Дені сау ана - дені сау баланы дүниеге әкеледі
Еліміздегі демография бойынша оқ бойы озық тұрған өлкенің бірі – Түркістан облысы. Осы ретте №2 Түркістан облыстық перинаталдық орталығының басшысы Эльмира Қожахметованың жұмысымен танысып, әңгімесін тыңдадық.
Ақ халатты абзал жанның айтуынша, мекемеде жылына 6000-ға жуық нәресте дүниеге келеді. Көрсеткіштері жаман емес. Оның ішінде егіздер мен үшемдер де туылып жатыр. 2022 жылы 2 үшем өмірге келді. Биыл жыл басынан бері тағы 2 үшем дүниеге келді.
Эльмира Қожахметова өз сөзінде «Қазіргі таңда көп балалы әйелдер өте көп. Жетіншісін, сегізіншісін, он, он екіншісін дүниеге әкеліп жатады. Ол бізді қуантады, әрине. Бірақ, екінші жағынан әйелдің өзінің денсаулығы мен жаңа туған баланың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Акушерлік салада интергенетикалық аралық деген бар. Бірінші бала мен келесі баланың аралығындағы мерзім дұрыс сақталу керек. Сол мерзімді сақтамайтын және өзінің денсаулығына немқұрайлы қарайтын әйелдер бар. Осы жерде әйелдерге, болашақ аналарға айтып кеткім келеді. Бұны біздің әжелеріміз де айтып отыратын. Қазіргі таңда ғылыми жағынан да дәлелденді: «Дені сау ана дені сау баланы дүниеге әкеледі». Сондықтан біріншіден аналарымыз сау болсын. Қыз-келіншектер өз денсаулықтарына мұқият қарау керек. Қазір емханаларда скрининг деген бар. Дәрігерлер әйелдердің жас ерекшеліктеріне қарап емханаға шақырып, керекті анализдерін алады. Сондай шақыртулар түскен кезде болашақ аналарымыз жауапкершілікпен қарап, дер кезінде барып тексеріліп, денсаулығынан ақау табылып жатса, уақытылы емін алып, содан кейін ғана дүниеге бала алып келсе деймін» деді.
«Жақында перинаталды орталығымызда 680 грамм салмақта сәби дүниеге келді. Ол біздің орталықта 60 күн ем алып, 1 келі 600 грамм болып ет алып, үйіне шығарылды. Анасы әлі күнге дейін бізге хабарласып, ризашылығын білдіріп, сәбиінің суреттерін жіберіп тұрады. Өзіңіз білесіз, 17 қараша – шала туған балалар күні. Бұл күнді біз әр жыл сайын атап өтеміз. Сол кезде осы ауруханада неше жыл бұрын туып, сауығып отбасына оралған 6-7 жасқа дейінгі балалар мен ата-аналары келіп, ризашылығын білдіріп жатады. Жылына 20 шақты ана келіп тұрады. Сол аналардың шын көңілімен «Сіздердің арқаларыңызда» деп ризашылығын білдіріп келіп тұрғаны бізге күш-қуат береді. Жұмысты әрі қарай бұдан да сапалы атқарып, үлкен жауапкершілікпен қарауға шабыттандырады. Әрине, әр кезде бәрі жақсы бола бермейді. Кейде аса ауыр жағдайда түсіп, баланы не ананы құтқара алмай жатқан кезде, біздің мамандықтың ең ауыр тұсы – бәріне дәрігерлерді кінәлайды. Сол ана мен баланың өмірі үшін күресеміз. Бірақ, дәрігерлер Құдай емес! Дегенмен, солай екен деп Құдайға қарсы келмесек те, қолымыздан келген әрекеттерімізді жасаймыз» деп сөзін аяқтады.
Аида Өтеп