Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Жақында Бердiбек Сапарбаев Оңтүстiк облыстарға едел-жедел келiп-кеттi. Бұл жолы вице-премьер алдағы күзде өтетiн Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындық барысын пысықтап қайтты. Бұл iссапарды Ақорданың арнайы тапсырмасы десек те болатын шығар.
Вице-премьер алдымен Түркiстан қаласында, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнде “Қазақ мемлекеттiлiгiндегi Қазақ хандығының орны” деген тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысты. Бұл шараға түбi бiр туысқан түркi мемлекеттерiнiң бiрқатары, бұдан бөлек Иран, Корея, Ресей елдерiнен де, жалпы бас-аяғы 200-ден астам ғалымдар қатысты. Қайсыбiр жылдары өзi әкiм болған осы Оңтүстiк Қазақстан облысына бiр бүйрегi бұрып тұратын Сапарбаев жасыратыны жоқ, сапар барысында жергiлiктi атқамiнерлердiң тiрлiгiне оң баға бердi. Iссапар ауылы аралас, қойы қоралас қоныстанған Жамбыл облысында жалғасты.
Тойға небәрi үш ай ғана уақыт қалды. Жоспары жасалып қойылған. Қазiр облыс әкiмi Кәрiм Көкiрекбаевтың командасы сүрiнiп-қабынып, тойдың қамымен жүр. Шешiлген мәселеден шешiлмегенi көп. Айталық, Таразда аумағы 3,5 гектар “Қазақ хандығы” мемориалды монументi салынып бiтсе, осы тойдың басты мақтанышы болмақ. Монументтiң жұмысына конкурс өткiзiлгенiмен, жүзеге асыруға қажеттi қаржы республикалық бюджеттен әлi бөлiнбеген. Ел ерекше елеңдеп күтiп отырған екiншi iрi жоба – ашық аспан астындағы “Ежелгi Тараз” мұражайына жұмсалатын 932 миллион 307 мың теңге де Астанада қаңтарылып тұр. Бұған қоса Этно-мәдени орталық құрылысына қажеттi 1 миллиард 259 миллион теңге де Астанадан келу керек едi. Мұншама шығынды көтеруге облыс қазынасының шамасы келмейтiнi бесенеден белгiлi.
Жиын барысында Бердiбек Сапарбаев Кәрiм Көкiрекбаевтың тiрлiгiн сынап сөйлеп, бiраз ақылын да айтты. Қызбаланып кеттi ме, әйтеуiр, бетi нарттай қызарғанын әркiм әрқилы жорыды. Сонымен вице-прьемер 2000 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi болып отырған тұста Түркiстан қаласының 1500 жылдығы тойланғанын, осы iс-шараларды өткiзу барысында Астанаға қарап қол қусырып отырмай арнайы қор құрып, оған ақша түсiрiп, 2 миллиард теңгенiң жұмысын атқарғанын алға тартты. Көкiрекбаевқа тартыншақтай бермей ширақ қимылдау қажеттiгiн жұқалап болса да жеткiзген Б.Сапарбаев Түркiстанның 1500 жылдығынан Қазақ хандығының 550 жылдығына дейiн үлкен тойдың өтпегенiн ескерттi. Бiздiң түсiнгенiмiз, баяғы ескi әдiске салып, билiктiң өткiзетiн iс-шараларына қор ашқызып, оған бюджет қызметкерлерiн, кәсiпкерлердi мәжбүрлеп ақша аудартқызып та көп тiрлiк тындыруға болады екен. Бiрақ бұлайша белден басу қаншалықты нәтиже бередi? Үкiмет тойдың жоспарын бекiтiп, қаржы бөлуге уәде еттi екен, ендi оны неге орындамайды? Ал сол үкiметте жүрген вице-премьер бұл сұрақтың жауабын неге айтпай кеттi? Сонда Қазақ хандығының тойына халықтан жылу жинамақ па? “Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?” демекшi осындай даталы мерейтойда үкiметтiң аяп қалған қаржысын ит жесiн демеске амалымыз қайсы? Оған қоса Сапарбаев Түркiстанның тойын өткiзген жылдардағы облыстардың бюджетi қазiргi көрсеткiшпен салыстыруға да келмейдi. Өкiнiшке қарай, жиында мұны табиғатынан жуастау К.Көкiрекбаев кесiп айта алмады.
Кәрiм Көкiрекбаевтың да той қарсаңында ептеп әлсiздiк танытып, тiзеге басып тiрлiк iстейтiн iскерлiгiн байқата алмай жатқанын айтпай кетуге болмас. Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы шығарылған кiтаптардың тұсаукесерiне 10 миллион теңге, республикалық ақындар айтысын өткiзуге 31 миллион теңге, “Тектi сөздiң төресi – терме” республикалық терме конкурсын өткiзуге 20 миллион теңге, облыстық өлкетану мұражайының көрме залын реэкспозициялауға 20 миллион теңге қажет. Республикалық бюджеттен бөлiнедi деген бұл қаржылар да кешiгiп жатыр. Қаржы бүгiн-ертең бөлiнген күннiң өзiнде Жамбыл облыстық әкiмдiгi тойға дейiн барлық тiрлiктi атқарып үлгере ала ма, жоқ па? Мiне, ендi Астана жаққа жалтақтап отыру жараспайтын-ақ тiрлiк. Тараздың iрi әлеуметтiк маңызды мәдени орындары мен орталық стадионының айналасын жөндеуге жәрдем көрсету үшiн Ұлттық компаниялар мен министрлiктерге хаттар жолданып, қаржы түсiретiн “Мәңгiлiк ел” қоры ашылған. Алайда қорға осы уақытқа дейiн бар-жоғы 19,2 миллион теңге ғана түскенi ұят-ақ. Осы жерде басталған iстi ары қарай алып кете алмай отырған жамбылдық шенеунiктердiң жайбасарлығына қынжыласың.
Оңтүстiкте екi күн аялдаған Б.Сапарбаев Қазақ хандығының тойы өтетiн Таразға бар-жоғы 2-3 сағат уақыт бөлдi. Оның өзiнде “бұл көп болып көмектесiп өткiзетiн ортақ той” деудiң орнына қай-қайдағы миф жобаларға қаржы шашудан аянбайтын үкiметтен сын сағатта тойға бөлiнетiн қаржы сұрай бермеңдер дегенiне қарнымыз ашты. Тойдың ресми жиыны өтетiн облыстық драма театр барып көретiн нысандардың тiзiмiне енгiзiлгенiмен, ол жаққа ат басын бұруға да асығыстық танытқаны содан шығар. Өйткенi бұл ғимаратқа да бюджеттен қаржы бөлiп, жөндеуден өткiзу – жоспарланған тiрлiк.
Жалпы Тараздың тойы барша қазаққа ортақ. Осыны жалау еткен Ақорда әр облыстың мойнына мiндет артқан. Дәлiрегi 14 облыстың кәсiпкерлерi қаланың көшелерiн аббаттандыру, жаңарту, көркейту жұмыстарын жүргiзедi, скверлер салады деген. Өңiрлердiң алды 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсайды деп жоспарланған. Алайда әзiрге 7 облыс қана тiрлiкке тастай екенiн байқатты.
Қазақ хандығының 550 жылдығына президент Н.Назарбаев өз жолдауында ерекше тоқталған. Бұл той түптеп келгенде, “Назарбаевқа дейiн қазақта мемлекет болған емес” деп жүргендерге берiлетiн идеологиялық соққы емес пе едi? Елдiң рухын көтередi, мемлекеттiгiмiздi танытады деген тойдың соңы сиырқұйымшықтанып, әйтеуiр өттi ме – өттi, бiттi ме – бiттi тiрлiк болмаса деңiз.
Таразға жасаған сапарынан кейiн Б.Сапарбаев Ақордаға не деп барды екен?
Ғалымжан Елшiбай,
Жамбыл облысы
Жас Алаш №41 (16019) 26 мамыр, сейсенбі 2015