АҚШ елшілігі «Рейтингте» журналистермен жүздесу ұйымдастырды

Oinet.kz 22-03-2019 1023

Screenshot_10.jpg

Өткен аптада АҚШ елшілігінің ұйымдастыруымен оңтүстікке арнайы ат басын бұрған американдық танымал имам Яхья Хенди «Рейтинг» газетінің редакциясындағы баспасөз клубында журналистермен жүздесті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың қабылдауында болып өңіріміздің тыныс-тіршілігіне қаныққан, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенттерімен кездескенде біршама сыр тиегін ағытқан мәртебелі мейман журналистермен жүздесуде қойылған сұрақтардың ешбірін жауапсыз қалдырмай еркін ой-пікір алмасу болды. Имаммен бірге жүрген АҚШ елшілігінің Бас консулы Макл Сноуден мұндай кездесулер Америка елі мен Қазақстанның арасындағы мәдени қарым-қатынастарды нығайтудың бір көрінісі екенін атап өтті. Хенди әлемнің 60-тан астам елін аралап шыққан азамат. Барлық жерде ең әуелі ислам дінінің негізгі құндылықтарын дәріптеп, қазіргі таңда мұсылман қауымындағы негізгі мәселелердің шешу жолдарын ұсынып келеді. Сол тезистерді қысқаша жариялағанды жөн санадық. 

«Біріншіден, исламды экстремистік тұрғыдан алып тастап, жаңаша түрде қарау керек, - дейді имам Хенди. - Ислам – бейбітшілікті, ынтымақты қолдайтын  керемет дін. Бірақ, кейбір ағымдар асыл дінімізді экстремистік бағытқа бұрып әкетіп жатыр. Оның ішінде «Аль-Қаида», «Хизб-ут-тахрир», уахабилер де бар. Менің ойымша бұл ағымдармен күш арқылы емес, білім арқылы соғысу керек. Имамдарымыздың білімі жоғары болса  кез-келген экстремистік топтарды жеңуге мүмкіндік бар.  

Екіншіден - әйелдің құқығына мән беру керек. Әйелдің ролі төмен елдегі қоғам  дамымайды. Әйелдер кез-келген мекемеде жұмыс істеуге, кез-келген оқу орнында білім алуға, экономикалық теңдікке жетуге құқылы. Бұл құқықты оған ислам беріп отыр. 

Үшінші мәселе – бостандық. Бостандық -  ислам дінінің ажырамас бөлігі. Бұл құндылық әрбір қоғамның дамуына үлес қосады. Таңдау құқығы, ойлау құқығының мәні зор. 

Төртіншіден, жастарды қолдау керек. Болашағын ойлаған мемлекет жастарды мейлінше қолдауы тиіс. Бүгінгі жасөспірім ертең елді басқарады емес пе? Сондықтан, жастарды көбасшылыққа, өз ой пікірін білдіруге үйретуіміз керек. 

 Тағы бір өзекті мәселе - табиғатты қорғау. Меніңше табиғатты қорғау өте маңызды проблема. Мұны тіпті адам құқықтарына  жатқызатындар бар, себебі адам таза қоршаған ортада өмір сүруге құқылы. Жалпы, табиғатты қорғау бірінші орында тұратын маңызды мәселе. Айталық, ішетін су таза болмаса, оны ішкен соң көптеген адам ауруға душар болады. Сонда оларды емдеуге қыруар қаржы кетенінін ұмытпайық».  

«Рейтинг» баспасөз клубында өткен кездесу барысында журналистер американдық қонаққа көкейде жүрген сауалдарын қойды. 

 Ғани Қалмаханов, «Қазақстан» Ұлттық арнасының меншікті тілшісі: Елімізде діни наным-сенім бостандығы жария етілген. Дегенмен, түрлі секталар, діни ағымдар ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірмей ме? 

Имам Хенди: Біріншіден, адам қай дінді таңдаса да өз еркі. Бірақ, оның көзқарасы басқаларға тиіп кетпеуі керек. Мен қарулы күштерге, зорлық-зомбылыққа негізделген, соған мән беретін ағымдарды қолдамаймын. «Меніңкі ғана дұрыс» деп басқа көзқараста жүргендерді жою мүлдем дұрыс емес. Түрлі діни ағымдар мен секталар қоғамға, қоғамның қауіпсіздігіне келтіретін зияны болмаса өмір сүруге құқылы. Сіз менің ұстанымым дұрыс емес деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ сол үшін мені өлтіруге құқығыңыз жоқ. Экстремизмді жоюдың бірден-бір жолы – білім. Ол әлдеқайда арзан әрі тиімді.  

Әбдез Рахманұлы, «Хабар» агенттігі: Орта Азия мұсылмандары арасында қазіргі таңда дін мен дәстүрдің арасындағы келіспеушіліктер туындап жатыр. Қаншама ғасырлардан бері келе осы өңірдегілер Абу—Ханифа мазхабын ұстанып келді. Бірақ, соңғы жылдарда басқа мазхабқа, басқа ағымға  еніп, бұрынғы әдет-ғұрыппен келіспейтіндер пайда болды. Мысалы, біздің халық хиджаб кимеген. Сақал қойса да ол міндет ретінде қаралмаған. Осыған байланысты қандай пікір айтасыз?  

Имам Хенди: Мен Орта Азияның барлық мемлекеттерін араладым. Сонау Америкадан келіп сізге исламды үйрете алмаймын. Исламды әлемде кім қалай ұстанатынын білемін, сондықтан мен ислам дініне қатысты өз интерпретациямды айтып бере аламын. Менің түсінігімде  ислам - дін ретінде бейбітшілікті дамытатын, түрлі көзқарастарды талқылай алатын дін. Исламның басты фундаменталдық түсініктемесі әр мемлекетте бірдей. Дегенмен, исламның әр елде өз ерекшелігі болуы мүмкін. Бірақ, біз 15 ғасырда тұрмаймыз ғой. Қазіргі заманда барлығымыз  ортақ глобальды ауылда тұрып жатырмыз.  Демек, бір жерде тұрып қалмай, ізденісте болуымыз керек. Осының барлығын ескере отырып,  адам қай дінді, қай бағытты таңдайтынын өзі шешуі керек. Менің айтарым, басты талап – оған жеке тұлға ретінде бостандық берілуі тиіс. Хиджаб төңірегіндегі Франция мен Сауд Арабиясын  мысал ретінде келтірсем болады. Франция үкіметі қоғамдық жерлерде хиджаб киюге тыйым салса, Сауд Арабиясында әйелдер хиджабсыз жүре алмайды. Меніңше, екі елдің де үкіметі қателеседі. Бұл мәселенің шешімін әйелдердің өзінен сұрау керек. Қаласа, хиджабты кисін, қаласа – кимей-ақ қойсын. Жалпы, хиджаб туралы әңгімені ушықтырудың қажеті жоқтығын имамдарға үнемі айтып жүремін. Мен мұсылмандарға  таңқаламын, осыншама санымыз көп, әлем бойынша таралғанбыз. Сөйте тұра   бір метр матаға соншалықты неге қадалып қалдық? Сол бір метр матаны әрі сүйрейміз, бері сүйрейміз. Негізі, ол айтуға да тұрмайтын, түкке тұрғысыз нәрсе. Құр бекерге адамның жүйкесін тоздырып жатқан проблема. Адам құқығы, қоршаған ортаны қорғау, кедейшілікпен күрес, экономиканы дамыту секілді одан әлдеқайда маңызды мәселе көп қой.  

Лаура Көпжасарова, «Известия-Казахстан», «Комсомольская правда-Казахстан» газеттерінің меншікті тілшісі: Дегенмен, мәселе шешімін таппай тұр ғой. Америкадағы жағдай қандай? Сіздің еліңізде қызметтік форманы киюді талап ететін мекемелерде хиджаб киген әйлдер бар ма?

Имам Хенди: Бар, өте көп. Полиция мен әскер қатарында қызмет атқарып, хиджаб киіп жүрген әйелдер бар. Одан бөлек көптеген дәрігерлер мен профессорлар бар. Тіпті Барак Обаманың администрациясында, елшіліктерде жауапты қызмет атқаратын мұсылман әйелдер хиджабын шешпейді. Оны ешкім проблема ретінде қарамайды. 

Ардақ Қожатаева, «Қазақстан Шымкент» телеарнасының тілшісі: Неліктен мұсылмансыз? Ислам дінінің артықшылығы неде?

Имам Хенди: Өйткені, ислам бейбітшілік діні. Ол ғылым мен адамның жүрегін жалғастыратын дін. Әйелдердің құқығын құрметтейтін дін. Ислам мені шыдамдылыққа, сабырға, төзімділікке үйретті. Асыл дініміз теңдік пен бостандықты насихаттайды. 

Бахытжан Дәуіт, «Рейтинг» газеті бас  редакторының орынбасары: Өзіңіздің діни бағытыңыз қандай, суннитсіз бе, әлде шиитсіз бе? 

Имам Хенди: Мен - мұсылманмын. Мұсылман ретінде айтарым, суннит пен шиит деп бөліну - пайғамбарымыз дүниеден өткен соң пайда болған құбылыс. Өкінішке қарай, бұл мәселенің тарихи және саяси жағы басым. Меніңше, мұсылмандар Мұхаммед пайғамбардың айтқан сөздері, исламның  негізгі бағытынан  тайқып, «кім дұрыс, кімдікі бұрыс» деген сауалға көңіл бөліп кетті.  Егер  менен «қай бағытта білім алдыңыз?» деп сұрақ қояр болсаңыз, исламның сунниттік бағытындағы Абу-Ханифа мазхабынан боламын. Дегенмен, біз, мұсылмандар, мұндайдан биік болуымыз керек. Бөлінуге емес, бірігуге мән беру керек.  

Шадияр Молдабек, «Алаш айнасы», «Заң» газеттерінің меншікті тілшісі: Соңғы кезде Қазақстанда жарылыстар көбейіп кетті. Бұрын терактілер туралы шетелден еститін едік, қазір бұл қауіп елімізге де төнді. Тіпті Америка Қазақстанды тероризм қаупі төнген елдердің қатарына  де кіргізіп үлгерді. Осыған байланысты көзқарасыңыз қандай ?

Имам Хенди: Құранда бұл жайлы тура мағынада, өте түсінікті әрі оп-оңай жазылған: өз өзіңді өлтірме. Ондай жарылыстар анық исламнан емес, екіншіден ол анық харам. Құран бір адамның өмірін қию оншақты адамның өмірін қиғанмен тең екенін үйретеді. Сондықтан осындай жағдайлар моральдық тұрғыдан да, заң тұрғысынан да дұрыс емес. Қасиетті кітапта  оған ешқандай ыңғай да берілмеген. Біз зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне қарсымыз. 

Оралхан Дәуіт, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі: Америкада бір христиан пастор Құранды өртеп жібергені әлемді дүрліктірді. Ол қандай да бір  жазаға тартылды ма?

Имам Хенди: Ол пастордың есімі Терри Джонс.  Флорида штатында Құран кітабын жағып жібергенімен аты шыққан адам. Біріншіден, ол діни қызметкер емес, христиандық ұйымдарға қатысы жоқ. Пастор деп өзін-өзі жариялап алған. Оның жанында соңынан ерген 37 адамы болған. Ал Америкадағы 2,5 миллионнан астам мүшесі бар христиандық ұйым өкілдері Джонстың бұл ерсі қылығына қарсылығын білдірді. Мен, сонымен бірге басқа да 700 дін қызметкерлері, «Шырақты жақ, Құранды жақпа» деген акция ұйымдастырдық. Сол күні Терридің акциясына наразылық ретінде  шіркеулерде 5 мың христиан, 370 синагогадағы еврейлер Құран кітабын оқыды. Бірақ, бұл – Америка ғой, адам не істесе де өз еркі. Пастор жазаланған жоқ. Айталық, мен де Библияны өртесем маған да ешкім жаза қолдана алмайды. Әйтпесе, АҚШ халқының басым бөлігі христиандар екенін білесіз.  Жалпы, бұл жерде Джонс исламды жек көргенінен емес, өзін-өзі жарнамалау үшін осындай әрекетке барғанын айтқым келеді. Оған журналистер де көп көмек берді. Бір христианның Құранды өртегенін барлығы жарыса жазды да, ал 5 мыңнан астам христианның Құранды оқығаны жайлы ешкім жұмған аузын ашпады. 

Ұлықбек Үмбетов: «Замана» газетінің тілшісі: Синагогаларға жиі барып, еврейлерге дәріс оқып тұрады екенсіз. Жалпы, мұсылман мен еврейдің арасын татуластыру мүмкін бе?

Имам Хенди: Бұл өте күрделі сұрақ. Оған мүмкіндік бар ма? Меніңше, бар. Біріншіден, екі жақтың көшбасшыларын біріктіруіміз керек. Палестина мен Израильдің арасындағы қиындықтардың барлығы әділеттілікпен шешілуі тиіс. Иерусалим – екі елдің де астанасы болуы қажет. Палестинада құрылған дуалдар алынып тасталып, ондағы көшіп-қонып, бас сауғалап жүрген халықтың мәселесі шешілуі керек. Соңғы кездері  араб әлемінде үлкен өзгерістер болып жатыр ғой. Меніңше, бұл Израиль-Палестина мәселесін оңтайлы шешуге жаңа мүмкіндік береді.  

Ғалымжан Елшібай, «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі: Қазақстанда шариғатқа сәйкес 2-3 әйел алу мәселесі жиі көтеріліп келеді. Америкада осы тақырып төңірегінде қандай ой-пікірлер айтылуда? Бұған өзіңіз қарсы емессіз бе?

Имам Хенди: Жалғыз әйелім бар. Осының өзі көптік ететін сияқты Қазір осы тақырып төңірегінде «жарты әйелге үйлену мүмкіндігі бар ма?» деген де мәселе көтеріп жүрмін (күледі). Жалпы, екі-үш әйел алардан бұрын бір әйелді  асырап, оған әділетті болу мәселесін жетістіріп алайықшы. Бірнеше әйел алу концепциясы әлемнің кейбір елдерінде саяси-әлеуметтік мәселелерді шешу жағынан қаралғаны рас. Бірақ бұл мысалды барлық жерге тарату керектігін білдірмейді. Құранда жазылғаны - әйелге қатысты әділетті болуы қажет.  Негізінде, көп әйел алу исламнан емес, жергілікті дәстүрлерден келеді. Бұл   мемлекет тарапынан емес, жеке адам тұрғысынан қарастырылатын мәселе. Менің естуымше, көпәйел алу Орта Азияда да орын алып жатыр. Ал енді мынаған назар аударайық: заң тұрғысынан алғанда неке бір рет қиылады. Сонда екінші, үшінші әйелдің құқықтары дұрыс сақталмайды деген сөз. Тағы бір мысал. Ер адам үй шаруасына әйелмен бірдей атсалысуы керек. Ол үйді тазалау кере болса мен де тазалауым керек. Бұл ислам ғой. Бәлкім, сіздер мұнымен келіспейтін шығарсыз. Әрине, барлығын әйелге жүктеп қойып отыра беру оңай. Мен өзім үйді тазалаймын, киімдерімді жуамын, үтіктеймін. Мен де тамақ пісіремін, бірақ әйелім менен жақсы әзірлейді. Ал ыдыс-аяқты көбіне өзім жуамын. Осының барлығы бір әйелмен тұрып жатқан мен үшін көп жұмыс. Сонда үш-төрт әйел арасында қалай сабылмақпын?

Мұрағаттан: 29.06.2012

Мал ұрлатқандар полицияға емес, көріпкелге көбірек сенеді
Шымкентте жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салудың дауы өршіп тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу