Наурыздың ескі аты - Ұлыс
Наурызға екі рет тыйым салынған. Біріншісі, ислам діні келгеннен кейін арабтар Наурызды пұтқа табынушылардан қалған мереке деп, тыйым салған. Алайда арабтардың ықпалы әлсірегеннен кейін көшпенділер оны тойлауды қайта жалғастырды. Екінші тыйым 1926 жылы Кеңес өкіметінің кезінде салынды. Бірақ соған қарамастан ауыл-ауылдарда Наурыз мерекесі тойлана берді.
«Жер жүзіндегі жұрттар-дың бәрінің түрлі-түрлі мейрамдары болады. Мәселен, дін мейрамы ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секілді. Өзгелерді былай қоя тұрып, өзіміздің сыбайласымыз орыс жұртын алсақ, бұл туралы қазақтың мақалы да бар: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп». Біздің қазақ айранға бай болғанымен: мейрамға жарлы екендігі осыдан да көрінеді. Жалпы мұсылман жұрт-тарына ортақ жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз» деп жазған екен жиырмасыншы ғасырдың басында алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатов.
Қазақтар ертеректе Наурызды Ұлыс деп атаған. Ұлыстың Ұлы күні деген сөз осыдан қалған. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» - деген сөздер осының дәлелі. Шәкәрім: «Наурыз – парсы тілі: Жаңа күн деген сөз. Мұны қазақтар Бұқар, тәшкендік қожалардан үйренген. Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жыл күннің аты – Ұлыс». Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты Наурыз дегізген» деп жазған.