Индустриалды аймақта жиһаз құрастырылуда

Oinet.kz 24-10-2024 353

image.png

Түркістан қаласының индустриалды аймағында «Туран-Мебель» ЖШС жиһаз құрастырумен айналысуда. Жобаның жалпы құны 2,361 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын үйге, кеңсеге және қоғамдық орындарға арналған жиһаздар шығарып, өндіріс процесінде заманауи технологияларды қолданады.

Кәсіпорында 40 адам жұмыс істейді, бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Компанияның өндірістік қуаты жылына 300 000 дана жиһаз шығаруға мүмкіндік береді, бұл ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт әлеуетін де арттырады.

«Туран-Мебель» мемлекеттік бағдарламалар аясында аймақтық билікпен серіктестікте жұмыс істеп, өндірісті жаңғырту және кеңейту жобаларын жүзеге асырады. Алдағы уақытта компания өндіріс көлемін арттырып, экспорттық нарықтарға шығуды көздейді. Осылайша, «Туран-Мебель» өңірдің экономикалық дамуына үлес қоса отырып, өз позициясын одан әрі нығайтуды көздеуде.

       Әлеуеті барған сайын артып, бүгінде ел экономикасының локомотивіне айналып келе жатқан Түркістан қаласының өндірістік қуа¬тын арттыруда шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі зор. Облыс орталығының қалыптаса бастаған алғашқы күнінен орта кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасалып келеді. Бүгінде рухани шаһарда «Түркістанда жасалған» деген атаумен түрлі салада өнім өндіріп, тіпті, тауарлары шетел асып жатқан кәсіпорындар бар. Әсіресе, шаһардың жиһаздары бүгінде ТМД елдерін шарлап жүр. Бұл қаланың жиһаз өндірісінің әлеуеті жоғары, өнімдерінің сапалы екенін аңғартады. 

       «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылы отандық жиһаз өнеркәсібіне инвестиция көлемі 17,1 миллиард теңгеге жеткен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есеге жоғары көрсеткіш (4,4 миллиард теңге). Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 миллиард теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құраған. Мұндай жоғары көрсеткіштер кеңселер мен сауда кәсіпорындары үшін жиһаз өндірісіне (+5,8 есе - 6,3 миллиард теңгеге дейін) және басқа да жиһаздарға (+18,9 есе - 6,9 миллирд  теңгеге дейін) инвестициялар көлемін арттырудың арқасында мүмкін болды. 

         Цифрлардың мұндай «әдемі сөйлеуіне» Түркістан қаласындағы  шеберлердің де қосқан үлесі зор. Сала мамандарының айтуынша Түркістан қаласында өңдеу өнеркәсібі саласында дамыған бағыттардың бірі жиһаз өнімдері және құрылыс материалдарын өндіру болып табылады екен. Өндіріс ошақтарының басым бөлігі «Turkіstan» индустриалды аймағында орналасқан. Сұранысы мол  Түркістанда жасалған жиһаздар ТМД елдеріне тарап жатыр. Қаланың өңдеу өнеркәсібінің 20 пайызы осы қатты және жеңіл, жұмсақ өндірістері құрайды. Бүгінгі таңда облыс орталығында 7 ірі жиһаз кәсіпорындары  мен бірқатар шағын цехтар қарқынды жұмыс істеуде.  Олардың ішінде бүгінде аты қалыптасқан, бәсекеге қабілетті, өзіндік орны бар «Азия бренд»,  «Ideal»,  «Grand Miks»,  «Cordial», «Мебель Люкс» сынды ірі кәсіпорындарды атауға болады.  

Түркістанда тоңазытқыш жасалады
Трамп Харриске қарсы: 2024 жылдың соңына қарай биткоин 100 мың долларға жетуі мүмкін бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу