Павлодарда қайтыс болған «пациенттер» дәрігерлердің қабылдауында болған
Павлодар қаласының прокуратурасы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қаражатының жұмсалуына жүргізілген тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады, деп жазады Оinet.kz.

Тексеру нәтижесінде "өлілерге" медициналық қызмет көрсетілгені анықталды. Атап айтқанда, марқұмдар невропатолог, кардиолог, хирург, психолог сияқты дәрігерлердің қабылдауында болған деп құжаттар рәсімделген. Сонымен қатар ер адамдарға акушер-гинеколог қызметі көрсетілген деген деректер де анықталған.
Бұдан бөлек, кейбір жағдайларда қызметтер қайталанып жазылып, қосарланған төлемдер алынған. Сондай-ақ тиісті сертификаты мен рұқсаты жоқ тұлғалардың медициналық көмек көрсеткені белгілі болды.
Прокуратура мәліметінше, заңбұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Нәтижесінде 100 миллион теңгеден астам залал мемлекетке қайтарылған.
Сонымен қатар заңсыз кәсіпкерлік әрекеттер арқылы 62 миллион теңге жымқыру және 41 миллион теңге залал келтіру деректері бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.


