Камалжан Юлдашев: Өнімдерімізге сұраныс жоғары
Күн санап кәсіпкерлікке ден қойғандардың қатары артуда. Бірі мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып тың идеясымен жаңа кәсіп бастаса, енді бірі дөңгелетіп отырған кәсібін одан әрі ұлғайтып, көкжиегін кеңейтуде.
Бір сөзбен айтқанда кәсіпкерлік басқармасы атқарып жатқан жұмыстар, салаға бет бұрғандар үшін мол мүмкіндік. Бүгінде бұл сала түрлі жобалар арқылы даму үдерісінде. Жүйелі жұмыстар да жемісін беруде.
Кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономикамыздың одан әрі өсуінің нақты факторына, сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың және әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, бизнеске жол ашу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отырғаны белгілі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін айтқан болатын. Бұл бағытта Түркістан облысының бас қаласында жүйелі жұмыстар жасалуда.
Әлеуеті барған сайын артып, бүгінде ел экономикасының локомотивіне айналып келе жатқан Түркістан шаһарының өндірістік қуа¬тын арттыруда шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі зор. Облыс орталығына айналған қалада орта кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасалып келеді.
Келешекте үлкен ие болу мүміндігі бар бірегей сала жиһаз өнеркәсібі. Бұл бізде даңғыл жолға түсіп келе жатқан жас сала деуге болады. Сарапшылар халық санының өсуі , көші-қон, кірістің ұлағаюы, инфрақұрылымның кеңеюі, сондай-ақ жаңа тұрғын үй жобалары мен коммерциялық үй жайлар құрылысының өсуі есебінен жиһаз өнімдерін әлемдік тұтынудың тұрақты өсуін болжайды. Соңғы жылдары Түркістан қаласында жиһаз өндірісі өркендеп келеді. Бүгінгі күні шаһарда осы бағытта өнім шығаратын 30-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 15-і ірі болса, қалғандары шағын цехтар. Бүгінгі күні бұл кәсіпорындарда екі мыңнан астам адам еңбек етуде.
Түркістан қаласы облыс көлемінде жиһаз өндірісінен алдыңғы орында тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Түркістанда жасалған жиһаздар облыс, республика тұрмақ, шет елдерге де экспортталып жатыр. Қаладағы осындай әлеуеті жоғары, өнімдері брендке айналып отырған бірегей кәсіпорынның бірі - Grand Miks зауыты. Түркістан индустриалды аймағында орналасқан кеңселік жиһаз жасайтын кәсіпорын қаланың өркендеуіне өз үлесін қосып отырған ірі кәсіпорындардың бірі. Өз тарихын кәсіпорын 20 жыл бұрын, 4 адам жұмыс жасайтын кішігірім цех ретінде бастаған. Бүгінде өнімдері шет ел асуда. Зауыттың қызметкерлері шын мәнінде бірегей дизайнерлік жиһаздың керемет коллекцияларын жасап шығаруда. Зауытта өндірістің технологиялық үдерісі де сақталынады. Әрбір өнім барлық кезеңдерден өтеді: материалды аралаудан жиақтауға дайін және дайын өнімді орау. Зауыттың барлық цехтары заманауи жабдықтармен жұмыс жасайды.
ТМД-ға танымал кәсіпорынның бүгінгі аяқ алысы, алдағы жоспарлары қандай екенін зауыт директоры Камалжан Юлдашовтан сұрап білген едік.
Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 млрд теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады.
Камалжан Юлдашев, «Grand mix» ЖШС директоры:
Өнімдерімізге сұраныс жоғары
- Бүгінде аты елге мәлім кәсіпорын қалай құрылды? Мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау болды ма?
- Жалпы жиһаз жасаумен айналысып келе жатқаныма 20 жылдан асты. 2009 жылы қала ішіндегі бір тұрғын үйді алып, ішіне техникаларды жабдықтап жиһаз цехын аштық. Алғашқы еңбек жолымызды сол жерден бастадым. Ең жақсы ғимарат дегеніміздің өзі 10-15 сотықтық учаскеге орналасқан. Ондай аумақ біздің бизнесіміз үшін тарлық ететін. 2015 жылы Түркістанда құрылған индустриалды аймаққа өз жобамызды ұсынып, 8-ші мамыр күні бізге осы аймақтан 1 гектар жер берілді. 2016 жылы осында келіп өз кәсіпорынымыздың құрылысын бастап кеттік. Ал, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға келер болсақ, ең біріншісі жер берілді. Себебі, біздің тұрақты мекен-жайымыз болмады және ол кәсіптің өркендеуіне кері әсер етті. Жергілікті билік жұмысымызға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етті. Яғни, кәсіпорындар үшін су, газ, жарық мәселесі қолжетімді. Тіпті, кәсіпорынның жанына дейін теміржол тартылған. Алдағы уақытта іске қосылуы тиіс. Кәсібімізді дамыту үшін алғашқы жылдары мемлекеттен 500 миллион теңге несие алдық. Көрші Қытай мемлекетінен арнайы құрылғылар сатып әкеліп орнаттық. Қазіргі таңда мемлекеттен алған несие мөлшері 1 миллиард 300 миллион теңге қаржыны құрап отыр. Осылайша жыл өткен сайын жиһаздарымыздың сапасы артып, тапсырыс берушілер мен тұтынушыларымыздың қатары көбейіп келеді. Үй жиһазының үлгілері жиі жаңаланып отырады. Осыған орай біздің каталогтар да жыл сайын 30-40 пайызға дейін жаңарып өзгеріске ұшырайды. Халыққа қашанда соңғы үлгідегі жиһаздарды ұсынуға тырысамыз. Әр сәт ізденістемін. «Басқа елдер не жасапты, жиһаз жасауда қандай жаңалық бар?» деген оймен, еңбек етемін. Бір сөзбен айтқанда тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға, елдің үдесіен шығуға ұмтылудамыз.
- Тауарларыңыз өзін-өзі ақтау мәселесі қалай болып жатыр?
— Ең алдымен өз елімізден бастағаным жөн болар. Біздің тауарлар республикамыздың барлық аймағына жіберіледі. Өйткені, біздің өнімдердің сапасы өте жоғары. Сайтымызға тұтынушылар тарапынан еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар түсіп жатады. Сол сұрансыстарды қанағаттандыруға жұмыс жасаймыз. Күніне орташа есеппен 30 тонна жиһаз тасымалданады. Алматы, Шымкент қалаларының ай сайын 80 миллион теңгелік тапсырыстар орындап келеміз.
Ал, экспорт мәселесіне келер болсақ, екі мемлекет біздің өнімді пайдаланады. Олар Ресей және Қырғызстан. Қазіргі таңда осы екі елмен тығыз қарым-қатынастамыз. Тауарларды ай сайын экспорттаймыз. Негізінен тағы да басқа елдерден сұраныстар көптеп келіп жатыр. Бірақ, жоба көлемі үлкейген сайын көп қаржыны талап етеді әрі жұмысшы саны да артады. Қазір кәсіпорында 165 мамандандырылған жұмысшы қызмет жасайды. Бұл кәсіпорынның негізі жұмысшы табы. Ал, жұмыстың қарқынды жүретін мерзімінде қосымша тағы да жұмысшылар жалдаймыз. Мұнда жұмыс істейтін әрбір жұмысшыны ең әуелі оқытамыз. Яғни, кәсіпорын толықтай заманауи техникалармен жабдықталғандықтан. Бір көрген адам үйрене қоймайды. Әр жұмысшымен жеке жұмыс жасап техникалардың жұмыс істеу барысымен таныстырамыз. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатқандықтан жұмысшы саны көп. Жалпы кәсіпорында жұмыс жасайтын қызметкерлер Түркістан қаласының тұрғындары.
- Сапалы өнімге қашанда сұраныс жоғары ғой. Ал осы өнімнің сапасын арттыратын шикізатты қайдан аласыздар?
- Жиһаздың негізгі шикізаты ағашты, яғни жиһаз қаптамаларын Ресейден аламыз. Себебі орманға бай мемлекеттің ағаш өндірісінде тәжірибесі мол. Бәсекелес компаниялар көп. Сәйкесінше тауарлары да сапалы болып келеді. Көрші елден ағаштан бөлек айнаны да алдырамыз. Ал қосымша заттарды Еуропа елдерінен аламыз. Айталық желімді Италия, Испаниядан алып келеміз. Шұрып, шеге секілді қосалқы детальдар Қытайдан әкелінсе, қаптама картон мен паралонды Семейден, Алматы мен Павлодардан аламыз. Яғни отандық өнімдерді де тұтынамыз.
- Жалпы түркістандық кәсіпорындардың әлеуеті қандай? Осыдан 10 жыл бұрынғы Түркістанмен қазіргі Түркістанның бейнесі қандай?
— Иә, Түркістан облыс болғалы үздіксіз дамып келе жатыр. Түрлі құрылыс нысандары мен кәсіпорындар салынып, қала экономикасына айтарлықтай әсер етуде. Соның дәлелі, мінекей осы индустриалды аймақ кешені. Қазір мұнда бірнеше үлкен кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Жалпы Түркістандық кәсіпорындардың әлеуеті жақсы деп айта аламын. Себебі, құрылғандарына көп болмаса да өз өнімдерін елімізден бөлек шет елге экспорттап отырған кәсіпорындар жетерлік. Олардан бөлек қала ішіндегі шағын кәсіппен айналысатын адамдар да қала экономикасына өз үлестерін қосуда. Осыдан 10 жыл бұрынғы Түркістан бейнесі мен қазіргі Түркістанды салыстырсақ, ауыз толтырып айтатындай өзгеріс бар. Облыс атауын алмай тұрып қаладағы халықтың басым көпшілігі жұмыссыз және тұрмыстық жағдайлары төмен болды. Ал қазіргі Түркістан еліміздегі ең көрікті қалалардың біріне айналды. Облыс орталығы болған күннен бастап ақ, қаланың өзгерісі басталып кетті. Қала халқының әл-ауқатының көтерілуіне де себепші болды. Себебі, мемлекет қаламызда кәсіп бастаймын деген адамдарға қолдау көрсетті. Соның арқасында бірнеше кәсіпорындар ашылып қарапайым халық жұмыспен қамтылды. Қазір қарап отырсаңыз, осы индустриалды аймақтағы кәсіпорындардың өзінде мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Бұл тек қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бойынша. Әлі құрылысы бітпеген кәсіпорындар іске қосылса, тағы да бірнеше мың адам жұмыспен қамтылады деген сөз.
- Ашық әңгімеңізге көп рахмет!