Елдос Қоспаев пен оның қылмыстық тобына сот үкімі шықты
Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот қандай үкім шығарды?
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Елдос Қоспаев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты іс бойынша үкім жарияланды. 11 адам сотталушы орындығында отырды.
Сот мынадай шешім шығарды:
Елдос Қоспаевтың мүлкі (пәтерлері, жер учаскелері, қоғамдық-іскерлік мекемелері) тәркіленіп, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айдос Қоспаев 12 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.
Руслан Шалиннің де мүлкі тәркіленіп, 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару, 10 жыл мерзімге алкоголь өнімдерді сату құқығынан айырылып, 12 жылға сотталды.
Қылмыстық топ туралы не белгілі?
2022 жылы шілдеде Алматының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел іздестіру іс-шаралары барысында қаладағы ірі бизнестерді ұзақ уақыт бойы рейдерлік басып алумен айналысқандарды әшкереледі.
Күдіктілер зорлық-зомбылық, қоқан-лоқы жасау, бопсалау арқылы елдегі танымал кәсіпкерлерді өз мүлкін беруге мәжбүрлегені белгілі болды.
Кейінірек Қаржылық мониторинг агенттігі компанияларды рейдерлік жолмен басып алу туралы істің егжей-тегжейін айтты. 2022 жылы 14 шілдеде сот топтың төрт мүшесіне қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Ал ҰҚТ басшысы саналатын Елдос Қоспаевтың өзіне және тағы екі қатысушысы Шалин мен Имашевке халықаралық іздеу жарияланды.
2023 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесін Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізді.