Жастарға ақыл айтар ақсақалдар қайда?

Oinet.kz 11-12-2014 1708

«Рейтинг» газетінің 2012 жылғы 16 тамызда шыққан 30-шы нөмірінде «Бүгінгінің қариясы» атты мақала жарияланғанын көзі қарақты, санасы ояу оқырманның есіне салып қоялық. Мақалада Түлкібас ауданындағы Кемербастау ауылында өткен облыстық «Ырыс алды - ынтымақ» форумында ауылдық жерлердегі ақсақалдар кеңесі жұмысының мардымсыздығы, бүгінгі қариялардың бойындағы кемшіліктер мен қандай болу керектігі жайлы мәселелер қозғалған еді. Жақында «Рейтинг» газетінің редакциясына Төле би ауданының ақсақалы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мергенбай Әбуов арнайы келіп, содан  бері біршама уақыт өткенімен сол форумда көтерілген мәселеден көпшілікке пайдалы тірлік әлі қолға алынбай жатқанын алға тартты. Мақалада көтерілген мәселенің дұрыстығын айтып, оған қатысты өз ойын былай деп білдірген болатын: 

image.png

--Бүгінде қоғамдағы көп келеңсіздікке  көңілі қаяу  Мергенбай Әбуовтің әңгімесіне құлақ түрсек,   ақсақалдар кеңесінің тізгінін ұстауға  тек лайықты қарияны қою керек дейді. «Әсіресе ақсақалдар кеңесі ауылдағы  ақындарды, жазушыларды қоғамдық жұмыстарға тартса деймін. Себебі ауылдарда ақсақалдар кеңесі жұмыс жасауды ұмытты.Не жоспары жоқ, не мынадай іс тындырдық  деген есеп беру де атымен жоқ. Білімсіз, дарынсыз кім болса соны кеңес төралығына тағайындау бар. Сондықтан ауылдық жерлерде  тәрбие жұмысы тоқтағандықтан «бос кеңістік» пайда болып, оны сотталып келгендер, бұзақы топтар толтыруда. Ал жастар соларды пір тұтып, оларға еліктей бастады. Сол себепті де ұрлық пен бұзақылық көбейіп барады. Менің ойым ауылдағы ақын-жазушыларды барынша қоғамдық істерге жұмылдырып, ауыл «төбе билігіне» соларды ғана ұсынып, ал көмекші ретінде оларға учаскелік құқық қорғаушыларды бекітіп беру керек. Сонда ғана ауылдарда ұрлық, бұзақылық азаятын еді» дейді ол. 

Ол осы айтқан пікірлерін жақында  Алматы қаласында өткен бүкіл қазақстандық  ақын--жазушыалардың он төртінші құрылтайында ұсынған екен. Қариялардың қадірін арттыруға ұмтылған оның келелі мәселені көтеріп жүргені тегін емес. Алысқа бармай-ақ  өз ауылының ақсақалдар кеңесі  төрағасының жұмысына көңілі толмайтынын айтып, бүгінде ақыл айтар қарияның, ал ақылды тыңдар жастардың қалмағанына жаны ауырады. Ауыл тынысының, жастардың болашағына алаңдаған қария мына бір оқиғадан кейін үнсіз жата алмағанын жеткізді:

«Іргелес қоныстанған көршіміздің (ауыл ақсақалына сайлап, елге тәрбие берер деген кісіміздің) сотталып қайтқан ұлының теріс тірліктері ауылдағы  ақсақалдар кеңесіндегі былықтарға куә бола алады. Бір күні мен онымен кездейсоқ жолығысып қалғанда себепсізден маған дөрекілік көрсетіп Жазушылар одағы берген билетіме жармасты, жыртпақ болды. Ол аз болғандай маған пышағын бұлғаңдатып, балағаттауға дейін барды. Қазір жасым 71-ге келді. Мұндай сорақылықты қартайған шағымда көремін деп кім ойлаған? Бұзақы көршім көргенсіздігін бәлкім мойындаудан қашар немесе жала деп те жалтаруға тырысар. Мәселе оны мойындатқызып, түрмеге тоғыту емес, мәселе тәрбиеде. Ау, ауылдағы  абыройлы ақсақал деген әкесі осы оқиғадан кейін ұлына бірауыз: «Мұның не көргенсіздік, кешірім сұра» деп жөн айтпағанына не дерсіз? Осыдан кейін «ауыл ақсақалы» деген атты егеленуге моральдық құқы бар ма деген ойға қаласыз. 

Жалпы мен білетін көршілес ауылдарда да «ақсақалдар кеңесінің төрағалары» тындырымды іс атқарып отырған жоқ. Елге, ағайынға ақыл-кеңес беру үшін, өзің де олардан биік тұрып, әдебиет, мәдениеттен хабардар болып, кітап оқып, үлгі көрсетуің керек шығар. Жоқ, үй-жайыңды (мәдениет деген  осы екен деп) жылтыратып, келген –кеткенді шай-сумен лайықты күтіп алып, жағымпаздық танытсақ болды дейтін шығар. Олай емес, менің айтпағым кімге болса да ауыл ағасы күтім жасауға міндетті емес, қайта ел ішілік тәртіпке баса назар аударып, жанашырлық танытса деймін. Қазіргі ауылдық ақсақалдар кеңесі төрағаларының қайсыбірі мүлдем сауатсыз, апталық, айлық, тоқсандық, жылдық жоспар түзіп, халықпен жұмыс жасаудың орнына, өз бала-шағасына түзу тәрбие бере алуға да мүлдем құлықсыз»,- деп ойын түйіндеген оқырманымыз  осы мәселе оң шешімін тапса дейді. 

Білімді, тәрбиелі ұрпақты өсіру үшін елге алдымен ақсақалдар керек. Бұрындары ұлттың ұйытқысы болған  иманды, аузы дуалы, хан келіп сәлем берер салмағы бар ақсақалдар ауылдың тентек ұлын да, тәрбиесіз қызын да жөнге салатын. Өкінішке қарай бүгінгінің қарияларынан осындай қасиеттер азайып бара жатқан секілді. Үлкенді-кішілі барлық ауылдарда «ақсақалдар кеңесін» құрып, көрегенді деп  төрағаларын да сайладық. Алайда, сол төрағалар бір ауылдың ішіндегі бетімен келіп бара жатқан жастардың тәрбиесін түзетуге қауқарсыз болып отыр.  Әрбір ауылға келелі мәселелерін шешіп отыратын кемеңгер басшы қажет. Сондықтан елдің ынтымағы мен ұйытқысын ұстап тұратын ақсақалдар кеңесінің төрағасына тек лайықты қарияларды сайлағанда ғана сол ауылдың болашағы да зор болмақ.     

Мұрағаттан, 25.10.2012 ж

Жасырын жақсылық
Әке өнегесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу