Президент жиһаз өндіретін кәсіпорынды аралады

Oinet.kz 27-09-2024 158

image.png

 Түркістан қаласы өңір бойынша жиһаз өндіру саласында көш бастап тұрған аймақ. Сапасы мен дизайны ешбір брендтік өнімдерден кем түспейтін  түркістандық  жиһаздардар еліміздің түкпір-түкпіріне, сондай-ақ шетелге де экспортталып жүр. Қаладағы ірі және шағын жиһаз цехтары қала экономикасының артуына өз үлестерін қосуда әрі мыңдаған тұрғынға тұрақты жұмыс орындарын ұсынып келеді. Қаладағы елімізге белгілі жиһаз шығаратын кәсіпорынның бірі Аqniet Holding. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына жасаған сапары барысында аталған  мекемеге  бас сұқты. 

Қазіргі уақытта «Aqniet Holding» жоғары сапалы және заманауи дизайнды қамтамасыз ететін жайлы мектептерге арналған парталарды шығарумен айналысады. Отандық  компанияның үстелдері жайлылық пен сапаға баса назар аудара отырып жасалған. Оларды жасау барысында оқушылардың денсаулығына қауіпсіздікті қамтамасыз ететін экологиялық таза материалдар пайдаланылады. Әрбір кезең – жобалаудан бастап соңғы құрастыруға дейін – қатаң сапа бақылауынан өтеді. Бұл мектептегі оқу мен шығармашылық үшін тамаша жағдай жасай отырып, партаның беріктігі мен функционалдығын қамтамасыз етеді.

 Қазақстанда роботтарды қолданатын алғашқы жиһаз фабрикасы тек мектеп парталарын ғана емес сонымен қатар  медициналық мекемелерді, сауда орталықтарын, кеңселерді,  театрларды қоса алғанда, әртүрлі мақсаттағы жиһаздарды өндіруге маманданған.  Мекеме  жиһаздың кең ассортиментін ұсынады, үстелдер мен орындықтардан кеңселер мен мамандандырылған медициналық креслоларға дейін. Өнімдер тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жоғары сапа және оңай қолданысымен ерекшеленеді. Компания жиһаз өндірісінде, соның ішінде робототехникада озық технологияларды қолданады. Бұл өндірістің тиімділігі мен дәлдігін арттыруға, өндіріс уақытын қысқартуға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Дегенмен, өндірістің әр кезеңін қадағалайтын мамандардың қолөнері мен шеберлігіне де үлкен мән беріледі. Нәтижесінде  жиһаз заманауи технология мен жоғары сапалы қолөнер бұйымдарын біріктіреді.

Қазіргі таңда кәсіпорын 97 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 34 мың жиһаз өнімдерін сондай-ақ 24 мың мектеп парталарын шығаруда. Компанияның өнімдері ішкі  және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие.  Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. 

 «Роботтың артықшылығы бір өзі бір күнде жиырма адамның жұмысын атқарады. 24 сағат жұмыс істеуге қауқары бар. Одан кейін   робот жұмысты сапалы түрде орындайды. Мысалы дәнекерлеуде 100 пайыз құйылады және онда шлак болмайды. Жиһазға қажетті металл өзіміздікі. Қарағандылық Металлинвест компаниясынан  алып жатырмыз. Ағашы да отандық өнімдер. Пластиктің өзін КРІ компаниясынан алып отырмыз.  Бояуын ғана сырттан аламыз.  Сол себепті тоқсан бес пайыз отандық өнім деуге болады»,- дейді «Aqniet Holding» компаниясының төрағасы  Омар Бақтыгерей. 

 Айта кетерлігі, отандық жиһаз өнеркәсібінің өнімдері көрші елдерде де үлкен сұранысқа ие. Жыл басынан бері жиһаз өнімдері экспортының негізгі көлемі Қырғызстан, Өзбекстан, Германияға жөнелтілген. Сұранысқа ие тауарлардың қатарында пластмасса мен металдан жасалған және жатын бөлмеге арналған ағаштан дайындалған жиһаз сынды тауарлар бар.   Қазір елде жиһаз жасаумен айналысатын 2000-ға тарта кәсіпорын бар. Жоғарыда атап өткеніміздей олардың басым бөлігі Түркістан облысында, соның ішінде орталығы Түркістан қаласында орналасқан.

Мұнан соң Президент тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндіріс алаңына барды. Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық UBC Group холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 миллион еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK TURKISTAN» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 миллиард теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

 Алты жыл алдын облыс орталығы мәртебесі берілген Түркістан қаласында құрылыс қарқыны бәсеңдемеген.  Қала гүлденіп, көркі көз тартады. Мұны мемлекет басшысы да атап өтіп, Түркістанның таза қалаға айналғанына назар аударды. Келесі нысанға дейін жаяу жүріп қала көшелерімен серуендеді.  Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңір экономикасының дамуына тың серпін беру үшін Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 триллион теңге болатын 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі. Нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады. Маңызды бастамалардың қатарында Түркістан қаласындағы бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы да бар. 

  Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына жасаған сапары барысында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді. Облыс орталығындағы «Turkistan» индустриалдық аймағы мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы шаһардың басты өндірістік алаңдары болып табылады.  Жеке кәсіпкерлерді қолдау, оларға лайықты жағдай жасау мақсатында құрылған «Turkistan» индустриалдық аймағында ілкімді істер аз емес. Осыдан он бір  жыл бұрын құрылған аймақтың аумағы алғашында небәрі қырық гектар болып белгіленсе, кейіннен, яғни 2018 жылдың 27 желтоқсанында Түркістан қаласы әкімінің шешімімен тағы да екі жүз гектарға, артынша тағы жүз он гектарға ұлғайды. Нәтижесінде аталған индустриялық аймақтың қазіргі таңда жалпы аумағы 3538 гектарды құрап отыр. 

 Қазіргі таңда мұнда 30-ға жуық өндіріс орны орналасқан. Жалпы сомасы 5 миллиард теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, мұнда «Түркістан Трасса», «Азрет–ЖолҚұрылыс», «Kadiris»,  «Стройсервис-ХХІ», «Cordial Turkestan», «Turkistan textile» БК, «SouthAluplast», «Алем Бетон – 1», «MAKS BETON», «Нурлы НазАй», «Kaztor LTD», «АЗИЯ АГРО», «Айбек ЛТД», «EKP Group 878» сияқты ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен «Grand Miks» сынды жеке кәсіпкерлік нысандары ашылған. 

 Мұнда кәсіпкерлер үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіпкерлер құжат ресімдеу барысында уақыт жоғалтпайды, барлық жұмыс «Бір терезе» қағидасы аясында атқарылады. Өз жобасымен келген кәсіпкер тізбеге сәйкес қажетті құжаттаманы жинақтап, басқарушы компанияға ұсынса жетіп жатыр. Ал, индустриалдық аймақ өкілдері еліміздің өзге өңірлеріне, тіпті шетелдерге де шығып, инвесторлармен кездесулер  ұйымдастырып, келіссөздер жүргізіп, өңірдің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ұсынатын болады. 

 Сала мамандарының айтуынша, инвесторлар тартуға облыстық инвестиция және экспорт басқармасы, «Kazakh Invest» АҚ, «Turkistan Invest» және «Атамекен» кәсікерлер палатасы тарапынан да көптеген жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. «Биыл «Kazakh Invest» АҚ мен Түркістан облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшылары Өзбекстан және Түркия елдеріне іссапармен барып, екіжақты келісімдер жасасып қайтты. Сол келісімдердің нәтижесінде «Turkistan» индустриалды аймағына Түркиядан инвесторлар келіп, өз жобаларын осында жүзеге асыратын болды. 

 Сондай-ақ, аталған аймақтағы кейбір шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалмады. «Turkistan» индустриалды аймағынан «Батыс Европа – Батыс Қытай» автомагистраліне қосылатын автожол бар, сонымен қатар индустриалды аймаққа теміржол тартылған. Мұның бәрі инвесторларды қызықтырып отыр. 

 Сала  мамандаының дерегіне сүйенсек өткен жылы шаһардың  өнеркәсіп өнім көлемі 19 902,5 миллион  теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 11 845,6 миллион  теңге немесе 107,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 3466,3 миллион  теңге немесе НКИ 104,0 пайызды құрады, жылыжайлар – 1,5 гектар. 2024 жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысымен 22 002 бірлік шағын және орта бизнес тіркелген. Қалаға 163 185,4 миллион  теңге (138,3 пайыз) инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестиция 104 508,9 миллион теңгеге ұлғайған. Құрылыс жұмыстары: 109 858,5 миллион  теңгені құрады. Пайдалануға берілгені – 152 257 шаршы метр оның ішінде 82 426 шаршы метрі жеке тұрғын үйлер есебінен салынған. 

Мемлекет басшысы Түркістанға келді
Кәсіпкерлікті қолдау күшейе түсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу