Баланы сатып кету
Мен ұрыс-керіс, төбелес шыға қалса, өз баласын жақтап шығатын ата-аналарды қатты, қатты құрметтеймін. Мен де сондай болғым келеді. Бірақ қолымнан келмей жатыр.
Саябақта баламмен серуендеп жүрмін, ол бар дауысымен күледі. Күлді делік, күлсін ал. Бар дауысымен. Бірақ ол күлсе, қуанғаны ғой. Қанша дегенмен саябақта жүрміз. Жақын маңайда қолбарбада ұйықтап жатқан сәби жоқ. Көзімнің қырымен оның бәрін байқап келем. Айтайын дегенім, екеуміз көңілдіміз. Риясыз күлген соң тістің арасынан сыздықтатып күлмейсің ғой.
Сол сәтте қарсы алдымыздан егде жастағы Қолтырауын шығады. Наубайханадан дәріханаға саябақ арқылы өтіп бара жатты. Қолтырауын балама: «Әй, бала, неге сонша қарқылдап күлесің? Айналаңда адамдар жүр, сен зообақта жүрген жоқсың, не деген әдепсіз боп бара жатыр осы балалар» деп сөгіп кетеді. Ал мен? Не мен? Мен бірден: «Балам, расында да, қатты айқайламайық. Әне, көрдің бе, адамдар, ой, кешіріңдер, қолтырауындар шошиды» дедім.
Тьфу. Осыдан кейін өзімнен өзім ұяламын. Қорқақ, сатқын адам сезінемін. Бірақ қолымнан түк келмейді. Екі минут өткен соң жаңа қалайша дұрыс жауап беру керектігім санама сарт етеді. Балаға да мен оның жағында екенім түсінікті болатындай, бөтен жандар да саусақ шошайтпайтындай әдепті жауап басыма келеді. Алайда мен құтыла алмай жүрген бір модель менен бұрын ойланып, сөйлеп кетеді. «Кешіріңіз, кешіріңіз, біз бұлай жасамайыз». Не жасамаймыз? Күлмейміз бе, қуанбаймыз ба? Бәріне қолтырауындардың рұқсатын сұрап жүреміз бе?
Бірде досым екеуміз баланы ертіп дүкенге бара қалдық. Балам ол кезде бес жаста. Супермаркеттегі бүкіл дүниені арбаға тиегенше жүрдік. Ұзын-сонар кезек. Балам ары-бері шапқылап жүр. Ешкімнің мазасын алып жатқан жоқ. Бірақ жүгіріп кетеді, жүгіріп келеді. Аквариумдағы шаяндарды көріп жүр. Қарап тұрмын. «Анашым, тірі шаяндар жүр» деп шаттанды. Еден жуып жүрген көлікті көріп, көзі шарасынан шыға жаздады. «Маған да осындай машина әперші» деді. Тағы да жүгіріп кетті. Бала айналасын зерттеп жүр. Қуанып жүр. Шаттанып жүр. Төртінші рет қайтып келгенінде бізден кейін тұрған елуден асқан әйел қатқыл дауыспен: «Әй, бала, сен неге бұзық бола бересің?» деп сұрады. Балам ойланып қалды. Ана кісіге түсінбей қарады. Сосын маған қарады. Мен түк дей алмай тұрмын. Миымда сатқындығымды жасап қойдым. Санамдағы ой «Балам, болды енді жүгірме, көрдің бе, бөгет жасап жатырсың» дей бастады. Сол сәтте досымның дауысы естілді:
- Неге бұзық болып жатыр дейсіз бе? Біз сұраған соң бұзық боп жатыр. Ол өте тәртіпті бала. Ал бала жақсы дамуы үшін арасында 15 минут бұзықтық жасауы керек. Бар, Олег, тағы жүгіріп кел, сенің әлі сегіз жарым минутың бар, - дегені.
Балам қуана жүгіріп кетті. Бір сәттен кейін өмірге риза қалпында алжапқышы бар тәтеге алма өлшеуге көмектесіп жатты.
Мен бұлай жасай алмаймын. Сайтан алғыр, неге осылай ету менің қолымнан келмейді? Аяз атаға хат жазып, маған баламды сатып кетпеуді үйрет деп сұрамасам. Ең бірінші баламды жақтауым керек. Сосын ар жағын түсіне жатармын.
Вера Дорофеева
Аударған Шынар Әбілдә