Сыздықбеков сыбайластықты ауыздықтай ала ма?

Oinet.kz 27-09-2023 605

  Screenshot_3.png

Шымкентте жемқорлық фактілері әлі толастамай тұр. Ай сайын мегаполисте бір шенеуніктің ірі көлемде парамен немесе бюджет қаржысын жеп қойды деген күдікпен ұсталуы жалғасып жатыр. Қанша дегенмен жемқорлыққа белшесінен батып қалған Шымкентке былық-шылықтан тазару оңай болмайтын сияқты.

Мегаполисте сыбайлас жемқорлық қылмыстардың бір ұшы қалалық әкімдіктегі лауазымды шенеуніктерге де тірелуде. Бұл тегін емес. Мұрат Әйтеновтың қызметінен кетуіне оның орынбасары Мақсұт Исаховтың ұсталуы әсер етті. Енді міне, осы жуырда мәлім болған тағы бір фактіні қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловпен байланыстырып жатыр. 

Қаржылық мониторинг агенттігі  Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасына қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен тергеу амалдарының жүріп жатқанын хабарлады.  

-Күдікті өзінің лауазымдық жағдайын пайдалана отырып, қала аумағындағы көпқабатты үйлердің 150 ауласын абаттандыру бойынша сметалық құжаттамада жұмыстар мен материалдардың бағасын негізсіз қымбаттатқан.  Ол 700 миллион теңгеден астам сомаға аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде.
Сот санкциясымен аталған азамат ұсталып, қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.  ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды,-делінген агенттіктің таратқан ақпаратында.

Ең қызығы мынада болып тұр: elitar.kz порталының жазуынша, 700 миллион теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған  шенеунік әл-Фараби аудандық әкімдігінде бөлім басшысы, одан кейін аталған әкімдіктің аппаратына жеткшілік жасаған Бақыт Мелдебек азамат көрінеді. Дәл қазіргі уақытта оның қайда екендігі белгісіз. 150 ауланы абаттандыру бо  йынша 700 миллион теңгені жымқыру 2019-2020 жылдары орын алғанға ұқсайды. Бұл уақытта Әл-Фараби ауданының әкімі қызметін Ғабит Мәуленқұлов атқарған. Ғабит Мәуленқұлов аудан әкімі қызметінен жоғарылап, 2021 жылың наурызында Мұрат Әйтеновтің өкімімен Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындаған. Жуырда әлеуметтік желіде Ғабит Мәуленқұловтың аппарат басшысы қызметінен кеткені жазылды. Бұл рас та шығар. Себебі соңғы уақытта аппарат басшысы әкімдікте өтіп жүрген жиындардан көрінбейді. Оның аты-жөні әкімдіктің ресми сайтынан да алынып тасталған. Мұның тегін еместігі айтпаса да түсінікті. Ғабит  Патшаханұлының жылы орнын суытуына 700 миллион теңгенің қаншалықты қатысы бары әлі жұмбақ күйінде тұр.

Шымкентте бүгінде қалалық жолаушылар көлігі және автомбиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мұхтар Қоқанбаевтың соты жүріп жатыр. Естеріңізде болса, маусымда оны антикор 13 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұстаған болатын.

Бұған дейін Шымкент қалалық әкімдігі шалғайдағы елді мекендерге қызмет көрсететін автобустардың шығындарын субсидиялауды қолға алғаны белгілі (оның көлемі 20-25 миллиард теңге деп жазылып жүр). Қоқанбаев қаладағы жолаушы тасымалдаумен айналысатын  T-Bus компаниясының басшысынан осы субсидияларды кедергісіз төлеп отыру үшін 13 миллион теңге сұраған. Бұл ақшаға ол өзіне «Тойото Камри» көлігін алмақ болған көрінеді. Оған таң қалатын ештеңе жоқ. Екінің бірі мініп жүрген «Тойота Камри» білдей басқарма басшысының тақымына бұйырса, оның несі айып дейсіз?! Мәселе көлікті кімнің, қалай, қандай ақшамен мініп жатқандығында ғой. 

Компанияның өкілімен Қоқанбаев Алматы қаласында кездескен. Екіарада ақша жөнінде  уәде болған. Осыдан кейін компания өкілі Шымкентке ұшып келіп, 13 миллион теңге ақшаны пакетке салып, оны Қоқанбаевтың үйінің маңына тастап кеткен. Арада біраз уақыт өткенде ол өзінің алғашқы ойынан күрт айнып, дереу  антикорға хабар берген. Антикор тінту барысында ақшаны Қоқанбаевтың үйінен тапқан. Сотта қазір Қоқанбаевтың мүддесін төрт бірдей адвокат қорғап жатқан көрінеді. Бұл істің немен аяқталарын уақыт көрсетеді.  

Шілдеде Шымкент қаласы әкімінің көлік саласына жауапты орынбасары Мақсұт Исаховтың ұсталғаны белгілі. Осы уақытқа дейін Исаховтың нақты не бүлдіргені туралы ақпарат жоқ. Ұлттық қауіпсізік комитеті оның тек сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен ұсталғанын жариялаумен шектелді. Белгілі журналист М.Козачков Исаховтың 200 мың доллар парамен ұсталғанын хабарлады. Ал телеграмдағы Bazhkenov Live каналы әкім орынбасарының ҰҚК департаменті бастығының орынбасарын  «сатып алмақ» болғанын жазды. Мұның қайсысы шындыққа жанасады?

 Қалай болғанда да Исахов республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына биыл 5 жыл толған Шымкентте жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған ең жоғары лауазымды шенеунік болғалы тұр. Былтыр Н.Назарбаевтың  бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі «Ария -Жаңа Қазақстан» компаниясының Шымкентте жол салуға қатысты тендерді бір көзден ұтып алып,  747 миллион теңгені талан -таражға салғаны белгілі болды. Бұл іске қатысты тергеу амалдары әлі созылып келеді. 

Биыл сәуірде қаладағы бір аудан әкімінің орынбасары мен әкімдіктің бас маманы кәсіпкерден 60 миллион теңге  пара алды деген күдікпен ұсталды.  Қазір бұл іс те сотта қаралып жатыр. Байқағандарыңыздай, Шымкенттің аты қазір  жемқорлықпен ұсталу, сотталумен шығып жатыр. Мұншалықты асқынған  жағдай бұрын-соңды болып па еді?!

Айтпақшы, мегаполистегі осындай келеңсіздіктер әкімдіктің жұмысына да кері әсерін тигізіп жатыр. Жуырда қаланың жаңа әкімі Ғабит Сыздықбеков  салынып жатқан Шымкент әуежайының терминалында болды. Әкімдіктің таратқан ақпаратына қарағанда, терминалдағы құрылыс жұмыстарының  бірінші кезеңі аяқталған. Ал екінші кезеңі келесі жылы бітеді. Яғни, терминал келесі жылы пайдалануға беріледі деген сөз. Биыл қаңтарда терминалдың құрылысымен премьер-министр Әлихан Смайылов танысып көріп, Шымент әкімдігіне оны қалайда жыл соңына дейін бітіруді тапсырған еді. Үкімет басшысының тапсырмасы  орындалмады. Ал енді кешегі күні Мәжіліске Шымкенттен сайланған депутат Болатбек Әлиев мегаполисте биыл жоспарланған 3 мың пәтер құрылысының бітпей қалуы мүмкін екендігін фейсбуктегі парақшасында жазды.

Артында осындай дау-дамай тастап кеткен Мұрат Әйтенов әзірге жұмыссыз. Ал енді Шымкенттегі сыбайластықты жаңа әкім Ғабит Сыздықбеков ауыздықтай   ала ма?

 

«Рейтинг» газеті, 27 қыркүйек 2023 жыл.   

 


Дархан Қыдырәлі Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды
Бауыржан Байбектің тергеліп жатқаны рас па – Бас прокуратура жауап берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу