Қазақ-жоңғар қарым-қатынастарының кеңестік кезеңдегі тарихнамалық мəселесі

Oinet.kz 08-09-2020 1326

ХХ ғасырдың 20–30-жылдары қазақтар мен жоңғарлар қарым-қатынасы мəселелерін зерттеу жаңа арнаға енді. Сол дəуірдегі қазақ зиялыларының өкілдері тарих ғылымына үлкен үлес қосты. Қазақ-жоңғар  қарым-қатынасына  арналған  олардың  еңбектері  бағалы  деректер  болып   саналады.


Қазақ халқының тамаша ұлдарының бірі М.Тынышпаевтың 1925 жылы «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегі жарық көрді [1]. Қазақтардың тарихы, мəдениеті, тұрмысы, қазақ руларының шежіресінің білгірі көшпенді халықтардың өзара байланысына көп көңіл бөлді. Оның монографиясында қазақ- жоңғар қатынасына арналған жеке мақала бар, ол «Ақтабан шұбырынды» («Қазақтардың зор апаты мен зор жеңістері») деп аталады. Ол онда қазақтардың басынан өткен апаттардың себептерін, олардың күш біріктіріп, жоңғарларды қалай жеңгенін, өз жерінен қалай қуылғандығын баяндайды. М.Тынышпаевтың мақалалары екі халықтың арасындағы қатынастардың кейбір көріністерін зерттеу үшін құнды материал береді.


Қазақтар мен жоңғарлар тарихын «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты еңбегінде «Алашорда» партиясының жетекшісі, экономист-ғалым Ə.Бөкейханов былай келтіреді: «В ХVІ веке, как мы видели, в южной полосе края появился народ, известный под именем калмыков, которые оттеснили киргиз на северо-запад. Калмыки представляли из себя союз нескольких племен (торгаутов, хойтов, хошоутов и джунгаров), известный под именем ойратского...» [2; 50].


Ə.Бөкейханов еңбектерінің XVIII–XIX ғасырлардағы Қазақстан тарихын бағалау үшін  де маңызы баға жеткісіз. Ə.Бөкейханов былай деп жазды: «XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап солтүстіктен жаңа халық — славяндар келе бастады; олардың мəдениеті сол кездегі Қырғыз өлкесі билеушілерінің мəдениетінен жоғары болатын, сондықтан жергілікті халық өз өлкесіндегі үстемдікті келімсектерге беруге тиіс болды». Орыстардың өлкені отарлауын Ə.Бөкейханов екі кезеңге: мұнда ерікті отарлаушылардың пайда болуына жəне олардың ізімен үкімет жасақтарының келе бастауына бөледі. «Ерікті отарлау, — оның пікірінше, — осында сол кездегі ауыр тұрмыс жағдайларынан қашқан немесе қорғансыз бұратаналар есебінен оңай баю үшін шаруалардың, кылмыскерлердің, сектанттар мен басқа да əр түрлі тобырлардың келуімен жасалды. Бұл жөнінен оларға оңтүстік Орал мен біздің өлкеміздің солтүстік-шығысы ерекше қатты ұнады. Беймəлім елдерге тереңдей еніп, ілгері қарай қозғалумен жалғасқан «жер шолу» туралы ой осы тұста туды. Бұл қозғалыстың қаншалықты күшті жəне кұдіретті болғанын аты-жөні жоқ еріктілер толқынының небəрі екі жүз жылдай уақытта (1560–1750) Оралдан Камчаткаға дейін, Березовтан Алтайға дейін бүкіл Сібірді баса-көктеп жүріп өткенінен білуге болады. Осындай толқын тармақтарының бірі — солтүстіктен Ертіс бойымен жəне Бараба даласынан, екіншісі — оңтүстік Оралдан Жайық өзенімен оның салаларын бойлап Қырғыз өлкесіне келді. Соңғы қозғалыс ерте басталды, бірақ Ертіс бойымен отарлау тезірек жүргізілді, өйткені бұл толқын күштірек болатын; табиғи байлықтарының арқасында Ертіс өлкесі мен Алтай отаршылдар көзіне өте бағалы көрінді, сөйтіп олар осы жаққа көбірек жіберілді. Мұны орыс үкіметі де ұғынып, оған кейіннен басты əскери күштерін жіберді. Төменіректе біз үкіметтік отарлау (жəне жаулап алу) еріктілердің ізімен жүргізілгенін жəне, былайша айтқанда, оны заңдастырғанын көреміз; кейбір жағдайларда үкіметтің белгілі жер учаскесін еріктілер сол кезде-ақ басып алғандыктан, оны өзінікі деп тануына ғана тура келді» [2].


Əлихан Бөкейханов өзінің Қазақстан тарихы жəне жер пайдалану нысандарының дамуы мəселелері жөніндегі еңбектерінде өлкенің солтүстік-орталық жəне шығыс бөліктерін жаулап алу мен отарлауды бөлек алып қарастырады.


«Есіл–Ертіс өлкесінде орыс адамдарының келген жылын қай жылға жатқызу керек екенін дəл айту қиын, — деп жалғастырады ол ойын. — Солтүстік Сібірдегі сияқты, мұнда да өлкені жаулап алудың алдында терісі бағалы аң аулауды кəсіп еткендердің, ал кейде бұратаналарды жай ғана тонап кету үшін келіп-кетушілердің болғаны анық. Орыс отарлаушыларының қандай да бір арнайы (талап- тонаудан басқа) мақсатпен бірікпеген еріктілер тобырын құраған осы жекелеген алдыңғы бастаушылары алғашқы кезде бұратаналар тарапынан, сірə, ынтымақты тойтарыс таппағанына қарамастан, отарлаудың сенімді тірегіне айнала алмады». Сөйтіп, Ə.Бөкейхановтың пікірінше, Қазақстанның империя құрамына кіруі отарлау (ерікті түрде жəне үкімет арқылы) мен жаулап алудан тұрады. «XVIII ғасырдың аяғында (біздің жоғарыда байқағанымыздай) Қырғыз өлкесі көшпелілерінің едəуір бөлігі орыстардың билігін мойындап, орыстар шегінде көшіп жүрді. XIX ғасырдың басынан бастап үкімет жаулап алынған өлкені нығайту жайын ойластырды». Ə.Бөкейханов өзінің барлық зерттеулерінде «жаулап алу» деген ұғымды қолданып, сол арқылы XVIII–XIX ғасырлардағы орыс- қазақ қатынастарының барысында қалыптасқан күрделі өзара қатынастарды сипаттайды.


Ə.Бөкейханов орыстардың Орталық Азиядағы ерекше өркениеттілік миссиясы туралы негізсіз тұжырымдамасын ашықтан ашық əшкереледі. «Өлкені бағындырған соң, — деп жазды ол, — орыстар мəдениетті жұмысқа көше алмады, өйткені бастапқыда жаулап алу тек қана баю мақсатымен жасалды жəне алғашқы жаулап алушылар мəдениет рөлін атқаруға мүлде дайын емес болатын. Олар адамгершілігі алғашқы қауым адамдарынан аспаған, өткендегі əмірі күмəнді, дөрекі, надан адамдар еді; рас, осының бəрі бола отырып, олар бұратаналардан жетілгендеу болып шықты, бірақ оларды бағындырған соң саналы түрде бейбіт мəдени жұмысқа көше алмады; олар тіпті табиғаттың бай тартуларын ақылмен пайдалануға немесе өздерін өз еңбегімен асырауға күш-жігер жұмсаған жоқ. Керісінше, олар баюдың неғұрлым жеңіл басқа əдісін — бағындырылған бұратаналарды талап-тонау мен табиғи байлықтарды талан-тараж ету жолын таңдады». Автор еріктілердің ендей кіруіне империяның мүдделі болғанын нақтылай келіп, еріктілер мен үкіметтік отарлау үрдісін ажырағысыз бірлікте қарастырады. Біріншіден, ол орыс отарлауының алдыңғы тобы болды, екіншіден, ол империяның ішкі өміріндегі проблемаларды жоюға мүмкіндік берді.


Өзінің тарихи зерттеулерімен белгілі болған, «Алаш» партиясының қайраткері, қазақ халқының мүддесін жеткізуші А.Байтұрсынов «Жоқтау» атты кітабында ХVІ ғ. жоңғарларға қарсы күресте Мамай батырдың да қатысқанын айтады [3].


Өз халқының тарихында із қалдырған энциклопедиялық деңгейдегі еңбектер жазған   М.Дулатов «Хан Абылай» очеркінде Абылай ханның тағдыры, жоңғарларды жеңуі жайлы əңгімелейді [4].


X.Досмұхамедов Ресейдің жаулап алушылық саясаты қазақ жерін Азияға ендей кіру кезінде алғы шеп ретінде пайдалану болды деп есептеді. Қазақ өлкесінің біржола «Ресейге бағынуын» ол XVIII ғасырдың аяғы – XIX ғасырдың басындағы қазақтардың ұлт-азаттық күресінін жеңіліс табуы салдарынан болды деп санады. Ол Əбілқайыр жəне ру ақсақалдарының шағын тобы  патша өкіметімен сөз байласуға барып, елді бодандық алуға мəжбүр етті деп есептеді. X.Досмұхамедов қазақтардың Ресей мемлекетіне бағыну актісіне халықтың негізгі бұқарасының қатыспағанын келіссөз үрдістеріне Кіші жүз бен Орта жүз руларынан біркелкі өкілдер болмағанын мысалға келтіре отырып дəлелдеді [5].


Х.Досмұхамедовтың очеркінде де осы тақырып қозғалған, оның айтуынша, қалмақ қыздарына тек үйленіп қана қоймаған, олар үшін хандар мен батырлар арасында дау-дамайлар да болған.


Белгілі жазушы М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында да осы тақырып қамтылады. Онда қалмақ ауылдарына шабуылдаған кезеңінде қалмақ қызын алып қашып, үйіне əкелгендігі туралы баяндалады. Ол қызды оның інісі Ноян да жақсы көріп қалады. Поэма трагедиямен аяқталады [6]. Аталған тақырып С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасында жалғасын тапқан. Бұл жолы қалмақ қызы өзінің сұлулығымен тұтас əскерді баурап алады. Қалмақ ауылына шабуыл жасаған кезде ол қыз қазақ батырларына тұтқынға түседі. Cондықтан біреуіне күйеуге шығуға мəжбүр болады. Өзінің ақылдылығы мен тапқырлығының арқасында ол тығырықтан шығудың өзіне тиімді жолын табады. Поэма соңында қыз өз отанына қайтып оралады [7]. Аталған мысалдардан «қазақ батыры — қалмақ қызы» тақырыбының қазақ эпостарында кең таралғанын көруге болады. Мүмкін, қалмақ жырларында да осы тақырып кездесетін шығар, ол проблема кеңірек зерттеуді қажет етеді.


М.Əуезов «Əдебиет тарихы» деген кітабында (1927) былай деп атап көрсеткен: «Қазақ елін орысқа бағындыруға зорлаған себептер көп. Бір жағынан, қалмақтар сияқты елдің тізесі батқан жаулығы болса, екінші: Орта Азия хандық тарының қысымшылығы, үшінші: орыс үкіметінің қазақты бағындыруды мақсат қылғандығы, осымен бірге тағы бір зор себеп, қазақтың өз  хандарының алалығы. Өзара жаулық пен араздық, өштік күшейіп, бірін-бірі жауламақ үшін əрқайсы кез келген жұрттан көмек іздеп, қазақ елін əр айғырдың үйіріне сіңіруге айналғандығы. Осындай көп себептер тұтасып, ел тіршілігі бір шым-шытырық мезгілге жеткенде, орыс үкіметінің шеңгелі қомағайлықпен созылып, қазақ даласын уысына кіргізіп əкетіп бара жатты. Орысқа бағыну, елдің алдына ұсынған сыбағалы табақтай болып, еріксіз бой ұсындыруға айналды» [8].


Қазақстанның Ресейге қосылу проблемасы Т.Рысқұловтың тарихи мұрасында да көрініс тапқан. Қазақстанның  жалпы  Ресей  бодандығына  өтуі  тұрғысынан  қарастыра  келіп,  ол       «бағындыру», «қазақтарды жуасыту», «жаулап алушы күш» деген терминдерді қолданған. Ол жазған «Патша өкіметінің отаршылдық саясатында» екі кезең: XVI ғасырдың аяғынан бастап — қазақтардың, XIX ғасырдың ортасынан бастап — шаруалардың отарлауы бөліп көрсетіледі. «Өздері ілгері жылжыған жолында орыс өкіметі жанадан жаулап алған аудандарда дереу бекіністі мекендер тұрғызып, оларға қазақтар мен келімсек шаруаларды қоныстандырып отырды» [9].


Т.Рысқұлов қазақ жүздерінің Ресей бодандығына өту себептерін бірінші кезекте Қазақстанның сыртқы саяси жағдайымен байланыстырды. Оның сыртқы саяси жағдайы қазақтарды шығыстан — жоңғарлардың, оңтүстіктен — Хиуа, Бұхара, Қоқан хандығы, батыстан ноғайлар мен қалмақтардың қысым  жасауынан  көрінген.  Т.Рысқұловтың  пікірінше,  Ресейдің  Қазан  (1552),  Астрахан     (1557) хандықтарын жаулап алу, Батыс Сібірді бағындыру (1581), орыстардың Орал мен Ертісті бойлай жылжуын күшейтуі жөнінде шығыста белсенді саясат жүргізуі едəуір рөл атқарған.


Х.Арғынбаев, М.Мұқашев, В.Востров жазған керемет академиялық зерттеу болып саналатын «Қазақ шежіресі хақында» атты кітапта «Жоңғар басқыншылығы» деген тарау бар. Онда жоңғарлар шапқыншылығы мен жаулап алуы кезеңі, «Ақтабан шұбырынды», қазақ батырлары туралы айтылған:


«Қазақтарды біртұтас жасаққа біріктіру ғана жоңғар шапқыншылығынан құтқарар еді. Халық батырлары: Кіші жүзден — Тайлақ, Орта жүзден — Қабанбай мен Бөгенбай, Ұлы жүзден — Саурық батырлар осындай бірліктің негізін қалады. Сөйтіп, үш жүздің барлық батырлары тізе қоса отырып, 1726 жылы Торғай даласының оңтүстік-шығысында жоңғарларға қатты соққы берді» [10].


Қазақ-жоңғар байланысының мəселелерін алғашқылардың бірі болып айналысқан, Орта Азия тарихын зерттеген кеңестік тарихшы, орыс ғалымы В.В.Бартольдт болды. «Очерки истории Семиречья» деп аталатын ғылыми еңбекте ол Жоңғар хандығының пайда болуы мен күйреуінің себептерін ашты [11].


Басқа ресейлік зерттеуші В.Л.Котвичтің еңбектері орыс-монғол байланыстарына арналған. Оның көптеген мұрағаттық материалдар негізінде жасаған деректанушылық қызметі қазақ-жоңғарлардың өзара байланысын зерттеуде үлкен маңызға ие болды [12].


Қазақ-жоңғар қатынасының жаңа қырлары ресейлік тарихшы И.Я.Златкиннің «История Джунгарского ханства» атты кітабында баяндалған. Ол қазақ-жоңғар соғысының себептерін, екі жақтың билеушілерінің осы соғыстағы атқарған ролін зерттеген, қарым-қатынастарға қатысты көптеген құжаттарды ғылыми айналысқа түсірген. Оның бұл еңбегін көптеген тарихшылар жоғары бағалаған [13].


И.Я.Златкин  деректерге  талдау  жасап,  1698  жылғы  шайқастың  3  түрлі  себебін       көрсетеді [13; 215].


Біріншісі, 1697 жылы Цеван-Рабданның айттырып қойған қалыңдығы Аюке ханның (Торғауыт қалмақтың ханы) қызы Сетержап Еділ-Жайықтан Жоңғарияға жол тартқан. Жоңғарияға бет түзеген шақта мезгіл жаздың аяғы екен. Жолда қыс түсіп кетіп қалыңдық Қарқаралы Қазылық маңында Кент деген тауда «Қыз Əулие» деген үңгірдің маңында қыстап қалады. Қазақ руларымен тіл табысып, қысқа қоныс жасаған. Онысы екі қабатты құрылыс, таудың қызыл тасынан салынғандықтан, кейін Қызыл Кеніш аталып кетті. Сол Қызыл Кеніште болған кезінде Сетержап қалыңдық Едіге деген қазақ жігітімен көңіл қосып, күйеу жұртына жеткенде қалыңдықтың аяғы ауыр болған. Одан туған баланың атын Сына-Шұна Дабо (Лаузан) қойған [13; 215].


Екіншісі, 1683 жылғы Галдан-Бошоктудің шабуылы кезінде, жоңғарлардың қолына Тəуке ханның сүйікті ұлы — ханзада Сұлтан түсіп қалады. Сұлтан хандық тақтың бірден бір мұрагері еді. Сондықтан жоңғар билеушілері оны ламалыққа, пұт дініне бейімдемек болып, Лхасаға жібереді. Мақсаттары Тəуке хан оның одақтасына айналады жəне Сұлтан қазақ тағына ие болғанда жоңғар ықпалында болмақ [13; 215]. Тəуке хан қоңтайшыға Сұлтанды қайтару жөнінде елшілер салады, бірақ бұдан еш нəтиже шықпайды. Сол себептерден хан жасырын жасақ дайындап, оларды ылғи жоңғарша киіндіріп, жоңғарлар тілін білетін батырларды басшы қылып сайлап, олар тікелей Тибетке қарай жол тартып, Сұлтанды күзетуге қойған 500 күзетшілердің көздерін жояды [13; 215]. Яғни, жоңғарлардың 500 адамын өлтіргені себеп болған.


Үшіншісі, жоңғардың атақты батыры Үркедей тайшының (Урхедей-Батур-Тайдзия) қазақтың қолынан өлуі [13; 215].


Қазақ пен жоңғардың XVII–XVIII ғғ. жауласуына əкелген жоғарыда айтылған оқиғалар себеп болғанымен, тек сылтау ғана еді [13, 216]. Қазақ-жоңғар соғыстарының себептері тереңде жатыр.


Галдан-Бошокту кезінде Халха жері үшін Цин империясымен шайқастарда хандық əлеуметтік, экономикалық, саяси жағынан дағдарысқа ұшырады. Əскери істердегі сəтсіздіктер жəне Галданның қазасы, Цеван-Рабданның билігінің əлі толық бекімеуінен кейінгі Жоңғар  хандығындағы тұрақсыздық Ресей жəне Қазақ хандығы тарапынан қысым жасауға қолайлы жағдай туғызды. Ресей Енисей, Тобыл, Ертіс бойына орыс қоныстарын сала бастады. Қазақ-жоңғар қарым-қатынастарының шиеленісуіне де жер себеп болды. XVII ғасырдың 90 жж. қазақ байлары өздерінің көшін оңтүстікке жəне шығысқа — Жоңғарлардың хандығына қарай бағытталды. Екі ел аралық қақтығысқа жер мəселесімен қатар сауда жолдары мен сауда орталықтарына иелік ету ұмтылысы себеп болды.

Нəтижесінде XVII ғ. аяғында – XVIII ғ. басында Жоңғар хандығы шектелген аймақта таршылық көрді,  сонымен  қатар  халхалық  жерлерге  ие  болған  Цин  империясы  өзінің  жаулап  алу саясатын батысқа бұруы; солтүстік жəне солтүстік-батыста Ресей империясы орналасқан еді. Цеван-Рабдан билік басына келгенде Жоңғар хандығының жағдайы осындай болатын [13; 217].


Сөйтіп, жер мəселесін көршілер есебінен кеңейту, сауда жолдары мен орталықтары үшін күрес қазақ-жоңғар қарым-қатынастарының ушығуына əкелді. Аталмыш мəселе қазақ-жоңғар халықтарының ішінара тығыз қарым-қатынас орнауына алып келді. Бұл өз кезегінде екі ел аралық этникалық жəне мəдени байланыстардың қарқынды əсерін туғызды.


Екі халықтың байланысы туралы проблемаларды зерттеуші кеңестік тарихшылардың ішінде ерекше орынды бурят ғалымы Ш.Б.Чимитдоржиев алады, оның «Взаимоотношения Монголии и Средней Азии в ХVІІ-ХVІІІ вв.» [14] еңбегінде кеңестік тарихнамада алғаш рет Монғолия жəне Орта Азия халықтары, соның ішінде қазақтар мен жоңғарлар қарым-қатынасы аспектілерін жете зерттеді. Бұл зерттеудің артықшылығы мен кемшіліктерін қазақстандық тарихшылар Р.Б.Сүлейменов жəне В.А.Моисеев тыңғылықты қарастырды. Бұл ретте соңғысы тарихшылардың пайымдауларына сын көзбен қарайды. Мысалы, В.А.Моисеевтің Ш.Б.Чимитдоржиевтің мына тұжырымдамасымен келіспейтіндігіне байланысты келтірген дəлелдері сенімсіздік тудырады: «Нападение ойратских феодалов на казахские земли началось в первой половине ХVІ в. До этого взаимоотношения  казахов и ойратов в течение целого столетия были мирными» [15; 32]. И.Я.Златкин де осы пікірмен   келіседі:


«Необходимость сосредочить все силы и средства казахских феодалов для борьбы против узбекского хана Абулхаира, а затем против Шейбани и шейбанидов заставляла казахских  феодалов поддерживать мирные связи с другими своими соседями, например, с ойратами, отношения с которыми целое столетие не были омрачены конфликтами» [13; 42].


Көшпенді халықтардың мəселелеріне арналған тарихнамада тарихшылар Р.Б.Сүлейменовтың, В.А.Моисеевтің еңбектерінің маңызы зор, əсіресе «Внешнеполитические связи Казахстана, Средней Азии и Центральной Азии ХVІ–ХVІІІ вв. в советской истографии» жəне «Некоторые вопросы казахско-джунгарских отношений в советской историографии» [15]. Бұл еңбектерде қазақ тарих ғылымында алғаш рет аталған мəселенің тарихнамасы талданып, сол кездердегі проблемалар баяндалып, оларды шешу жолдары айқындалды. Бұл еңбектердің құндылығы аталған проблеманың тарихнамасын тыңғылықты зерттеуінде болды.


Р.Б.Сүлейменовтың жоңғарлар мен қазақтар арасында бірнеше ғасырлар бойы тығыз жəне жан- жақты байланыстардың болғандығы туралы ойы маңызды болып саналады.


К.Л.Есмағамбетовтың «Зарубежная историография с древнейших времен до начала 90-х годов» атты еңбегін де атап өту керек, онда шетел тарихшыларының еңбектері толық жəне жүйелі түрде талданған. Бұл зерттеу тарихнамалық ғылымның дамуында маңызды орын алады [16].


Б.П.Гуревичтің В.А.Моисеевпен бірлесіп жазған «Взаимоотношения Цинского Китая и России с Джунгарским ханством в ХVІІ–ХVІІІ вв. и Китайская историография» деген еңбегі ресми қытай тарихнамасының Жоңғар хандығымен қатынасқа қатысты Цин империясының саясатына байланысты көптеген теріс жақтарын ашып көрсетті. Қытайдың ұлы державалық-шовинистік позициясы оның империя төңірегінде тұратын нехань халқына үстемдік жасауға құқылымыз деген ойынан туындаған, сондықтан Қытай Жоңғарияны басып алып, ондағы халықты қыруын заңды іс-əрекет деп санаған. Аталған еңбекте қазіргі заманғы қытай зерттеушілерінің еңбектері сын тұрғысынан қарастырылған жəне олардың аталған проблемаға қатысы талданған [17].


Орталық Азияда халықаралық қатынастардың құрылымын зерттей келе, Б.П.Гуревич монографиясында мынадай қорытындыға келеді: «Со второй четверти ХVІ в. началась полоса казахско-ойратских столкновений, вызванных попытками западно-монгольских феодалов расширить свои пастбищные территории и заодно пробиться к рынкам Средней Азии» [17; 25]. Қазақ-жоңғар қарым-қатынастарын баяндай келе, ғалым былай дейді: «...после смерти Батур-хунтайджи в 1653 г. и начавшихся междоусобиц в Джунгарском ханстве тяньшанские киргизы и казахи Старшего жуза снова начали успешную борьбу с ойратскими завоевателями. Один из сыновей Хунтайджи, Ондон, возглавил карательный поход джунгарских войск в Семиречье, потерпел неудачу и попал в плен. После того, как в 1655 г. к власти в Джунгарском ханстве пришел новый правитель — Сенге (1655– 1670), восточная часть Семиречья уже фактически была освобождена от ойратов» [17; 25]. Алайда Б.П.Гуревичтің еңбегінде өкінішті түсінбеушілік бар. Ол 1643 жылы қазақ — жоңғар соғысында қазақтар өз тəуелсіздігін өзбектердің көмегімен сақтап қалды деген. Зерттеулер қазақтарға көмек берген өзбектер емес, Самарканд бегі, қазақ батыры Жалаңтөс екенін дəлелдейді. Алайда, кейбір ауытқушылықтарға қарамастан, монографияның құндылығы автордың назарын мына жағдайға аударуында: «...наблюдалась тенденция к созданию военно-политических союзов между отдельными группами казахских и ойратских владельцев». Ол циндердің қазақ пен жоңғарлардың жақындасуынан қорқатындығын көрсетеді: «Перспектива укрепления казахско-джунгарского союза особенно сильно беспокоила цинское правительство, которое, как свидетельствуют китайские источники, стремилось ни в коем случае не допустить каких-либо совместных действий Амурсаны и правителей казахских ханств» [17; 27]. Орталық Азиядағы халықтардың күрделі қарым-қатынасын суреттей келе, Б.П.Гуревич көшпенді этностардың əскери қақтығыстарын санап берумен шектелмейді. Өз еңбегінде ол қазақтар мен жоңғарлардың өзара достық көмегі жайлы да айтады.


Қазақ-жоңғар қатынастарының мəселелерін қазақстандық тарихшы В.А.Моисеев жан-жақты зерттеген. Көп жылғы зерттеулерінің қорытындысы ретінде ол 1991 жылы «Джунгарское ханство и казахи» [18] атты еңбегін шығарды. Сонымен бірге бұл еңбек қазақ жоңғартануға қосқан салмақты үлесі еді.


ХVІ ғ. соңы – ХVІІІ ғ. ортасына дейін Қазақстанның көптеген аудандарында ойраттар (жоңғарлар, қалмақтар) мекендеген. Кейбіреуінде олар ұзағырақ, ал кей аймақтарда аз уақыт өмір сүрген. Жалпы алғанда олардың мекендеуі жүз — жүз жетпіс жылға созылған. Сол кезеңдерден аймақта ойрат тілді топонимдер, құрылыстар сақталып жеткен. Ойраттардың құрылыстары негізінен ғұрыптық (культтық) сипатта болған. Негізінен əр түрлі қажеттілікке арналған ғимараттардан тұрған будда мəдениетінің тіркеулері. Осындай монастырлардың бірі ХVІІ ғ.б. Ертіс өзенінің оң жағасында орналасқан (Шығыс Қазақстан). Патша Михаил Федоровичтің Түмен əскербасшысына 1616 ж. берген грамотасында бұл монастырь Тас мешіт атауымен көрсетілген. Тарихи əдебиеттерде Доржихит (Доржи монастыры) деп аталады. Осы монастырь тұрған жерде 1778 ж. Семей қаласының іргетасы қаланған. Семипалатинск деген атау құламай қалған 7 ғимараттынан (палатасы) шыққан.


Көптеген жаңа мəліметтер Г.К.Конкашпаевтың «Историко-географические сведения о пребывании калмыков (джунгаров) на территории Казахстана в ХVІ–ХVІІІ вв.»,  «Некоторые сведения о пребывании ойратов на территории Казахстана», «Казахские народные географические термины» мақалаларында жазылған [19]. Одан əрі ол мынадай қорытындыға келеді: «Ныне сотни географических объектов носят ойратские названия. Они в основном сохранились в наименованиях сравнительно крупных реалий-гор, рек, озер. Перечислим некоторые из них: оронимы (название гор): Тарбагатай, Калба, Кантагатай, Богуты, Согуты, Баянауыл, Баянжурек; гидронимы (название рек, озер): Оленты, Чидерты, Смуты, Моинты, оз.Зайсан, Кургальджин». Соңында автор жоңғарлардың Қазақстандағы ықпалы ұзақ  мерзімді  жəне  үлкен  кеңістікте  болған  деген  қорытындыға  келеді [19; 116].


Қазақстанда, Г.К.Кошкашпаевтың пікірінше, ойраттарға қатысты басқа да құрылыс түрлері бар. Қазақ-жоңғар қарым-қатынасының проблемаларын баяндайтын тарихнама кеңестік уақытта жаңа деңгейге көтерілді. Көптеген тарихшылардың күш салуы арқасында аталған мəселе бойынша мəліметтер беретін мұрағаттық деректер айналысқа түсті. Сонымен бірге кеңес жоңғартануын байытқан ежелгі шығыс жазбалары орысшаға жəне қазақшаға аударылды (В.П.Юдин, т.б.).


Ғылымда қазақтардың басқа халықтармен қарым-қатынасын зерттеген жаңа талантты ғалымдар пайда болды. Қазақстандық жоңғартану өкілдері (ғалымдар Р.Б.Сүлейменов, Ж.К.Қасымбаев, В.Я.Басин, И.В.Ерофеева, т.б.) ешуақытта партиялық принциптердің жақтаушылары болған емес. Олар үлкен қиындықпен объективтілік жəне тарихилық принципті «академиялық тоталитаризмнен», псевдоинтернационализмнен, догмалық формационизмнен қорғау жолдарын іздеді, бұл олардың еңбектерінің əр тарауынан көрінеді. Олар болашақта тəуелсіз, шынайы, ғылыми тарихи талдау жасаудың негізін қалады. Сонымен, біз қазақстандық жоңғартану дағдарысты кешуде деп ойлап, əдіснамалық эволюцияның жақтаушылары боламыз.


Әдебиеттер тізімі:


Tynyshpaev M. History of the Kazakh people. — Almaty: Sanat, 1997. — 224

Bokeyhanov A. Historical fate of the Kyrgyz people /favorites. — Almaty: Kazakhstan, 1994. — 384

Baytursynov A. — Almaty, 1994. — 126 p.

Dulatov M. — Almaty: Zhazushy, 1994. — 305 p.

Dosmuhamedov H. — Almaty: Zhazushy, 1991. — 256 p.

Zhumabaev M. — Almaty: Zhazushy, 1994. — Р. 240–461.

Seifullin S. — Almaty: Zhazushy, 1986. — Р. 55.

Seydimbek A. World of Kazakhs. — Almaty: Rauan, 2000. — 576

Magauin M. ABC of Kazakh history. — Almaty: Kazakhstan, 1997. — 224

Erofeeva I.V. Abul Khair Khan: commander, ruler and politician. — Almaty: Sanat, 1999. — Р. 244,

Bartoldt V. Turkestan in the era of the Mongol invasion. — In.: VV Bartoldt Works. — Vol.1. — Moscow: Publishing House of Oriental Literature, 1963. — Р. 136.

Articles on the history of Russian-Mongolian relations. Collection of documents. — Moscow: Nauka, 1959. — 469

Zlatkin I.J. History Junggar Khanate. — Moscow: Nauka, 1864. — 482 p.

Chimitdorzhiev S.B. Relationships Mongolia and Central Asia in XVII–XVIII centuries. — Moscow: Nauka, 1979. — 235

Suleimenov B., Moiseev V.A. From the history of Kazakhstan in XVIIІ. (On foreign and domestic policy Abylhair). — Almaty: Nauka, 1988. — 144 p.

Suleimenov B. External relations of Kazakhstan XVI–XVIII centuries. Soviet historiography // Kazakhstan, Central and Central Asia in XVI–XVIII centuries. — Almaty: Nauka, 1983. — 178 p.

Gurevich P. International relations in Central Asia in the XVII–XVIII centuries: Documents and materials. — Moscow: Nauka, 1989. — 375 p.

Moiseev V.A. Some issues of the Kazakh — Jungar relations in Soviet historiography /Questions historiography and source of Kazakhstan (the pre–revolutionary period). — Almaty: Nauka, 1988. — 264

Konkashpaev G.K. Kazakh dictionary of place names. — Almaty: Publishing House of Kazakh Academy of Sciences, — 184 p.

Мектеп түлектері. 30 жылдық
Ұрпақ үні. Абай Құнанбаевқа арнау
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу