Үшінші мегаполистің жаңа әкімі үшінші мәрте Астанадан келді

Oinet.kz 29-11-2017 917

Screenshot_18.jpg

Соныменен Қазақстандағы үшінші үлкен мегаполис мәртебесін иеленген Шымкентке жаңа әкім тағайындалды.  Бір апта бойы кім келер екен деп елеңдеген жұрттың көңілі орнына түсті.   Қаланың жаңа әкімі жергілікті жерден шыққан кадр емес. Тіпті осы топырақта туып-өсіп, қаланың ұңғыл-шұңғылын білетін шенеунік деуге де келіңкіремейді. Мегаполистің мэрін аттай қалап Астанадан алдырттық. Осыменен үшінші мәрте. Дархан Сатыбалды, Ғабидолла Әбдірахымов, енді міне Нұрлан Сауранбаев. 

Сейсенбіде кешкісін  Шымкент қалалық әкімдігінде өткен жиында жаңа әкім облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтің төрағалығымен өткен мәжілісте таныстырылды. Қала активі, мәслихат депутаттары қатысқан жиында облыс басшысы алдымен  Президент әкімшілігінің келісімімен ұсынылған Нұрлан Сауранбаевтың кандидатурасын Шымкент қалалық мәслихаты депутаттарының қолдағанын жария етті. Бұдан кейін өмірбаян таныстыру, әкімнің өзіне сөз беру, ардагерлердің жаңа қызметке сәт-сапар тілеуі, әкімді құтты креслосына апарып қондыру сияқты кішігірім дәстүрлі рәсімдер жасалды. Дегенмен бас-аяғы 15 минутқа ғана созылған мәжілісте облыс басшысы Шымкентке  қатысты біраз мәселенің басын қайырып тастады. 

Алдымен Шымкенттің 14-інші әкімін таныстыра кетсек. Нұрлан Сауранбаев көршілес Жамбыл облысының тумасы. Жасы биыл елуге келген нағыз кемел шақта.  Еңбек жолында Қазақстанның кәсіпкерлер конгрессінің атқарушы директоры, Қазақстан темір жолына қарасты «Жолаушылар тасымалы» еншілес кәсіпорнының директоры, «АНПЗ» ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті болып жұмыс істеген. Бұдан кейінгі жылдары «ҚазМұнайГазда» департамент директоры, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымдарын атқарған. 2017 жылдың ақпан айынан бастап ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін әзірлеу және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы  лауазымын атқарып келген. Жаңа әкім біраз қызметтің дәмін татып көрген. ЭКСПО сияқты әлемдік деңгейдегі шараның басы-қасында жүрген.  Бизнесте, Ұлттық компанияларда, министрлікте, қорғаныс саласында тәжірибе жинаған нағыз бесаспап деуге лайық. Дегенмен Н.Сауранбаев бұған дейін әкімдік сатыдан өтпеген, бұл саланың ыстық суығын бастан өткермеген.  Оның келіспей тұрған бір жері және ең негізігісі де осы сияқты. Бірақ ең бастысы, Сауранбаев Түймебаевтың өзі тағайындаған, дәлірегі өзі келісімін берген  әкім. Бұл өзара тіл табысып жұмыс істеуге, бағыт-бағдарларын бір арнада тоғыстыруға, берген тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп орындау арқылы ортақ идеяларды жүзеге асыруға ыңғайлы кадр. Бұл мәселеге келгенде бұрынғы әкім Ғабидолла Әбдірахымовтың паңдау, тәкаппарлау басының Түймебаевтың ноқтасына сыймағаны, жетелеуіне жүрмегені рас. 

Жалпы, Шымкенттің әкімі облыс әкімінің айтқанына көніп, айдауына жүрмесе, өзбілермендікке салынса, мұның ақыры текетіреске апарып соғатыны, ал текетірестің нәтижесі бәрібір облыс басшысының пайдасына шешілетіні тәжірибеден, әркім де сабақ алуы тиіс өткен тарихтан белгілі?! Текетіреске түсем деп қай-қайсысы да түбінде қызметінен босап тынбаса, әзірге қала әкімінің арасында  облыс басшысынан басым түскені жоқ. Бұған уақтысында Абдуллаев пен Ізбасқановтың, Сапарбаев пен Бекжігітовтың, Жылқышиев пен Әметтің арасындағы текетірестерді мысалға келтірсек те жетеді. Иә, Түймебаев пен Әбдірахымовтың бірлесіп жұмыс істей алмай жүргені «Ақ үйдің» дәлізінде, ел арасында  біраздан бері айтылып келе жатқан. Шымкенттің  әкімі қызметіне Бейбіт Атамқұловтың тұсында тағайындалған Әбдірахымовтың өзін болашақ облыстың басшысы ретінде сезінгені де рас. Алайда кейінгі әкімі Түймебаев Әбдірахымовтың бұл еркелігін көтерген жоқ. Қатаңдау талап етті. Жиындарда Шымкентке қатысты сындар жиі айтылды. Тіпті осыдан екі-үш ай бұрын  Түймебаевтың Әбдірахымовты қызметтен босату туралы мәселені Президент әкімшілігінің алдына қойғаны жөнінде рас-өтірігі белгісіз әңгімелер де айтылған. Бір тәуірі, екі әкім ашық айқасқа барған жоқ. Әбдірахымов жаңа қызмет алып, командасымен жылы қоштасып, Астанаға кетті. Оның орнына жаңа әкім Астанадан келді. Бұл жағына тереңдемей-ақ қойсақ. Біздің айтпағымыз, Шымкент қалалық әкімдігі Астанадағы көкаттылардың келіп-кететін «ауласына» айналып, қаланың, халықтың мұң-мұқтажы айдалада қалмасын деген ниет қана. 

Жансейіт Түймебаев жиында қаладағы негізгі деген проблемаларға, турасын айтқанда Әбдірахымовтың кезіндегі «әттеген-айларға»  тоқталып өтті. Әбдірахымовтың  неліктен әдеттегі сценарийден тыс ат ауыстырғаны, жаңа әкімнің келуін неге күтпегені  бекер емес сияқты. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген бар ғой. Сонымен облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша  Шымкентте  салықтық түсімдердің жоспары 70,1 миллион теңгеге орындалмай қалған. Мемлекеттік сатып алулар бойынша құзырлы орган тарапынан 81 конкурс  бойынша 10,2 миллиард теңгеге заңбұзушылықтар анықталған.  2009-2016 жылдары жаңадан іске қосылған 278 нысанның 52-і осы уақытқа дейін әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Қалада тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосу немесе олардың бос алаңдарын басқа мақсатқа пайдалану бойынша жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеген.  «Максимум» АИО» ЖШС  арқылы 250 миллион теңгеге қаржыландыру индикаторы бекітілгенімен, бүгінгі таңда небәрі 35 миллион теңге құрайтын 3 жобаға ғана қолдау көрсетілген.  2017 жылдың 1 қыркүйектегі жағдайы бойынша облыс орталығында  53 676 шағын орта бизнес субъектілері жұмыс істейді, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға кем. 2016 жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне жүргізілген түгендеу нәтижесінде 1180 жер пайдаланушының 3074 гектар жері пайдаланылмай жатқандығы анықталғанымен мемлекет меншігіне қайтарылмаған.

- Қазіргі таңда жылу маусымы басталғанымен, қаладағы 1811 үйдің 11-і қосылмай отыр.  «Ыстық нүктелер» тізіміне енгізілген – «Самал-3», «Құрсай», «Азат-2», «Асар-2», «Тоғыс» тұрғын алаптары, «Ынтымақ-2» «Таскен» мөлтек ауданы тұрғындарын тұрақты, сапалы электр энергиямен қамтамасыз ету бойынша жобалық сметалық құжаттары осы уақытқа дейін әзірленбеген. 2016 жылы берілуге тиісті  «Бозарық» жартылай жабық қосалқы станциясы әлі күнге дейін іске қосылмаған. Қала орталығындағы 25 қоғамдық бағытта жолаушыларды тасымалдауда әлі күнге дейін 11-15 орындық шағын автобустар қызмет көрсетеді. Шағын автобус бағыттарын сыйымдылығы үлкен автобустарға ауыстыру жұмыстары өте баяу жүруде,-деді облыс әкімі.

Шымкентте  жол құрылысы саласы бойынша 13 нысанды тапсыру мерзімі кешігіп отыр. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту жоспары орындалмаған. Ұлттық бірыңғай тестке қатысқан оқушылардың 924-і, немесе 15,7 пайызы шектік балды жинай алмаған. «Өрлеу» жобасына қарастырылған 438 миллион теңгенің 144,5 миллионы  игерілмеген. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған 1247 адамның 17-і немесе 1,1 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Облыс бойынша 63  мыңға жуық жұмыссыз тіркелсе, оның 20 мыңы Шымкент қаласына тиесілі. 

Түймебаев Сауранбаевқа кәсіпкерлік, өнеркәсіп, инвестиция, қаржы, көлік қозғалысы салысында біраз тапсырамалар жүктеді. 

- Алматы қаласы әкімдігінің тәжірбиесін ескере отырып қаладағы бір қабатты тозығы жеткен үйлерді бұзу және олардың орнына жеке инвесторлар есебінен көп қабатты, жаңа үйлер салудың ұзақ мерзімдік жоспарын құру қажет. Мұны бірінші кезекте қаланың орталық аумақтарынан бастау қажет. Қаладағы үлкен төбесі ашық базарларды жаңғырту және қаладағы заманауи сауда түрлерін дамыту бойынша кешенді бағдарлама әзірлеу керек. Жобаларды тиімді іске асыру мақсатында Шымкент қаласында жеке Жобалық Офис құру қажет-деді облыс әкімі.

Қысқасы, Сауранбаевқа енді жұмысты енді неден бастаймын деп,  бас қатырып, «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Атқарылатын шаруалардың бағыт-бағдарын  облыс басшысының өзі айқындап берді. 

Бір айта кетері, жаңа әкім әлі тағайындалмай жатып Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласының дамуына қатысты әкімдікте үлкен жиын өткізген.  Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам, Түлкібас және Төлеби аудандары мен Шымкент, Арыс қалаларының басшылары, сәулет және қала құрылысы,  облыстық басқарма басшылары қатысқан мәжілісте  республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығының бас директоры Тұрлыбек Мұсабаев  Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық жобасының әзірленгенін мәлім етті. Бұл жобаны Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты  Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті жасаған. Жаңа жобадағы болжамға сәйкес  2020 жылға қарай  Шымкент агломерациясына жататын аумақта халық саны 185093 адамға немесе 10,3 пайызға артып, 1 986 087 адамды, ал  2030 жылға қаладағы халық саны  534 779-ға көбейіп,  2 миллион  335 мың 773 адамды құрамақ. Ж.Түймебаевтың айтуынша, жоба желтоқсан айында Үкіметтің отырысына бекітуге ұсынылатын болады. Әйтеуір бұл жаңа жоба да бір кездергі жұрт арасында «зың әкім» атанған Әбдірахымовтың әйдік жобалары сияқты іске аспай қалмаса... Артынша ұмытылып кетпесе болғаны.  

P.S. Шымкентпен қоштасып, Астанаға ат ауыстырған Ғабидолла Әбдірахымов «Нұр Отандағы» жауапты хатшы қызметіне қызу кірісіп кеткен көрінеді. «Зың әкім» «зың хатшы» бола алар ма екен?  Онымен бірге Астанаға ілесе кеткен Шымкент қаласы әкімі аппаратының экс-басшысы Рашид Аюпов «Нұр Отанның» үкіметтегі өкілінің креслосын иеленгенге ұқсайды. Уақтысында Әбдірахымовтың штаттан тыс кеңесшісі ретінде танылған Данат Жумин де билік партиясынан қызмет алыпты деген әңгіме бар. 

Ал жаңа әкім Нұрлан Сауранбаевтың команданы қалай жасақтайтыны уақыттың еншісіндегі шаруа. Әліптің артын бағалық. 

Б. Ерназар,

"Рейтинг" газеті

Тендер дегенде шенеуніктер ар-ұятты ұмытып барады
«Төлеген сенде арман жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу