Қазақстандағы ең ықпалды 10 депутат кім?
Жуырда «Рейтинг.kz» зерттеу агенттігі Мәжіліс депутаттары арасында ең ықпалды, әрі алдағы уақытта қызметі өсуі мүмкін азаматтарды анықтаған зерттеу қорытындысын жария етті. Бесінші шақырылымдағы халық қалаулыларының өз қызметтеріне кіріскеніне жылға таяды. Бұған дейін саясат алаңындағы ең ықпалды шенеуніктердің тізімі жасалып, ауыр салмақтағылардың аты аталып, түсі түстеліп келсе енді, міне, кезек Мәжіліс депутаттарына да келді.
Зерттеушілер бұл рейтингте бірқатар факторларды ескеріпті. Негізгілерінің қатарына депутаттық мәртебеге дейінгі атқарған қызметі, Президент тарапынан сенім деңгейі, туыстық қатынастар (онсыз мүлдем болмайды ғой), билік элитасындағы байланыстары мен мүмкіндіктері, сонымен қатар экономикалық ресурстарының болуы қарастырылған. Сөйтіп саралай келе Мәжілістегі ең беделді 10 депутаттың тізімін түзіпті. Әрине, бұл рейтингте субъективті көзқарастар да кездесуі мүмкін.Сонымен, сараптама нәтижесіне көз жүгіртіп көрейік.
Үздік ондыққа ел аузында Аслан Мусиннің ең сенімді адамдарының бірі екені айтылатын Ерген Дошаевтың кіруі, бәлкім, кейбір саясаттанушыларды таңқалдыратын шығар. Дей тұрғанмен «Мусин, әлі де сол баяғы Мусин» деп «Рейтинг» газетінің өткен сандарының бірінде кеңінен жазғанбыз. Рас, бұрынғы позициялары анағұрлым әлсіресе де, билік дәліздерінде одан именетіндер әлі аз емес. Оның үстіне, соңғы парламенттік сайлауда Аслан Мусиннің ықпалы зор болғанын ескерсек, Дошаевтың «НұрОтан» партиясының атынан Мәжіліс депутаттарының қатарына қосылуы кімнің еңбегі есептелетіні елге белгілі. Демек, Мусин кезінде сіңірген еңбегін бүгін, ертең өзінің жеке тізіміндегі депутаттарға міндет ете алатыны түсінікті. Басқа депутаттардан Ерген Дошаевтың тағы бір ерекшелігі--ол Мәжілістегі «Нұр Отан»партиясы депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары қызметін қоса атқарады.
Үздік ондықтағы 8-9 орындарға Мәжілістегі қос бірдей ханым--Зағипа Балиева мен Дарья Клебанова жайғасыпты. Орталық сайлау комиссиясын талай жыл улатып-шулатып басқарған Зағипаның бүгін де ұпайы түгел. Зағипаның Дариға Назарбаевамен арасындағы достық қарым-қатынасы рейтингтегі ұпайын одан әрі өсіре түскен болар. Дариға Назарбаева салған соқпақты жалғастырып келе жатқан Клебанова болса медиаресурстарды(СТВ», «7-арна», «Tengri FM» радиостанциясы, «Vesti.kz» сайтына бақылау жасайды) тиімді пайдаланатын, сол арқылы ықпал жүргізетін саясаткер. Үш мәрте депутаттықтың дәмін үзіліссіз татқан Дарьяның жұбайы Александр Клебанов 200 миллион долларға жуық байлығымен қазақстандық «Форбс» журналының тізімінде 27-орында. Арғы жағын өзіңіз-ақ шамалай беріңіз. Айтпақшы Дарья Клебанова таяуда «өзім қалаған сүйікті ісіммен айналысқым келеді» деп Мәжілістегі мандатын өз еркімен тапсырып әріптестерімен қош айтысты. Оның ешкім күштемей, қыстамай ойламаған жерден оп-оңай осындай қадамға баруы Мәжілістің мандаты арман болып жүрген талайлар үшін таңданарлық тірлік болды. Үздік ондықтағы 6-7 орындарға тұрақтаған саяси «зейнеткерлер» Қайырбек Сүлейменов пен Оңалсын Жұмабековтың негізгі капиталы – бұған дейін мемлекеттік аппараттағы атқарған лауазымды қызметтері. Экс-ішкі істер министрі, қазіргі депутат Сүлейменов қайсыбір жылдары «Бандыны қуған Қайырбек» атанды. Талай жыл Бас прокуратурада қызмет атқарып, кейіннен Әділет министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясын басқарған Оңалсын Жұмабеков те талай саясаткерлердің алғысын алған азамат. Саясаттағы «бейнеттің зейнетін» көріп отырған осылар.
Саяси зерттеушілер Мәжіліс депутаттары арасындағы ықпалдылық жағынан 5-орынға Мәулен Әшімбаевты лайық санапты. Депутаттыққа дейін де ел жылы пікір білдіретін ол стратегиялық жоспарлаумен, саяси сараптамамен шындап шұғылданды. Руханият саласында даңқы дүркіреген атақты Сағат Әшімбаевтың ұлы Мәулен 2006 жылы Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып тағайындалып, бұл қызметті бақандай бес жыл істеді. Оның Президент аппаратындағы басшылық қызметтен депутаттыққа сырғуын саяси ықпалының аздап азаюымен байланыстыратындар бар. Әйткенмен, зерттеушілердің пікіріне жүгінсек әлде де болашақта жауапты қызмет атқаратын мүмкіндіктері мол.
Ықпалдылықтың 4-орыны Сенаттан Мәжіліске ат ауыстырған Қуаныш Сұлтановқа бұйырған. Сонау кеңестік замандағы партиялық номенклатураға сәйкес билік эшелонына «мініп» алған Сұлтанов сол биігінен әл-әзір түсер емес. Бүкіл ел Ұлы Отан соғысындағы жеңісті тойлап жатқан кезде (1945 жылдың мамыр айы) дүниеге шыр етіп келген Қуаныш Сұлтанұлының атқармаған қызметі қалмаған шығар, сірә. Министр, премьер-министрдің орынбасары, елші, тіпті ОБСЕ парламенттік Ассамблеясының мүшесі болған. Мәжіліс пен Сенатқа дейін Жоғарғы кеңес депутаты да болды. Елбасының жоғары сеніміне ие саясаткерлердің бірі.
Ықпалды Мәжіліс депутаттарының тізіміндегі үздік үштікке кірген Темірхан Досмұхамбетов көпшілік үшін жұмбақ адам. Кеңес дәуірі тұсындағы атқарған ең жоғары лауазымы «Трудовые резервы» спорт қоғамының жетекшісі. Саяси өсу карьерасы 1996 жылы басталды. Жастар, туризм және спорт министрлігін басқарған Темірхан Мыңайдарұлы қалай да саяси элитадан түспеудің амалын тапты. Көздегеніне жетті де. Кейінгі жылдарда Президенттің іс басқарушысы, Астана қаласының әкімі, министр, олимпиадалық комитеттің төрағасы қызметтерін атқарды. Білетіндердің айтуынша, Елбасының ең сенімді адамдарының бірі. Темекеңді үшінші орынға шығарған басты «көзірі» де осы болса керек.
Мемлекет басшысының қызы Дариға Назарбаева мәжілісмендердің ішіндегі ықпалдылар тізімінде екінші орнынды еншілепті. Парламентте Дариға Нұрсұлтанқызы сөйлей бастаса талайлардың үнсіз тыңдап іштен тына қалатыны бар. Оның депутаттық сауалдарын министрлер де аса ыждаһаттылықпен тыңдайды. Оның медиа кеңістіктегі ықпалы, «Форбстың» тізімінде 600 миллион долларға жуық байлығымен 13 орыннан көрінуі Назарбаеваны Парламент қана емес, ұлттық саяси элитадағы ең ықпалды ойыншылардың біріне айналдырды. Базбір сарапшылардың «Дариға президенттік тақтың мұрагері болуы да мүмкін» деген сыңайдағы болжамдары депутат әрі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымының беделін арттырмаса, төмендетпейтіні белгілі.
Мәжіліс депутаттары арасында ықпалдылар рейтингісінің көшін бастап тұрған Нұрлан Нығматулин атына заты сай адам. Мәжіліс төрағасы, әрі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Нығматулиннің рейтингте көш бастауы осыны білдіреді. Мемлекет басшысының сеніміндегі негізгі саяси ойыншылардың бірі, бірегейі. Бұған дейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін қоса атқарған ол былтырғы президенттік сайлауда Н.Назарбаевты қолдау штабының жетекшісі болып та жұмыс істеді. Нұрлан Зайруллаұлының бизнестегі де ықпалы зор. Мықты басқарушы, көшбасшыларға тән харизмасы бар Нығматулиннің дәл қазір дәурені жүріп тұрғаны ақиқат. Ал саясаттанушылардың «Қазақстан болашақта президенттік-парламенттік басқарудағы елге айналады» деген болжауларынан соң Мәжілістің маңызы анағұрлым арта түсетінін түсіну аса қиын емес. Бизнес пен саясаттағы беделіне шаң жуытпай келе жатқан Нығматулин Мәжілістің тізгінін ұстау арқылы да сенімді ақтай алатынын дәлелдей білгеніне қызыға, қызғана қарайтындар көп.
Айта кетерлігі, Мәжілістің бұрынғы спикері Орал Мұхамеджанов, депутаттар қатарына қосылғанына көп бола қоймаған Серік Үмбетов секілді саясаткерлер алғашқы ондыққа енбей қалған. Ал Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаттардың арасында Уәлихан Бишімбаевтың шоқтығы биік болып тұр. Бір жағынан ғылым мен білім сапасын арттырудағы ұтымды ұсыныстарымен көзге түсіп жүрген, екінші жағынан жас болса да биліктің биігіндегі қызметінде жақсы қырымен танылуға көшкен, Президенттің көмекшісі, вице-министр қызметерін атқарған, қазір «Самырұқ-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Қозыкеұлын рейтинг түзушілер 34-орынға жайғастырыпты. Айтпақшы Бишімбаевтар әулеті Қайрат Келімбетовпен де жекжаттық байланыста екенін елден естігенбіз.
Мұрағаттан, 28.11.2012 ж