Әкім-қаралар халықты баспанамен қамтуды қара базарға айналдырған ба?

Oinet.kz 10-06-2021 1919

Халықты баспанамен қамтамасыз етудің өте өзекті мәселеге айналғалы қашан. Жасыратыны жоқ, өкіметтен беріледі деген баспана көп күттіртеді. Көп күткендердің ішінде мүгедектер де, көпбалалы аналар да, жетімдер, бір сөзбен айтқанда әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтар бар. Ал Жетісай ауданында баспана кезегінде екі көзі төрт болып жүрген ешкім жоқ сияқты. Жоқ болғаннан кейін шығар, жергілікті әкімдіктің баспана кезегінде тіпті қайтыс болып кеткен азаматтар да тіркеуде тұрған. 

Screenshot_1.jpg

Халық өте тығыз қоныстанған Жетісайда баспанаға мұқтаж адам жоқ дегенге сірә, ешкім сенбес. Бар гәп жергілікті шенеуніктердің осы  өзекті мәселеге атүсті қарағанында болып тұр. Жуырда Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серікбай Пірімбеков пен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мырзабек Әбішев сол үшін  облыстық Әдеп кеңесінде өздеріне тиесілі «сыбағаларын» алды. 

Істің мән-жайына қарағанда,  Жетісай аудандық прокуратурасы әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі заңдылықтардың  сақталуына талдау жұмыстарын жүргізген. Талдау жүргізу барысында аудан көлемінде азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою, есепке алудың сын көтермейтіні және жауапты қызметкерлер тарапынан өрескел заң  бұзушылықтарға жол берілгені анықталған. 

Мәселен 2012 жылы Асықата кентінің бір тұрғыны баспанаға үйге мұқтаж азаматтардың тізіміне алынған. Ол азамат былтыр шілдеде қайтыс болады. Алайда қайтыс болған азамат бүгінгі таңға дейін үйге мұқтаждар есебінен алынбаған. Тізімде тұрған азаматтардың бірі 2015 жылы қайтыс болған. Бірақ осы уақытқа дейін (бақандай алты жыл бойы) есептен шығарылмаған. 

2020 жылы қараша айында Тұрғын үй бөлу жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп,  заң талабына сәйкес бірнеше азамат тұрғын кезегінен  шығарылады. Алайда марқұмдардың комиссияның назарынан қалайша тыс қалып кеткені осы уақытқа дейін жұмбақ. 

Бір қызығы, Жетісай ауданы прокуратурасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының атына заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіп,  қайтыс болуына байланысты нақты бір азаматтың аты-жөнін атап, оны тұрғын үй кезегінен шығарып тастау қажеттігін көрсеткен. Бөлім заң бұзушылықтардың барлығының жойылғаны туралы жауап берілген. Алайда қайтыс болған азамат бүгінгі таңға дейін тұрғын үй кезегінен шығарылмаған. Яғни, Жетісайдың атқамінерлері аудандағы тұрғын үй кезегін формальды түрде жүргізіп келген. Тіпті тұрғын үйге мұқтаж емес азаматтардың да кезекте тұруына жол берілген. Айталық, заң бойынша жер учаскесiн алған азамат баспана кезегінен шығарылуы тиіс. Алайда Жетісайда бұл талап сақталмаған. Ауданда бірнеше азамат тұрғын үй салуға жер телімін алғанына қарамастан баспана кезегінен алынбаған. Бір азамат 2014 жылы тұрғын үй сатып алғанына қарамастан жеті жыл бойы үйге мұқтаждардың тізімінде тұрған.

Ал ауданда тұрғын үйде жалға беру саласындағы жауапсыздықтардың арғы жағында біраз күдікті жайттар қылаң беретін сияқты. Мәселен, баспананы жалға алғандардың ішінде 17 азамат жал ақысын жүйелі түрде төлемей келген (қордаланған қарыздың көлемі  1 041 493  теңгені құраған). Ал Жетісай ауданы әкімдігі тарапынан төлемді мәжбүрлеп өндіріп алуға қатысты шаралар қолданылмаған. Заң бойынша егер үйді жалға алушы ақы төлеуден себепсіз алты бойы жалтарса, баспанадан шығарылып жіберілуі керек.  Прокуратура аудандық тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысының атына берешегі бар жалға алушыларға тиісті шаралар қолдану керектігі жөнінде хат жолдайды. Бөлім 17 жалға алушыға «қатаң ескерту» хаттарының жолданғаны туралы жауап берген. Кейіннен тексеру барысында хаттардың іс жүзінде жолданбағаны анықталған. Сонда жетісайлық шенеуніктер құзырлы органның талабын құлағына да қыстырмайтын болған ба? 

Ең сорақысы мынада, жалға алушылардың бірқатары тұрғын үйлерде өздері тұрмай, өзге адамдарға жалға беріп келген. Тексеру барысында Жетісай қаласы М.Әуезов көшесі №1 «Д» үйдегі №9, 10, 15 пәтерлерде басқа адамдардың тұратыны анықталған. Тағы бір мекенжайда  мемлекеттің баспанасын 2015 жылы жалға алға үш азаматтың пәтерлерінде өздері тұрмай, басқа азаматтаға жалға беріп келгені анықталған. Бұл жайта біраз сауалдарды көлденең тартады. Егер өзге біреулерге жалға берсе, олардың тұратын баспаналары бар деген сөз. Олоай болса, тұрғын үйге мұқтаж емес азаматтар мемлекеттен баспананы қалай алған? Не үшін алған? Өзгелерге жалға беріп, пайда табу үшін бе? Ал тұрғын үйге шын мұқтаж қаншама азамат екі көздері төрт болып баспанасын күтіп отыр емес пе? Құзырлы органдардың талабына пысқырмайтын жетісайлық ақамінерлер тым құрыса жоқ-жітіктің обал-сауабын неге ойламаған? Әдеп кеңесінің шешімімен Жетісай аудандық тұрғынр үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мырзабек Әбішевке «қызметке толық сәйкес емес туралы ескерту» түріндегің тәртіптік жазаны құолдану туралы ұсыныс берілді. Ал аудан әкімінің орынбасары Серікбай Пірімбекове қатысты шешім алдағы уақытта қабылданатын болады. 

Ұсыныс Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбекке жолданатын болады. 

P.S. Айтпақшы, осы аптада Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек бір топ көпбалалы анаға баспаналардың кілтін табыс етті. 

"Рейтинг" газеті

Әкімдік ғимаратын сатқан Аюповтың қызметі өсті
Рашид Аюпов өсті ме әлде өшті ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу