Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Астана- Алматы поезына билет алып, купеге кірсем, менен басқа ешкім жоқ екендігіне көріп, жалғыздықтан көңілім құлазып қалғандай болды. Поезд жүрүге бес минут қалғанда, купеге кіріп келе жатқан сұңғақ бойлы, жауырыны қақпақтай, бура сан, сақал- мұртын енді ғана қырау шалған, жетпісті алқымдап қалған ақсақалды көріп ішім жылып сала берді.
Сәлемімді салқын алған ақсақал, асықпай шешініп, бүйірі шығыңқы жол сөмкесінен бір пакетті алып, столға қойып, сөмкнені жататын орнының астына сүңгітті. Кескін- келбетінен жақсы күтімде болғаны, қара жұмыс қажытпағаны айқын көрініп тұр. Бет- аузына әжімдер де өрнек салып үлгермепті. Ақсақалдың көңіл- күйі болмай отырғандығын көрген соң, жай ғана танысып, мазасын алмауды жөн санадым...Тамбурға шығып, шылым шегіп келсем, ақсақалым бағанағы пакеттен екі пирожкиін шығарып, минарелды сумен қаужаңдап жатқанын көріп, келінім жолға деп салып берген қазы-қарта мен бауырсақ, қант- кәмпит, алма, помидорды шығарып өзімше дастархан жайдым. Шай алып келгеннен соң, аздап әңгімеге тартқандай болып едім, ақсақал:
- Немереме келіп, бір сағаттай сөйлесіп, үйге қайтып барамын,- деп, қысқа қайырды. Біразға созылған үнсіздікті өзі бұзып:- Мен бір жүрген кісікиікпін,- дегенде, тағдыры тәлкекке түскен адамның келбеті көз алдыма тұра қалды...Бір күрсініп алып:- Енді бәрі де кеш,- дегенде ақсақалды аяп кеттім. Әңгімесін ары қарай сабақтаған жолсерігім:-Ата -анаңа не істесең, алдыңнан сол шығады,- дегенді бабалар қалай тауып айтқан,- деп, біраз үнсіз отырды, Жазылып келе жатқан жарасын тырнамайын деп, мен:- Неге олай дейсіз, ақсақал,?- деп, сұрамадым.
-Жол қысқарсын, бастаған екенмін, аяқтайын, - деп, ол маған көзінің қырымен, сынай да, сұрай да қарағандай болды...
- Еркіңіз білсін, ақсақал,- деп, әңгіме тізгінін бабалар дәстүрімен ақсақалдың қолына ұстаттым.
Ух,- деп, бір күрсініп ап, мұрнымен ішіне ұзақ уақыт дем алып, сонан соң екі ұртын бұлтитып сол сорған ауасын ұзақ сыртқа шығарып, бір тыныстап алып, әңгімесін бастап кетті...
- Мен қарапайым отбасында дүниеге келіппін. Ата- анам үлкен қызметкер болмаса да, ағайын- туыс, жолдас- жораларының ішінде беделді болды. Кеңестер үкіметі кезінде, орысша оқымағандар атқа міне алмайтынын түсінген әкем мені орыс сыныбына оқуға береді. Мектеп бітіргеннен кейін, Алматыға оқуға жіберді. Жоғарғы білім алып, қызметке тұрғанда, сыныптас қыз да оқуын бітіріп, ауданға оралған екен. Сөздің қысқасы, ақыры сол қызға үйленіп тындым. Өмірдегі бүкіл үлкен өзгеріс осы сәттен басталғанын білмеппін, өкінішке орай...!!!
Әйелім өте қызғаншақ болды. Сынықтан басқаның бәрі жұғады дегендей, мен де сондай болып шыға келдім. Ақыры, қызғаншақтық - мінезге айналып, мінез - тағдырға айналатынын енді ғана түсінгендей болдым. Тағдырым - трагедияға, тіпті трагикомедияға айналғанын сезбей де қалдым. Барлық кінәні сырттан іздеп жүрсем, ол кінә іште екенін өзім де мойындай алмай жүрмін.... Мойындайын десем, қатынымның "сасық саясатынан" шыға алмаймын!!!
Жылдар жылжып өткен сайын, жан жарымның иделогиясының арқасында, ата-анама деген құрмет жоғала бастады. Енді, бауыр- қарындастарым, нағашы жұртыммен, тіпті қайын жұртыммен де қарым- қатынастың арасына сызат түсе бастап, ақыры үзіліп тынды. Тіпті әкем қатты ауырып, жансақтау бөлмесінде жатқанда да, баламды оқуға түсіремін,-деген себеппен бір де бір жол бармадым. Қайтыс болған күні бірақ бардым. Іні-бауырларым, апай- қарындастарым осы итшілігімді білсе де, тектілік танытып бір де бір жол бетіме басқан жоқ. Туған - туыстар келін түсіріп, қыз ұзатқан тойларына қатыспай, тіпті құтты болуды да айтпайтын болдық. Әкемнің ағалары қайтыс болғанда да барып топырақ салмадық.
Ағайын інімнің әйелі қайтыс болғанда бармақ түгілі, телефон да шалмадық. Ал, менің балаларым үйленгенде бүкіл туған- туысым, ағайындарым келіп, көтеріп кететін. Тоқсанға келіп қалған анамның телефон номері де менде жоқ. Хабарласпағалы көп жылдардың жүзі болды. Осындай қатыгез болғанымның бір себебі- орыс тәрбиесі болса, екіншісі- өзімнің ынжықтығым, қатынымның айтқанынан шыға алмағандығым, енді ата-анама істеген қатыгездігім алдымнан жыл сайын емес, күн сайын шығып жатыр,- деп, бір күрсінді.
-Оны айтып отырғаным, енді үлкен ұлым әйелімен ажырасып, немерелерім нағашыларының үйінде тірі жетім болып жүр. Ал, ұлым болса, табынға қосылған бұқадай байдан қайтқан әйелдің артынан еріп кете барды. Астанада тұратын ұлым да әйелімен ажырасып, немерелерімді нағашыларына тастап, үлкен ұлдың жолымен кетті. Мен әйелімнің айтқанынан шыға алмай, бір де бір немеремді бауырыма баспаппын. Себебі, әйелім менің туыстарымды да, келіндерім мен құдаларымды да "Колхозбай"-, деп, менсінбеді. Мен болсам, мұрны тесілген өгіздей, қатынымның айтқанымен жүре беріппін. Қазір туған- туысты қойып, өзімнің ұлдарыммен де қарым-қатынас жасай алмаймын. Олар әйелім екеуміз менің ата-анама жасаған қатыгездікті көріп өскен еді. Міне, сол ата-анама жасаған "жақсылығым" алдымнан шығыр жатыр. Астанада нағашыларының қолында қалған немереммен құпия жағдайда бір сағат қана жүздесіп едім, ол да менің кеудемнен итергендей болды.
Енді үйге қайтып барамын, - деп, жанарын еденге қадап отырып қалды....
Арамызда шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнады. Менің көңілім бұзылып, бір тұңғиық ойға батып, рухани құлазып кеттім. Сүт пісірім уақытта сол тыныштықты қайта бұзып:- Адамзат- боқ көтерген, боқтың қабы,- дегендей, тек құлқынның қамын ойлап, малша өмір сүріппін. Адамзатты былай қойып, туған- туысқа, ата- анаға, бала мен немереге деген махаббаттан жұрдай болыппын. Дегенмен қазір жағдаймыз жаман емес.
Кемпіріміз екеуміз жақсы зейнетақы аламыз, әлі де жұмыс істейміз, қарнымыз тоқ...- дегенде купенің ішін адамның қолқасын жарардай жаман иіс басып кеткендей болды. Әңгіменің басында айтылған аяныш, жиіркенішке айналып жүре берді.
Бірақ...- деді де тағы ойланып:- Бұл фәни жалған... Егер, барса келмес аралына бет алған келместер кемесіне мінетін болсам, ұлдарым шығарып салатынына күмәнім бар. Ал, немерелерім келіп топырақ салмайтынына көзім толық жетті. Бар үмітім- ағайын- туыста. Әл-қуатымнан айрылсам, қарттар үйіне барармын, зейнетақым бар ғой,- дегенде, біреу ту сыртымнан пышақ ұрғандай дір ете түстім. Жұдырықтай жүрегім дұрсілдеп,бүкіл өнбойыма ыстық қан айдап тұрғанын өмірімде бірінші рет сезіндім...!!!
Жолсерік келіп, ақсақалға межелі жерге жеткенін ескертіп, төсек- орынын өткізуін өтінді...Поездан түскен жұрт вокзалға лап қойғанда, дөңкиген сөмкесін арқалап, адамдардың арасында ертегілер кейіпкері - КІСІКИІК те кетіп бара жатты...