізгі бастау арнасы ХХ ғасырдың басында пайда болып, қалыптасқан ұлттық проза бұл күнде өркендеу үстінде.

Қазіргі таңда Қазақ әдебиетінің көтерілген көркемдік биігін барша қауым түгел мойындады. Оның барлық жанрындағы идеялық-көркемдік табыстары ұлан-теңіз. Тоталитарлық жүйенің тұсында әдебиеттің кездескен кедергі, бөгесіндері де аз емес. Әдебиеттің көптеген алыптары репрессияға ұшыраудың үстінде жекелеген аса ірі көркем туындылардың көрген қиянаттары да аз болған жоқ. Осыған қарамастан қазақ әдебиеті өсіп-өркендеу үстінде болғаны – ақиқат.

«Алайда, бұл мемлекет жабық қоғамға негізделген, саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік ортада тек советтік әдебиет қана мойындалатын, ал басқа әлемдік өркениеттерде болып жатқан қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым көпшілігі күні өткен буржуазиялық қоғамның мезгілден, уақыттан артта қалған кертартпа көзқарастағы, ағымдары ретінде көрсетілетін, солай уағыздалатын. Пікірдегі, көзқарастардағы плюрализмге қысым жасау сөкеттік болып саналмайтын. Сондықтан да сол кездегі КСРО территориясындағы бірден бір билеуші күш – Коммунистік партияның басшылығымен жүзеге асырылған идеологиялық саясат ұлттық мәдени күштердің өз шығармашылық мүмкіндіктерін толығымен ашып көрсетулеріне мүмкіндік бере бермейтін. Коммунистік партияның қоғам өмірінде араласпайтын жері жоқ еді, ол тіпті адам қызметінің көркемөнер секілді шығармашылық еркін ойды ауадай қажет ететін ең бір нәзік, ең бір кінәмшіл саласына дейін қатаң бақылауға алып отырды», – деп, өткен құрсаулы заманның қайшылықтарын ғалым Серік Асылбекұлы дәл көрсетті [35, 13].

Алдарына асқақ мүдде, асыл мақсат қойған көреген жазушылардың ғұмырнамалық романдары жанр талабына не жауап бере ала ма? Көркемдігі мен танымдық тағылымы қандай дәрежеде? Авторлық ұстаным шығарма жанрымен үндескен бе? деген сұрақтар басты нысан болмақ.

Ең әуелі ғұмырнамалық романдарда жазушы авторлардың прозаның ғұмырнама жанрын жазу үшін алған деректі материал көздері қандай деген мәселелерге тоқталсақ. Ең біріншіден, жазушылар үшін басты дерегі материал болғанын, олардың суреткерлік санасы болғанын атар едік. Себебі:
Ә. Нұршайықов шығармасын жазу үшін өткен өмірдің жарқын тұстарының санада сақталған бейнесіне сүйенеді:

«Ғабең жайында не білетінімді сарапқа салдым. Ол кісіден өз өмірімде, жүрегімде қалған із барын іздедім. Маған жолдаған кейбір хаттарын қарадым. Бірге түскен суретке үңілдім. Ол туралы өз дәптеріме жазған жазуларыма көз жүгірттім. Айтатын азын-аулақ әңгімем бар екенін байқағаннан кейін, соны қағазға түсірейін деп үстелге отырдым» [25, 6].

Ал, жазушы М. Мағауиннің қаламы алдыңғы екі жазушыға қарағанда мүлде басқаша.

«Жобаның аты – «Алтын дәптер» еді. Яғни, жазу жазылған, жазу жазылатын дәптер. Алтын емес, кәдімгі тор көз, қарапайым қағаз. Мұқабасы да әшекей, өрнексіз – жұқа қара дермантин. Әуел баста, мұқабадан кейінгі сыртқы бетіне «Шимайлар» деп жазылған екен. Яғни ойға келген әр түрлі шығармалардың сұлбасын таңбалауға арналған. Уақыт оза келе әуелгі атауын тарта сызып, үстіне байыппен, қалың әріптермен «Алтын дәптер» деп жазыппын.

Бұл тор көз, қалың қара дәптердің бүгінгі ғұмыр жасы отыз бес болса керек. Студент кезде басталған. Бірінші беті «Сюжеттер» – «1960-1961» деген тақырыппен ашылыпты. Ең соңғы таңба – «1996». Яғни, мен әдебиетке алғаш рет нық қадам басқаннан бергі отыз жеті жыл бойы жазуға жобаланған, жазылған және жазылып үлгермеген барлық шығармалардың сұлбасы осында» [27, 78].

Әр жазушының шығармаға да келу жолы әр қилы десек, алдыңғы екі жазушы үшін табиғи сананың қызметі басым болса, соңғы жазушы үшін қолда бар күнделіктің деректік маңызы айқын болып тұр. Тақырыптарын тапқан жазушылар үшін екінші дерек көздері қызмет атқарған еңбек ордасы, әріптестік орталарының да ықпалы аса мол болғанын көреміз.

«Адам жас кезінде жүрегіне сенеді, жүрек жетектеген жаққа ойланбастан жөнеле береді: айтқан ақыл, берген кеңес оның құлағына кірмейді. Ал қарт кісі көзі мен құлағына сенеді: өзі көріп, анық нәрсесін оймен өлшеп, көңілмен зерделейді. Содан кейін ғана ілгері аттап аяқ басады».

Қабдеш Жұмаділовтің де айтпақ ойы осы тұстан табылады: «Бастан кешкен жайларды сараптай келгенде, көзім жеткен бір нәрсе: бұл өмірді жақсы деп мақтауға да, жаман деп даттауға да болмайды екен. Өмір – сенің ырқыңа көнбейтін, ащысы мен тұщысы аралас, бас-аяғы жоқ, шетсіз-шексіз таңғажайып бір дүние. Сен оған соғып өтер қонақсың», – деп толғанады [24, 623-624].

М. Мағауиннің ғұмырнамасының бастапқы беттерінде жазылған мына жолдардан да шығармашылыққа арқау болған тағдыр – талайдың жүйесін көреміз.

«Мен Абай атам мегзегендей онша күрделі жұмбақ емеспін, бірақ біз арғы заманмен өлшегенде, соқтықпасы әлдеқайда көп, соқпағының бәрі теріс, қиғаш, айрықша бұлыңғыр кезеңде жасадық, рас, алдыңғы ағаларым – Ақаң, Мағжан, Мадияр, Мұқаңмен салыстырғанда біршама тыныш дәуірде күн кешіппін, бірақ менің де шырғалаңға түсіп, ышқынған, қиналған күндерім, ай, жылдарым болды. Бұл сөз – өнер жолында, ождан азабы, рухани қысымға да қатыссыз, оның бәрі – таңдап алған талқы, табиғи сыбағаң; менің айтып отырғаным – кәмелетке толған он сегіз, жиырмадан бұрынғы, тіпті мектеп бітірген он жетіден бұрынғы, менің он бір жасым мен он бес жасымның аралығындағы өмір кезеңі...» [27, 102-103].

Енді жазушылар үшін дерек болған үшінші нәрсе – түрлі тарихи негізі бар қызмет, мәжіліс, туындылар, қоғамдық-әлеуметтік орталар болып табылады. Алғаш шығармашылық жолдың баспалдақтары қалай басталды, кімдер және қандай факторлар қаламгерлердің шығармагерлік өнеріне ықпалы, әсері болған деген сауалдардың барлығына жауапты, төл туындылардың өз іштерінен табамыз:

«Бұрын мен жазушылар қауымынан қиыр жайлап, шет қонып жүрдім. 1957 жылы Жазушылар одағына мүше болып қабылданғаныммен өзімді журналистер жұртының бөлінбес бөлшегімін деп білдім. Бөлінбес еншім, баға жетпес мүлкім журналистер жағында деп есептедім. Қарапайым, жалықпайтын жұмыскер журналистер қауымынан мүлде қол үзіп кетуім мүмкін емес деп ойладым».

1958 жылы Павлодарда бес күн Мұхтар Әуезовтің қасына еріп жүрдім. Ол бес күн маған бес жылдық университеттен кем болған жоқ. Мұхаңның ақыл, парасат, адамгершілігіне, жұртқа деген ықылас, ілтипатына, кемеңгерге тән кішіпейілдігіне тәнті болғанмын. Бұл күнде арамызда Әуезов жоқ. Ал онымен үзеңгілес болған Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафинді сол Мұхаң іспеттес адамдар шығар деп ойлайтынмын. Әуезов әдебиеттің құдайы болса, бұлар пайғамбары ғой. Сондықтан бұлардың адалдығына, әділдігіне, туралығына, мәдениетіне шәк келтіру, бойларында мін бар деп ойлау мұсылмандардың құдайға тіл тигізуімен пара-пар болар, күпірлік болар дейтінмін. Жазушылар одағына жақын келгенге дейін қиыр жайлап, шет қонып жүрген маған жалпы жазушы қауымы адал, ақ көңіл, әділ, тура, періште жандар сияқты боп көрінетін. Ахтанов-адал, Әбдіжәміл-әділ, Сырбай-сырбаз боп танылатын. Өйткені жазушылар халықтың ұстазы, ұлттың үлгісі. Олардың бәрі де осы ұлы атаққа лайықты жандар болуы керек деп есептейтінмін. Өзім де жан-тәніммен сондай болуға тырысатынмын [24, 401].

Адам өмірі туралы шығармалардың, әсіресе, автор өз тағдырын бейнелейтін туындыларда жанұя тарихы, аға ұрпақ тарихының бүгінгі бейнесі, бұрын болған оқиғалардың сан жылдаған жылнамасы мен толықтырылуымен әрлі әрі нәрлі болып келеді. Қоғам мүшесі болып табылатын адамның өмірі халқымен бір жасаған да ғана ұнамды болмақ десек, біз талдап отырған «Мен және менің замандастарым», «Мен», «Таңғажайып дүние» романдары соның бір айғағы іспеттес.

Ә. Нұршайықов шығармашылығындағы жеке тұлғаның рухани адамгершілік сипаттары журналистік сапарлар ізінен («Талқы», «Алыстағы ауданда», «Комбайыншы»), ауызекі әңгімеден («Алтын сағат», «Жемпір», «Шешен», «Шляпа»), адалдық пен адамгершілік, жастық пен достық, мөлдір махаббат мерейінен («Махаббат,қызық мол жылдар»), жауынгер-жазушы
Б. Момышұлының өмірі мен өрлігін, елдік-ерлік жолдарынан («Ақиқат пен аңыз») айқын аңғарылады. Тегінде: «Ә. Нұршайықов шығармаларының, очерктерінің кейіпкерлерін оймен шолып қарасақ, тұлғасы, адамгершілігі жағынан бірінен-бірі асқақтап көрінетін еліміздің ардақты азаматтары көз алдымызға елестейді. Олар Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы /«Ақиқат пен аңыз»/, Мәлік Ғабдуллин /«Тоғыз толғау»/, Махмет Қайырбаев /«Батырдың өмірі»/, Мәншүк Мәметова /«Невель түбінде»/, Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы /«Дала Мересьеві»/ атанған атақты шопан, /«Тағдырын жеңген адамдар»/ алтын медалінің екінші иегері Қамза Ақжолов /«Ғажап адам»/, жазушылар Мұхтар Әуезов /«Кездесу»/, Сәбит Мұқанов /«Танысу»/, Әбділдә Тәжібаев /«Ақын туралы очерк»/, Мұқан Иманжанов /«Мұқан Иманжаов туралы»/, Борис Полевой /«Борис Полевой туралы»/, Социалистік Еңбек Ерлері Алтынбек Дәрібаев /«Большевиктің бейнесі»/, Күләй Шарбақбаева /«Әйел тағдыры»/, Илияс Қыдырбаев /«Ағайынды екеу»/, Егемқұл Тастамбаев /«Оңтүстік»/, т.б. бұдан аңғаратынымыз, жазушының қалам алғандағы мақсатының бірі-өнегелі азаматтардың өмір жолын, елге еткен еңбегін жазып, бүгінгі күннің тарихын болашақ үшін айқындап беру. Сондықтан да кейіпкерлердің болмысын сөз еткенде жазушының басты назары рухани әлем мен жеке тұлғалардың қасиет саласына ауады. Бұл қасиеттерді ашып көрсетуде қаһарманымен жүздесіп, әңгіме-сұхбат құру барасында оның ішкі әлеміне енеді. Кейіпкерлері тарихи тұлға болған соң болмыс пен характерді шынайы бейнелеуге, сөйтіп оқырманды иландыруға баса көңіл бөледі. Осы тұрғыдан келгенде, жазушы шығармаларының документальдық тірегі болуы оның тарихи маңыздылығын арттырады» [37, 142].

Бұдан шығатын түйін Ә. Нұршайықов өзіндік көзқарас-қолтаңбасы бар қаламгер. Ел-жерді көп аралаған, әр алуан адамдармен кездескен, өмір оқиғаларын, кейіпкерлерді де ойдан емес, керісінше көптің ішінен іздеп, табады. Әр алуан көрініс жайттардан өзінше байлам-қорытынды шығарып, зерттеп-зерделейді. Жазушы шағын жанрдан көлемді туындыға дейін болашақ шығармасының дерек-материалын молынан жинап, естелік-сұхбат, хат жазбаларға да зор маңыз беріп, көңіл күнделігіне түсіре береді. Мұның соңы белгілі, ауызша әңгімеден роман-диалогқа дейін қалың көпке көркем қалыпта, жүйелі, жинақы тартымды сипат-үлгіде жетеді [37, 143].

Ә.Нұршайықов шығармашылығына, ондағы өмірлік-қоғамдық жайттардан, көркемдік-стильдік ізденістерден, қаһарманның рухани әлемінен, бейнелік сырларынан:

– ұлт мұраты, халық өмірі мен тағдыр-талайы терең танылады;

– жазушы ізденісі мен көзқарастарынан атамекен абыройы мен орны, ел-жер тағдыры,адам өмірі мен еңбегі , сезім сырлары кең көлемде көрініс береді;

– суреткер шығармашылығынан бейбіт өмір шежіресі, елдік пен ерлік мұраттары, жастық пен достық сипаттары кең орын алады;

– қаламгердің шағын жанрдан-көлемді туындыларға дейінгі еңбектерінен өмір мұраты,адам ақиқаты,гуманизм жеңісі салтанат құрады;

– жазушы еңбегі мен шығармашылық сырлары көркем образ жасау жолдарынан, баяндау тәсілдерінен, мінез қырларынан мақал-мәтелдер мен түрлі афоризм үлгілерінен, характер табиғатын ашатын диалогтар мен мінездеме портреттерден айқын аңғарылады;

– ең негізгі, Ә. Нұршайықов шығармашылығынан: адам әлемі, оның өмірі мен еңбегі, адамгершілік құндылықтары, достық сырлары, сыр сезім сипаттары кемел де көркем, жарқын да салтанатты суреттеледі [37, 146].

Негізінен алғанда, Ә. Нұршайықовтың шығармашылық мұрасы, ондағы жеке тұлғаның рухани-адамгершілік мұраттары (сипаттары) ізденіс іздерінен, дерек көздерінен, мол өмір тәжірибесінен, көркемдік шындықты арқау еткен «Махаббат жырлары», «Әсем», «Ботагөз», «Тоғыз толғау», «Автопортрет», «Екі естелік», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Өмір өрнектері», «Қаламгер және оның достары» сынды танымал туындылар табиғатынан жастық-достық сырлары ерлік пен елдік салттары, ақыл-парасат мерейі, білім-ғылым нұры, адамгершілік әлемі, тәлім-тәрбие тағылымдары т.т. оңды, сенімді суреттеледі.

Жазушы еңбегінен кеше-бүгін байланысын, адалдық пен тазалықты ту еткен – қаһарманның рухани әлемінен, достық пен махаббат мерейінен, елдік пен ерлік үлгілерінен – Б. Момышұлы, М. Ғабдуллин, Х. Ақжолов,
М. Мәметова, М. Қайырбеков, т.б. көркем бейнелері нанымды көрінеді. Бұл ретте Ә. Нұршайықов шығармаларын шолып қарасақ, онда қайсарлығы мен үлкен адамгершілігімен, жан сарайының көріктілігімен оқырман жүрегінен жылы орын алатын кейіпкер баршылық. Жазушының сүйекті де кесек сомдалған қаһармандары – Бауыржан мен Мәліктей Алатаудай алып тұлғалары мен асқақтықты танытса, Ербол мен Меңтай образды инабаттылығымен, әдептілігімен оқырманын сүйсінтеді. Хамза мен Әділжанды алсақ, бірі-мүгедек, екіншісі-зағип болса да өмірге құштар, қиындыққа төзімді, еңбек сүйгіш жандар, ал Асылгүл мен Биғайша қайырымды да қамқор іс-әрекеттерімен жағымды. Мәншүк Мәметова, Ыбырай мен Сүлейменов, Төлеген Тоқтаров т.б. бір топ майдандас достарының образдары отаншылдығымен, ел сүйгіштігімен ерекшеленеді.

Кім туралы, не жайында қалам тербесе де, деректі материалдарға, өмірдің ақиқат жайларына сүйене отырып, оны көркем сөз өрнегіне түсіру-
Ә. Нұршайықов шығармашылығының бір қыры. Кейіпкерлері көбіне тарихи тұлғалар болғандықтан, оның болмысы мен характерін қаз қалпында бейнелеуге ұмтылуы, деректі материалдарға жүгінуі шығармаларының тарихи маңыздылығын да арттырған.

Құндылығын тарихшылардың өзі мойындаған. «Ақиқат пен аңыз» деректі роман-сұхбатында отаншылдығымен, ерлігімен ел аузында аты аңызға айналған халық батыры гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының образын соны әдіспен сомдап, біртуар қаһарманның рухани әлемін жария етіп берді. Ал «Тоғыз толғау» повесть-монологінің кейіпкерлері ғұлама жазушылар
М. Әуезов, С. Мұқанов, Б. Майлин, М. Ғабдуллин сияқты халқымыздың сыйлы азаматтары болуы жазушы шығармаларының тарихилығын байқатады» [37,
148].

Жазушы еңбегінен тақырыптық ізденістер, көркем-жанрлық ерекшеліктер, характердің әлеуметтік-психологиялық аспектілері, қаһарманның рухани әлемі, ішкі монолог пен диалог табиғаты, лиризм элементтері т.т. кең көлемде орын алады. Басы, қаламгер мұратынан – Адам факторы, адамгершілігі мен әсемдігі, өмір-өнерге құштарлық, игілік пен ізгілік сипаттары, жастық, достық сыралы бар қырынан жарқырай көрінеді. «...Көбіне соның ішіне лиризм, психологизм басым» [37, 152].

Бұл- Ә. Нұршайықов шығармашылығының негізгі ерекшеліктерінің бірі.

Қ. Жұмаділов пен М. Мағауиннің тарихи романдарының қалай өмірге келгендігі, сипатталатын  оқиға, кейіпкерлер дерегін оның «Таңғажайып дүние», «Мен» мемуарынан, жарияланған шығармаларынан іздейміз. Орайлас, ұқсас сюжет, табиғаттас кейіпкерлерді өзара салыстырып байқаймыз.

Ғұмырнамалық әдебиет қазір қазақ әдебиетінде өз алдына бір жүйе болып, әдебиеті дамыған әлем елдерінде ғұмырнамалық деректі, деректі көркем шығармалар көптеп жазылады. Қазақ әдебиетінде бірінші нышан ретінде аз да, әлсіз көрініп, енді-енді күш ала бастаған ғұмырнамалық шығармалар келешегі-кеніш. Ғұмырнамалық әдебиеттің бүгінгі саяқ кезінде де, келешектегі кемел кезінде де бірқатар, бір жүйе туындылардың жуан арасында қаншама туынды көбейді.

«Роман – үлкен жолдағы айна» дегені бар Стендальдың. Ол өмір жолын, әлеуметтік тартыстар жолын, адамдар тағдырын айтып отыр. Қ. Жұмаділов қазақ халқы өмірінің әр қырын суреттегенде, үлкен айнаны романды да жақсы пайдаланады.

Творчестволық зертханаға еніп, жеке шығармалардың қалай, қандай жағдайларда туғанын қарастыру ләзім. Жазушының жоспарлары, эскиздері, аяқталмай қалған шығармалары ғылыми тұрғыдан түгелдей тексерілген кезде ғана, біз ол туралы толық түсінікке ие боламыз. Ғұмырнамалық романдардың авторлары өз өмірінен жазған шығармаларының өмірлік дерегі мен көркемдік шешімін зерттеу – ғылымға қажетті нәрсе.

 «Мен» деген үлкен философиялық маңызы, өмірлік мәні бөлек тақырыпта жазылған М. Мағауиннің бүкіл басынан кешірген, тарихтың әр түрлі кезеңін қамтитын көркем шығарманың өмірге келуі кездейсоқтықтан пайда болған жай нәрсе емес.

Бұл романның көтерген өмірлік материалдары, образ жүйелері, көркемдік тәсілдері, әдебиетіміздегі орны деген мәселелер төңірегінде бірқыдыру толымды ойлар жинақталғанмен, бүгінгі биіктен, бүгінгі өреден сол туындыларға қайта бір назар аударып, байлам жасағаны әдебиет ғылымы үшін өте мәнді мәселелердің шешімін табуына зор көмегін тигізгені анық [28, 200].

Бағамдап қарасақ, әр суреткердің еңбек стилі, шығарма жазу тәсілі әр түрлі, бұл аса ауыр, әрі қызықты жұмыс. Егер арнайы зерттесе, құнарлы тұжырым тудырар объекті болғандықтан, біз ғұмырнамалық хамсалардың шығармашылық зертханасына ерекше тоқталып отырған жайымыз бар.

Мұхтар Мағауин шығармашылығы қазақ сөз өнерінің, әдебиет ғылымының ұлттық сипатын айрықша терең танытатын ерекше тұлғалы құбылыс. Ғасырлар бойы өнерпаздардың мың сан ұрпағы жасаған шебер де әсем өрнектер, әуен – сарындар, мотив – идеялар, азуыз әдебиетіндегі тамырланып жатқан байлықтар, жазба әдебиеттегі қазыналар ұлы қаламгер шығармаларына нәр беріп, оның әсем мәдениетіне құнарлы, арналы өзен болып құйылуына жағдай жасады.

Кемеңгер жазушының сол шығармашылық жолының қалай басталып, дара  жол табуы секілді зертханасының ешкім білмес құпияларына былай өндіруіне тірек болған «Мен» романы еліміз егемендік алған бақытты дәуірімен тұтаса келді.

Дегенмен, жазушы ғұмырнамалық жанрда шығарма жазуды қолға алмақ болған ниеті бұдан жиырма төрт, жиырма бес жылдай бұрын оянған болса керек [27, 203].

Шын мәнінде, М. Мағауиннің «Алтын дәптер» деп аталатын жобасының, яғни, жазу жазылған, жазылатын дәптері осы ойларға тірек болмақ. Алтын емес кәдімгі тор көз, қарапайым қағаз әуел баста кейінгі сыртқы бетіне «Шимайлар» деп жазылған екен. Яғни, ойға келген әр түрлі шығармалардың сұлбасын байыппен, қалың әріптермен «Алтын дәптер» деп жазылған екенін айтады жазушы [27, 78].

«Алтын дәптерді» қаламгер алғаш рет 1961 жылдың көктемінде ашып, алғашқы жоспарын бейнелеген. 1-ші беттегі әуелгі үздік жазу «Өмірбай бейнесі. Практикада. Қыз». «Мен оны адам сияқты үйленбеген жігіт екен деп жүрсем..». Тұсында: 1961 – «Жаңылысу» деген таңба бар. Яғни, бұл 1961 жылы жазылған «Жаңылысу» деген әңгіменің әуелгі жан-жобасы «Жаңылысу» әңгімесіне дейін бірнеше. «Бір уыс бидай», «Тіленші», «Әйел махаббаты», бірінші әңгіме жазған М. Мағауин ол кезде өзін, қалыптасқан қаламгер деп айтады [27, 209].

Жазушының шын сыры осылай ашылғанынан оның өмір жолының қиын да қилы, шуақты да шұрайлы болғанын анық байқаймыз. Сол себепті де жазушының «Мен» ғұмырнамалық романының алғашқы кітабы «Сүрлеу-соқпақ немесе жазушының жан азабы» деп аталуы жоғарыдағы ойдың мәнін ашса керек. Қаламгердің «Алтын дәптер» жобасынан бұрын жазылған «Тіленші» әңгімешінің шығармашылық жолы күрделі болады. Мұның себебі әңгіменің тақырыбы мен идеясында болса керек. Ұлттық тұнығы бұзылмаған, ұлттық ұлы үрдістерден таза табиғи тәрбие алған жас Мұхтар Мағауиннің Алматыға білім қуып келгенде, іш тартып, өшпенділіктің ұясын жүрегіне орыстандыру саясатын көзбен көріп, қорлықтың шет жағасын бастан кешіреді. Саясат пен өкіметтің сөзі мен ісі екі бөлек, аз ұлттар көрген отарлау мен рухани қанаудың бұғауынан халқын, тілін, ділі мен дінін, салт-дәстүрін сақтап, сол жолда күресуді өзіне негізгі, түпкі мүдде етіп бекітеді, сол жолда бар ғұмырын сарып етуге бекінеді. Бұлар өте күрделі мәселелер еді, әуелде нақты шешімін таппаса да керек, бірақ бұғана бекігеннен соң жиырма төрт-жиырма бесте жазылған «Қобыз сарынын» айтпағанда, таза жазушылық жолға түскен «Тазының өлімі» мен «Көк мұнардан» бастап, «Көкбалақ», «Жыланды жаз», «Аласапыран», «Шақан – Шері» және Совет дәуіріндегі қазақ прозасының ең соңғы туындысы – империясының түбіне жеткен 1991 жылғы тамыз бүлігінен үш күн бұрын «Сары қазаққа» дейінгі аралықтағы ең негізгі, ең тәуір шығармаларының бәрі де отаршылық жүйеге қарсылық көріністері болып табылады.

 «Алтын дәптер» – 1964 жылғы жазбалар турасында бастаған негізгі мәселеге келсек, «Қобыз сарынына» қатысты көне әдебиетті зерделеу және монографияның өзін жазу үстінде, әуелгі балаңқы ой, үстірт әсерден туындаған тарихи трилогия сол ойда тұрған қалпы арада бір жыл өтпей мансұқ болады. Және де, ескі заман, негізінен ХІХ ғасыр мінезіне, оқыс оқиғалар, өзгеше адамдар төңірегінде құрылмақ «Ескілік көлеңкесі» деген әңгімелер кітабы да жүзеге аспайды. Жазушының ескі жыраулар мұрасына жол ашқан 64 жылы проза жасалмайды. Бірақ көңілдегінің бәрі көмескіде  қалмайды. Сол жылы ойластырылған «Көк мұнар» романы 1971 жылы жазылады. «Нар – қызыл. Бәйге ат трагедиясы» деп, бір-ақ ауыз сөзбен белгіленген хикаясы арада он бес жыл өткен соң, 1979 жылы қағазға көшіпті.

«Алтын дәптер» – 1965 туралы мана, жөнекей ескертумен шектелдік, «Аласапыран» аян түсті дедік, яғни, бұл тараптағы негізгі әңгіме – алда. Бұл жылдары «Қобыз сарыны» тәмам болды, талқылау – қудалауға ұласады. Жас ғалым бұл уақыттарда аспирантураны бітіріп, жұмысқа орналасады, зерттеудің негізгі деген тұстарын баспасөзде жариялауға уақыттың көбін арнайды.  Мұнан кейінгі өмірдің біразын жазушы диссертация қорғау машақатына  оздырады. Ол кезде тың, саяси талапқа қайшы болып табылатын ғылыми еңбекті жазып және оны қорғау М. Мағауин үшін кандидаттық дәреже алу үшін емес, қазақ хандығы дәуіріндегі жасалған белгісіз мұраны қатарға қосу, ұлттық әдебиеттің арғы тарихын негіздеу болатын. Үлкен мақсат көп кедергілерге кездесіп, ақыры тура жиырма екі ай өткенде, 1967 жылдың наурызында Қазақ университеті филология факультетінің Ғылыми кеңесінде ресми қорғаудан өтті. Аруақты бабалар қолдаған М. Мағауиннің қиын да күрделі ғылымдағы жолының даңғылы  ашылғандай болып, оны әлі де күрделі мәселелер күтіп тұрған еді. Өмірде кездесетін кездейсоқтық пен салдардың нәтижесінде болып, оның көбісі қаламгердің өмірде қиналуы мен қуануына тікелей әсері болғанын да өмірде болған көптеген оқиғаларды да әсем етіп композицияға ұластыра білген. Мұның тұсында жазушы жоспарына енген «Ақжалға кеткен Сейіттің баласы» – арада жиырма жыл өткен соң, 1988 жылдың қаңтарында жазылды.

Тағы бір әңгіме мен бір хикаясы бұдан ертерек жүзеге асты. Ал әйтеуір  жөн-жоба емес, нақты көрінген екі роман да тоқырап тұрады.

Мұның біріншісі – ХVІІІ ғасырдың 50-жылдарын қамтитын көлемді тарихи шығарма, «Аласапыраннан» бұрын жазылуға тиіс еді, кейін шегінді, одан соң араға Ораз-Мұхамед заманындағы Қазақ Ордасы туралы тағы бір роман салып жазбақ болады, оның да орайы түспеді, сөйтіп, ерте жоспарланған, әуел бастан аса мәнді саналған ең көлемді дүниелерінің бірі әзірше жүзеге аспай жатыр. Тіршілік болса, жазармыз деген үміттен арылмайды.

Сол жылы жобаланған екінші роман күрделі ғана емес, шатақ еді. Тұспалмен белгіленген: «Бір әулеттің тарихы 1905-1975 ж. Оқыған бұтағы:
Б тағдыры; Ш тағдыры құрып бітеді. Оқымаған бұтағы: Мамай, Мұрат тағдырлары; Едіге. Роман. 30-бет» деген санаулы сөзге көп мағына жүктелген. Бұл романда ұлттық жаңа замандағы қайта ояну кезеңі, Алаш қозғалысы, террор мен репрессия, 32-жылғы ашаршылық, әлемдік соғыс зардабы, «тың  көтеру» отаршылдығы-үш ұрпақ тағдыры арқылы ғасырдың әуелгі үш ширегінде болған күрделі оқиғалар, ғаламат апат сипатталуға тиіс еді; ең соңында ұлт болашағында жарық сәуле көрінбек. Көлемі отыз баспа табақ деп мөлшерленген роман, жаза қалса, елуге жетіп жығылар еді [27, 211].

Жазушының «Алтын дәптер» жобасында жоспарланған шығарманың бәрі бірдей жазылмаған. Оның себебі әр түрлі ғұмырнамасында жазушылық ұстанымына адал М. Мағауин шығармалардың өмірге келмеуінің себептерін де баяндап отырады.

Ескі жыраулар мұрасына жол ашқан 1964 жылы проза жасалмайды. Бірақ көңілдегісінің бәрі көмескі де қалмайды. Сол жылы ойластырылған «Көк мұнар» романы 1971 жылы жазылады, «Нарқызыл. Бәйге ат трагедиясы» деп, бір-ақ ауыз сөзбен белгіленген хикаят арада он бес жыл өткен соң, 1979 жылы қағазға көшеді. «Алтын дәптер» – 1965 туралы жөнекей ескертумен шектеледі, «Аласапыран» аян түсті дейді, яғни, бұл тараптағы негізгі әңгіме – алда. Бұл жылы жазушы «Қобыз сарынын» тәмамдайды, талқылау – қудалауға ұласады, зерттеу еңбектің негізгі тұрғыларын жариялайды және ағымдағы баспасөз бетінде түгелге жазық әңгімелеуге негіз жасайды, – жаңа прозаға жазуға мұршасы келмейді.

Десе де, жаңа, 1968 жыл жазушының жеке өмірі мен шығармашылығына мол табыс алып келген сәтті кезең болады.

Мұның біріншісі – ХVІІІ ғасырдың 50-жылдарын қамтитын көлемді тарихи шығарма, «Аласапыраннан» бұрын жазылуға тиіс еді, кейін шегінеді, одан соң араға Ораз Мұхамед заманындағы Қазақ Ордасы туралы тағы бір роман салып жазбақ болады, оның да орайы түспейді, сөйтіп ерте жоспарланған, әуел бастан аса мәнді саналған ең көлемді дүниелерінің бірі әзірше жүзеге аспайды. Тіршілік болса, жазылар деген үлкен үміттен жазушы арылмайды.

Қаламгердің қырық жыл бойы тапқан барлық шығармашылығына өріс болған «Алтын дәптердің» 1969 жылғы алғашқы бетінде бұған айқын мысал ретінде «Тазының өлімі» әңгімесін ерекше атап өтеді.

       «Алтын дәптердің» куәлігіне қарағанда, 60 жылы ойластырылған. Бір арқардың өмірі. Қазақтың даласы – табиғаты, аңы мен адамы... Өтіп бара жатқан өмірдің бір көрінісі [27, 345].

Қаламгердің алғашқы проза жинағы баспа жоспарына осы, жазылмаған хикаясы атымен ұсынылған екен.

Мұның біріншісі «Қазақ даласынан, Ноғай ордасынан Қазанға кеткен көмекке келген жасақтар. Нәзік ұлдарының тағдыры. Ұрыс қимылдары. Ең ақырғы қақтығыс. Бір адам онға қарсы соғысқан осы шайқаста Қазан хандығының тарихы, тағдыры, жалғыз Қазан ғана емес, бүкіл Орталық Азияны мекендеген түрік халықтарының тағдыры шешілген еді.

Екіншісі: «Доспанбеттің ақырғы күні. Астраханның алынуы, қала сыртындағы қырғын. Қайта бірігу туралы ойдың біржола жерленуі. 

Яғни, ойластырылған, бірін – ертең емес, әйтеуір бір кезде жазылуға тиіс екі хикаят та біздің мемлекетіміздің ортағасырлық тарихындағы бетбұрыс, ауыртпашылық кезеңдеріне арналыпты.

Енді тағы бір белгі: «Абай туралы биографиялық роман. Ақын және қоғам». Бұл да замана туралы шығарма болуға тиіс еді. Мұхтар Әуезов Абайынан басқарақ бітімдегі ұмтылыс, қайраткер Абай.

«Алтын дәптер» 1971 жылдың басындағы алғашқы таңба, «Сәкеннің өмірінің соңғы сағаттары». «Болмасқа болып, қара тер», «Қорлықпен өткен өмір...»

Бұл жолдағы жоспар Сәкен Сейфуллинді итке талатып өлтіріпті деген сөзге орай жазылғанын айтады. Аяушылық сезімнен емес, Алла мен тобадан дейді. Сәкен Сейфуллиннің ұлтшыл идеяға онша көне бермейтін, пенделік тіршілігі туралы баяндағысы келген жазушы бұл шығарманы жазбайды, «Ойша жазылды» деп біліңіздер дейді [27, 362].

Қаламгердің жиырма мен отыз жасының арасында жүзеге аспаған қаншама туындыларын айтып отырады. Бұлар – әуелгі жобалар. Одан бергі ширек ғасырдағы тағы қаншама хикметтер болған. Орайымен жазыла қалған әрбір шығармада, әр түрлі себеппен жазылмай қалған он шығарманың аманаты бар. Біз сол жүзеге аспаған шығармалардың рухымен жазушы болдым дейді. Хеминуэйдің атақты Айсберг теориясын басқа тұрғыда көшірсе, жазушының жүзеге асқан шығармаларын – Мұхтардың үстіңгі, сегізден бір ғана бөлігі, оны  мұхит айдынында көтеріп тұрған сананың терең түкпірінде қалған, тар заманда жарыққа жол таппаған, енді уақыттың жылы ағысымен жиектей мүжіліп жатқан кесімді сағатында еріп бітіп, жазушының өзінің ішінде кететін, жазылып үлгермейтін ең асыл туындылары деп біліңіз.

Жазушының «Алтын дәптеріне» 1974 жылы Жәлел-әд-Дин Сұлтан туралы ғұмырбаяндық роман жоспарланыпты, 90-жылға таман жазылады», – деген ескертпесі бар. Бұдан басқа екі хикаят, бір әңгіменің сұлбасы тұр.

«Шығармашылық ғұмырдың не бір сүрлеу соқпағынан сүрінбей, жығылмай, мұқалмай, шаршамай өтіп, қазақ ұлтының классикалық әдебиетінің негізін салуға аянбай тер төккен Мұхтар Мағауин шығармашылық зерханасын  зерттегенде, жазушылық өнердің тың құпия-сырларына қанығамыз. Қиын- қыстау кезінде жазушыны алып шыққан не? деген сұраққа жазушы: «Мені шаршатқан,  қажырымды қайтарған – өсек-аяң емес, сауатсыз сын да емес, тіпті соңғы екі кітаптың қиын тағдыры да емес, басқа нәрсе болатын. Остап Бендер айтқандай, осы шаруалардың тұсында мен адамға деген сенімнен айрылдым және сезіміме қылау түсті. Төлеміне миллион алған жоқ, керісінше, миллиондарды қоса бердім. Ал қаламгердің сабақты жіптік сезімі бар шығармасының болат арқауы, иненің жасуындай сенімі берік тұруы, боран мен тұманның өзінен көктей өтетін құдіретті сәуле, адастырмас жолбасшы-тас үстін, торапты құбыла-нама» [27, 379].

Халқымыздың рухани дәулетіне эстетикалық жаңа байлық мол қазына қосып, елінің махаббатына бөленіп, аты аңызға айналып, туындылары тұғырға көтерілген қазақ әдебиетінің ардақты есімдерінің бірі – Қабдеш Жұмаділов екендігі қазір көпшілікке аян шындық.

Халқымыз басынан кешкен  қилы жол, тайғақ кешу, тас босаға тар өткелдердің трагедиялық оқиғалары, ел қамын жеген, ойшыл даналар, жұртын сүйген,  жүректі батырлар образдары, әр дәуірде әлеуметтік күрес сахнасына шыққан хандардың, айыркөмей, жезтаңдай билердің, қилы-қилы көзқарас өкілдерінің бейнелері, халықтық бірлік елдік ұйытқы отансүйгіштік, патриотизм сарындары-осылардың бәрі жанды түрде тұтас келіп, Қабдеш Жұмаділовтің тарихи романдарының идеялық-эстетикалық сапасын, поэтикалық, жанрлық қасиеттерін құрап, олардың әдебиетіміздің төріндегі орнын белгілесе керек [24, 353].

Кешегі социалистік режимнің қатал ұстанымдарын шет елде, шет жерде жүріп көрген, өзің туып өскен елдің өгей ұлы болып, шекараның арғы бетінде ер жетіп, ес білген Қ. Жұмаділовтің шығармашылық жолды таңдауының өзі үлкен  образдар жүйесі мен қомақты өмірлік материалдарды жүзеге асырып көркем шығарма жазуында үлкен арман ізгі үміт жатқанына шүбә жоқ. Қиын-қыстау заманда қазақ жастарының көркем өнерге деген құштарлығы мен таланты терең толғаныспен шығармаларында баяндалуы қаламгердің өзі ғана емес айналасы жастардың талантынан да мол хабар береді.

Ғұмырнамалық және тарихи тақырыптарға бару Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романын жазуына алып келеді. Мұның алдында «Соңғы көш», «Дарабоз» жазылды.

Қазақ әдебиетінде болған оқиғаны суреткер белсенділігінің, жазушы батылдығының куәсі, халықтық принципті берік ұстанып жазған тарихи романдары Қабдеш Жұмаділов есімін оқырман махаббатына бөлеп, әдеби-сын назарын оның шығармашылығына күрт аударды. «Соңғы көш» романы Мемлекеттік сыйлықты алды. Тарихи тақырыпты көтерген «Дарабоз», «Сәйгүліктер» романдары. Бұл романдар «Жұлдыз» журналында жарық көріп, бірнеше тілдерге аударылды. Кітаптардың бәрі де сынның, оқырманның талқысынан түсіп жатыр, шет елдерде аударылып жатты.

Кейінгі Кеңес үкіметінің саясаты шекараның арғы шетіндегі қазақтардың өміріне әсері, екі алпауыттың Қытай мен Орыстың қысымы бұрын соңды қазақ әдебиетінде сөз болған емес-ті. Белгілі жәйттерді қайта айтатын нәрсе емес, қиын психологиялық шығармалар, санадағы эволюцияны, ауыр трагедияны тарихи оптимизмді бейнелейтін туынды қажет еді. Суреткерлік позиция, соқыр сүрлеуге түсіретін қиын объектіге Қабдеш Жұмаділов оңтайлы бір қырынан келген.

Әлеуметтік әр түрлі топтарды қамтитын көп салалы, тоқсан тоғыз тараулы роман емес, кейіпкерлері өз тартысы жинақы, өткір идеялы шығарма жасау мақсаты алға қойылған.

Қазақ прозасының ішкі структурасы, жанрлық формалардың дамуы, өзгеруі, жаңаруы туралы әлі айтылмаған тұжырымдар көп. Халық фольклоры  мен проза ортасындағы байланыстың өзі қат-қабат. Бір қарағанда, көз шалынатын фольклордағы қалыптасқан сөйлем жүйелерін, тұрақты сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді, оралымдарды пайдалану, дайын сюжеттік арнауларды, образ қалыптарын алу өз алдына, бүгінгі әдебиеттің ішкі тынысынан әсер етіп отырған іргелі фольклор бар. Қазіргі қазақ тарихи романының жанрлық формасын әдеттегі еуропалық конондармен білу, бағалау қиын, оларды деректі тарихи роман, роман-хроника дегеннен гөрі ұлттық әдебиеттегі жаңа жанрлық роман-шежіре деп тану ақиқатқа жақын келеді.

 «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық роман ғана емес, Қабдеш Жұмаділов шығармашылығының тұтас зертханасы деп айтуға әбден болатын туынды. Балалық шақтан басталып баяндалатын оқиғалар тізбегі жазушының алпысты алқымдаған кезеңін тұтас қамтитын өмірдің өзінен тұрады. Алғаш рет өмірге деген түсінік танымы боз биенің сойылу сәтінен басталса, шығармашылыққа деген құмарлық нағыз қазақы ортадағы аңыз әдебиеті үлгілерінің озық үлгілерінен дастан, қисса, жырлар мен толғаулар, айтыстар мен ертегі, аңыздар тыңдаудан басталғаны анық [24, 410].

 «Шыңжаң  газетінде» ай сайын басылып жатады. Қашан да қатардан  қалғысы келмейтін намысқой жас Қ. Жұмаділов әрі барлық сабақты беске оқып, қатарының алды болған озат оқушы енді ақындық өнерді игеруге бар ықыласымен кіріседі.

Алғашқы қадамымның бірден жақсы стартпен басталуы көңіліме зор сенім ұялатты. Өлеңді енді өндірте жазатын болдым. Сол алғашқы өлеңнен кейін, мен үшін газеттердің есігі айқара ашылды. Аймақтық, «Тарбағатай газеті» мен өлкелік «Шыңжаң газеті», жаңадан шыға бастаған «Шұғыла» журналдарына үзбей жазып тұрдым. Бірақ бұл кездегі өлеңдер уақыт талабынан, газет сұранысынан көп ұзамайтын, болсақ дүниелер еді», – деп еске алады қаламгер.

Жалпы, қаламгердің гимназияда білім алған жылы алғашқы шығармашылық жолының осы ортадан бастау алған үлкен өсу мектебі болады. Негізінен, жас ақынның прозаға келуіне даңқты жазушы Қажығұмар Шабданұлымен кездесіп, жақын танысып білісуіне «Бақыт жолында» деген әйгілі көркем повесін оқуы әсер етіп, ендігі жерде жаңа бір серпіліс, яғни прозалық шығарма жазуға деген ойға жетелейді. Бұл турасында жазушы ғұмырнамасында былай дейді:

«Қожығұмырдың жазда айтқан кеңесі әсер ете ме, маған енді проза жанрында да қалам тербеп көрсем деген ой келді. Басында ойға оралған тақырыпты қалай жазарымды білмей қиналып жүрдім. Оқиғаны суреттеп жазып та көрдім Бірақ, оларым өзіме ұнамайды бәрі өтірік сияқты болып көрінген соң, жыртып тастадым. Өлең деген ешқандай дайындықсыз-ақ,  ойдан туа беруші еді,  проза дегеніміз оңай көрінбейді екен. Көркем проза мен өлеңнің айырмашылығына енді ғана шындап ой жүгірте бастадым» [24, 411].

Роман – тұтас дәуірдің көркем бейнесі,  көкжиекті елде болса, әңгіме сол көркемдік әлемнің бір бөлігі десек, өмірді әбден зерттеп танымай тұрып, кейіпкеріңді көз алдыңа айқын елестетудің өзі, қолға қалам алу мүмкін емес.

Әңгіме «Жамал» деген атпен 1956 жылы «Шұғыла» журналының  бірінші санында жарық көрді. Бұдан кейін жазушы прозалық шығарма жазуға асықпағаным, себебі алғашқы осы шағын әңгіменің өзі қаламгерге үлкен дайындық керек екендігі туралы ойлады.

Мұнан кейін жазушының шығармашылық жолы өзінің туған жері Қазақстанда жалғасады. Қазақтың Ұлттық Университетінде білім алып жүрген жас жігіт әдебиетінің небір майталман ғалымдары мен қаламгерлерінен білімнің нәріне қанығып, шығармашылықтың әдіс-тәсілін, жанрлық ерекшеліктерін терең танып біледі.

Алғашқы шығармалар жинағы «Тұңғыш кітап» деген сериямен «Жас дәурен» деген өлеңдер топтамасында жарық көрсе, кейінгі әңгімелер жинағы «Қаздар қайтып барады» деген атпен басылып шығады. Мінекей, осылай жазушының арманы үлкен ағыстың өзін табады. Бірақ, Ә. Нұршайықов,
М. Мағауин көрген шығармашылықтың шырғалаң жолы Қ. Жұмаділовті де айналып өтпейді. Өз кезегі келгенде Қ. Жұмаділов те себепті де себепсіз, оңды-солды сын мен кедергіге көп ұшырайды [39, 56].

1968 жылы әңгімелер жинағы, 1969 жылы «Көкейтесті» романы жарық көрген қаламгердің дарыны әдеби қауым мен оқырманнан жақсы бағасын алады.Өмірдің өзінен аталып алынған бұл шығарма жазушының өзі жақсы білетін бір жігіттің өмірінің шындығы, шыралаң тақырыбы бейнеленеді.

1970 жылы жазушы үш үлкен үміт пен арманның мәресіне жеткен кезі болады. Себебі сол жылы өз өмірін өзек еткен «Соңғы көш» романын жазса, жазушылар одағы мен Компартия мүшесіне берілген құжат қолына тиеді.

Цензураның қырағы көзіне Қытай Республикасынан келгендігі мен ұлтшылдық идеясын анық білдіретіндіктен, Қ. Жұмаділов ерекше бақылауға алынады. Орталық Комитеттегі қырағы көз, әсіресе, коммунистер Есет Әукебаев және бас директор Әбілмәжін Жұмабаевтар жан-жақтан қысым жасаса, әрине редактордың орынбасарлығын атқарып жүрген Қ. Жұмаділовке роман жазу оңай шаруа болмайды. Ендігі жерде жазушы уақыт пен ортаның ыңғайына  қарай  еңбектенеді.

 «Таңғажайып дүние» романының «Самғау» деген тарауы Қабдеш Жұмаділовтің тек шығармашылық зертханасының ерекшелігін ғана емес, жалпы жазушының шығармашылық өнер, психология, философиялық жақтарына деген өзіндік қалам ұстанған тәжірибесінің де қорытынды түйіндерін айтады, жан-жақты талдап, мысалдармен дәлелді көрсетеді [24, 623]. Жазушының өнерді жан-жақты меңгерген, білімділігі мен біліктілігін арттырып, көп жылғы тәжірибенің нәтижесінде, мұнан кейінде «Тағдыр», «Атамекен» романдарды жазады. Көптен бері қаламгердің көкейінде жүрген үлкен бір тақырып – тарихи шығарма болатын.Жазудың қиындығын оңайлатқан бір жайларды да жазушы шаттана сөз етеді. Ол дегеніңіз қоғамда да, саясатта да жаңа бір жариялылықтың лебі келіп, ақ дақтардың ашылып, тарихи тақырыпқа кең жол ашылған кезең еді. Ештеңеден жасқанбай, көсіле жазуға мүмкіндік туады. Материалдан да тапшылық көрмеген жазушының роман оқиғасын өмірі із түспеген тұтас бір дәуірден ойып алуына тура келеді. Мүмкіндіктің бәрін сәтті пайдаланған жазушы шығарманың мазмұны ғана емес, форма, стиль жағынан да кемелдікке ұмтылады. Прозадағы табиғи үйлесім, формалық тепе-теңдік дегендер де толық ескеріледі. Роман төрт бөлімнен, қырық тараудан тұрады. Әр бөлім – он тарау. Сөйтіп, «Тағдыр» романы қай жағынан алсаң да ешкім дау айта алмайтын дәрежеге жетеді.

Қабдеш Жұмаділовтің суреткерлік қалыбындағы атап айтарлық тағы бір ерекшелік, оқырмандарын өзі алдын-ала психологиялық тұрғыдан дайындап алуына тура келеді. Мәселен, Қытай мемлекетінде қазақтар барын, онда өзгеше өмір қалыптасқанын біле бермейтін қалың жұртшылықты көшпенділердің соңғы ұрпақтарының тыныс-тіршілігіне бойлай ендіруіне тура келеді.

Қазақ әдебиетінің тарихында үлкен орны бар, тарихи тақырыпты игеруде шығармашылықтың өзіндік мектебін қалыптастырған Қабдеш Жұмаділовтің жазушылық өнер туралы айтқан ой толғаныстары да қаламгерлік өнердің пәлсафалық негізін біліп, тануға септігін тигізетін ғылыми-теориялық маңызы зор еңбек болып табылады.

«...бодан елдің жазушысы арқалаған жүк-басқа жұрттың жазушыларынан әлде қайда ауыр деген сөз. Ұлт азаттығы үшін, оның тілі мен ділі үшін күресетін де, қуғын-сүргін, репрессия бола қалса, алдымен құрбандыққа шалынып, басын беретін де – сол жазушылар. Ал, адамдар соны біле тұра, осы бір қатерлі жолды неге таңдайды? Біздіңше, оның әр түрлі себебі бар.    Біріншісі – бойға біткен талант ырық бермей, осы жолға еріксіз итермелейді. Екінші себеп – өз халқына деген шексіз сүйіспеншілік. Ұлтын шын сүйген адам ғана осындай құрбандыққа бара алады» [24, 143].


2.2 Ғұмырнамалық романдардағы өмірлік деректен туындаған пәлсафалық ой- тұжырымдарының  көркемдік сипаты

Қазақстанның халық жазушылары, әдебиет – сөз өнерінің майталман білгірлері Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің шығармашылық зертханасына ерекше назар салып, олардың өзіндік ерекшеліктері мен шығармашылық тәжірибелеріне зерттеу жүргізгенде, шығатын қорытынды біреу ғана екеніне көз жеткіземіз.

Жазушылық о баста табиғат берген, туа біткен қасиет болғанымен, шын шеберлікке азапты ауыр еңбекпен, мол тәжірибе, машықпен жетесің. Бірақ ол тәжірибе артқан сайын шығарма жазу оңайлай береді деген аз емес. Жазушылық өнердің және бір ерекшелігі, ол – жалғыздың кәсібі. Гомер заманынан бері уақытқа бағынбаған, еңбек құралы өзгермеген, бірден – бір көне кәсіп те – осы жазушылық. Қазіргі техника дамыған, өркениеттің уақытында да жазушының құралы қалам мен қағаз. Жазу өнерінің өзге кәсіп секілді оқып, дайындап үйрететін мектебі жоқ, әлде кімге мұраға қалдыратын қолмен ұстап, көзбен көретіндей қасиеті де жоқ, тылсым өнер.

Шын  суреткер әдебиетке өз өмірбаянымен келетіні, өмірбаянына орай төл тақырыбын ала келетіні белгілі. Жазушының концепциясы, стилі, қолтаңбасы дегендер осы тақырыбы ерекшелігінен туындайды. Алайда, сол тақырыпты игерудің өзі біркелкі болмайды. Кейде болашақ шығарманың материалын  тынымсыз ізденіс үстінде, тарих қойнауын ақтарып жүріп табатын болсаң, енді бірде тағдырдың асау толқыны сені өзімен бірге дөңгелетіп алып кетеді де, біз қарастырған шығармашылық иелері Ә. Нұршайықов, М. Мағауин,
Қ. Жұмаділовтердің ғұмырнамалараның шығармашылық зертханасының бір – біріне өте ұқсас болумен қатар, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар екенін көреміз. Бұл үш ғұмырнаманыңда бас идеялары – автор – кейіпкердің көтерген тақырыптарына орай беріледі. Зерттеу нысанамыздың негізгі мақсаты дерек пен  көркемдік шешімнің арасындағы суреткерлікпен шеберліктің берілуінің мәнін ашу болатын. Ғұмырнамалық шығармаларда «мен» ұғымын, яғни бірінші жақтан баяндауды жоққа шығара алмаймыз. Себебі, мұнда баяндалар барлығы автордың тікелей басынан кешірген немесе автор қатысып, басы – қасында оқиғаның болған деректерден алынады. Орыс әдебиетінде мемуарлық жанрға үлкен үлес қосқан М. Горькийдің өмірде ұшырасатын әр түрлі адам типтерінің ғұмырнамада болуы орынды екендігі туралы айтқаны: «Адамдардың  түрлі – түрлі болатынын білеміз, мынаусы – мылжың, анаусы – сөзге сараң, мынаусы – мазасыз әрі дандайсыған, анаусы – өзіне – өзі сенбейтін, ұялшақ, әдебиетші сараңдардың, пысықтардың, энтузиастардың, мансапқорлардың, қиялшылдардың, дөң мінездің, еңбексүйгіштердің, жалқаулардың, ақкөңілділердің, қаскүнемдердің, бүкіл дүниеге селсоқтардың т.т. осындайлардың бас қосқан, алқа – қотан ортасында өмір сүретін сияқты», – дейді [30, 89].

Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің ғұмырнамасындағы автор-кейіпкерлер де шарлаған өмір торабының барлығында да осындай алуан мінезді адамдармен қатысты болып, соларды көреді, жазушы тек саяси идеологиялық жағынан емес, өз өмірлерінде аса бір маңызды мәселелер кезінде біліктілік пен адамгершілік танытқандарымен қатар, күншіл, кекшіл, қиқар мінезді жандардың тіршілігін толығымен танытады. Авторлардың шығармаларының тақырыбы, жанры, концепциялары ортақ болғанымен, өмірлік жолдары, шығармашылық танымдары әр түрлі болуы себепті өмірлік деректі көркем бейнеге айналдыруларында да белгілі бір дәрежеде айырмашылықтары кездеседі.  

Ә. Нұршайықов, Қ. Жұмаділовтер ғұмырнамасында шығармашылық жолды баяндаудан гөрі өмір жолын бейнелеу жағы басым келеді. Мәселен, бұл туралы ойын Ә. Нұршайықов былай деп тұжырымдайды: «Менің замандастарым» өмірбаяндық романы үш кітаптан тұрып, өзімнің отыз жылдық өмірімді қамтуға тиіс еді. Бүгін,ауруханада жатып, аяғын қасымдағы әйелім Халимаға ауызша айтып, (диктовать) етіп, екінші кітаптың соңына нүкте қойдым. Бұл екі кітапта алпысыншы, жетпісінші жылдар оқиғалары қамтылды. Үшінші кітап сексенінші жылдарға арналып,менің роман-диалогым «Ақиқат пен аңыздың» бас кейіпкері Бауыржан Момышұлына 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілу салтанатымен және менің Қазақстанның халық жазушысы атағын алуымен аяқталуға тиіс еді. Ол мақсаттың орындалу, орындалмауы денсаулыққа байланысты. Осы ақпанның төрті мен жиырма бірі арасында тура он рет өліп, тірілгендей болдым. Әйтеуір, дәрігерлер аман-есен алып қалды. Ар жағын бір тағдырдың өзі біледі. Әзілхан Нұршайықов. 23.02.1994 жыл [38, 332].

М. Мағауинде бұл ұстаным мүлде басқаша, жазушы оқырманына шығармашылық өнердің қиындығы мен жүзеге асу процесінен мол мағлұмат беруді көздесе керек. Сондықтан авторлардың бейнелер объектісінің
Ә. Нұршайықов пен Қ. Жұмаділов топтасып келу жағы басым болса,
М. Мағауинде даралап көрсету басым.

Бұл бір жағынан тағдырлары талай тығырыққа тірелген дүрбелең кезеңге өмірлері тап келген Ә. Нұршайықов пен Қ. Жұмаділовтің ғұмырлық жолдарына сай алынса керек. Жазушылар сол кезеңдегі деректерді оқиғалар көлемінде алып, өздеріне қатысты жағдайларды жан-жақты бейнелейді. Мемуарлық шығармада образдарды ұлттық характерімен жетілдіріп, келтіріп отырған жазушылардың өздері де, өз халқының ұлттық кескінін өзі арқылы да көрсетеді.

Осы арада мемуар авторларының ұлттық характермен көрінуі де жай шығарма жазушылардан басқаша бояулылау. Олар – біріншіден жазушы ретінде көзге түссе, енді, екіншіден, кейіпкер қатарында байқалады.

Жазушылар өмірде болған адамдарға типтік келбет бергенде, оның мазмұнына белгілі идея ұсынады. Ол идеяның өмірде болған жайлардан туындағанына сөз жоқ. Әрине, жазушы кейіпкерлерін басынан кешірген өмірлік ситуацияларға бейім қалпында суреттеп алып келеді. Зерттеушілер
Ю.Опелянский мен К.А.Федин: «Алайда, тіпті өмірбаяндық туындылар мен құжаттың тарихи романдарда уақыттық жылжуларға, әр түрлі адамдарға тән қасиеттердің бір ғана кейіпкердің бойына жинақтауға жол беріледі                  [40, 93], – дегені осы ойларымызға дәл келетіндей.

Образға айналған өмірдің қарапайым адамдары енді бір жағынан, автордың идеясын алған, алып барушы да болады. Автор ол бейнелерге еш те селқос қарай алмайды; енді әр бейне автор өмірі мен қоғам, әдебиет, мәдениет ісіне қосқан үлесімен суреткерге тікелей қарым-қатынасы арқылы бейнеленіп, баяндалмақ. Осы контексте өмірдегі жан ойлауы мен мемуардағы бейне ақыл–парасаты автор идеясымен қабысып та қалатыны фалсапа емес.

Мемуарлық шығарма кейіпкерлерінен де авторды көреміз. Шығармада жазушы кейіпкерін шығармаға енгізуші ғана емес, олардың әр қайсысына өз бағасын, үкім парасатын айтушы ғана емес, әр қаһарманның өмірін өз басынан өткеруші, соларша сөйлеп, соларша өмір кешуші де. Және жазушы кейіпкерлері арқылы бүкіл қоғам жөнінде ой толғаушы да. Осы жайлар авторды атшыл да, бейнешіл деп  те танытады. Сондықтан да «Идея кейіпкерге айналуының өзі – нағыз искусство» деген Бальзактың сөзін келтіреді.

Тарихи тақырыпта, деректі, документті шығарма жазудың ерекшелігі, өз амалы тәсілі, бары айтпаса да белгілі кезеңде,нақтылы дәуірде өмір сүріп, ғұмыр кешкен адамды қалай көрсету қажет? Мұнда, ең алдымен айтылар жай сол кесіп-пішіп қойған, тұп-тура мына үлгіде болу керек деген шартты нұсқа, өлшем жоқ. Әрине, тарихшы жазса, ол өзі алған белгілі адам өмірін бүге-шегесіне дейін қалдырмай, ай-күнін, жылын көрсете отырып баяндайды. Ал, нақ сол адамды жазушы жаза қалса, ол ең алдымен өзіне кірген, өзі жазбақ, көрсетпек болған бағыт-бағдарына лайықтап, ерендеп, екшеп, талдап, там- тұмдап алады.

Біз қарастырып отырған ғұмырнамалық роман жанарындағы өмірлік деректің көркем шешім табуы көбіне жазушының суреткерлік шеберлігінен гөрі оның негізгі идеясынан, қаламгерлік мақсат-мүддесінен туындайтын болса керек. Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтер ғұмырнамалық роман жазуда бұл жанрдың ерекшеліктерін жан-жақты ескерген. Сол себепті де олар өмірлік деректің бәрінің ізімен бірыңғай жүріп отырмайды. Бірақ олар  одан оғаш, мүлде алшақ кете алмайды. Сол өзі жазып отырған тарихи адам өткен орта, уақыт, адамдар, замана көлемінде, соның шеңберінде жүріп, өзі алдына қойған мақсатты бетке ұстап, тек өзі бетке алған нысанға қарай жүреді. Демек, жазушылар жалған жазбайды, жанынан ештеңе қоспауы да мүмкін, сондай-ақ, ол адам өмірін жіпке тізгендей, байқашағына дейін шағып көрсетуді міндет етіп алдарына қоймайды. Олар өздеріне керек деректі алады. Сол алған деректің өзін идеясына, алған мақсат-мұратына бағындырып алады, соған үйлестіреді. Мемуарлық шығармалардағы бір ерекшелік – оның негізгі сюжет жемісінің құрылымы сондағы бейнелер адамдар мен олардың іс-әрекетінен түзілмей, олардың бәрінің куәсі болған, сол сан уақиғаның нағыз ортасында сезінген жазушының автор – кейіпкерлік өмір жолының болуында. Негізгі сюжеттен таралатын ірілі-уақты көп сюжеттердің де болуы –  мемуарлардың баршасында да дерлік біткен жай. Негізге шырмала өскен сюжеттер бір емес, әлденеше болады. Сан сюжеттердің шекарасы көзге айқын – ақ турады. Олардың бәрі өз шегіне жетіп, аяқталса, енді бірі сол аяқталған оқиғалардан бастау алып, өрбіп жатады. Бірінен соң келесісі басталатын ұзақ сюжеттер көшін өрбітіп отыратын бір ойлы ұзақ ырғағы бар. Ол жазушы кейіпкер өткерген жол ізі және оның бет алысы. Бас сюжет деп отырған негізгінің өзі де осы мемуардағы ұзын жоталы өрлеулік «лирикалық сюжет». Әрине, ол – «адамдар арасындағы арақатынастардың, байланыстардың, қайшылықтардың, тартымдылық пен көріксіздіктің, әрбір қаракеттердің өсуі мен жасалуының тарихы да»               [23,14]. Мемуардағы бас сюжет көп жайда шығарманың композициясына теңесе келеді.

Сюжет көпшілігі, композиция көлеміндегі кейіпкер жолына шарттас, бұнда да «...сюжет қаһармандардың характерлерінен туып, қалыптасады»       [40, 347], – деген жазушы К. Фединнің ойымен орайласады.

Мемуарда автор – кейіпкер жолы сюжетке айналып отыруы да кездесетін жай. Мемуардағы образдар мен уақиғалардан автордың стилі, білім, гуманистік ой бағдары байқалады. Бүкіл болмысы мен жазушылық жолды айтып, өткенмен үйретіп, кеңесіп қана тынбайды, ол сол көне ішінен бүгінгі, келешекті аңғартады; жазушының оқытушылық тәлімін жоғары ұстай отырып, тарихи және әдеби материалдарды оқырманына бірдей жеткізеді, ол ғасыр шежіресі де.

Автор кейіпкердің ортаға қажет жайы сюжет түрін белгілейтін  негізгі нүкте. Осыған сәйкес мемуар сюжеті үш жікте қарауға болар еді:

Біріншіден, оқиғаға араласа жүрген автор кейіпкердің өмір жасынан қорытылар логикалық сюжет; екіншіден, мемуар автор атынан сөйлеуші есімді кейіпкері бар, сол қаһарман өткен жолдан алынар «баяндау» сюжеті, үшіншіден осы екі түрдің араласа келуінен жасалар – аралас сюжет. Автобиографиясында өзін кейіпкер етіп ұсынушы жазушылар бір уақыт ішінде екі процесті бастан өткерді, бірі автор-жазушы қалпындағы суретшілік болса, келесісі автор-кейіпкерлік, қоғамдық өмірдегі қайраткер тұлғасы. Міне, осы қайраткер тұлғасы кейіпкермен мемуардың басынан аяғына дейін қатар жол шегер екінші бір басқа бейне – көркемдік автор ойы.

Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтар мемуар жазуда өз өмірлерінде үлкен әсер ізін қалдырған кездердің қоғам мен адам үшін бір пайдасы бар мәнді тұстарынан алып бейнелейді. Алдарына айқын мақсат қойып, өздері өткерген биографиялық жолдары, не өмірдің белгілі бір биліктерін суреттеуді нысана етіп, қаламдарын дұрыс деректерге түзейді. Өмірді бастан аяқ баяндау үш жазушының да ұстанымдарында кездеспейді. Егер бір тұтас өмірдің әр күнін әңгімелеумен шектелген болса, ұлы сыншы
В.Т. Белинский айтқандай, «...фактілерді тек жалаң эрудиция арқылы нақтылы жеткізу мүмкін емес...» [31, 551].

 Хронологиялық принципті бірізділікте сақтамаса да, өзге де композициялық құрылымдарды жүзеге асырған, автор-кейіпкер өзінің өмірінің қиын, шырғалаң шақтарын арқау етуі Ә. Нұршайықов, М. Мағауин,
Қ. Жұмаділовтердің үшеуіне де тән жағдай. Ғұмырнамалық романдарды зерттегенде, алдымыздан шығатын ең үлкен сұрақ ол өмірлік деректердің көркем шығармаға айналуындағы мәселелер. Мұндағы басты мәселені дерек пен көркем қиялдың шығарманың құрылымында үйлесім тауып қолдануында автордың шеберлік сырларын ашып көрсету де мақсатқа кірмек. Өмірде болған адамның өмірінен жазылған көркем ғұмырнамалық романдағы, шындық пен деректің бір біріне ықпалын қарастыру да біздің зерттеудің басты ұстанымы. Мемуар – жазушы – бұл сөзсіз зертеуші, талдаушы. Себебі ол өзі баян еткелі отырған тағдырдың әр бір дерегін білуге тиіс. Ол тек сыртқы жағдайда ғана емес, ішкі себептерді де түгелімен білуге міндетті. Сондықтанда автор – кейіпкерге қойылар талап мұнан ары да ауырлай түспек. Ол ғылыми танымы, әдеби қаблеті, таланты тоғымға бай жан болуы тиіс. Теориялық талаптың бірінші бөлімі зертеліп отырған прозаның – «көркемдеуіне» – байланысты оның талаптарының эстетикалық мәні және де көркем әдеби болсақ, ғұмырнамалық романдарда көркем болжам  мен қиялдың болуы кездейсоқ емес. Керісінше, аса қажетті компонеттің бірі болмақ. Олай болса, екі кезең аса қажетті болып табылады. Бір жағынан, деректілік көркем-ғұмырнамалық роман үшін ақиқат айтудың құралы болса, екінші жағынан, шығарманың көркем қасиетін танытатын негізгі ой болып табылады. Бұлардың біз зерттеп отырған жазушылар шығармаларында бейнеленуі қаншалықты дәреже де қарайтын болсақ, қиямет жүзеге асқандығына көз жеткіземіз.

Бұл тұрғыдан келер болсақ, біздің зерттеу нысанына айналып отырған  ғұмырнамалық романдарының өздеріне тән ерекшеліктері айтарлықтай қомақты болып табылады. Жазушы Ә. Нұршайықовтың өмірбаяндық романындағы өмірде болған оқиғаларды санада қайта жаңғырту үшін негізгі дерек көзі қаламгердің естелік хаттары,сыр шертетін суреттері, ширек ғасырға жуық жазған күнделігінің мән маңызы зор [37, 160]. Өткенге қысқа шегініс жасасақ, күнделік – әдеби туындының басты дерек көзі болып табылады. Әлем әдебиетіне, алыс – жақын елдердің руханият, үлгілеріне  ден қойсақ, күнделік жазу тәжірибесі көптен қалыптасып, дұрыс бағыт, жолға қойылған. Поляк       А. Янушкевичтің хат жазбалары, декабристердің мемуарлық мұралары,         А.С. Пушкин, Ф.М. Достоевский, М. Пришвин және т.б. күнделіктеріде аталмыш жанрдың қалыптасуына кең өріс, мол мүмкіндіктер ашты. Мінекей, қазақ әдебиетіндегі күнделіктердің де ұзын-сонар саны жетерлік. Әрбір жазылып аяқталған күнделіктің өзі бір бүтін көркем шығарма.

Жазушы Ә. Нұршайықов шығармашылығында естелік, күнделік, хат үлгілері кеңінен қолданылады. Автор әдеби портреттерде, әскери жазбаларда, журналистік толғам-толғаныстарында, кездесу-сұхбаттарда шығармашылық шеберхана, әдіс-тәсілдер тұсында да естелік, күнделік, хат жазбаларға кең орын береді. Сол арқылы жазушы еңбегі, шығармашылық хақында кеңінен ой толғайды.

Ә. Нұршайықов шығармашылығының ерекшеліктерінің бірі – естелік, күнделік, хат үлгілері: «Автопортрет» (1977), «Өмір өрнектері» (1987, 2000), «Қаламгер және оның достары» (2000) т.б. кітаптарының басты арқауын құрайды.

Ә. Нұршайықовтың журналистік «Қойын дәптерден» басталған жазбалары әдеби және тұрмыстық күнделіктерге ұласты («Өмір өрнектері» т.т.). жастарға арналған маслихат сөздер, газет-журналдарға берген сұхбаттар, ұл-қыздарға арналған ақыл-кеңестер, оқырмандарға жауап т.с. жазушы шығармашылығының қыр-сырынан мол деректер береді. Академик-жазушы
М. Әуезов сөзін еске түсірсек: «Естелік әдебиеттің ең керекті жанрларының бірі. Оны бағалауды орыс әдебиетінен үйренуіміз керек. Естелік орыс әдебиетінің ең бір құнды және жұрт құныға, құмарлана оқитың саласы. Естеліктер арқылы елдің ардагер ұлдары өз халқымен қоса өмір сүреді. Алаңдарға ардақты адамдардың тастан қашалған мүсіндері қойылады. Естелік те сол сияқты. Бірақ бұл сөзден соғылған әдеби мүсін, жанды бейне...» [32,
317].

Демек, естелік-күнделік, хат үлгілері-ұлтқа керек, әдебиетке қанат, келешекке аманат қазыналардың бірі.

Ә. Нұршайықовтың әдеби күнделіктері – «Өмір өрнектері» деген атпен екі рет жарық көрді (1987, 2000 ж.ж.).

Әдеби күнделіктер кітабының алғашқы басылымы көлем жағынан шағын (448 бет) болса, екінші жарық көрінуінде естелік-эсселермен толыққан (608 бет, қосымша суреттер берілген), оқырманға хат және түсініктер орын алған. Автордың өз сөзімен айтсақ: «30 жылдан аса қойын дәптерге түрткен «өмір өрнектері» кірді».

Екі басылымның да алғашқы беттері – «Автордан» деген алғы сөз іспеттес шағын жазбадан тұрады: «Өмір өрнектері» автордың үстел басында отырып жазған кітабы емес. Жолаушы шыққанда зулаған поезд вагонында, зымыраған машина ішінде, самғаған самолет бортында отырып, қалада жүргенде көшеде келе жатып жазған кітабы. Дәлірек айтқанда, бұл менің замандастарымның сырт пішінін, «іс-әрекетін, жүріс-тұрысын және мінез-құлқын көргенде, әр түрлі адамдармен етене танысып, олардың бастарынан өткен оқиғаларды білгенде туған ойларымның ұшқындары: теңеулер, түйінділер, тұжырымдар, диалогтар, мөлтек әңгімелер. Бұл кітапта мен әр жылда әр блакноттың бетіне түскен осы ұшқындарды жинақтап, бір жүйеге келтірдім...[41, 301].

Кітапты тұтас алғанда оның жанрын әдеби күнделік деп атау орынды. Автор ай сайын, жыл сайын қойын дәптеріне әдеби ойлар өрнегін түсіріп отырады. Әдеби күнделікке күн сайын бір жол жазылмай қалмайды. Тіпті науқастанып, ауруханада жатқан кездердің өзінде де ол «Аурухана әңгімелері» деген тақырыппен әркімдерден естіген өмір оқиғаларын тынбастан дәптеріне түрте береді. Былай қарағанда, бұл кітап автордың творчестволық зертханасына, әдеби-философиялық және әлеуметтік көзқарасына да ұқсайды. «Осы сюжетсіз жазбалармен де оқырманға ой салып, ғибрат ұсынсам, әсіресе, жас адамдарға, жаңа талап жас қаламгерлерге бұл еңбек пайдасыз болмас» деп үміттенеді [41, 305-306].

Мұның бәрінен байқалар жайт, жазушы Ә. Нұршайықов әдеби күнделіктерін жазу арқылы қоғам-кезең көріністерінен өзге, адам мен оның еңбегін, болмыс-бітімін, достық пен махаббат сезімін ардақ тұтады. Ерлік пен еңбек тақырыбын кеңінен қозғайды. Жақсы-жаман, жастық-кәрілік, әйел-еркек, қыз-жігіт, әке-бала, аға-жеңге, әже-немере, ұстаз-шәкірт, ар-ұят, намыс-нысап, бата тілек, ай-күн, жыл аттары, жан сұлулығы, өмір-уақыт сырлары, журналист т.с. әр алуан қырынан көрсетіледі. Ең негізгісі, әдеби күнделіктердің авторы

Абай айтқан:

Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге

Көкірегінде болсын көз, –

деген даналық ойлар мәйегін жадында берік ұстап, сол арқылы Отан, патриотизм, адам әлемі мен оның асыл қасиеттері, еңбек, білім, ғылым, ата-ана, ұстаз-шәкірт, жастық, махаббат, денсаулық, дін, тәртіп т.т. зор маңыз береді. Қоғамдағы, өмір-тұрмыстағы орын үлесіне, сыр-сипаттарына ерекше ден қояды.

«Әдеби  күнделіктерден» орын алған адалдық, әділдік, әдет, бата, байлық, ақын-жазушы, жастар, әйел, неке, отбасы, нысап, сезім, сыр, талант, тәрбие, тәртіп, ұстаз, шәкірт т.т. тақырыптардағы шағын көлемді жазбалар – адам мен оның өмірін, еңбегін кең көлемде көрсетуге арналған. Автор әрбір тақырып, мәселелерге зор маңыз беріп, артық-кем тұстарды байыпты саралап, соның негізінде ұлттық құндылықтарға, адам мен өмір, еңбек мұраттарына, жастық, достық, махаббат ғаламаттарына зор маңыз береді.

«Әдеби күнделіктердің» кейбір үлгі-өрнектері – «Автопортрет», «Сөзстан», «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Жас Алаш» т.т. баспасөз беттерінде, жекелеген кітап, жинақтарға енгенімен, «Өмір өрнектерінде» жүйелі сипат алған.

Асылы, «Өмір өрнектері» – Ә. Нұршайықовтың әр жылдары жүйелі түрде жүргізіліп келген әдеби күнделіктерінің көрсеткіші, жиынтығы.

Әдеби күнделіктердің тұтас табиғатынан өмір-тұрмыстың, адам мұратының, адамгершілік пен азаматтықтың, болмыс-бедерінің алуан өрнек, үлгілері бар.

Автор күнделік табиғаты туралы: «Мен әдеби күнделіктен басқа тұрмыс күнделігі деген екінші бір күнделікті қоса жүргіземін. Қазір оның 124-ші бетін жазып жүрмін. Оларды роман деп атаса да боларлық. Бірақ романға арналып ықшамдалып құрылған белгілі сюжет жоқ. Сондықтан мен оларды «Күнделік. Сюжетсіз роман» деп атағым келеді» деп жауап бергені бар [41, 310].

Ал әдеби күнделіктер кітабы туралы былай деп жазады: «Бұл – «Өмір өрнектерінің» бірінші кітабы. Мұнда 1953-1986 жылдар аралығындағы өмір өрнектері қамтылады. 1987 жылдан күні бүгінге дейінгі «2000 жылдың шілдесіне дейін» «Өмір өрнектерінің» екінші және үшінші кітаптары баспаға және әзір тұр. Егер Нұртай тәрізді ер көңілді азаматтар табылып, демеушілік қолын созса ол кітаптар жарыққа шығып, оқырман қолына тиюі ықтимал. Олар өзім барда жарыққа шыға ма, жоқ па – білмеймін. Өйткені өзім де өмір көмбесіне жақындап келе жатқан «жүйріктердің» бірімін ғой. Егер көзім тірісінде жарық көрмесе, онда ұрпағым, жора-жолдастарым ол қолжазбадан да менің мінез-құлық, ой өрісімді көріп, мен туралы түсініктерін толтырып, ұғымдарын ұлғайтар деп үміттенемін.

Ал бұл кітаптың аяғы бар ма деген сұраққа келсек, бұл ешқашан аяқталмайтын, жалғасы жоқ кітап. Өйткені өмір ұдайы ілгері ұмтылып, оның өрнектері ұласа береді. Оның өрнектерін бір жазушы емес, бір миллион қаламгер қағазға түртіп, тауыса алмайды. Өйткені өмірдің аяғына ешкімнің ғұмыры жетпейді. Сондықтан өмір өрнектері әр ұрпақтың өз ұғымымен әшекейленіп, алмаса береді» [41, 605].

Мұның ақиқатын ұстаз-ғалым Ә. Ыдырысовтың: «Өмір өрнектері» – эпопея! Эпопея болғанда – күнделік эпопея! Эпопеяның жаңа күнделік түрі!» деген салмақты, тағылымды ойларымен түйіндеуге әбден болады [42, 11].

Жалпы алғанда, «Өмір өрнектері»-уақыт ұсынған тақырыптарды автордың көңіл күнделігіне түсіріп, жүрек таразысына салып, жан шуағы арқылы жеткізген қымбат қазына, рухани олжаларының бірі.

Негізінен алғанда, Ә. Нұршайықовтың әдеби күнделіктері («Өмір өрнектері», «Қаламгер және оның достары» т.б.) өмірден өрбіген, көзбен көрген шындық жайттардың көрінісі болса, ондағы достық, махаббат мәселелері – адам, өмір мұратын, еңбек рахатын, азаматтық-адамгершілік қасиеттерді, жастық, сыр-сезімдерді ардақтау мен аялаудан тұрады. Басты ерекшелік: жазушы еңбегі мен шығармашылық шеберханасынан, оның ішінде эпистолярлық мұрасынан адамның асыл қасиеттері – адамгершілік пен азаматтық, қарапайымдылық пен кішіпейілділік, адалдық пен шыншылдық, ақыл-парасат пен білім-ғылым нұры, достық пен махаббат мерейі, еңбек мұраты мен тәлім-тәрбие иірімдері кеңінен көрініс табады. Асылы,
Ә. Нұршайықов шығармашылығында бұл мәселелердің бәрі-баршасы – Адам факторы, оның өмірі мен еңбегі төңірегінде кең өріс алып отырады.

Кешеден бүгінге жеткен дәстүр тағылымы, өмір мұраттарының үздік үлгі, өрнектері осыған келіп саяды.

Күнделіктің шығармагер өмірінде ерекше рөл атқарғанын халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Мен» ғұмырнамалық хамсасынан анық көріп білеміз. Жазушының «Алтын дәптер» деп аталған күнделік дәптері осыған айғақ. «Сүрлеу – соқпақ» деп аталған алғашқы кітабында жазушы осы «Алтын дәптерге» 25 роман, 40 повесть, жүзден астам әңгіме жоспарларын жазады.
М. Мағауиннің «Мен» ғұмырнамалық романының композициялық құрылысы мен сюжеттік желісінде бір ізділік байқалады. Қаламгер романы оның 1960 жылдардан басталған студенттік өмірдің шығармашылыққа, «Халық жазушысы» мәртебесіне ие болған аралықты қамтиды. Романда көркемдік қиял, көркемдік болжам жоқтың қасы. Тек жазушының белгілі шығармалары жазылғанда қолданылатын өмірлік деректердің көркем шығармаға айналу жолындағы кейбір суреткерлік шығармашылықты баяндауында кездесетін ерекшеліктері бар. Авторлық ниет, шығармашылық нысана ғұмырнаманың композициясына ерекше ықпал жасаған. Шағын ортадағы аз уақыттың ішіндегі тартысқа мол мерзімді қамтитын әрекет шығарманың көркемдік бітіміне хроникалық сипат берген. Жазушы басынан өткерген жайларды, қандай күйлер кешкенін, ұтқан-ұтылған жайларын өзі ортаға салады. Реалистік әдісте жазылған ғұмырбаянға қойылатын ең үлкен талап – автор-кейіпкер мен  өзге де өмірлік тұлғалардың тілінің табиғи арнадан, өмірдегі қалпынан шығуы. Халық әдебиетіндегі асыл маржандарды үнемі шығармашылықпен жаңғырта, өзгерте, құлпырта пайдаланудың үлгісі, шыншыл, принципшіл қасиеттің иесі
М. Мағауин шығармашылық жолда кейбір қиындықты көрсе де, осы жолынан таймайды. Ғұмырнамадағы шағын орта, қысаң аудан емес, өмір құбылыстарының кең шебері қамтылған. Қаһармандар ішінде сол кездегі және көзі тірі қазіргі зиялы қауымның, жазушылардың негізгі өкілдері түгел бар. Әр заман, әр дәуір сол кезеңдегі өнерден өз келбетін, өз рухын, өз жүрегінің дүрсіл танысып, қан тамырының бүлкілді ағысын көруге құштар. Өмір мен өнер орайындағы бұл сабақтастықты ешбір суреткер аттап өткен емес. Тарихтың жабылып кеткен көне беттерін ақтарып, соларды шығармасына тиек қылған жазушының өзінің мақамынан, ұқтырмақ, ұсынбақ мұратынан оның дәуірімен қаншалықты ет бауырлықта, үндестікте екенін аңғару қиынға соқпайды.
М. Мағауиннің «Мен» ғұмырнама шартына жауап берерлік, хроника ізін қуып отыратын фактілер сәйкестігін ғана құнттайтын дүние емес, әлеуметтік тартыс арнасында ашылған характерлер жасау мақсаты да ескерілген. Өршіл рухты сипаттағы жанды, ғибратты ғұмыр кешкен күрескер қаламгер өз өмірі туралы роман жазарда, фактілерді сұрыптап, деректерді екшеп, оларға авторлық идеал тұрғысынан баға берудің мәнін күшейте түспек. Жеке құбылыстардың арасындағы байланыстарды ашу, заңдылықтарды табу, сырт көзге түсініксіз жайттарды ұғу жазушының ең алдымен зерттеуші ретінде басын ашып алатын істері. Бұдан кейін өмір шындығында қиянат жасамай, бірақ әсте фактография, схематизм, штамп, жетегінде кетіп қалмай, көркемдік заңдарына лайықтап бейне жасау қамы басталмақ.

Ғұмырнама тарихи тақырыпқа барған жазушының суреткерлік концепциясы жоқ жерде хронологиялық фактілер жетегінде кетіп қалуы қиын емес. Заңды, тарихи белгілі есімнің өзгеше сипаты, даралық қасиеті үлкен бір ісімен, аршынды қимылымен көрінсе керек. Осы талапты қатаң ескерген
М. Мағауин ғұмырнама жазудағы басты мақсатын былайша жеткізеді.  «Ғұмырбаяндық сипаттағы осы кітапты жазудағы негізгі мақсат та өткенді қайта тірілту емес, өзімді мақтау емес, ақталу, тәңірі берген талаптың тасқа кетілгенін айта отырып, тағдыр-талайым арқалатқан уәжіп-парыздың біразы өтелмей қалғанына себеп сылтау табу, Алла тағалам бұдан ары азды-көпті ғұмыр сайласа, қаламымды, қатқыл санамды ашық қылсын деген тілек нәтижесі. Адам алдындағы емес, аруақ, құдай алдындағы есеп» [27, 402].

Жазушы үшін шығармашылықтағы ең керекті нәрсе, басты шарт – көзбен көріп, құлақпен есту, қолмен ұстау, факті жетегінде кету емес, материалды эстетикалық тұрғыдан сараптау екенін біз қарастырып отырған жазушылар
Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің ғұмырнамалық романдарының басты ерекшеліктері ретінде атап көрсетуге тиістіміз:

1) Бұл романдар авторлардың өз өмірлерінен жаралған;

2) Хронологиялық жүйеде бірізділік кездеспейді, себебі, автор-кейіпкерлер ғұмырларының барша кезеңін бейнелеуді мақсат тұтпаған;

3) Авторлардың дерек көзі ретінде пайдаланған материалдарында біркелкілік сақталмайды. Мәселен, М. Мағауин өзінің шығармашылық күнделігіне сүйенсе, Ә. Нұршайықов күнделік пен ретроспективалық тәсілді қолданса, Қ. Жұмаділов тікелей авторлық сананы арқау етеді;

4) Өмірлік шындық, деректілік, тарихи, қоғамдық, әдеби ақиқат қатаң сақтаған.

Міне, көріп отырғанымыздай авторлардың жеке өмірінен жазылған ғұмырнамалық романдардың тек өздеріне ғана тән осындай ерекшеліктері жан- жақты ескерілген.

        М. Мағауиннің «Мен» ғұмырбаяндық хамсасын  оқығанда жазушының қаяусыз шындықты танытуды бірден-бір мақсат еткеніне көзі жетеді. Ол өз өмірін, бастан кешіргендерін сылап-сипап көрсетуден аулақ. Өмірінің қиындығы мен қызығы қатар жүрген М. Мағауиннің өз ісіне адал, мақсатына берік жан екенін шығармашылық еңбектен анық аңғаруға болады. Автор – кейіпкер шығарманы этикалық шығарма мақамына сай оқиғалардан бастайды. Романның өзін автор бірде хамса, бірде өмірбаян деп атап отырады.
Ә. Нұршайықов пен Қ. Жұмаділов ғұмырбаяндық романдарындағы ерекше бір өзгешелік, М. Мағауиннің «Мен» деп атаған ғұмырбаян романында өзінің шығармашылық жолын арқау етуімен айрықшаланады. Романның жазылу стиліндегі бастапқы ерекшелік автордың таңдап алынған оқиғасының дені дерлік тек автор шығармашылығының процесіне арналғандықтан, ол бірінші жақтан және – «Мен» жіктік жалғауынан болып келеді. Ғұмырбаян заманның көкейкесті ойлары, адамның қат-қабат тағдыры, уақыт алдындағы жауапкершілік жайлы шығармашылық өнердің пәлсафасын толғайды. Романдағы қаламгердің оқырманы мен жас жазушыларға айтар ойы символдық мәнге ие, жинақтаушы күші бар көркем деталь. Шығармадағы стиль даралығы және дерек көздерінің көркем шешімі туралы бір-бірінен бөліп айтуға әсте келе бермейді. Жазушы өзінің халық құрметіне бөленіп, әдебиетте ұлы істер тындырғанын да паш етеді. Кешегі советтік империяның сайтан саясатының астында ұлттық әдеби шығармалар жазу кімге болса да оңай тимегені анық. Бұл ойымызға орай екі ғұмырнамалық шығармадан да жазушылардың жан сығалап мына жайттарға көңіл аударғанын қарастыру керек.

«Біз жер – әлем тарихындағы ең былғаныш, ең қылмыскер қоғамда күн  кештік. Былықпай, шылықпай, түзу жүріп, жай ғана тіршілік жасаудың өзі артық күш тілеген заманда, өнер жолынан айнымай еңбек ету шектен тыс  қиындыққа түсетін еді» [27, 540] деп, М. Мағауин еске алса, сол кезде қоғамның аталған шындық бейнесін Қабдеш Жұмаділов «Таңғажайып дүние» ғұмырнамасында әсерлеп көрсетеді. «Біздің бертінге дейін «Қазақ совет әдебиеті» деп дабырлатып келген бодан елдің әдебиеті болатын Қазақстанға келіп, қайыс ноқтаның орнына темір ноқта кигеннен кейінде, ешкім менің маңдайымнан сипаған жоқ. Екі империя тұсында да саяси жақтан сенімсіз, үкіметке қадірсіз жағдайда ғұмыр кештім» [24, 505].

Екі жазушы, екі көркем-эстетикалық әлем болғанымен, бір қоғам да, бір саясатының астында, бір тарихи кезеңде өмір сүріп  келеді. Міне сол себепті де олардың тағдырлары ұқсас. Екі ғұмырнама автор кейіпкерінің тақырыптары әр түрлі болғанымен, идеялары көп жерде ұқсас келеді. Әсіресе, бұл айтылған пікірлер М. Мағауин мен Қ. Жұмаділов ғұмырбаяндарының әдеби шығармашылық туралы өмірлік тәжірибеден көрген білген, көңілге түйген ғылыми-теориялық маңызы зор пікірлер айту тұсында тоғысады.

«Демек, бодан елдің жазушысы арқалаған жүк» – басқа жұрттың жазушыларынан әлдеқайда ауыр деген сөз. Ұлт азаматтығы үшін, оның тілі мен діні үшін күресетін де, қуғын-сүргін, репрессия бола қалса, алдымен құрбандыққа шалынып, басын беретін де – сол жазушылар деген» жолдар Қабдеш Жұмаділовтің кешегі және бүгінгі қазақ әдебиетінің басынан кешірген халі. Ал, бұл концепцияға осы тұрғыдан келетін М. Мағауин күрделі де ақиқат айтып, оқырманы мен жас ұрпақты ізгі бастамаларға бағыттайды.

 «Таңғажайып дүние» романының «Мен және менің замандастарым» және «Мен» ғұмырнамасынан ерекшеленер тағы бір тұсы, «мемуардағы автор- кейіпкердің өмірлік жолының өзі де зор конфликтілер, қақтығыстар майданы» [43, 321]. Оны тек сыртқы дүниенің әсеріне ғана айтып қоймай, жазушы сол автор-кейіпкерлердің өзімен-өзі тартысынан да жазады. Сонда автор-кейіпкердің әр қадамы, оның ой қорытуының жаңаланып отыруы, барша заманалық түлеуі-қоғамнан келіп шығатын саналық өзгерістердің нәтижесінен туындаған. Романда автордың кейіпкерлер образын сомдауы, өмірдің өзінен алынған, естіген, көрген, бастан өткерген жағдайларына байланысты болғанынан туындайды. Мемуардағы образдардың типтік  бейнесі ретінде автордың өзі бірге Қытайда оқып білім алған, кейін қазақ жерінде өнер шыңдаған: Серік, Аманжан, Жабайыл, Нүкіштердің өмірлік өткелдері шығармаға оқиғалық мән мен қатар деректік негіз болып та қалған. Дегенмен, жазушы бұдан 30-40 жылдай өткен оқиғаларды қағаз бетінде қайта тірілтуде, толықтыру материалы ретінде көркемдік болжалды шындыққа жанасымды бейнелеу жағы басым келеді. Өйткені, мысалы, жазушы Ахмет, Дәуди, Мақсұтқалы Тергемес, Оразхан Жақыпбай, Сейіт Сейдахмет, Жабайыл Бейсен, Қизамеден Құрмандарды ойдан шығарып отырған жоқ, оларды сол өзі кездестірген қалпымен, өз түсінігінің сонау жылдардағы болмысымен сипаттап беріп отыр. Осында ол, мәселен, гимназиядағы жасөспірім шақтағы оқиғалардың, өмірлік деректердің сол өткен шақтағы қалпымен ұстанып отыр. Бұл жерде тек деректер емес, өткенге деген көркемдік болжалдар үлкен мәнге ие. Типтік болжалдың қалай болуы керек екендігі туралы В.Г. Белинский типтік характердің «... шаштың түсінен бастап беттегі меңіне дейін, дауыстың үнінен бастап, киімнің үлгісіне дейін-барлық өздеріне тән белгілерімен бейнеленуі керектігін» [31, 613], – айтқан болатын.

Жалпы, Қ. Жұмаділов ғұмырнамасын зерделегенде, жазушының өмірдегі болған оқиғаларының шағын бөлшегінің өзінен үлкен ой қорытып, кішкене оқиғаның өзіне зор мән беріп, суреткершілік құралдарды ұтымды қолдану арқылы ғұмырнаманың деректілік, тарихылық жағынан гөрі көркемдік танымының көкжиегін кеңейтуге күш салғанын көреміз.

Қорыта келгенде, үш автордың, халық жазушылары Ә. Нұршайықов,
М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің ғұмырнамалық романдарының жанрлық ерекшелік пен өмірлік деректілік жағы басым келді. Әр бейнеленген көркемдік болмыс өмірдің нақты өзінен алынған, деректілігі мен тарихындағы ақиқат, шындық тұрмысынан сомдалған. Жазушылар жеке кейіпкерді емес, ортаны не уақытты типтікке алып келуде де нақты ұстанымды бағдар еткен. Сондықтан да олар шығармадағы әр адамды суреттеуді жеткізуден гөрі, алға қойған мақсатына деген талаптылықты күшейтіңкіреуді ойластырады. Мәселен, әр ғұмырнамадағы тарихи тұлғалар мен қайраткерлер, тарихи мекендерді баяндағанда, оларды образбен беруді ұстанбай, типтік көріністер мен суреттеуде кездеседі. Бұлар образдардың көркемдік бейнелеуіне нұсқан келтірмеген, керісінше жазушы-кейіпкердің оларды көрген, кездестірген шақтарынан айнытпай жасалынған типтік көріністер, «Мемуарлық фотолар». Әйтсе де көркемдіктің бұл құралын қаламгерлер үлкен сақтықпен қолданған.

Мемуарлық фотоларда сол тарихи тұлғалардың өмірі түгел алынбай, жеке бір типтік бейнелері ғана алынған. Автор-кейіпкерлер өздері куәсі болмаған оқиғаларға жоламайды. Бұл-ғұмырнамалық жанрдың басты заңдылығын сақтау болса керек, екінші бір жағынан, қаламгерлік ожданға адалдық болса керек. Көркемдік шығармалардан мемуарлық «меннің» айырмасы да тағы, міне,  осында. Типтік образдар ғұмырнамалық «Менге» бағыныңқылығы туралы бейнелер алуандығынан да сол «меннің» баяндалуынан – объективті шындықтың адам санасында сәулеленуі мен онан туындаған көркемдікте жатса керек.

Романдардағы автор-кейіпкерлер зерттеуші мен мемуар қаһармандары арасындағы дәнекер сипатты. Бірақ, автор-кейіпкерлер өздерін өз қолдарымен жасап, талдауға куәсі ретінде бейнеленіп отырады. Ғұмырнамадағы кейіпкерлер авторлардың қиялдауы негізінде туған ойдағы әдеби бейнелер емес, өмірдегі бар, болған адамдар образы. Олар авторлар кездескенде тілдескен, не автор-кейіпкерімен бірге өсіп, мұң шағысқан, иә тіпті автор қарсы күресіп өткен жандар.

«Мен және менің замандастарым», «Мен» және «Таңғажайып дүние», ғұмырнамаларында бір басты бейне, идея бар да, оны толықтырар басқа көмекші бейнелер мен көмекші идеялар бар. Үлкен тақырыптан өрбіткен сан тақырыптар да жеке атауларымен келіп, тарауларды біріктіріп отырады, барша тараулар романнан романға өссе, автордың жалпы биографиясын бере, қоғамдық өмір жасаған адам арқылы белгілі бір дәуір суретін  тарта келеді. Бұл романдардың ғұмырнамалық жанры анық болуы себепті де автор-кейікерлердің тек достық өмірі де қамтылып келуі бар. Бірақ оларды жалпы жанұялық, қоғамдық жайттардан туындап, дәуірмен үйлесім тауып жатады. Алайда, романға енген нақты деректердің қайсысы да өзінің жалпы нұсқасын сақтай отырып, автордың идеялық нысанасына сәйкес, кейде көлемді, кейде ықшамдалып алынған, көркем өңдеуден өткен. Бұл тарауда өмірлік деректердің ғұмырнамалардағы көркемдік шешімнің эстетикалық талғам-талабынан табылуына жазушылардың ерен еңбек сіңіріп, өздерінің қаламгерлік шеберлігінің үрдісінен шыға білгендігін ерекше атап айтуға болады. Айрықша атап айтатын болсақ, суреткерлер ұсынған концепция жазушылық мақсатына жеткен. Шеберліктің әр түрлі әдіс-тәсілін қолданған. Қаламгерлер тарихи фактілерді тізбектеуді мақсат етпеген, өмірлік мазмұнды оқиғаларды ғана көркемдікпен сомдап, ғұмырнама жанрындағы шығармалардың көкжиегін кеңейтті [43,390].

 «Қазақ мемуарлық романдарының көркемдік әлемі» атты екінші тарауда үш жазушының шығармашылық зертханасына кеңінен тоқталып, даралық пен ортақ ұқсастықтарын ашуға тырыстым. Суреткерлер ғұмырындағы шығармашылық процестің мән-маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталдым. Шығармашылық зертханасының қыр-сырының көркемдік сипатын одан ары дамыта, жан-жақты көрсету үшін, Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов ғұмырнамаларында деректердің көркемдік шешім табуындағы мәселелерді осы шығармалардан мысал келтіре отырып, теориялық таңдаулар, саралаулар жасалынды.

Жалпы, Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің ғұмыр намаларының композицияларда айтарлықтай айырмашылықтар барын көреміз. Ә. Нұршайықов әр жылдары түртіп отырған қойын дәптеріне сүйене отырып, өткенді еске алады.Автор-кейіпкер қоғаммен адамның арасындағы рухани, тарихи шындықтың, өткеннің болашаққа қажет деген тұстарын алады. Бұл турасында Ә. Нұршайықов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, С. Мұқанов, және т.б. сынды тарихи тұлғалар араларындағы қарым-қатынастың тарихы мен ғылымы  үшін керекті естеліктердің деректі негізгі баяндауы басым келеді. Автор-кейіпкер қолданған бұл әдіс ғұмырнама жанрына үйлесімді. Негізінен, автор-кейіпкердің айғақ ретінде сүйенері өзі жазған күнделіктер мен өлеңдері, ғылыми мақалалары болып келеді. Автор оларды кейде тұтас, кейде бөліп алып қолданады. Сондай-ақ, кейбір оқиғаларға ретроспективалық тәсілдерді қолдану арқылы өткенді көз алдынан өткізе отырып, кешегі шындықты бүгінгі күн тұрғысынан бейнелеу де кездеседі.

Халық жазушысы М. Мағауин «Мен» ғұмырнамасында өмірде болған оқиғаларды түгел тізбейді, керісінше автор-кейіпкер романның ең алғашқы беттерінен өзін таныстырудан бастайды да, келе-келе өз өміріндегі сүрлеу-соқпақ, қиян жолдарға ойысып отырады. Бейнеленген оқиғалардың бәріне жазушы өткен күн дерегі ретінде «Алтын дәптер» күнделік тізбесіне  оралып отырады. Жазушы мақсатының өзінен басқа екі автордан ерекшелігі, ол негізінен ғұмырнамадағы өз жеке басындағы өмірді емес, ғаламдық өмірдің шындығын баяндаумен ерекшеленеді. Сол мақсатта суреткер өзі мен әдеби-ғылыми ортасы ғана білетін деректі көркем дүниеге айналдырады. Автор-кейіпкер құрған сюжетте күнделікті тіршіліктің баяндалуы шығарманы деректік жағынан ғана емес, оқырман үшін әдеби мәнін де аша түскен. Қырық жылға жуық шығармашылыққа өмірін арнаған М. Мағауиннің қоғамдық болмысы мен шығармашылық өнер туралы пәлсафалар мен терең тұжырымды ғылыми маңызы жоғары түйінді пікірлер, болжамдар айтуы ғұмырнамалық шығарманың танымдық қасиетін арттыра түскен. Ғұмырнамалық әдебиетте алуан жанр қоспасы бола беретінін жоғарыда айттық. Мемуар да солай. Қаламгер түрлі дерек-документті түрлі ыңғайда пайдалана береді. Ол шығармаға белгілі дәрежеде көркемдік форма сыйлайды. Мемуарлық шығарма негізінен автор өмірбаяны ізімен жазылатын дүние. Сөйте тұра, ол өзі өмір сүрген қоғам шындығын оқиға, образ арқылы бергенде жеке өмірден шығандап, шығып кетушілік те кездеседі. Діндар философ В.Н. Бердяев өзінің «Самопознание» аталатын философиялық мемуарында, «мемуар жанрын ұнатпайтынын», – жазады. Өйткені – дейді ол, автор өзі туралы айтып отырып, өзгелер туралы айтады. Өзі мақтанады, өзгелерге баға береді. Өзін осындай мінезден сақтандырған Бердяев философиялық мемуарында мемуар бола тұра, «өмірбаян ізімен жүріп отырушылық жоқ» – деген пікір айтушылық бар. Айталық В.Н.Бердяев: «Көбіне бірегей жанр-философиялық автобиографияның қисынымен бой түзеу «Өзін-өзі тануда» автобиографиялық (жалпы алғанда, мемуарлық) элементтің әлсіреуіне әкеледі» [43, 445], – деп жазады. Олай болса мемуарды-тек өмірбаян ізімен жүріп отыру деп қарамау керек. Кейіпкер (ол әрі автор) қатысатын орта, ол өмір сүретін қоғам, адамдар бәрі-бәрі әңгіме өзегіне енгенде мемуарлық шығарма кең тынысты дүниеге айналып кете барады. Уақытында Филипп де Коммин «Мемуары» аталатын шығармасын Сент-Бебі «Францияда саяси тарих осы жерден басталады», – деп өтеді [44, 436].

Н. Ақыштың «Қазақ  мемуарлық  романы» атты диссертациялық зерттеу жұмысында «Мемуарлық  романның  өмірбаяндық  сипаты  күшті  болып  келеді, бірақ  кез келген  өмірбаяндық  шығарма, соның  ішінде  естеліктер де мемуарлық  роман бола алмайды. Осы аталған еңбекті  жазу  барысында  ұсынатын  теориялық  қорытындының  бірі осындай  болуға  тиісті», – деп тұжырымдайды [45, 32].

Тап осылай тәжірибелік ой-пікірлермен бөлісу Қ. Жұмаділов шығармасының соңғы беттерінде бедерлі бейнеленді. Қ. Жұмаділов ғұмырнама жазуда алдыңғы екі жазушы сияқты  нақты дерек ретінде күнделікті ізбен жүріп отырмайды. Негізінен, жазушы өзінің сан жылдарғы сарабдал санасына сүйенді. Шығармасының тарихилығы басым болып келетін жазушы өмірінің ең бір  қилы кезеңдерін бейнелеуге күш салды. Бірыңғай хронологиялық жүйемен жүрмесе де, жазушы сәбилік, жастық, ағалық шақтарында бастан кешірген ғұмырды өз атынан дәлелді оқиғалар келтірумен сомдайды. Қытай жеріндегі қуғын-сүргін басталған өмір жолының қазақ жеріндегі жалғасын тұтас таныту үшін, қаламгер ғұмырнамасында көркемдікті игеру жағы басым түсіп жатады. Ол кейде Қытай еншісінде кеткен Шығыс Түркістан табиғатын әсем пейзажбен бейнелеп, баяндалар оқиғаға экспозиция ретінде ұсынса, адам бейнесін тура әлі көркем етіп жеткізу үшін портретті беру арқылы мінездік тұлғаларға ұластырып отырады. Бұлайша оқиғаны айғақты, деректі сомдау автор-кейіпкердің суреткерлік шеберлігін анық танытады. Қазақ қауымына аса таныс емес, Қытай жерінде өмір кешкен тарихи тұлғаның өмірін де осы Қ. Жұмаділов ғұмырнамасынан танып біледі. Барынша өмірлік материалдар негізінде жазылған шығармалар қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық жанрдың табиғаты мен болмыс бітімін таныту да озық үлгілердің қатарынан санауға келердей. Автор – кейіпкерлер өмірлік деректер негізінен жүріп отырғанымен, олар жалпы бұл деректерді сомдалар шақтың негізгі көзі ретінде пайдаланады. Қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалар көбіне жеке тарихи тұлғаның өткен өмірін бейнелейтіндіктен, олардың, орыс ғалымы Г. Винокур айтқандай, «тарихи мәтіні» басым болып келуі кездесуі заңды да. Дегенмен, көркем-ғұмырнамада бейнеленетін тарихи оқиғаларда автор – кейіпкерлердің көркем әрі шынайы характерін ашатын тұстары ғана бөлініп алынады. Зерттеліп отырған прозаның тағы бір ерекшелігі кейіпкерлер нақты өмірде болған, тұлғалы жан болуы себепті бұл шығармалардың деректілік, құжаттық айғақтары негізді болып келеді. Автор – кейіпкер үшін ең басты мәселе, бұл тұрғыда, шығармашылық процестің материалдарын жинау, еске түсіру, сұрыптау. Онан ары да қаламгер жұмысы ауырлай түседі. Ендігі жерде шығарманың жүзеге асуы процесінде қажетті эстетикалық таным тұрады. Өмірде білу, көру, бастан өткеру, бұл ғұмырнаманың бір жағы болса, сол дайын айтылған, деректі дүниені көркемдік танымға айналдыру – ең күрделі тұсы. Ғұмырбаяндық шығармалар айғақтықты, дәлдікті, өмірлікті талап етеді, бұл шығарманың құжаттылығын жоққа шығармайды. Осы тұрғыдан келсек, ғұмырнамалар тек әдеби көркем туынды ғана емес, деректі көркем дүние де болып табылады. Олай болған күнде ғұмырнамалық көркем шығарманы деректі көркем шығармадан бөліп тұратын басты құрылым бұл екеуінің арасындағы танымдық және эстетикалық мүмкіндіктерге байланысты болса керек. Нақты өмірдің өзінен алынғандықтан, Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов ғұмырнамалық шығармаларында көркем қиял жоғары мәнге ие емес. Жазушылардың кейбір өткен оқиғаларды бейнелеуде айтылар пікір, ойларына қарай көркем-шынайы болжамдардың ара-кідік кездесуі заңды да. Тарих және тарихи тұлғалар мен оқиғалардың автор-кейіпкерлер ғұмырларына қатысты тұстары ғана алынып отырғандықтан, қаламгерлер бұл мәселерге аса сақтық және ыждағаттылықпен қарайды. Көркем туындылар стилінде баяндаудың қызметі жоғары болып келеді. Себебі, оқиғаны бастан өткерген автор-кейіпкерлер бірінші жақта өз атынан баяндаса, кейде сол оқиғаның ортасында жүріп бейнелеуі де ұшырасады. Біз қарастырған ғұмырнамаларда өмірлік шындықтың көркемдік шешімін беруде авторлар психологиялық талдаудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануы кездеседі. Өмірде болған тарихи тұлғалар бейнесінің көркемдік бейнесіне бару үшін, олар кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесіне енуге ұмытылады. Өздері бастан кешірген оқиғаларға қатысты кейіпкердің портреттік сөйлеу, іс-әрекеттері арқылы бейнелеп, деректіктен арылып, көркемдікке үйлестіреді [45, 35].

Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтер ғұмырбаяндық шығарма жазуда қазақ ұлттық мемуары мен Еуропа, Ресей шығармагерлерінің дәстүрлі жолдарынан зор хабарлары бар екенін танытты, және өздері жазған шығармаларында осы игі дәстүрді онан әрі жалғастыра түсті. Әрқайсысы, мәселен, Ә. Нұршайықов «Мен және менің замандастарым» арқылы естелік айтудың ғұмырнама үшін көркемдік маңыздылығын көрсетсе, М. Мағауин өз ғұмырын арқау ете отырып, жазушылық таланттың көркемдік танымының пәлсафасы мен болмысының ерекшеліктерін өз тәжірибесімен танытса,
Қ. Жұмаділов ғұмырнама үшін тарихи танымның көркемдікпен игерілуіндегі қаламгерлік идея мен тақырыптың мән-маңызын ашты. Зерттей келе зерделегеніміз, ғұмырнамалық роман тәуелсіз ұлттық әдебиетіміздің көркем-эстетикалық әлемінің көкжиегін кеңейтіп, тарихи танымымызды тереңдетіп, әдеби көзқарасымыздың біліктілігін дамытуға зор үлес қосып, әдебиеттану ғылымындағы жанрлық өсуге мол мүмкіндік алып келеді [45, 38].

Қорытынды

Мемуарлық шығармалардың басты нысанасы ретінде тарихи тұлға ғұмыры алынып, өмірлік шындықтың көркем бейнесін сомдаудағы нақты деректердің игерілу тәсілдері қарастырылып, бұл еңбекте ғұмырнама жанрының қазақ әдебиетінде даму бағытына тоқталдық. Зерттеу объектісі ретінде алынған
Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым», М. Мағауиннің «Мен», Қ. Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романдарындағы өмірлік деректің жанр талабына сай сомдалудағы ерекшеліктерін саралап өту мақсатында, оны екі тарауға бөліп қарастырдық.

«Қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық роман жанры» атты бірінші тарауда қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық формада жазылған шығармалардың түрлік, жанрлық ерекшелігінің пайда болу тарихы мен алғашқы осы жанрда жазылған шығармалардың әдеби негізіне тоқталдық.

Ұлттық әдебиетімізде ғұмырнамалық (мемуарлық) жанрға жол салған
С. Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу», С. Мұқановтың «Өмір мектебі»,
Ғ. Мұстафиннің «Көз көрген» романдары, Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі қазақ мемуаристикасын қалыптастырған іргелі туындылар. Әдебиеттану ғылымында аталған шығармалардың жанрлық табиғаты, образдар жасау ерекшеліктері, стильдік сипаттары, психологизм проблемалары жан-жақты қарастырылған. Ғалымдар пікіріне ден қойсақ, бұл шығармалар бір жағынан қазақ әдебиетіндегі мемуаристика жанрын қалыптастырса, екінші жағынан өзінің көркем болмысымен жалпы қазақ романының өсу, өркендеу, көркемдік шебін алуға да ерекше ықпал еткен туындылар. Әдебиетте жаңа  жанр туды, қалыптасты. Енді ол дәстүр түзбекке керек. Аталған шығармалардың дәстүрін іздегенде Ә. Нұршайықовтың, М. Мағауиннің, Қ. Жұмаділовтің ғұмырнамалық, яғни автобиографиялық романдарына ден қоямыз. Сол тұрғыда қазіргі қазақ әдебиетінде осы жанрдың бүгінгі жаңаша қалпын ғылыми-әдеби, теориялық тұрғыдан сараптау үшін, Ә. Нұршайықов, М. Мағуин, Қ. Жұмаділовтердің мемуарлық романдарын алдындағы мемуарлық шығармалармен салыстыра отырып талдау жасадық.

Мемуарлық шығарма автор өмір сүріп отырған қоғамда іргелі өзгеріс, тіпті саяси төңкеріс болып өткен соң, соның соңын ала туындайды екен. Айталық
С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С. Мұқановтың «Өмір мектебі»,
Ғ. Мұстафиннің «Көз көрген» мемуарлық шығармаларының тууына ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси жағдай – 1917 жылғы Қазан төңкерісі, төңкерістен кейінгі қоғамдық өзгерістер, ел өміріндегі әлеуметтік жағдайдың басқа арнада дамуы ықпал еткен. «Тар жол, тайғақ кешу» – саяси күрес-көтерілістер ізі суымай тұрып, іле-шала жазылса, «Өмір мектебі», «Көз көрген» араға біраз уақыт салып барып жазылған. Ал, Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым», М. Мағауиннің «Мен», Қ. Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» аталатын ғұмырнамалық романдарының тууына 1986 жылғы жағдай, қазақ елінің тәуелсіздігін алуы, жаңа қоғамның «өтпелі кезеңнен» сараланып өтуі ықпал еткен-деп білеміз. Әрбір жазушы бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық формацияға елімен бірге өткенде екі дүниені өзара салыстырып ойланады, толғанады, көргендері мен көңілге түйгендерін елеп-екшеп, көркемдік жинақтауға түсіріп шығармада бейнелеуді ойлайды. Өзге көркем туындылар секілді мемуар да солай өмірге келеді.

Зерттеу объектіміздегі үш романның да ғұмырнамалық бағдары айқын. Автор-кейіпкерлері өз аузынан баяндалатын оқиғалар тізбесінен, өз өмірі мен өзі өмір сүрген қоғам шындығын өзара сабақтастырып, өзара байланыстырып суреттейді. Алайда, романда бейнеленген өмірлік материалдарының бастау арналары, даму, өрістеу, шарықтау, түюілуі әр түрлі болып келеді. Мәселен,
Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» шығармасын өзінің баянсыз балалық шағынан басталмайды, көз көрген ұлы жазушылармен болған қарым-қатынасы туралы жазады. М. Мағауиннің бұл тұрғыдағы ұстанымы тіптен басқаша. Жазушы өз өмірінен гөрі, қоғам  ғылым, шығармашылық мәселелерінің тек жеке басына қатысты тұстарын атап, өмірдің өзінен алып бейнелейді. Суреткер Қ. Жұмаділовтің өміріндегі алып екі империяның тұсындағы аламан өмірдің шындығын көркемдікпен игеруге дәйекті, деректі бұрын-соңды әдебиетте аз көрінген сюжетті қызықты баяндаумен ерекшеленеді.

Ғұмырнамалық жанрдың үрдіс алып дамуын зерттеудегі маңызды факторларды анықтаған соң, мемуарлық шығармалардағы кейіпкер танымы мен тағдыры арақатынасын біз осылай анықтадық.

Жалпы, Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің ғұмыр намаларының композицияларда айтарлықтай айырмашылықтар барын көреміз. Ә. Нұршайықов әр жылдары түртіп отырған қойын дәптеріне сүйене отырып, өткенді еске алады. Автор-кейіпкер қоғаммен адамның арасындағы рухани, тарихи шындықтың, өткеннің болашаққа қажет деген тұстарын алады. Бұл турасында Ә. Нұршайықов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, С. Мұқанов, және т.б. сынды тарихи тұлғалар араларындағы қарым-қатынастың тарихы мен ғылымы үшін керекті естеліктердің деректі негізгі баяндауы басым келеді. Автор-кейіпкер қолданған бұл әдіс ғұмырнама жанрына үйлесімді. Негізінен, автор-кейіпкердің айғақ ретінде сүйенері-өзі жазған күнделіктер мен өлеңдері, ғылыми мақалалары болып келеді. Автор оларды кейде тұтас, кейде бөліп алып қолданады. Сондай-ақ, кейбір оқиғаларға ретроспективалық тәсілдерді қолдану арқылы өткенді көз алдынан өткізе отырып, кешегі шындықты бүгінгі күн тұрғысынан бейнелеу де кездеседі.

Тап осылай тәжірибелік ой-пікірлермен бөлісу Қ. Жұмаділов шығармасының соңғы беттерінде бедерлі бейнеленді. Қ. Жұмаділов ғұмырнама жазуда алдыңғы екі жазушы сияқты нақты дерек ретінде күнделікті ізбен жүріп отырмайды. Негізінен, жазушы өзінің сан жылдарғы сарабдал санасына сүйенді. Шығармасының тарихылығы басым болып  келетін жазушы өмірінің ең бір қилы кезеңдерін бейнелеуге күш салды. Бірыңғай хронологиялық жүйемен жүрмесе де, жазушы сәбилік, жастық, ағалық шақтарында бастан кешірген ғұмырды өз атынан дәлелді оқиғалар келтірумен сомдайды. Қытай жеріндегі қуғын-сүргін басталған өмір жолының қазақ жеріндегі жалғасын тұтас таныту үшін, қаламгер ғұмырнамасында көркемдікті игеру жағы басым түсіп жатады. Ол кейде Қытай еншісінде кеткен Шығыс Түркістан табиғатын әсем пейзажбен бейнелеп, баяндалар оқиғаға экспозиция ретінде ұсынса, адам бейнесін тура әлі көркем етіп жеткізу үшін портретті беру арқылы мінездік тұлғаларға ұластырып отырады. Бұлайша оқиғаны айғақты, деректі сомдау автор-кейіпкердің суреткерлік шеберлігін анық танытады. Қазақ қауымына аса таныс емес, Қытай жерінде өмір кешкен тарихи  тұлғаның өмірін де осы
Қ. Жұмаділов ғұмырнамасынан танып біледі. Барынша өмірлік материалдар негізінде жазылған шығармалар қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық жанрдың табиғаты мен болмыс бітімін таныту да озық үлгілердің қатарынан санауға келердей. Автор-кейіпкерлер өмірлік деректер негізінен жүріп отырғанымен, олар жалпы бұл деректерді сомдалар шақтың негізгі көзі ретінде пайдаланады. Қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалар көбіне жеке тарихи тұлғаның өткен өмірін бейнелейтіндіктен, олардың, орыс ғалымы Г. Винокур айтқандай, «тарихи мәтіні» басым болып келуі кездесуі заңды да. Дегенмен, көркем-ғұмырнамада бейнеленетін тарихи оқиғаларда автор-кейіпкерлердің көркем әрі шынайы характерін ашатын тұстары ғана бөлініп алынады. Зерттеліп отырған прозаның тағы бір ерекшелігі кейіпкерлер нақты өмірде болған, тұлғалы жан болуы себепті бұл шығармалардың деректілік, құжаттық айғақтары негізді болып келеді. Автор-кейіпкер үшін ең басты мәселе, бұл тұрғыда, шығармашылық процестің материалдарын жинау, еске түсіру, сұрыптау. Онан ары да қаламгер жұмысы ауырлай түседі. Ендігі жерде шығарманың жүзеге асуы процесінде қажетті эстетикалық таным тұрады. Өмірде білу, көру, бастан өткеру бұл ғұмырнаманың бір жағы болса, сол дайын айтылған, деректі дүниені көркемдік танымға айналдыру-ең күрделі тұсы. Ғұмырбаяндық шығармалар айғақтықты, дәлдікті, өмірлікті талап етеді, бұл шығарманың құжаттылығын жоққа шығармайды. Осы тұрғыдан келсек, ғұмырнамалар тек әдеби көркем туынды ғана емес, деректі көркем дүние де болып табылады. Олай болған күнде ғұмырнамалық көркем шығарманы деректі көркем шығармадан бөліп тұратын басты құрылым бұл екеуінің арасындағы танымдық және эстетикалық мүмкіндіктерге байланысты болса керек. Нақты өмірдің өзінен алынғандықтан, Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов шығармаларында көркем қиял жоғары мәнге ие емес. Жазушылардың кейбір өткен оқиғаларды бейнелеуде айтылар пікір, ойларына қарай көркем-шынайы болжамдардың ара-кідік кездесуі заңды да. Тарих және тарихи тұлғалар мен оқиғалардың автор-кейіпкерлер ғұмырларына қатысты тұстары ғана алынып отырғандықтан, қаламгерлер бұл мәселерге аса сақтық және ыждағаттылықпен қарайды. Көркем туындылар стилінде баяндаудың қызметі жоғары болып келеді. Себебі оқиғаны бастан өткерген автор-кейіпкерлер бірінші жақта өз атынан баяндаса, кейде сол оқиғаның ортасында жүріп бейнелеуі де ұшырасады. Біз қарастырған ғұмырнамаларда өмірлік шындықтың көркемдік шешімін беруде авторлар психологиялық талдаудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануы кездеседі. Өмірде болған тарихи тұлғалар бейнесінің көркемдік бейнесіне бару үшін, олар кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесіне енуге ұмытылады. Өздері бастан кешірген оқиғаларға қатысты кейіпкердің портреттік сөйлеу, іс-әрекеттері арқылы бейнелеп, деректіктен арылып, көркемдікке үйлестіреді.

Қолданылатын тәсілдер көркем ғұмырнамада авторға жекелей жүк артады, автордың стилі, шығармашылық ұстанымы, таланты да тікелей соған қатысты.

Алғы тарауларда нысандағы үш ғұмырнамалық шығарманы жанрына, табиғатына қарай талдай келе:

– ғұмырнамалық шығармалар қоғам өмірінде белгілі бір дүмпулер болып өткен соң, сол қоғамдық өзгерістерді талдау ниетімен жазылады.

– өмір шындығы ғұмырнамалық шығармада жанр табиғатына орай көбінекей шыншыл қалпында беріледі. Бірақ, оған қарап ғұмырнамалық шығармада автор көркемдік жинақтауға бармайды деген ұғым тумасқа керек.

– ғұмырнамалық шығармада кейіпкер мен автор өмірінің параллелі бар. Алайда, мемуарист автор өз туындысында өз өмірінің басынан түсіп аяғына дейін өзгеріссіз сипаттай береді деген ұғым тумауы керек. Ғұмырнамалық шығарма әдебиетте жасалатын образ да алып-қосуларды қажетсінеді. «Ойдан шығарусыз – образ жоқ» (З. Қабдол.);

– ғұмырнамалық шығарма автор өмірі шындығына бейімделгенімен онда  қоғамдық құбылыстар, әлеуметтік-саяси құйылыстар көрініс табады;

–  ғұмырнамалық туындыда автор-кейіпкер паралелді жүретіндіктен, ғұмырнамалық шығарма жазушының (автордың) шығармашылық шеберханасы ретінде де көрінеді. Ғұмырнама-жазушының шығармашылық құпиясының кілті;

Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтер ғұмырбаяндық шығарма жазуда қазақ ұлттық мемуары мен Еуропа, Ресей шығармагерлерінің дәстүрлі жолдарынан зор хабарлары бар екенін танытты және өздері жазған шығармаларында осы игі дәстүрді онан әрі жалғастыра түсті. Әрқайсысы, мәселен, Ә. Нұршайықов «Мен және менің замандастарым» арқылы естелік айтудың ғұмырнама үшін көркемдік маңыздылығын көрсетсе, М. Мағауин өз ғұмырын арқау ете отырып, жазушылық таланттың көркемдік танымының пәлсафасы мен болмысының ерекшеліктерін өз тәжірибесімен танытса,
Қ. Жұмаділов ғұмырнама үшін тарихи танымның көркемдікпен игерілуіндегі қаламгерлік идея мен тақырыптың мән-маңызын ашты. Зерттей келе зерделегеніміз, ғұмырнамалық роман тәуелсіз ұлттық әдебиетіміздің көркем-эстетикалық әлемінің көкжиегін кеңейтіп, тарихи танымымызды тереңдетіп, әдеби көзқарасымыздың біліктілігін дамытуға зор үлес қосып, әдебиеттану ғылымындағы жанрлық өсуге мол мүмкіндік беретінін көреміз.        


Пайдаланылған әдебиеттер

1. Толстой Л.Н. Пол. соб. соч. Ясной поляны. – СПБ: Гослитиздат, 1949. – Вып. 8. – 544 с.                                                                                                                 

2. Нұршайықов Ә. Өткелдер // Жұлдыз. – 1997. – №2. – Б.27-63.

3. Данелян К.А. Дневники и мемуары. – М.: Гослитиздат, 1959. –
450 с.

4. Банк Н. Нить времени. – Ленинград: Советский писатель, 1978. – 248 с.

5. Моминский С. Мемуарлық автобиография. – Алматы: Жазушы, 1986. –262 б.

6. Григорьев А. Воспоминания. АН СССР. Литературные памятники /  Изд. Подготовил Б.Ф. Егоров – Ленинград: Наука, 1980. – 354 с.

7. Майтанов Б. Көркемдік нәрі. – Алматы: Жазушы, 1983. – 184 б.

8. Шындалиева М.Б. Қазақ очеркінің қалыптасуы, дамуы. – Алматы, 2005. – 276 б.

9. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Қазақпарат, 2005. – 8 т. – 993 б.

10. Серғалиев М. Жанр сыры. – Алматы: Жазушы, 1975. – 180 б.

11. Бердібаев Р. Тарихи роман. – Алматы: Санат, 1997. – 336 б.

12.  Бердібаев Р. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі. – Алматы: Қазақстан, 1968. – 86 б.

13. Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар, 3 томдық. – Алматы: Жазушы,     1974. – 2 т. – 392 б.

14. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат, 2002. – 360 б.

15. Уразбаев Қ.М. Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасындағы ұлттық

дәстүрлер көрінісі: филол. ғыл. канд. ... автореф. – Түркістан, 2007. –
26 б.

16. Белинский В.Г. Полн. собр. соч. – М.: АНССР, 1955. – Т.18. – 420 с.

17. Улуг-Зоде С. Поездка с Айни С. // Коммунист Таджикистана. – 1957. –10 февраля. – 338 б.

18. Фучик Ю. О Средней Азии. – ГИХНЛ: Ташкент, 1960. – 128 с.

19. Чернышевский Н.Г. Избранные произведения в 2-х томах // Пол. собр. соч. – М.: Госпоштиздат, 1949. – Т.2. – 305 с.

20. Горький М. Избранные произведения в 30-х томах // Собр. соч. – М.: Госпошиздат, 1953. – Т.27. – 254 с.

21. Чернышевский Н.Г. Избранные произведения в 3-х томах // Пол. собр. соч. – М.: Худ. литературы, 1947. – 313 с.

22. Бабырнама. – Алматы: Жалын, 1990. – 320 б.

23. Десять не забываемых дней. Декада Казахского искуства и литературы       в Москве. – Алматы: КГИХЛ, 1961. – 175 с. 

24. Жұмаділов Қ. «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық роман. – Алматы:      Тамыр, 1999. – 624 б.    

25. Нұршайықов Ә. Мен және менің замандастарым. – Алматы:  Таңдамалы шығармалар жинағы 10 томдық. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – 8 т. – 472 б.

26. Абай. Қара сөздер. – Алматы: Өнер, 2006. – 124 б.

27. Мағауин М. «Мен» ғұмырбаяндық хамса. – Алматы: Гаухар, 1998. –
590 б.

28. Атымов  М. Қазақ романдарының поэтикасы. – Алматы: Ғылым, 1975. – 312 б.

29. Добролюбов Н. Полн. собр. соч. ГИХНЛ: – М., 1934. – Т.1. – 523 с.

30. Горький М. Әдебиет туралы. – Алматы: Жазушы. – 1964. – 125 б.

31. Белинский В.Г. Собр.соч.в 3 томах. – М.: ГИХНЛ, 1934. – Т.2. – 803 с.

32. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы, 1959. – 398 б.

33. Толстой Л.Н. Избранные произведения в 2-х томах. – Л.: Лениздат, 1964. – Т.1. – 667 с.

34. Гинзбург Н.Я. Семейные беседы. – Ленинград: Советский писатель, 1982. – 482 с.

35. Асылбекұлы С.  Заман шындығының айнасы // Парасат. – 1997. – № 1. –  15 б.

36. Нұршайықов Ә. Мен және менің замандастарым. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – 9 т. – 344 б.

37. Қалқабаева С. Ә. Нұршайықов прозасындағы адамгершілік ізденістер:     филол. ғыл. канд. дис. – Алматы, 1995. – 163 б.

38. Нұршайықов Ә. Мен және менің замандастарым. Таңдамалы шығармалар жинағы 10 том. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – 10 т. – 352 б.                                                                

39. Учебно-методическое пособие для студентов. –  М.: Издательство     Казанского университета, 1970. – 150 с.

40. Опелянский Ю. К.А. Федин. – М.: Моладая гвардия, 1986. – 351 с.

41. Нұршайықов Ә. Өмір өрнектері. – Алматы: Өлке, 2000. – 605 б.        

42. Ыдырысов Ә. Зерделей оқырлық қос туынды // Ақиқат. – 2001. – №11. 43. Бердяев В.Н., Вадимов А.В. Самопознание / За приделами, Самопознание. – М.: Книга, 1991. – 518 с.

44. Малинин Ю.П. Филипп де Коммин и его Мемуары // Филипп де   Коммин «Мемуары» – М.: Наука, 1986. – 436 с.

45. Ақыш Н.Б. Қазақ мемуарлық романы: филол. ғыл. докт. ... автореф. –
Алматы, 2009. – 38 б. 

Ғылыми жоба: Қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәні
Сабақ жоспары: Экзотермиялық және эндотермиялық реакциялар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу