Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
«Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі». Жазушы Мұхтар Мағауиннің осы бір сөзінен-ақ қазақ қыздарының бар болмысын аңғаруға болады. Қазақ отбасында әйелдің рөлі қашанда ерекше болған. Шаңырақтың отын өшірмей, қазанын суытпаған жеңгелердің бесік тербетіп қолы талған. Үйдің бар шаруасы жанұяның ұйытқысы, жылуы болған аналарымыздың мойнында екені рас. Алайда бүгінгі жаһанданған заманда нәзік жандыларымыз «қырық жанды» екендерін дәлелдеп келеді. Үй шаруасы, бала тәрбиесімен қатар қазір қыз-келіншектер ғылым, өнер, спорт, өндіріс саласына да үлес қосып келеді. Қазақтың әйелдері саясат сахнасынан да жарқырап көрініп жүр деуге болады. Сондай-ақ келіншектер бизнес саласында да айтарлықтай биік табыстарға қол жеткізіп, өз кәсіпорындарын дамытып, ел экономикасының дамуына септігін тигізіп келеді.
Көктемнің шуақты күнімен ілесіп келген 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында түрлі салада белсенділік танытып, бүгінде жоғары лауазымды қызметті жауапкершілікпен атқарып отырған әйелдерді сөзге тартқан едік. Ендеше, сауал бізден, жауап сіздерден!
Бүгінгі таңда қоғамдағы әйелдердің рөлі қандай?
«Әйел бақыты» ұғымын қалай түсінесіз?
Қандай сыйлық алғанды ұнатасыз?
Жанар Бектаева, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:
Әйелдердің бәрі іскер
1. Қазіргі таңда қоғамдағы әйелдердің орны да, рөлі де ерекше. Еліміздегі қыз-келіншектер қай салада болмасын өте белсенді, білімді, әрі іскер деп айта аламын. Әйел азаматшаларға тапсырма жүктесеңіз тиянақты атқара біледі, жауапкершілікті сезінеді, мейлі ол қызмет бабындағы жұмыстар болсын, үй шаруасы болсын бәріне үлгеріп, ұршықша иіріп, ісін дөңгелетіп әкетеді. Сөйте жүріп айналасына, отбасына, ағайын-туысқа мейірімі мен шуағын, жан-жылуын бере біледі. Әйел адам осынысымен қадірлі де, ардақты емес пе?!
2. Әйел өз жүрегін жарып шыққан перзенттерімен, өмірде өз орнын табуымен бақытты. Ортаға сыйлы бола білсе, жүрген жерін нұрға бөлеп, әрі әдемі қалпын және ішкі жан-дүниесінің тазалығын сақтап, отбасының берекесін кіргізіп, жарына адал болып, балаларына өнегелі тәрбие бере білсе, одан асқан бақыт жоқ шығар.
3. Шынайы таза көңілмен ұсынған сыйлықты ұнатамын!
Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы:
Халық сеніміне ие болу – үлкен бақыт!
1. Әйелдердің қоғамдағы рөлі қашанда өте зор! Өйткені ол ұрпақ тәрбиелеуші. Әрбір Әйел азаматының алдында қызметімен қатар атқаруға міндетті бала тәрбиесі болып табылады. Бүгінгі таңда Әйел азаматтар өздерінің іскер екенін отбасында ғана емес сонымен қатар барлық салада дарынды, жауапты, білімді, белсенді екендіктерін дәлелдеп отыр.
2. Әйел бақыты - қосағыңмен бірге ағарып, перзенттеріңнің қуанышы мен жетістіктеріне куә болу, нақтысы аяулы ана, сүйікті жар атына лайық болу !
3. Мен үшін үлкен сыйлық мереке күндері берілетін бір шоқ гүл емес, халық сеніміне жӘне Отбасымның сүйіспеншілігіне ие болу.
Гүлмира Серікбаева, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы директорының міндетін атқарушы:
Шын жүректен берілген барлық нәрсені ұнатамын
1. Ықылым заманнан бері әйелдердің қоғамдағы орны ерек болған. Әйел - ана, қызметкер, аяулы жар. Бір сөзбен айтқанда бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп, бәріне үлгеретін асыл жандар. Бүгінгі таңда нәзік жандылардың бейнесін осылай елестетемін.
2. Бақытты әйел - сабырлы, ақылды, кешірімді әйел. Әйел - арқа сүйер азаматы, сенімді серігі, ұл-қыздарымен, яғни отбасымен ғана бақытты деп ойлаймын.
3. Мен риясыз, шын жүректен берілген барлық нәрсені ұнатамын.
Баршагүл Исабек, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бірінші проректор - оқу ісі жөніндегі проректоры:
Қымбат сыйлық – жылы сөз
1. Қазақ халқы ертеден-ақ «Алып - анадан» деп, ананы айрықша ардақтап, есімін асқақ ұстаған. Адам бойындағы асыл қасиеттің барлығы ананың ақ сүтінен жаралып, күннің нұрынан нәр алып бүр жаратынын жақсы түсінген. Ата-бабаларымыз «Ананың сүтімен бармаған, тананың сүтімен бармайды» деп ұрпағының жақсы болуында анасының атқарар рөлін айрықша бағалап, келіндерінің текті жерден шығуына ерекше мән берген. Шындығында ел бастаған көсем де, топты жарған шешен де, аузын айға білеген ақын да, семсерін көкке суырған батыр да, ой кенін қазған ғалым да, әлемді аузына қаратқан дарын да анадан туған. Қазақ қоғамында әйелдерге шаңырақтың ұйытқысы, бала тәрбиешісі, ел қорғаушысы ретінде ерекше құрмет көрсетілген. Қазақстан мемлекеттілігінің ұзақ жылдар бойы тарихи болашағының іргетасын қалаушы ретінде үлкен рөл атқарған әйел-аналар баршылық. Ел анасы болған, ерге ақылшы, екі елдің арасын қосуда ақыл-даналығымен, парасаттылығымен ел ауызында есімі сақ дәуірінен бері сақталған Томирис-ана, одан соңғы әртүрлі тарихи кезеңдегі Бөрте, Домалақ ана (Нұрила), Бопай, Айғаным, Қабанбайдың қарындасы Гауһар, Кенесарының қарындасы Бопай т.б. есімдерді атауға болады. Бүгінде Қазақстанда әйелдер саясатта, бизнесте және экономиканың барлық секторында, әртүрлі салаларда ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігін, қабілет-дарынын, іскерліктерін көрсетіп келеді. Денсаулық сақтау саласындағы нәзік жанды арулардың үлесі 75 пайызды, білім беру саласында 65 пайызды құрайды. Ал бизнестегі әйел басшылардың үлесі 40 пайызға жеткен. Бұның өзі әйел-аналардың тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне азаматтармен қатар сүбелі үлестерін қосып жүргенін байқатады.
2. Әйелдің басты бақыты - отбасы. Ана үшін ұрпағының өсіп өнгенін, олардың қызығын көріп, отағасымен сыйластықта өмір сүргеннен асқан бақыт жоқ. Балалары жақсы тәрбие алып, мына өмірге кірпіш болып қаланса әйел-ананың мерейі қашанда үстем болмақ.
3. Әйелдердің барлығы бірінші кезекте гүл алғанды жақсы көретін шығар. Маған да біреу гүл сыйласа жаным жадырап қалады. Қазір кітап сыйлау сәннен қалып бара жатса да біреуге кітап сыйласам немесе маған сыйласа кәдімгідей қуанып қаламын. Кейде дүкендерден кітап сатып алып өз-өзіме сыйлық жасап тұрамын. Бірақ адам үшін ең бастысы материалдық емес, рухани сыйлықтың орны бөлек. Айналаңдағылардың айтқан жылы сөзі қымбат сыйлықтан да құндырақ болады.
Мұрағаттан, 2017 ж