Қазақстанның индустриялық әлеуеті озық технологиялар мен жаңа өндірістер арқылы нығаяды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің индустриялық-технологиялық дамуын жеделдету, жер қойнауын зерттеудің заманауи тәсілдерін енгізу және ұлттық экономиканы жаһандық өндіріс тізбегіне кіріктіру бағытындағы басым міндеттерді айқындады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның минералдық-шикізаттық әлеуетін тиімді пайдалану экономиканың ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты геологиялық барлау жұмыстарын түбегейлі жаңартып, озық технологияларды кеңінен енгізу қажеттігіне назар аударды.
Президенттің айтуынша, жер қойнауын кешенді зерттеу, геологиялық деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету және жаңа кен орындарын іздеу жұмыстарына жеке инвестиция тарту маңызды. Сонымен қатар геологияны жоғары технологиялық сала ретінде дамыту арқылы табиғи ресурстарды тиімді игеруге мүмкіндік туады.
Жолдауда айрықша маңызды және сирек кездесетін металдардың стратегиялық маңызының артып келе жатқаны да атап өтілді. Осы бағытта Қазақстанда тиісті металдар қорын тиімді басқарудың ұлттық жүйесін құру ұсынылды. Бұл жүйе тау-кен саласындағы жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін тетіктерді қамтуға тиіс. Бұдан бөлек, отандық кәсіпорындардың өнімдеріне кепілді сұраныс қалыптастыру үшін оффтейк-келісімшарттарды пайдалану мәселесі көтерілді.
Мемлекет басшысы Үкіметке кәсіпкерлермен бірлесіп, осы бағыттағы ұсыныстарды әзірлеп, жыл соңына дейін нақты шешімдер енгізуді тапсырды.
Қазақстанның индустриялық дамуы тек шикізат өндірумен шектелмеуі керек. Президенттің пайымынша, негізгі мақсат – отандық өндірісті халықаралық құн тізбектеріне қосу, экспорттық саясатты осы міндетке сәйкестендіру және дамыған мемлекеттермен стратегиялық әріптестікті нығайту.
Сонымен бірге жаңа өндіріс орындарын орналастыру кезінде өңірлердің ерекшеліктерін, нарық сұранысын және қолданыстағы кәсіпорындардың мүмкіндіктерін мұқият ескеру қажеттігі айтылды. Мемлекет басшысы өндірістік жобаларды жоспарлауда үйлесімділік пен экономикалық негізділікке басымдық беру керектігін атап өтті.
Осы орайда Үкіметтің өңіраралық және салааралық үйлестіру рөлін күшейту маңызды. Әрбір өңір өзінің бәсекелік артықшылықтарын айқындап, сол бағытта жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Сонымен қатар аймақтардың жекелеген кәсіпорындарға немесе бір ғана салаға тәуелді болуына жол бермей, экономиканы әртараптандыру көзделеді.
Президент өндірістік әлеуетті толық пайдалану үшін негізгі салалардың айналасында өзара байланысты экономикалық экожүйе қалыптастырудың маңызын жеткізді. Мұндай жүйе білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету, сабақтас өндірістер мен технологиялық кәсіпкерлікті қамтуға тиіс.
Бұл ретте «Халықтық құрылыс» бастамасы өңірлерде қажетті инфрақұрылым қалыптастырып, өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасауға ықпал ететін маңызды құрал ретінде қарастырылады.
Жалпы, Жолдауда белгіленген міндеттер Қазақстанның табиғи ресурстарын тиімді игеруге, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және өңірлердің экономикалық дербестігін арттыруға бағытталған. Геологиялық барлауды жаңғырту, инвестиция тарту және өзара сабақтас салаларды дамыту елдің индустриялық әлеуетін нығайтып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.


