Украинадағы соғыс ондаған жылға созылуы мүмкін

Oinet.kz 20-04-2023 700

Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы, қорғаныс және қауіпсіздік тақырыбында кеңес беріп, дәріс оқитын генерал сэр Ричард Бэрронс осылай деп отыр. Ол «Азаттықтың» Грузин қызметімен сөйлесіп, Украинадағы соғыс неге ұзаққа созылатынын талдап берді. 

Screenshot_3.jpg

Майдандағы айла-тәсіл, өндірістік мобилизация және Украина мен Батыс елдері таңдауы соғыстың ондаған жылға жалғасуына қалай әсер ететінін әңгімеледі.  Генерал Украина үлкен соғыстарды 90 жылдары Балқан елдерінде, кейін Ирак пен Ауғанстанда көргеніміздей, кәсіби дайындықтан өткен әскер емес, қарапайым азаматтар жеңетінін еске салғанын айтады.

«Мемлекетке жойылып кету қаупі төнгенде, соғыс халықтың қолына өтеді. Қазір Украинадағы соғысты бұрын мұғалім, медбике, механик болған қарапайым адамдар жүргізіп жатыр. Ресейде де солай: жұмыс күші халық арасынан жиналады. Олардың ешқайсысы бұрын әскерде қызмет етіп көрген жоқ. Қазір Ресей әскері елдің қарулы күштері, мобилизацияға ілінген азаматтар, тұтқындар мен жалдамалы жауынгерлерден құралған “Вагнер” тобынан тұрады. Олар қай топ жақсы нәтиже көрсетті, қайсысы артта келе жатыр, жеңіліске кім кінәлі деген бәсекенің ішінде қалды. Украинада ондай жоқ», – дейді сұхбатында Ричард Бэрронс.

Бұрынғы қолбасшының мәлімдеуінше, Ресей де, Украина да соғыс тезірек аяқталғанын қалағанымен, күрес ұзаққа баратын сияқты. Тараптардың ешбірі жеңіп не жеңілген жоқ. Берілуге де дайын емес. Алда әлі орасан зор шығынға батыратын талай шайқас бар.

«Соңында тараптар әбден қажып, тығырыққа тіреледі деген болжам айтылып жүр. Онда Украина мен Ресей арасында көп жылға созылатын келіспеушіліктер басталады. Бұл соғыс ондаған жылдан кейін де аяқталмауы мүмкін. Украинаға Батыс байлығының аз бөлігі ғана кетеді. Қолдау тоқтамаса, Украина жеңіске деген жігерін жоғалтпай, күресін жалғастырады. Ресейдің көзқарасы бойынша, Кремль соғысқа көбірек адам тартып, 2 миллион қызметкер жұмылған қорғаныс өнеркәсібін қалпына келтіріп жатыр. Мәскеу ақшасы, ерік-жігері, қоғамдық бақылау жүйесі мен қорғаныс саласы Батыстың қолдауына төтеп бере алады деп сенеді. Бұдан не шығатынын ешкім білмейді. Қазір қос тарапқа техника, қару-жарақ қоры, әсіресе артиллериялық оқ-дәрі жетпей жатыр. Сондықтан бәрі Батыс елдерінің Украинаны қолдауына және Ресейдің тезірек аяққа тұрып, өндірісін қалпына келтіруіне байланысты. Алдағы уақытта жағдайды Қытай мен Үндістанның қолдауы өзгертуі мүмкін. Мәскеу аталған елдерден қару-жарақ бойынша көмек алса, бұл Ресей мен Украина арасындағы текетірес емес, Батысқа қарсы соғыс деген сөз расталады», – дейді Ричард Бэрронс.

Сондай-ақ генерал бұл соғыстан Қытай еш пайда көріп отырмағанын,  Пекин Ресейге біраз технология жібергенін айтады. «Мұны жасырын жүзеге асырып, ешкім білмей қалады деп ойлады. Дегенмен Пекин Ресейге қару-жарақ жіберген жоқ. Олай жасаса, соғысқа араласқан болар еді. Қытай бұл соғысқа қатысқысы келмейді. Украин жауынгерлері қажыды, кей әскерилер алты айдан бері үздіксіз соғысып жүр… – дейді Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы. –  Ресейдің соққысына қарсы тұру кезіндегі шығындар Украинаның қарсы шабуыл жасау мүмкіндігін азайтқан жоқ па? Оларға қару-жарақ, киім мен азық-түлік жете ме? Украина әскері қарсы шабуылға қаншалық дайын? Бұл сұрақтардың жауабын ешкім білмейді. Бірақ Киев дұрыс стратегия қолданып, мықты күштерін соғысқа салмай, қарсы шабуылға дайындағанын білеміз. Олар жердің беті қатайып, Ресейдің шабуылы бәсеңдеген кезді күтіп отырған сияқты».

Елімізде соңғы үш жылда үш жүзге жуық әскери қызметші қайтыс болған
Астанада ер адам құрылыс кранына шығып, өзін өртеп жіберетінін айтып наразылық білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу