Мұқан Егізбаев: «Дәрігердің ойында науқасты емдеуден басқа ештеңе болмауы тиіс»
Мұқан Егізбаев, облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты
- Медицина қызметкерлерінің күні - кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Әңгімемізді денсаулық саласындағы бүгінгі ахуалдан бастасақ. Жалпы өңір медицинасы, оның ішінде өзіңіз басқарып отырған облыстық клиникалық аурухана туралы айтып өтсеңіз, емдеудің қандай жаңа түрлері енгізілуде, материалдық базаларыңыз қандай деңгейде?
- Рахмет! Мемлекет тарапынан денсаулық саласына көп көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп келеді. Медициналық мекемелерде өркениетті мемлекеттер қолданатын заманауи үлгідегі, үздік сапада қызмет көрсете алатын қондырғылар әкеліп орнатылуда. Мұның бәрі науқастарды бұрынғыдай Алматы, Астанаға, алыс-жақын шет елдерге сабылтпай, көптеген күрделі операцияларды оңтүстіктің өзінде-ақ жүзеге асыруға оң септігін тигізуде. Өмір өзгерген соң медициналық техника да жылда өзгеріп отырады. Өзім шетелге көбірек шығамын, сонда байқағаным жабдықталуымыз олардан кем емес. Жақын көршілерден алда келе жатырмыз десек те болады. Ендігі жерде бізге керегі, медицина қызметкерлерінің білім деңгейін көтеру, жаңа техникамен жұмыс істеуді қамтамасыз ету. Ал, ауруханаға келсек, ме¬дициналық корпустар күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай етілген. Түгелдей дерлік алдыңғы қатарлы техникалармен жабдықталған. Бізге жетпей жатқан бір ғана нәрсе - қан тамырларының өзгерістерін зерттейтін арнайы рентгендік ангиограф аппараты. Бірнеше рет көтердік бұл мәселені. Министрлік тарапынан шешімін табады деген үміттеміз.
Ауруханада 675 төсек-орын бар және бізде емделгісі келетін науқастар өте көп. Күніне 500-дей адам кезекте тұрады. Олардың көбісі аудан тұрғындары. Яғни, көбінесе жергілікті жерде емін таппаған немесе ауыр халдегі науқастар келеді. Қолымыздан келгенше оларды портал бойынша жатқызып, көмек көрсетудеміз. Емдеу тәсілдерін жаңарту, жаңа технологияларды енгізу, орталықтар ашу бойынша айтар жаңалықтарымыз көп. Соның бірі жақында алғаш рет облыстық ауруханада бүйрек ауыстыру операциясы жасалды. Бұл қадамға барар алдында дәрігерлеріміз Белоруссияда оқып, білімін жетілдіріп келген болатын. Сондай-ақ, ағылшын тілін жақсы меңгерген дәрігеріміз Сеулде бір ай оқып келді. Тамыз- қыркүйекте оны түгел бригадасымен Сеулге жіберетін боламыз. Негізінен бұл бағытта жастарға көп мүмкіндік жасаудамыз. Шет елдерден маман шақырмай операцияға өз дәрігерлерімізді дайындаудамыз. Бұл қаржы үнемдеу тұрғысынан да тиімді. Қазір 200-ден астам науқастың тізе, жамбас буыны ауыстырылды. Тізеден бөлек шынтақ буынын ауыстыруды да бастадық. Облыста жалғыз біздің дәрігерлер эндоскопиялық операция жасайды. Денесінде тыртық қалмағанын қалайтын әйелдер операцияны бізде жасатқысы келеді. Одан бөлек урологияда тасты операциясыз ұсақтап алатын аппаратымыз жұмыс істеп жатыр. Жақында диабеттік табан бөлімшесін аштық. Бұрындары біздің 2-ші хирургия бөлімшесіне көбінесе қант диабетінен кейін аурулар аяқтары іріп кестіруге ғана келетін. Осы мәселенің оң шешімін туып, орталықты ашып отырмыз. Енді науқас эндокринологиялық ауруханадан шыққан соң бір дәрігердің бақылауында болады. Келіп көрінеді, керекті кеңес пен дәрі-дәрмегін, емін алады. Яғни, оны аяғын кеспейтін жағдайға жеткізсек дейміз. Осы мақсатта орталық ашып жатырмыз. Одан бөлек біздің бірнеше орталықтар қызмет көрсетуде. Ол турады БАҚ-тарда жазылды да. Солардың арасынан тағы бірін айта кетейін - ол еркектердің денсаулығы орталығы. Республика бойынша бірінші болып ашылған. Көбіне еркектер дәрігерге келіп көрінуге ұялады. Бұл орайда, біз ай сайын аптаның бір сенбісінде тегін қабылдап жатырмыз. Айына бір сенбіде ер-азаматтар кардиолог, эндокринолог, уролог, андролог дәрігерлеріне қаралып, анализдерді тегін тапсыра алады. Көпшілік ойлайды еркектің ауруын тек уролог, андролог емдейді деп. Ол кешенді ем арқылы шешіледі.
- Жоғарыда техникалардың тілін жақсы білетін маман қажеттігін айттыңыз, ал дәрігерлер жеткілікті ме?
- Басқа ауруханаларға қарағанда бізде жұмыс істегісі келетіндер көп. Дегенмен, біз тәжірибесі бар қолынан іс келетін, білімді-білікті жақсы мамандарды алғымыз келеді. Неге десеңіз, басқа мекемелерден біздің ерекшелігіміз көп, сондай-ақ бұл жерге ауыр халдегі немесе диагнозы толық айқындалмаған науқастар келеді. Сондықтан ауруханада білікті маман жұмыс істеуі тиіс. Дәрігерлер жеткілікті, десек те бір-екі маман қажет. Мысалы, реанимотолог аз болып тұр. Оның бір себебі, соңғы жылдары медицина мамандығына оқу 9 жылға ұлғайды. Реанимотолог болу үшін 9 жыл оқып, содан кейін келесіз. Осындай мамандықтың жетіспеушілігі көп жерде байқалуда. 9 жыл оқуға баратындар да азайып жатыр. Жоғары оқу орнын барлығы терапевт болып 7 жылда бітіреді. Ары қарай нақты мамандықта кемінде тағы 2-3 жыл оқуы керек. 9-10 жыл оқуға жастардың көбісі барғысы келмейді.
- Дәрігерлердің, жалпы медицина қызметкерлерінің науқастарға сапалы қызмет көрсетуіне олардың әлеуметтік жағдайы да әсер ететіні жасырын емес. Айлығы аз, баспанасы жоқ маманның ойы әлеуметтік мәселеге ойыса беруі мүмкін ғой. Науқастан «ақша алсам» дейтіндер де, өкінішке қарай, жоқ емес. Қысқасы, қызметкерлеріңіздің әлеуметтік жағдайы қалай?
- Осы мамандықты таңдап, жұмыс істеймін деп келген дәрігердің ойында науқасты емдеуден басқа ештеңе болмауы тиіс деп ойлаймын. Әлеуметтік мәселені көтеруге, шешу жолдарын талдауға жұмыстан тыс уақыт та бар ғой. Дегенмен, қызметкерлердің, сіз айтқандай алаңсыз жұмыс істеуі үшін, әлеуметтік мәселелері шешімін табуына, тұрмысы жақсаруына қолдау көрсетіп келеміз. Өзіңіз білесіз денсаулық саласы қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын аз да болса көбеюде. Сондай-ақ, өз мүмкіндігімізге қарай қолымыздан келген көмекті көрсетіп жатырмыз. Мысалы, әр тоқсанның қорытындысы бойынша жұмысын мінсіз атқарған аурухана қызметкерлерінің барлығына бір айлықтың көлемінде қосымша ақша береміз. Одан бөлек, өткен жылы қысқа қарай ауруханадағы 700-дей қызметкерді көкөніспен қамтамасыз еттік. Бұл істі биыл да жалғастыру ойымызда бар. Ұжымда 70-ке жуық жалғызілікті аналар, тұрмысы төмен жандар бар екен. Оларға да әрбір мереке сайын көмек көрсетуге тырысудамыз.
- Естуімізше, қызметкерлеріңізді баспанамен қамту жолын да қарастырыпсыз?
- Иә, ол рас. Медицина қызметкерлері үшін баспана мәселесі өте өзекті. Пәтер жалпы кезек бойынша беріледі, ал сатып алуға олардың материалдық жағдайы келе де бермейді. Осындай жәйттерді ескере келе, облыс басшылығына ұсыныс жасадым. Қызметкерлермен кеңесе және олардың мүмкіндігі мен келісімін ескере 120 пәтерлі тұрғын үй салуды көздеп отырмыз. Бұл орайда, құрылысқа қажетті қаржы мәселесі бойынша «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-мен келісімге тұрдық. Яғни, қызметкерлеріміз қажетті 50 пайызын құйса, банк 50 пайызын төменгі ставка бойынша несие ретінде бермек. Ал, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жағдайын ескерген облыс әкімдігі құрылысқа арнайы жер бөлді. Оның құжатын бүгін-ертең аламыз. Сондай-ақ, сенімді құрылыс компаниясын да таптық. Яғни, аурухана – банк – құрылыс компаниясы үш жақты келісім жасастық. 9 қабатты екі тұрғын үй салынып, 120 қызметкеріміз пәтерлі болады деп жоспарлап отырмыз.
- Жоғарыда кей мамандардың жетіспей жатқанын айттыңыз. Бұл орайда, мамандар даярлайтын оқу орындарының атқарар ролі де ерекше ғой. Жас мамандарға көңіліңіз тола ма, мамандар даярлайтын оқу орындарында білім сапасы қандай?
- Жасыратыны жоқ, бұрынғы кезбен салыстырып қараған кезде қазіргі мамандарға көңілім тола бермейді. Оның өзіндік себептері де баршылық. Мысалы, қазір баласы мектеп бітірген ата-ана оны жалақысы жоғары мамандықтарға оқытқысы келеді. Бизнесмен, заңгер, экономист болғанын қалайтындар көп. Ал, медицинада айлық аз екенін біледі. Медициналық мамандықтарға мектепте жақсы оқығандар аз барып жатыр, өкінішке қарай. Біртіндеп түзелетін шығар, бірақ осындай мәселе бар. Сондай-ақ, жеке меншік медколледждер көбейіп кетті. Олар шағын және талапқа сай жабдықталмаған жайларда оқытады. Білім сапасы да жақсы дей алмаймыз. Кейбіреулерінде оқып жатқандар аурухана көрмейді. Яғни, практика өтпейді. Ертеңгі күні олар қалай жұмыс істейді? Міне бұл жәйт науқастардың сенімсіздігін тудыруға өз септігін де тигізуде. Медициналық оқу орындары комерцияланып бара жатыр, ол дұрыс емес.
- Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде қандай мәселелер көтердіңіз?
- Өзіме жақсы таныс денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерді көтердім және олардың бірқатары оң шешімін табуда. Солардың бірі – жаңа облыстық аурухана салу мәселесі. Өздеріңізге мәлім, оңтүстік халқы тығыз орналасқан және тұрғындар саны жыл сайын көбейіп келе жатқан өңір. Үшінші мегаполис Шымкентте де өсім жоғары. Демек, медициналық қызметке сұраныс артады. Бүгінгі облыстық аурухана өзінің 145 жылдығын атап өткен болатын. Қазіргі келбеті жамап-жасқау, күрделі жөндеулердің нәтижесі. Жылда жөндей берген де болмас, әрі шығын. Сондықтан жаңасын салған тиімді. Әрине, қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде жаңасын салуға жағдайымыз болмас. Бірақ, бұл қиындықты да еңсерерміз, яғни мүмкіндік туады. Сол кезде жаңа аурухана салатын оңтайлы жер болмай қалуы ғажап емес. Сондықтан, халыққа қызмет көрсетуге ыңғайлы жер осы бастан белгіленіп, бөлінгені дұрыс. Жағдай жақсарған кезде құрылысты бастай беруге болады. Осы мәселені көтергенмін және ол оң шешімін табуда. Қалалық әкімдік 7,5 гектар жер бөлінгенін хабарлады, бірақ ауруханаға 15 гектар жер қажет болғандықтан ол қайта қаралуда. Сондай-ақ, облыстық тубдиспансерге қатысты көтерген мәселем бойынша жоба жасауға 9,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Жалпы сайлаушылардың талап-тілегін, мұң-мұқтажын ескерусіз қалдырмауға, тиісті орындарға жеткізуге тырысудамыз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ
Мұрағаттан, 2016 ж