Сопы әйелдер

Oinet.kz 11-11-2019 1022

сопы әйел.jpg

Осман империясы кезінде Түркия сұлтанына қонақ боп келген бір мейман Анадолыда өмір сүретін атақты бір Шейх жайында әңгіме айтады. Ол сұлтанға Шейхтың соңынан отқа да, суға да түсетін жүздеген мың шәкірті барын айтады. Неде болса сол Шейхты абайлау керектігін ескертеді. Егер Шейх сұлтанға қарсы әрекет қылса, онда ұлы империяда бүлік шығып, төңкеріс болып, сұлтан тақтан тайып кетуі де ықтимал екенін аңғартады.

Мұндай ескертпені естіген сұлтан Шейхқа адам жіберткізеді. Соншама не сиқыры бар жан екен деп ойланады. Шейх сарайға келгенде сұлтан өзі қарсы алады. Сұлтан Шейхтан «Сіздің жүздеген мың шәкіртіңіз бар дейді ел іші, сол рас па?» деп сұрайды. «Жоқ, олай емес» дейді Шейх. «Бар-жоғы бір жарым шәкіртім бар» депті.

«Бір жарым? Қызық екен. Онда неге бұ жұрттың бәрі маған сіздің жүздеген мың шәкіртіңіз бар деп айтады? Сізді сол шәкірттеріңіздің қолдауымен төңкеріс жасамақ ниетте деп еді» дейді сұлтан. «Қалай болғанда да сіздің сөзіңіздің рас-өтірігін өзім тексеруім керек. Бұл мәселені кейінге қалдырмайық. Арғы күні анығын білейік. Қала сыртында үлкен алқап бар. Сонда шәкірттеріңізді шақыртайық» депті сұлтан.

Осы әңгімеден кейін сұлтан хабаршы жіберіп, Шейхтың шәкірттерін әлгінде айтқан алқапқа жиналуға бұйырады. Өте маңызды шара өтеді деп ескертеді.

Алқапқа ақ шатыр тіккізіп, ел көзіне көрсетпей ішіне бірнеше қой байлатып қояды.

Айтылған күні әлгі алқапқа ел ағылып жинала бастайды. Шейхты көргісі келген жүздеген мың адам алқапты басып қапты. Шатырдан шыққан сұлтан Шейхқа «Небәрі бір жарым шәкіртім бар деп едіңіз, мына нөпірдің бәрі сонда кім болды? Бәрі сіздің атыңызды естіп, мен шәкіртімін деп есептеген соң жиналды ғой» деп сұрайды.

«Есептесе есептейтін шығар, бірақ мұның бәрі сөз жүзінде ғана. Шын мәнінде маған шәкірт емес. Сізге бұрында айтқанмын, қазір де қайталаймын, менің тек бір жарым шәкіртім бар. Оған қазір өзіңізде көз жеткізесіз» депті Шейх та алған бетінен қайтпай.

Сұлтан жиналған қауымға қарап: «Шейх ауыр қылмыс жасады. Қылмыс үстінде ұсталды. Дәл қазір жазасын беруім керек. Егер араларыңда Шейхтың орнына жазасын қабылдайтын он адам табылса, Шейхқа кешірім беремін» депті.

Топ іші гуілдеп кетеді. Жиналған адамдар бір-біріне қарап, не істерін білмей қайран қалып тұр. Сол сәтте топ ішінен «Ол менің Шейхым, менің ұстазым, мен ол үшін жазасын өтеуге әзірмін» деп бір жас жігіт шығыпты.

Сұлтан ым қаққанда қарулы күзетшілер жігітті бас салып шатырдың ішіне кіргізіпті. Іштен бір қойды бауыздап, қанын шатырдың сыртына қарай судай ағызыпты. Мұны жұрттың бәрі көреді. Ішке алып кіргізген жігіттің басы алынғанға бәрі сенеді.

Судай аққан қанға қарап басқа жұрт шындап қорқайын деді. Сол кезде шатырдан сұлтан шығып, алдында айтқан сөзін тағы қайталайды. Ұлы ұстазы үшін кім жанын пида етуге әзір?

Халықта үн жоқ. Мүлгіген тыныштық орнайды. Осы кезде орнынан бір әйел тұрады да, «мен» дейді.

Күзетшілер оны да шатырға кіргізеді. Тағы бір қойды бауыздайды.

Мұны көрген ел-жұрт жағасын ұстап, наразылығын ішіне жиып, ақырындап тарай бастайды. Сүт пісірім уақытта жүздеген мың адамнан ешкім қалмапты.

Сонда Шейх сұлтанға қарапты да, «Бір жарым шәкіртім бар дегенге өзіңізде көз жеткіздіңіз».

Сұлтан басын изегеннен басқа амал таппапты. «Бәрі түсінікті болды. Мына жігіт – бір адам, ал әйелді – жарты адам дегеніңіз екен ғой».

«Жо-жоқ, - дейді Шейх, - керісінше, менің нағыз шәкіртім осы әйел боп тұр, жігіт – жартылай шәкірт». Сұлтанның түр-әлпеті өзгеріп кеткенін көрген Шейх сөзін жалғастырады: «Жігіт шын мәнінде нендей жаза күтіп тұрғанын білмеді. Өзінің дәл осы шатырда жазаға кесілуі керектігі қаперіне де кірмеген еді. Ал әйел суша аққан қанды көрді, сонда да өлім жазасына мойынсұнды. Міне, сондықтан әйел бүтін шәкірт. Ол нағыз шәкірт» деп сөзін аяқтапты Шейх.

Аударған Шынар Әбілдә

Александр Вампилов
Мен кіммін?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу