Қосқан да, бөлген де бір әкім... Немесе Түркістанның туризмінен не күтуге болады?

Oinet.kz 28-08-2024 381

Screenshot_3.png 

Осыдан 3 жыл бұрын түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін ресми түрде алған Түркістан қаласында қолға алынған жобалардың біразы қағаз жүзінде қалды десек, мұнымен көпшілік келіседі деген ойдамыз. Уақтысында жұртшылықтың аузынан су ағызған, қазынаның жүз миллиардттаған қаражатын  сімірген жобалар жұрт күткендегідей болмағанын мойындау керек.

Түркі әлемінің рухани астанасы атану Түркістанға не берді?  «Түркістанның ерекше мәртебесі туралы» Заң рухани астананың дамуына қандай серпін әкеледі? Бұдан киелі қаланың мәртебесі өсе ме?

Өткен жылы Түркі Мемлекеттері Ұйымы елдеріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысы аясында Түркістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің туристік астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданған болатын. Яғни биыл Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы, бұл мәртебе үлкен жауапкершілік жүктейді. Алайда мұны түрістандық шенеуніктердің, оны айтасыз облыстың тізгінін ұстап отырған басшылардың өздері де ұмытып қалған сияқты. 

Өңірдегі туризмнің дамуы осы  аптада облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды. Әкімдіктің таратқан мәліметіне қарағанда, жиынға төрағалық еткен облыс басшысы Дархан Сатыбалды осы бағытта атқарылатын жұмыстардың бағытын айқындап берген.

– Біздің облысқа туристерді тартудың бірден бір жолы оларға сапалы әрі дұрыс қызмет көрсете алу деп ойлаймын. Бұл біздің ең бірінші міндетіміз болуы тиіс. Бұдан бөлек жаңа жобалар қолға алынып, жан-жақты қызықтыруымыз керек. Маусым айында Мемлекет басшысы туризм мәселелері бойынша жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Қысқа мерзімде туристік өнімдер мен туристер санын арттыру үшін Күлтөбе қалашығы мен Қолөнершілер қаласы жобасын жүзеге асырып, экотуризмді дамыту қажет. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар мен тағамдарды ұсыныңыздар. Сервис деңгейін жақсарту мақсатында туристік бизнес өкілдерін оқыту жұмыстарын тұрақты жүргізіңіздер, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында туризм саласына бақылау жасайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, аталған салаға жан-жақты талдау жүргізілген. Бірқатар жобалар жоспарланған. Жалпы жыл басынан бері өңірге 15 мың шетелдік турист келген. Сонымен бірге  жүргізілген сауалнамаларға қарағанда Түркістан облысына келушілердің  басым көпшілігі қызмет сапасы мен әжетханаға шағым жасапты... Сонда әлі күнге дейін әжетхана мәселесі шешілмеген Түркістанның туризмінен не күтуге болады?

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, қазіргі уақытта облыс туризмінің абыройын Оңтүстіктің киелі орындары мен ерекше табиғаты жауып тұр. Ал жалпы туризм мәселесінде осы уақытқа дейін шешілмеген мәселелер шаш етектен.

Бұған дейін жазғанымыздай, 2022 жылы өз алдына дербес жұмыс істеп тұрған туризм басқармасын мәдениет басқармасына апарып қосқан облыс басшысы Дархан Сатыбалдының шешіміне ел бір таңқалып еді. Өңір басшысы араға бір жарым жыл салып, биыл көктемде басқарманы қайта бөліп, елді тағы да екіұдай пікірде қалдырды. Әдетте бір әкімнің бастамасын оның орнын басқан екінші әкім жоққа шығарушы еді. Дархан Сатыбалдыға өз шешімін өзі өзгертуіне не түрткі болғаны  жұмбақ күйінде қалды. Бәлкім туризмнің астанасы болып жатқан облыста туризмнің өз алдына дербес басқарма болғанын дұрыс көрген шығар. Алайда содан бергі аралықта бірнеше ай өтсе де туризм басқармасы әлі күнге дейін басшысыз жұмыс істеп келе жатыр.  Бір басқармаға жетекшілік ететін азаматтың табылмауы әдеттегі—«кадрлық кризис пе әлде кадрлық бизнес пе?» деген сауалды көлденеңдеткені анық.

Жасыратыны жоқ, 2019 жылы облыс орталығы атанған Түркістан туризммен егіз болып кетті десек, қателеспейміз. Киелі қалада көптеген туристік нысандар салынды. Алға өте ауқымды жобалар, межелер қойылды. Сол кездегі облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістанға келушілердің санын 2021 жылы 2 миллионға, 2025 жылға қарай 5 миллионға жеткізу жоспарын белгілегені есте қалыпты. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда,  2021 жылы Түркістанда туристік жобаларды жүзеге асыру үшін 102 миллиард теңге кеткен. Сол жылы Түркістан туристік салаға тартылған инвестициялардың көлемі жағынан республикада бірінші орын алды. Мәселен киелі қалада ашылған «Керуен сарай» кешеніне инвесторлар 88 миллиард теңге қаржы жұмсады. Шөкеев командасы «Орталық Азиядағы теңдесі жоқ кешенде 4 мың адам  жұмыспен қамтылды» деген мәлімет таратқан болатын. Алайда теңдесі жоқ деген «Керуен сарайға» кеткен шығын өзін-өзі қаншалықты ақтады? Қазір бұл жерден 4 мың адам нәпақасын тауып отыр ма? Әй, қайдам?!

  Туризм индустриясы комтетінің таратқан мәліметіне қарағанда биылдың алты айында Шымкент қаласына шетелден 20 мыңнан астам турист келген екен. Оның басым бөлігі өзбекстандықтар. Ал З.Жолдасовтың жоғарыда келтірген мәліметіне қарағанда, түркі әлемінің рухани, қала берді туристік астанасы атанған  Түркістанға келген шетелдік туристердің саны 15 мыңнан аспаған. Бұған не айтуға болады?

 Естеріңізде болса, 2021 жылдың соңында елордада өткен брифингте  Өмірзақ Шөкеевке «қыруар ақша жұмсалып, көптеген жобалар жүзеге асқанына қарамастан Түркістанға келген туристердің саны неге аз?» деген сауалға көлденең қойылған болатын. Шөкеев туристердің санын көрсеткен Ұлттық статистика бюросының мәліметімен келіспейтінін білдірді. Оның үстіне пандемияның кезінде Өзбекстанның шекарасы жабылып, шетелдік туристердің келуіне кедергілер жасалғанын алға тартқан еді өңір басшысы. Одан бергі аралықта пандемия да бітті, шекара да ашылды. Алайда Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін ресми түрде алған, әлемдік туризмнің  орталығына айналады деген, туристік салаға тартылған инвестицияларды басым бөлігін иеленген Түркістанға келетін шетелдік саяхатшылардың саны айтарлықтай көбеймеген сияқты.  Былтыр 20 өңірдің ішінде Түркістан осы көрсеткіш бойынша жасалған тізімнің орта белінен де көріне алмай, ұятқа қалды.

Түркі әлемінің туристік астанасы атанған Түркістан биыл туристердің қабылдау жағынан өңірлердің арасында рейтингте алғашқы бестікке де кіре алмады. Яғни, Түркістан туризмі күткен үмітті қаншалықты ақтағанын осыдан-ақ байқай беріңіз. 

Осы жерде айта кетері, биыл маусымда туризмге қатысты өткен алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

 --Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деген болатын.

Алайда туризм басқармасын бір бөліп, бір қосып, бірнеше айдан бері аталған басқармаға басшы тағайындай алмай жүрген Түркістанда Президент тапсырғандай, «шұғыл әрі жүйелі» шаралардың қабылданып жатқанына сену қиын сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

 

«Рейтинг» газеті, 28 тамыз 2024 жыл.


Түркістанда 500 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген
Шөкеевтің тағдырын Қарашөкеев қайталай ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу