Түркістан индустриалды аймағында ауқымды жобалар көп
Еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласының халықаралық "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" жолының бойында орналасуы, қалыптасқан әуе және темір жол қатынастарының болуы өнеркәсіпті өркендетуге мол мүмкіндік береді. Осы ерекшеліктер ескеріліп, облыс орталығында Арнайы экономикалық аймақ құрылып, инфрақұрылым жүйелері тартылған болатын.
Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймағында 1330 жұмыс орнын құрайтын 27 жоба орналасқан. Жалпы құны – 13,01 миллиард теңге. Оның ішінде жалпы сомасы 8,564 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба іске қосу актісін алған. Айта кетейік, 2022 жылы жоспарлы көрсеткіштің орындалуы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 54 жұмыс орнын құрайтын 3 жоба іске қосылды.
Бүгінде облыс орталығында өнеркәсіпті дамыту бойынша инвесторлар тарту шаралары қарқын алған. Инвесторларға қызмет көрсетуші компаниялар "Бизнеске арналған үкімет" орталығында "Бір терезе" қағидатымен шоғырландырылған. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін қызметтер "Халықтық кеңсе" мен "109" орталығы арқылы ұйымдастырылып, жүйеленген.
Қазіргі таңда өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы индустриалды аймақ 350 гектарға дейін ұлғайтылып, инфрақұрылымы жасақталуда. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында қажетті қаражатқа қол жеткізуге "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында да сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылған.
Түркістан қаласының индустриалды аймағында орналасқан Turkestan Textile тігін фабрикасы. Ашылғанына бірнеше ай болған компанияда қазіргі таңда 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған.
Тоқыма өнімдерін өндіретін тігін фабрикасы салтанатты түрде сол тұстағы премьер-министр Асқар Мамин мен Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Ариповтың қатысуымен ашылған. Бүгінде қазақ-өзбек біріккен кәсіпорнының өніміне сұраныс өте жоғары. «Turkestan Textile» тігін фабрикасының директоры Алишер Абултаевтың айтуынша, негізінен Өзбекстан инвестициясы есебінен салынған кәсіпорында сырткиімдер, арнайы кәсіп иелеріне арналған киімдер, өндіріске қажетті қолғаптар, төсек жаймалары, құрақ көрпелер мен медициналық киім-кешектер тігіледі. Қазіргі таңда медициналық киімдер мен электршілерге қажетті қолғаптарға сұраныс мол. Нарыққа сай қажеттілік болса, мектеп формасы мен костюм-шалбарлар да тігіліп, жұртшылыққа ұсынылады.
«Қазіргі таңда Түркістандағы тігін фабрикасының өнімдері Астана, Алматы, Шымкент қалаларына саудаланып жатыр. Сұраныс жақсы. Түркістан облысымен қатар өзге өңірлерге де шығарылуда. Біз негізінен Түркістан қаласында тұратын көпбалалы, әлеуметтік көмекке мұқтаж аналарды үйретіп, жұмысқа қабылдадық. Мақсатымыз – жұмыс орнын көбейтіп, отандық өндірісті дамыту», – дейді ол.
Жалпы бұл фабрика бір айда 15 мың дана тоқыма өнімін шығаруға қауһарлы. Жалпы зауытқа тартылған инвестиция сомасы – шамамен 420 миллион теңге.
Жалпы, Түркістан облысында мақта кластерін дамыту мақсатында шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ.